Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:33, 23 Ақпан 2024

Автор да, оқырман да – шытырман оқиғаның тұтқыны

роман
Фото: из открытых источников

(Абай Аймағамбеттің «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» романы туралы)

Жазушы Абай Аймағамбеттің «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» романы өткен жылы Республикалық «Кемел-қаламгер» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Осыдан кейін-ақ оның жаңа туындысы оқырман назарына іліккені анық.

Бұған дейін әңгімелерімен оқырманға етене танылып, түрлі бәйгелерде топ жарып жүрген А.Аймағамбеттің бұл алғашқы романы. Оның үстіне көптен бері жазушылардың қаламына ілікпей, қаға беріс қалтарыста қалып келе жатқан детектив жанрда жазылған шығарма. Біз де жазушының жаңа романын жақында оқып шықтық. Шығармадағы криминалдық оқиғалар тізбегі, оның жасалуы, қылмыскердің ақыр соңына шейін жұмбақ, жасырын күйде сақталуы оқырманды жетелеп, еліктіріп алып кеткені анық. Біз мұны шығарманың басты ерекшелігі, ұтымды тұстарының бірі деп қабылдадық. Енді басынан бастайық.

Роман оқиғасы 2014-2022 жылдар аралығын қамтиды, яғни осы мезгілдер арасында қалада аса қаныпезерлікпен өлтірілген кісі өлімінен және оның шешімі тұрғысынан өрбиді. Қылмыскер негізінен әйелдерді аңдып жүріп, қапысын тауып ұстайды да қала шетіне алып шығып немесе әлдебір пәтерлерде азаптап, әбден қинап ақырында айуандықпен өлтіреді. Ең сорақысы, қылмыскер өте әккі, кәнігі машықтанған кісі, соңына ешқандай із, белгі қалдырмайды. Сондықтан да полиция қызметкерлері қылмыстың ешқандай ұшығын таба алмай үнемі ділгіреді. Бұл айтып отырғанымыз – негізгі оқиғаның сыртқы қаңқасы, әуелгі нобайы ғана. Жазушы осы сюжетті барынша шытырман оқиғаға құрып, ары қарай індетіп дамыта түседі. Романның алғашқы тарауында 2014 жылдың күз мезгілінде белгісіз қылмыскер түн жамылып келіп, көпқабатты үйлердің арасындағы автотұрақта көлігіне мінгелі жатқан әйелді бас салады, ары қарай аузын таңып, өз көлігімен қала сыртына апарып қинап, азаптап өлтіреді. Шығарма желісі осыдан соң бірден 2021 жылдың сәуір айына ауысады. Осы кезде басты кейіпкер Талғаттың тіршілігі оқиғаға арқау болады. Ол жазушы, жазушы болғанда жалдамалы жазушы, яғни «жұрттарға әңгіме, новелла, көбірек төлегендерге көңілі түсіп повесть, роман да жазып береді». Бір сөзбен айтқанда, өзгелерге шығарма жазып, содан нәпақасын тауып, алакөбең күн кешіп жүрген қаламгер. Тапсырыс көбірек алу үшін, жұртты қызықтыру мақсатында шығармаларының сюжетін үнемі қылмыстық оқиғалар негізінде жазады. Ең қызығы, Талғаттың оқиға сораптары қалада қастандықпен өлтірілетін әйелдердің оқиғасымен үндес, сабақтас, тіпті кейде ұқсас болып келеді. Енді осыдан соң оқырманның көкейіне «қылмысты істеп жүрген, сонан соң оны шығармаға айналдырып сатып, ақша тауып жүрген Талғаттың өзі емес пе екен?» деген күдікті сұрақ туындайды. Оқиға бұдан ары осы Талғат төңірегінде тіпті де ширығып, шиеленісе түседі. Бір күні бейтаныс кісі Талғатты іздеп келіп, қомақты қаражат ұсынып, тапсырыс береді. Талғат айтқан уақытында детектив-хикаятты жазып аяқтайды, тиісті ақшасын алады. Талғаттың өмірі осылай сырғып өтіп жатады. Оқиғаның даму ретіне қарай енді шығармаға жаңа, тың кейіпкерлер қосылады. Соның бірі – Жанна, Талғаттың қазір көңіл жарастырып жүрген сүйіктісі. Тағы бір кейіпкер – Әсет, Талғаттың жаңадан көшіп келген пәтеріндегі көршісі. Ол ылғи да қапталдас пәтерден балкон арқылы сып етіп жетіп келеді, сөйтеді де Талғатпен шарап ішеді, жазылып жатқан шығармаларын талқылайды, кейде тіпті пікірлері тоқайласпай керкілдесіп те қалады, ондай да Әсет екі-үш күнге жоғалып кетеді, кейін Талғат іздеп тауып алады немесе өзі жайраңдап қайтып келеді. Шығарма оқиғасы бұдан ары Талғат, Жанна, Әсет арқылы өрістейді.

