Әнипа Назарбаеваның шот-фактурасы таусылмапты

Бұған дейін шілдеде Қаржылық мониторинг агенттігі Қытайдан тауарларды контрабандалық жолмен тасымалдау бойынша қылмыстық схеманы анықтағанын хабарлаған еді.
Кейіннен заңсыз өнім әкелумен айналысқан Group of the Companies TDA компаниясының бір құрылтайшысы және үш қызметкері сотталып, түрмеге қамалғаны белгілі болды. Алайда сол компанияның екінші құрылтайшысы – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған қарындасы Әнипа Назарбаеваға мемлекеттік органдар тарапынан ешқандай талап қойылмаған.
Назарбаеваның компаниясы тергеледі, өзін сотқа шақырмайды
Алғаш рет Әнипа Назарбаеваға қатысы бар компания заңсыздықпен айналысқаны туралы мәлімет 2022 жылы шықты. 2023 жылы қаржылық мониторинг агенттігі Group of the Companies TDA атты компанияға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізе бастады. Оның иелігіндегі GROUP OF THE COMPANIES TDA Қытайдан Қазақстанға рұқсатсыз тауар тасымалдады деген күдікке ілінген. 2022 жылы 3 мамырда кеденнен өтетін тауар декларациясына байланысты прокуратура заң бұзуды анықтаған тексеру қорытындысын жариялады. Соның ішінде осы компанияның жүгін тексеру барысында құжатта көрсетілмеген 287 млн теңгенің тауары шыққан. Кейіннен заңсыз тауар айналымы 585 млн теңгеге жеткен. Осылайша компания басшысы Әли Қылышбаев тұтқындалған еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ӘНИПА НАЗАРБАЕВАНЫҢ БОЛҒАН-БОЛМАҒАН БИЗНЕСТЕРІ
Азаттық радиосының жазуынша, бұл іс бойынша тергеу 2024 жылы аяқталған, сот үкімі биыл ақпан айында күшіне енген. Алайда Назарбаеваға қатысты компанияның сот үкімі енді белгілі болып отыр.
Сонымен, Алматыдағы Алмалы аудандық соты Қытайдан тауар тасымалдау барысында кеденнен жалтару және жалған шот-фактура жазу ісі бойынша үкім шығарған. Үкімге сәйкес, Group of the Companies TDA компаниясы уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие бола тұра, 100-ден астам контейнерді кедендік бақылаудан тыс өткізіп, халық тұтынатын тауарларды заңсыз әкелген. Құқық қорғау органдарының дерегінше, бұл әрекетке 10 серіктес компания тартылып, олар арқылы жалған шот-фактуралар рәсімделген. Мемлекетке келген залалдың жалпы сомасы 10 млрд теңге. Бұған қосымша төленбеген ҚҚС, корпоративтік табыс салығы және кеден төлемдері де кіреді.
Агенттік тергеу барысында келтірілген шығынның бір бөлігі өтелгенін хабарлады. Оның ішінде 643 млн теңге мемлекетке қайтарылған. Сот айыпталушылардың 1,3 млрд теңге тұратын тауарларына, сондай-ақ 300 млн теңгеге бағаланған жер телімдері мен көліктерін бұғаттаған. 47 компания өз еркімен 240 млн теңге көлемінде салық төлеген. Айыпталушылар 1 жыл 4 айдан 4,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылған, мүліктері тәркіленген. Тағы бір күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған.
Басты айыпталушы ретінде аталған компанияның директоры әрі құрылтай мүшесі Әли Қылышпаевтың аты аталады. Алматының Алмалы аудандық соты оны 4,5 жылға бас бостандығынан айырған. Өзге қызметкерлер – Антон Огай 4 жылға, Нұрбуви Құрбанова 1 жыл 4 айға, Қадыр Тілеубергенов 3 жылға қамалған. Әнипа Назарбаеваның есімі айыптау қорытындысында да, күдіктілердің жауабында да аталады. Алайда Shishkin_like дерегінше оны сотқа не күдікті, не куәгер ретінде шақырмаған. Сот үкімінде оның тергелгені туралы мәлімет жоқ.

GROUP OF THE COMPANIES TDA қандай компания?
TDA Group компаниясы ресми тіркеу мәліметтеріне сүйенсек, алғаш 2014 жылы құрылған, атауы бастапқыда «Жанәлім» болған. 2018 жылға қарай бұл кәсіпорынның меншік иелері өзгеріп, жаңа құрылтайшылар ретінде Әнипа Назарбаева мен Әли Қылышпаев енген. Компания атауы TDA болып өзгеріп, заңды мекенжайы да ауысып, Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелген. Кейіннен серіктестік уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін алған, яғни кеден органдары сенім білдірген, сыртқы сауда операцияларын жеңілдетілген тәртіпте жүзеге асыруға мүмкіндігі бар компания болған.
