Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:17, 16 Мамыр 2024

Депутат: Тарихқа хайппен емес, байыппен қарау керек

s
Фото: из открытых источников

Сенатор Дархан Қыдырәлі тарихқа байыпты көзқарас керек екенін айтып, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Zhasalash.kz сайты.

Оның айтуынша, тұлғаларды бір-біріне қарсы қою әбестік.

Биыл қазақ жерінің тұтастай бір республикаға бірігіп, еліміздің қазіргі шегарасының айқындалғанына жүз жыл – бір ғасыр толып отыр. Мемлекетіміздің тұтастығы үшін бұл маңызды оқиға елеусіз қалмауы тиіс. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермеков сынды алаш қайраткерлері бастаған тарихи процесті сол кезде билікте болған Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Сейітқали Меңдешев, Санжар Асфендияров, Темірбек Жүргенов, Жалау Мыңбаев сияқты тұлғалар аяқтап шықты. Енді ұлт мүддесі жолында басын бәйгеге байлаған осындай тұлғаларды бір-біріне қарсы қоймай, тарих контексіндегі елдік мұратты алға шығарып, жан-жақты зерттей білу қажет, деді ол.

Сондай-ақ, депутат «Нархоз» университетіне Т.Рысқұловтың атын қайта беруді ұсынды.

Қазақ атын қайтарған Сәкен Сейфуллин мен ашаршылыққа қарсы күрескен, алаш қайраткерлерін қамқорлыққа алған Тұрар Рысқұловты құр коммунист аты немесе өзін қорғау үшін жазған хаты үшін жазғыру – әбестік. Ел бірлігі үшін зиялылардың бірлігі шарт! Абайша айтқандай, ақылға бірлік керек. Сондықтан тұлғалар туралы сөз қозғағанда әдептен озбайық. Ірілермізді алаламайық, барымызды бағалайық! Өркениет – көркем ниеттен басталады.Осы орайда 2000 жылы Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Камал Смайылов сияқты ел ағаларының бастамасымен Халық шаруашылығы институты Ұлттық экономикалық университетке айналып, оған Рысқұловтың есімі берілген еді. Кейін оқу орны жекеменшікке өтіп, кеңестік «Нархоз» атауын таңдап, Т.Рысқұловтың атын алып тастады. Үкімет қаулысына сәйкес берілген атауды ЖОО қандай басқару түріне жататынына қарамай, ауыстыруға құқы жоқ. Таяуда бір топ зиялы қауым өкілдері Тұрардың атын университетке қайтару керек деп хат жазған екен. Сондықтан Алаш арысы Тынышбаевтың есімі Логистика және көлік академиясына қайта берілгені сияқты, бұл мәселе де оң шешімін табады деп сенеміз, дейді Сенатор.

Сонымен қатар, Дархан Қыдырәлі тұлғалардың мерейтойларын тағылымды етіп өткізуді ұсынды. 

Биыл Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл. Тұғырлы тұлғалардың мерейтойларын даңғазасыз, тағылымды етіп атап өту керек. Бұл ретте ономастика мәселесіне де назар аудару қажет. Шегарамызды айқындауға айрықша үлес қосқан Әлімхан Ермеков сияқты тұлғалар елеусіз қалмауы тиіс, дейді Қыдырәлі.

Одан бөлек, тұлғалар туралы деректерді нақтылауға қаражат бөліну қажеттігін айтты.

Тағы бір мәселе, алаш арыстарының көбі қайда жерленгені белгісіз. Тіпті ұлт ұстазы Ахаңның қайда жатқанын білмейміз. Жақында Алматының іргесіндегі Жаңалық ауылында саяси репрессияға ұшыраған 163 адамның сүйегіне зерттеу жүргізіліп, генетикалық талдау арқылы 50 адамның дерегі анықталды. Қаражат бөлінсе, осындай әдіс арқылы Ахмет Байтұрсынұлы, Ілияс Жансүгіров сияқты тұлғалар туралы деректер нақтыланар еді. Алматы іргесіндегі Боралдайдағы Қандысайда атылған Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Жанайдар Сәдуақасов сияқты 19 халкомға да осындай зерттеу қажет деп ойлаймыз. Қараусыз жатқан осы Қандысайға немесе Жаңалық ауылына Ата-Бейіт сияқты іргелі кешен тұрғызу – перзенттік парызымыз.Еліміздегі көптеген этнос өкілдерінің репрессияға ұшырағанын ескерсек, мұндай тағылымды іс ел бірлігін бекемдей түседі әрі 2020 жылы Президент Жарлығымен құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының нақты нәтижесі болар еді, деді Сенат депутаты.

Фото: әлеуметтік желіден

Тегтер: