«Астананың» «жалқау» ойыншылары Англияға бармай қойды
«Астана» футбол клубы УЕФА Конференция лигасы негізгі кезеңінің екінші туры аясындағы матчта Уэльстің «Нью-Сэйнтс» командасынан жеңілді. Англия жерінде өткен кездесу 2:0 есебімен аяқталды.
Әдеттегі көп жеңілістің бірі болса, сөз шығындамас едік. Бірақ «Астананың» соғыс басталмай жатып-ақ жалау көтеріп, өзінен әлдеқайда әлсіз командадан мақсатты түрде жеңілгені көпшілікке ұнаған жоқ. Елордалық клуб Тұманды Альбионға команданың негізгі құрам футболшыларын емес, жыл бойы қосалқы құрамда отырған, ешбір ойын тәжірибесі жоқ жігіттерді алып барды.
Жанкүйерлер «Астана» Қазақстан чемпионатындағы матчтар үшін Еурокубокты құрбан етті деп сынап жатыр. Еурокубоктың топтық кезеңіне биыл елордалық клуб ғана өткен. Оның әр жеңісі Қазақстан қоржынына ұпай салып, чемпионаттың УЕФА рейтингінде жоғарылауына септеседі. Бұл рейтингте Қазақстан қазір 40-орында тұр. Демек біз үшін әрбір ұпай аса бағалы. Бірақ «Астана» осы мүддені қайырып қойып, өте жоғары жалақы алатын легионер ойыншыларын сырт алаңдағы кездесуге жібермеді.
«Астана» бас бапкері Григорий Бабаян жарыс кестесі өте тығыз екенін айтып, футболшылар робот емес, сол үшін демалыс керек деп мәлімдеді.
«Біз «Елім-айға» қарсы ойнаған 11 футболшыны Алматыда қалдырып кеттік. Біріншіден, ұзақ жол жүрдік, кеше жаттығу жасап үлгермедік. Екіншіден, қазір клуб тарихында болмаған өте тығыз күнтізбеге тура келіп отырмыз, оған қоса осы жылы чартерлік рейстер болған жоқ.
Бірнеше күн бұрын Семейде «Елім-аймен» ойнадық, ал ертең Англияда өнер көрсетеміз. Сенбі күні қайта елге оралып, жексенбіде «Ақтөбемен» кездесеміз. Футболшылар робот емес, мұндай ауыр жүкті ешкім көтере алмайды. Сондықтан футболшыларды, бапкерлік құрам мен медициналық штабтың жартысын Алматыда қалдыруға мәжбүр болдық. Англияда өткен матчқа қатыспаған 11 ойыншы доп тебеді. Жастар командасынан 6 футболшы алдық, олар үшін бұл үлкен тәжірибе», – деді Бабаян.
Бас бапкердің күнтізбе тығыз деген уәжімен келісуге болады. Бірақ негізгі құрамның 11 ойыншысын түгел елде қалдырып кеткенін жақтай алмаймыз. Команда 20-қазанда Семейде «Елім-аймен» кездесті. Ал «Нью-Сэйнтспен» ойын – 24-қазан түнде, «Ақтөбемен» матч – 27-қазан кеште өтті. Яғни әр кездесудің арасында 3-4 күн уақыт бар. Бұл кәсіпқой футболшылар үшін тынығып, қалпына келуге әбден жеткілікті уақыт.
«Астана» үшін Қазақстан премьер-лигасында бірінші орын алу маңызды екені анық. Бірақ Англияға негізгі құрамдағы 4-5 ойыншыны алып баруға болар еді. Аралас құраммен Уэльс командасынан басым түсуге мүмкіндік мол болатын. «Астана» Конференция лигасының бірінші турында сербиялық TSC клубын жеңіп, 3 ұпай алған. Екінші турда қарсыластары арасындағы ең әлсіз ұжымды ұтып, 6 ұпай жинап алса, турнирдің плей-офф кезеңіне шығуға мүмкіндік туар еді.
«Астана» «Нью-Сэйнтске» қарсы кездесуде фаворит болатын. Өйткені Уэльс елі Еуропаның төрінде тұрғанымен, кәсіпқой лигасы мен клубтарының деңгейі төмен. Тәуір ойыншылардың бәрі Англия чемпионаттарында ойнайды, ал Уэльсте деңгейі төмендеу жартылай әуесқой футболшылар доп теуіп жүр. Мысалы, «Астананың» қарсыласы «Нью-Сэйнтс» сапында жалғыз ұлттық құрама деңгейіндегі футболшы бар.
Атақты transfermarkt порталының есебі бойынша Уэльс клубының жалпы трансферлік құны – 2,74 миллион еуро ғана. Ал «Астана» ойыншылары 9,55 миллион еуроға бағаланады. Яғни қарсыластарынан 3 есе қымбат. Оның үстіне клубтың бюджеті де өте қомақты. «Астананы» Sport Qory спортты қолдау қоры қаржыландырады. Квазимемлекеттік сектордан қаржы алып отырғандықтан, клубтың нақты бюджетін білу қиын, бірақ Қазақстандағы ең бай клубтардың бірі екені анық.
Жақында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кәсіпқой клубтарға мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржыны тексеріп, «Самұрық-Қазына» АҚ 2018-2023 жылдары «Астана» футбол клубына 50,1 миллиард теңге бергенін анықтады. Бұл соманы 6 жылға бөлсек, әр жылға шамамен 8 млрд теңгеден келеді.
Ал «Астананың» екінші құрамын 2:0 есебімен жеңген «Нью-Сэйнтс» клубының жылдық бюджеті – 800 млн теңге ғана. Ол – Уэльс чемпионатындағы жалғыз кәсіпқой команда. Чемпионаттың өзге командаларында банкир, сатушы, шопан және студенттер доп тебеді. Мемлекет қазынасынан миллиардтап қаржы алып отырған «Астана» мұндай команданы жеңуге міндетті еді. Бірақ олар кәсіпқой клубқа тән емес шешім қабылдап, «әдейі» жеңілді.
Бабаянның футболшылар робот емес деген сөзі ақылға қона ма? Қазақстан чемпионатында 13 команда бар. Яғни әр клуб бір маусымда небәрі 24 матч өткізеді. Бұдан бөлек, «Астана» Қазақстан кубогында – 2, Лига кубогында – 6 кездесуге қатысты. Бәрін қосқанда – 32 ойын. Оның үстіне «Астанада» жүрген легионерлердің көбі өз елінің ұлттық құрамасына шақырылмайды. Жалақысы өте жоғары кәсіпқой футболшы үшін бір жылда 30-35 матчқа қатысу қиын болмасы анық.
Мысалы, Еуропада футболшылар жылына 50-60 матчқа қатысады. Бұған ұлттық құрамадағы ойындарды қосыңыз. Әрине, матчтың көптігіне шағым айтатын футболшылар Еуропада да бар. Бірақ олар «Астана» сияқты қолда тұрған ұпайды құр жіберіп, қарап отырмайды. Соңғы демі қалғанша күресуге дайын.
«Астана» 3-қарашада ел чемпионаты аясында қостанайлық «Тобылмен» кездесіп, 7-қарашада кипрлік «Пафосқа» қонаққа баруы керек. Клуб басшылары мен бас бапкердің логикасына сенсек, елордалықтар Кипрге де қосалқы құраммен барып, «абыроймен» жеңіліп қайтатын шығар. Сонда Еурокубоктағы әр жеңіс үшін берілетін қомақты сыйақы мен УЕФА ұпайы маңызды емес пе?..
УЕФА Конференция лигасы. 2-тур
«Нью-Сэинтс» (Ллансантффред, Уэльс) – «Астана» – 2:0
Гол: Рори Холден 40, Деклан Макманус 78 (пенальти)
«Астана»: Александр Заруцкий (Қ) – Тимур Досмағамбетов, Марат Быстров, Бранимир Калаица, Абзал Бейсебеков – Барнс Осей, Исламбек Қуат, Елхан Астанов, Ннамди Аханону, Станислав Басманов (Нұралы Жақсылық 72) – Рамазан Кәрімов.
Қосалқы құрам: Мұхаммеджан Сейсен (Қ) – Максим Мамонтов, Тимур Төкенов, Санжар Әнуаров – Андрей Березуцкий, Батырхан Мустафин.
Қуаныш Қаппас