Негізінен халық тұтынатын тауарларды Қытайдан импорттау және ел ішінде тарату – компанияның негізгі экономикалық қызметі еді. TDA және оның айналасындағы қосалқы құрылымдар көтерме саудамен айналысып, шетелден әртүрлі өнім түрлерін әкелген. Мәселен, компанияның TDA Transit және TDA Almaty Transit секілді еншілес серіктестіктері болғаны, олар арқылы Қытайдан өндірістік және тұрмыстық тауарлар (қағаз қаптамалар, косметика, т.б.) тасылғаны ашық дереккөздерде көрсетіледі. Мұның барлығы бір қарағанда заңды бизнес көрінгенімен, тергеу барысында бұл құрылымдардың біразы контрабандалық схеманы жүзеге асыру үшін қолданылғаны анықталды.
Компания тауарлардың құжатын қолдан бұрмалау арқылы салық пен баж төлеуден жалтарған. Атап айтқанда, TDA-ның өкілдері өздеріне қарасты 10 шақты ЖШС-ны пайдаланып, жалған шот-фактуралар жазып берумен айналысқан. Құжат жүзінде тауар айналымын азайтып көрсету, бағасын төмендетіп жазу, жоқ тауарды бар етіп өткізу сияқты тәсілдер қолданылған. Бұл схема бірнеше жыл бойы еш кедергісіз жұмыс істеп келген. Компанияның уәкілетті оператор мәртебесі оларды шекарада толық тексерістен өткізбеуге мүмкіндік берген сыңайлы. Әдетте, ҚР-ҚХР шекарасындағы әрбір жүк көлігі бірнеше дүркін, түрлі деңгейде бақылаудан өтетіні белгілі. Ал TDA-ның жүк тасымалдары сол формалды бақылаулардан қалай өтіп кеткені түсініксіз.
GROUP OF THE COMPANIES TDA 2021 жылы мемлекетке 14,5 млрд салық төлеген. Құрылтайшылары Әнипа Назарбаева мен Әли Қылышпаев. 2021 жылы аталған компанияның қаржы айналымы 770 млрд теңгеден асқан. 2022 жылы 140 млрд теңгеге дейін азайса, іс қозғалған 2023 жылы 4,9 млрд теңгеге бір-ақ түскен. Ал былтырғы қаржысы 1,9 млрд теңге.

Назарбаевтар неге жауапқа тартылмайды?
Бір қызығы, өзіне тиесілі компанияның қызметкерлері мен құрылтай мүшесі сотталып жатқанда экс-президенттің қарындасы жауапқа да тартылмаған, тергеуге де шақырылмаған. Айыптау құжаттарында көрсетілгендей, Group of the Companies TDA директоры Әли Қылышпаев Әнипа Назарбаеваның сенімхаты арқылы «ТДА Плюс К» және «ТДА Транзит Плюс» атты бірнеше фирманы рәсімдеген. Тергеу бұл компаниялардың шын мәнінде жұмыс істемегенін анықтаған: штат та, мүлік те, қойма да болмаған, тауар жеткізілмеген, қызмет көрсетілмеген. Бар қызметі – серіктес кәсіпорындарға жалған шот-фактура жазу болған. Сот үкімінде оның жауап алынған-алынбағаны жайлы еш мәлімет жазылмаған.
Әнипа Назарбаеваның түрлі ірі бизнес нысандарына қатысы бары белгілі. Мәселен, Алматыдағы «Кенжехан» базарының құрылтайшыларының бірі екені, жеке күзет фирмасы, жекеменшік мектебі, т.б. кәсіптері болғаны туралы деректер бар. Бұл Әнипа Назарбаеваға қатысты бірінші рет болып тұрған дау емес. Оның бұған дейін Қаңтар оқиғасынан кейін кейбір мүліктерінен айырылғаны туралы отандық БАҚ бірнеше рет жазды. Алматыдағы «Кенжехан» базарында саудагерлер мен басшылық арасындағы жанжал бұдан екі жыл бұрын қатты ушықты. Саудагерлердің айтуынша, олар 2015 жылы әр контейнерді 10–12 мың долларға сатып алғанымен, келісімшарттар жыл сайын өзгеріп, орындар жалға берілетін жүйеге айналған. 2022 жылы иесі ауысқан соң, жаңа басшылық (Сергей Ким) әр контейнер үшін 5–7,3 млн теңге қосымша ақы талап еткен, төлемегендердің контейнері жабылып, базардан қуылған. Саудагерлер бұл әрекеттердің артында базардың бұрынғы иесі Әнипа Назарбаева мен оның туыстары тұрғанын мәлімдеді. Базардағы қысым, келісімшартты жиі өзгерту, орындарды қайта сату және жалдау ақысын көтеру фактілері айтылып, саудагерлер парламентке, үкіметке арызданғанымен, нәтиже болмады. Сол кезде де «Жас Алаш» базарға арнайы барып, даудың мән-жайын жазған еді. Бұдан бөлек, саудагерлер айтатын Сергей Кимнің кім екені туралы да көлемді зерттеу жарияладық.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ӘНИПА НАЗАРБАЕВАНЫҢ БЕЛГІСІЗ КӨМЕКШІСІ КИМ СЕРГЕЙ КІМ?

