Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:48, 01 Желтоқсан 2023

Алматыдағы клиникалардың бірінде ота жасатқан баланың беті сал болып қалды

ота
Фото: из открытых источников

Алматыдағы жеке клиникалардың бірінде есту қабілетін қалпына келтіруге арналған отадан кейін ақтаулық баланың беті сал болып қалды. Бұл туралы Zhasalash.kz ақпарат агенттігі Almaty арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Баланың анасы оқиғаға жеке емханада лицензиясыз жұмыс істеп, кейін шетелге кеткен шетелдік дәрігерді кінәлап отыр. Әйелдің айтуынша, шетелдік маман кетер алдында бүкіл ел бойынша ондаған ота жасап үлгерген.

"Біз сендік, өйткені олар операциядан кейін балалар сағаттың тықылдағанын еститінін айтты. Келесі күні олар естіді, бірақ одан кейін бізге ешкім келмеді. Балам түнімен құсып шықты. Сол түні күйеуіме хабарласып, "баланы тұншығып қалудан құтқарып жатырмын" деп айтуға мүмкіндік болмады. Ол "Өтінемін! Көмектесіңдер! Бала өзін нашар сезініп жатыр! Температурасы 40" деп жылап, көмек сұрады, бірақ ешқандай жәрдем болмады", – деді бес жасар Никита Пучковтың анасы Ольга Осипова.

Тағы бірнеше ана балаларының осы шетелдік хирургтың отасынан кейін зардап шеккенін айтты. Барлығы 120-ға жуық хирургиялық ем жасаған.

"Операция кезінде бет жүйесі зақымданған. Баланың беті сал болып қалды. Біз баланы отадан кейін 10 ай емдедік. Түрлі процедура, укол, таблеткалар қабылдап, дәрігерлерге қаралдық", – деді Ақтау қаласының тұрғыны Альбина Ғаббасова.

Бұрынғы науқастардың айтуынша, Алматы мен Астанада жеке клиникалар жұмыс істеген. Алайда олар қазір басқа елге көшіп кеткен. Журналистер аталған клиника өкіліне хабарласып көрді.

"Оның Қазақстанда клиникалық тәжірибеден өтуге мүмкіндігі болмады. Бірақ біз айыппұлмен құтылдық. Айыппұлды төледік. Ата-аналар бұл дәрігерге сенбесе, неге ота жасатады? Неге жауапкершілік тек ұйымдастырушыларға жүктелуі керек? Әр адам өз баласы үшін жауапты", – деді компания өкілі Малика Сұлтан.

Денсаулық сақтау министрлігінің Астана қаласы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Дархан Тұрлыбеков тексеріс қорытындысы бойынша заң бұзушылықтар анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылғанын айтты. Ата-аналар құқық қорғау органдарына арызданған. Олар емханада тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Енді емдеу мекемесі мен науқастардың тағдырын сот шешеді.

Тегтер: