Әскерден қашқандар шетелге шыға алмайды, кредит пен мемлекеттік қызмет те жоқ

Қазақстанда ақылы әскери қызметке сұраныс күрт артты.
Көптеген ата-аналар ұлдарын 40 күндік қысқартылған армия қатарына жіберуге бел буып отыр. Бұл үшін қомақты қаражат төлеуге дайын жұрттың қатары көбейіп келеді. Бірі – азаматтық борышын тезірек өтеп, өмірін жалғастырғысы келсе, енді бірі – болашақ жұмысқа орналасу немесе шетелге шығу үшін қажетті құжаттар тізімінен “әскери билет” түсіп қалмасын дейді.
Мұндай үрдіске қатысты пікірлер қоғамда әртүрлі: кейбір сарапшылар бұл тенденцияны қауіптің белгісі деп санаса, басқалары шынайы өмір шындығына бейімделудің тәсілі деп бағалайды.
Ал бұл уақытта Қорғаныс министрлігі әскерден жалтарғандарға қатысты қатаң шектеулер енгізуді жоспарлап отыр. Жаңа заң жобасында әскерге барудан бас тартқандар:
- Шетелге шыға алмайды,
- Мемлекеттік қызметке орналасуға құқығы болмайды,
- Ипотека, тұтынушылық немесе білім беру несиесін ала алмайды,
- Кейбір жеке кәсіпкерлікпен айналысу түрлеріне де тыйым салынуы мүмкін.
Бұл шаралар Президентке ұсынылған заң жобасы аясында қаралып жатыр. Құжатқа биыл қол қойылуы тиіс. Құзырлы ведомство өкілдері мұндай талаптардың ел қауіпсіздігіне тікелей әсері барын айтады.
Еске салайық, Қазақстанда енді жігіттерді әскерге көшеден алып кете алмайды. Сенат кулуарында қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев әскерге шақыруда қандай өзгерістер болатынын айтты.
Енді әскерге шақырту үшін 1414 нөмірінен SМS-хабарлама жіберіледі.
"Алдағы уақытта әскер қатарына шақыру 1414 нөмірінен SMS хабарлама жіберу арқылы іске асырылады және Қазақстан Республикасының әрбір азаматы өзінің eGov-тағы жеке кабинетінде хабарламаның растығын тексеру мүмкіндігіне ие болады", - деп жауап берді Шайх-Хасан Жазықбаев.
Оның айтуынша, тиісті заң қабылданғаннан кейін жас жігіттерді әскерге көшеден алып кету фактілері болмайды. Сондай-ақ әдеттегідей шақырту жіберілмейді, тек SMS арқылы хабардар етіледі. Егер хабарламаны алушы оны елемей тастаса, онда мәселе Әкімшілік кодекс аясында шешіледі.