Назарбаевтардың билігі әлсіреді ме?
2022 жылдан бастап Назарбаевтардың бизнес империясы біртіндеп ыдырап, биліктегі салмағы әлсірей бастады. Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметінен, Елбасы, Құрметті сенатор атақтарынан айырылды. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мәжіліс депутаты мандатын тапсырды, күйеу балалары Қайрат Шәріпбаев «ҚазТрансГаз» басшылығынан, Димаш Досанов «ҚазТрансОйл» компаниясынан босатылды. Яғни жаңа билік бастаған топ бұрынғы бірінші отбасының мемлекеттегі орын-тұғырын әлсіретуге кірісті. Н.Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды 6 жылға қамалып, мемлекет қазынасына 800 млрд теңгеге жуық қаржыны қайтарды. Кейін шартты жазамен босатылды. Тағы бір немере інісі Самат Әбіш ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы орынбасары қызметінен Қаңтар оқиғасынан кейін босатылды. Кейін қызметін асыра пайдаланғаны үшін 8 жылға шартты жазаға кесілді.
Марқұм інісі Болат Назарбаев бірнеше базарынан айырылды, бірқатар жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Экс-президенттің кенже қызына тиесілі, онлайн билет сату қызметімен айналысатын Instant Payments компаниясымен мемлекет келісімшартты бұзды. Сонымен бірге Әлия Назарбаева бұдан былай елдегі қоқыс шығару процестерін бақылай алмайды. «ӨКМ операторы» ЖШС жекеменшіктен бөлініп, толығымен мемлекет меншігіне өтті. Оның да мемлекетке 20 млрд теңгеден аса шығын келтіргені белгілі болды.
Назарбаевтың күйеу баласы Құлыбаев та мемлекетке бірнеше жер телімін, мүлкін қайтарды. Оның Жаңа Қазақстанмен 1 млрд доллар беріп келісімге келгелі жүргені туралы да мәлімет таралды. Бірақ бұлардың ешқайсысы ауыр жазаға тартылған жоқ.
Осы айтылған фактілердің бәрі қоғамдық санада бір заңдылықты көрсетеді. Жоғары лауазымды тұлғалардың туыстары тікелей жауапқа тартылмайды, тек соларға қарасты құрылымдардың менеджерлері немесе серіктері жазаға ұшырайды. Мұндай істердің жиілеуі билікте белгілі бір келісімнің бар екені жайлы алыпқашпа пікірлерге себеп болып отыр. Олай дейтініміз, бұған дейін де бірқатар сарапшылар «Жаңа Қазақстан» мен «Ескі Қазақстанның» келісімге келуі туралы бірнеше рет мәлімдеген еді. Сөз басында Әнипа Назарбаеваның компаниясына қатысты үкім былтыр шығып қойғаны туралы жазған едік. Бірақ ол көпшілікке биыл – шілдеде белгілі болып отыр. Саясаттанушылар бұл жерде де қандай да бір саяси ойындар жүріп жатқанын айтады. Бұдан шығатын қорытынды, Қазақстанда саяси элитааралық мәмілелер арасында күрес әлі де жалғасып жатқанға ұқсайды.
P.S. Кейінгі жылдары Назарбаевтар әулетінің биліктегі ықпалы айтарлықтай әлсірегенімен, олардың ешқайсының ауыр жазаға тартылмауы – жаңа биліктің шынайы саяси реформаларға бара алмай отырғанының белгісі. Елде ірі жемқорлық пен заңсыздық істерінде жауапқа көбіне орта буындағы менеджерлер мен серіктестер ғана тартылып, негізгі бенефициарлардың жазасыз қалуы қоғамда әділдікке деген сенімді әлсіретеді. Жаңа билік шынымен «Жаңа Қазақстан» құруды мақсат етсе, онда мұндай істерде саяси байланысқа қарамай, кез келген тұлғаны заң алдында тең жауапқа тартатын жүйе қалыптастыру қажет. Әйтпесе, «кімнің туысысың» деген сұрақ әділет таразысын басып кететін елде құқық үстемдігі туралы айту бос сөз болып қала бермек.
Жалған шот-фактура жазып берсе де жауапқа тартылмағанына қарағанда Әнипа Назарбаеваның шот-фактурасы таусыла қоймаған сияқты.
Тұрсынбек БАШАР