Алматыда ҰҚШҰ сыртқы істер министрлері кездесті. Армения қатысқан жоқ
Қазақстанның халықаралық және сыртқы саясаттағы жетістігі жайлы айтқанда көпвекторлы дипломатия ұстанымы еске түседі.
Қазақстан әлемнің барлық елдерімен тең құқылы қарым-қатынасты сақтай отырып, өзін бейтарап мемлекет ретінде көрсете алды.
Еліміздің сәтті жүргізген сыртқы саясатын бірнеше бөлікке бөліп түсіндіруге болады. Атап айтқанда, Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД және ЕАЭО сияқты көпжақты ұйымдардың жұмысына белсенді атсалысып келеді. Сондай-ақ аймақтық қақтығыстарды шешуде және елдер арасында диалог орнатуда араағайын ретінде әрекет етіп жүр.
Мысалы, биылдың өзінде Қазақстан екі маңызды кикілжің кезінде келіссөз алаңын ұсынды. Алғашқысы 7 мамыр Алматыда Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері кездесіп, ұзақ жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Таулы Қарабақ мәселесін талқылады. Баку мен Ереван Астананың бейтарап ұстанымы мен ұсынған келіссөз алаңына жоғары баға берді.
Ал 21 мамырда Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысында Бішкекте болған жанжал талқыға түсті. Қырғызстан астанасында жергілікті жастар мен шетелдік студенттер арасында қақтығыс болып, халықаралық дауға ұласа жаздаған. Астанада Қырғыз республикасының сыртқы істер министрі Жээнбек Құлубаев пен Пәкістан ислам республикасы премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Мохаммад Исхак Дар жеке кездесіп, осы мәселені бейбіт шешу жолын сөз етті.
Осындай маңызды кездесулердің бірі жақында Алматы қаласында өтті. 2024 жылғы 21 маусым күні Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы болды. Алматыдағы жиналысқа Қазақстан республикасы премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу төрағалық жасады.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлігінің басшылары кезекті басқосуда халықаралық және өңірлік жағдай, сондай-ақ оның ҰҚШҰ-ға мүше елдердің қауіпсіздігіне әсері туралы сөйлесті.
Қазақстан республикасы сыртқы істер министрлігінің басшысы сөз сөйлеп, отырысқа қатысушыларды ұйым форматындағы ынтымақтастық мәселелеріндегі Қазақстанның ұстанымы мен көзқарасы туралы айтты. Сондай-ақ бірінші жартыжылдықтағы Қазақстанның төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бастамаларын іске асыру барысы туралы хабарлады. Мұрат Нұртілеу ұйым жұмысын одан әрі жан-жақты дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Отырыс қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері Тәжікстан-Ауғанстан шекарасын нығайту жөніндегі нысаналы мемлекетаралық бағдарламаның жобасын талқылады. Сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясындағы бітімгершілік, қаржы-ұйымдастыру қызметі және халықаралық шарттардың жобаларын әзірлеу саласындағы бірқатар құжатты мақұлдады.
Жиналыста Орталық Азиядағы сенім мен ынтымақтастықты жақсарту және өңірдегі терроризммен және трансшекаралық қылмыспен күресу бойынша ынтымақтастық мәселесі сөз болды.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысқан дипломаттар Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы жағдай туралы, ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану мәселелері жөніндегі және Беларусьті нацистік басқыншылардан азат етудің 80 жылдығына байланысты, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласындағы саяси жағдайды талқылады.
Алматыдағы отырыс бұрынғыдай достық атмосферада өтіп, тараптар Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясындағы өзара іс-қимылды дамытуға және ұйымды одан әрі нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді.
Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы аясында Қазақстан мен Ресейдің сыртқы саясат жөніндегі мекемесінің басшылары Мұрат Нұртілеу мен Сергей Лавровтың екіжақты кездесуі өтті. Екі министр Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының даму перспективаларын сөз етіп, биылғы жылдың аяғына дейін жоғары деңгейдегі бірлескен іс-шаралар өткізуге уағдаласты.
2024 жыл Қазақстан бірқатар маңызды жаһандық бастамаларды ілгерілетуде жетекші рөл атқарып, өзін халықаралық аренада белсенді ойыншы ретінде танытып отыр. Еліміз көрші елдерді диалог пен ынтымақтастыққа шақырып келе жатқанын жаздық. Сондай-ақ Қазақстан ШЫҰ мен ТМД-ның негізін қалаушылардың бірі ретінде Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға зор үлес қосып келеді.
Қазақстан жаһандық саясат сахнасындағы өзекті мәселелерді шешуге белсене атсалысып жүр. Қазақстанның жаһандық мәселелерді шешуге қосқан үлесін халықаралық қауымдастық жоғары бағалайды. Аталған ауқымды бастамаларды жүзеге асыру айтарлықтай күш пен ресурсты қажет ететінін атап өткен жөн. Қазақстан халықаралық қауымдастықпен бірге жаһандық мәселелерді шешуге елеулі үлес қосуға ниетті.
Алматыда өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында да аймақтағы атаулы мәселелер сөз болды. Мысалы, кейінгі кезде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жұмысына сын айтылып жүр. 2024 жылдың ақпанында Армения ұйымға қатысуын тоқтатқанын хабарлады. Ереван бұл шешімді Әзербайжанмен 2020 және 2023 жылдардағы қақтығыс кезінде ұйым және Ресей өз міндеттемелерін орындамады деп санағандықтан қабылдады.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Арменияға қауіпсіздік саласындағы міндеттемелерін орындаудың орнына, керісінше, қиындықтар туғызатынын» айтқан. Ал наурыз айында ол ұйымнан шығуы мүмкін екенін меңзеді.
Алматыда өткен жиналысқа Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан сыртқы істер министрлері қатысты. Ал Армения аталған жағдайға байланысты Қазақстанға келген жоқ.
Бірақ Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Армения ұйымның одақтасы болып қала беретінін, Ереванмен алдындағы барлық міндеттеме сақталатынын хабарлады. «Армения біздің одақтасымыз болды және болып табылады, біздің Армения алдындағы барлық міндеттемелеріміз қалады» деді ол Армения қатыспаған жиналыстан кейін.
Еламан Өмірхан