00:05, 15 Қаңтар 2019
Алматы журналистер лигасы басталды
Жексенбі күні Алматыда журналистер лигасының алғашқы туры өткізілді. Оңтүстік астанада журналистердің доп теуіп, мереке жасауы дәстүрге айналған.
1996 жылы алғаш Сейдахмет Бердіқұлов турнирі өтіп, содан бері дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Алтынбек Сәрсенбайұлы ақпарат министрлігінің тізгінін ұстап тұрғанда қолға алынған шағын футбол мерекесі соңғы жылдары Астанаға қоныс аударып, алматылық қаламгерлер үлкен сыннан қол үзіп қалғандай еді. Сондықтан «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұрат, «Хабар» агенттігінің спорт шолушысы, комментатор Жандос Айтбайұлы өткен жылдың соңында жаңа бастама көтеріп, Алматы журналистер лигасын құрды.Соңғы екі жыл мұғдарында Астана мен Алматыда БАҚ лигасы өткізіліп жүр. Бірақ оңтүстік астанада бір рет өткен соң, бұл турнир қайта жаңғырған жоқ. Жаңа ашылған лига осы қажеттіліктердің орнын толтыратыны сөзсіз.Ең бастысы, бұл турнирге кәсіпқой журналистер мен қаламгерлер, айтыс ақындары ғана қатыса алады. Турнирдің жарғысы арнайы жасалып, командалар атауы да, құрамы да соқыр жеребе арқылы таңдалды. Ұйымдастырушылар алдын ала өтініштер қабылдап, лигаға бас-аяғы 65 журналисті тіркеді. Содан кейін арнайы жеребе рәсімінде алты команда атауын бекітті. Жеребе рәсімінен кейін «Бірлік» атауы – Шоқан Махан бастаған командаға, «Намыс» атауы – Ақын Ордабай бастаған командаға, «Жігер» атауы – Жанарбек Әшімжан бастаған командаға, «Қыран» атауы – Срайыл Смайыл бастаған командаға, «Тұлпар» атауы – Аманкелді Сейітхан бастаған командаға, «Айбын» атауы – Есей Жеңісұлы бастаған командаға бұйырды. Футболшы-қаламгерлер шеберлік деңгейіне орай үш топқа бөлініп, әр капитан соқыр жеребе арқылы команда ойыншыларын таңдады. Руслан Ербота, Әзиз Тастаев, Совет Сейітов, Алмат Исаділ, Бұлан Жамбыл, Асыл Махметов, Аман Тасыған, Әлібек Байбол, Ерқанат Көпжасар, Қуандық Шынасыл т.б. қаламгер-журналистер енді апта сайын ойын көрігін қыздырмақ.Жарыстың ашылу салтанатына Туризм және спорт академиясының президенті Қайрат Закирьянов мырза қатысып, құттықтау сөз сөйледі, лига ойындарын ашық деп жариялады. Қайрат Хайроллаұлы журналистер бастамасына үлкен қолдау білдіріп, өзі басқарып отырған оқу орнының залын тегін ұсынды. Қатысушылар ректордың азаматтығына зор алғыс айтты, қолтаңбасы бар жаңа кітабын ықыласпен қабыл алды.Бірінші турда мынадай нәтижелер тіркелді: «Бірлік» – «Намыс» – 5:1, «Жігер» – «Қыран» – 3:3, «Тұлпар» – «Айбын» – 2:6. Мергендер көшін үш доптан соққан Қ.Көпжасар («Бірлік») мен Ә.Дәулетов («Айбын») бастап келеді.Журналистер лигасы наурыз айында мәреге жетеді.