Сегіз жылда алты әйелдің өмірін қиған (оның бірі Талғаттың әйелі Әлия Наурызова) қанды оқиғаның сыры тіпті де тереңдеп, күрделене түседі. Тергеуші Халел Құрметұлы мұның құпиясын аша алмай әбден тығырыққа тіреледі. Ақыры із кесу агентіне қолқа салады. Олар оқиғаны жан-жақты зерттей келе тапсырыспен шығарма жазатын Талғат Нұрлыхановпен байланысы бар екені анықталады. Сөйтіп, енді Халел Талғаттың соңына түседі, оған тапсырыспен шығарма жаздырады, Талғат жазып берген хикаяттағы сюжет қастандықпен өлтірілген кезекті бір әйелдің трагедиялы өлімінен айнымайды. Халел енді қылмыскердің үстінен түскеніне шүбәсіз сенеді. Бұдан басқа да Талғаттың қылмыскер екенін нақтылайтын дәлелдер жинала түседі. Сөйтіп Талғат «кісі өлтірді» деген күдікпен қамауға алынады. Бірақ оқиға дәл осы тұсқа келгенде, яғни «бұрылысқа жарты қадам қалғанда» басқаша шешімін табады. Шығарманың басты түйіні, негізгі арқауы қылмыскердің кім екенін анықтау болғандықтан, біз бұл түйінді оқырманға қалдыруды жөн көрдік. Бәрін бірдей ашып айтып берген де жөн болмас, ынталы оқырман өзі оқып, шығарманың басынан аяғына шейін
екіұдай күй кештірген, жанын әбден ширықтырған қылмыскердің кім болып шыққанына көз жеткізе жатар.

Біз одан да романдағы көңілімізден шыққан немесе күмәнділеу сезілген, сәл жасандылығы бардай көрінген тұстарына тоқталайық. Ең әуелі бас кейіпкердің жазушы болғаны, оның тапсырыспен көркем шығарма жазатыны бір оқығанда ұнамды көрінгенімен, қайыра зердеңізден өткізсеңіз сәл нанымсыздау сезіледі. Себебі Талғат аса талантты қаламгер, өзгелерге сатқан шығармалары үнемі байқаулардан жүлде алады, кітап дүкендерінде жаппай сатылады, сондай-ақ шет тілдеріне аударылып, «он елде сатылып жатыр». Енді, осындай кемел таланты бар жазушы өмір бойы тапсырыс орындап, жұртқа шығарма жазып өтуі сізше мүмкін бе?! Жарайы бастапқы кезде жазсын делік, бір шығармасы жүлде алды, келесісі кітап болып басылып, жұрт жапа-тармағай сатып алды, енді жазушы да ойлануы тиіс қой. Жоқ, Талғат өйтпейді. Іштей күйінеді, ширығады, көздері жәутеңдеп, жат қолында кетіп бара жатқан шығармаларына жаны ашиды, аласұрады, «қанша дегенмен өз шығармаң өз балаң секілді ғой» деп қайғырады, бірақ «күн көруім керек» деп өзін көндіріп, қайтадан шығарма жаза бастайды. Бірде Талғат кітап дүкеніне барады, сөйтсе: «бұл жазған кітаптар көздің жауын алып самсап тұр, әрқайсысы әртүрлі баспадан шыққан, дизайндары да, суреттері де әралуан. Соған сәйкес авторлары да бөлек. Жасы да, жасамысы да аралас. Әдебиет әлемінде аттары дүркірей бастаған авторлар». Енді бірде Талғат осы өміріне шүкіршілік етіп: «мейлі сатылса сатылсын, шығармаларым жүрекке жетеді екен, одан артық не керек маған» деп толқиды. Негізі бұл да нанымсыздау ой, жасы қырыққа жақындаған, өмірдің біраз өткелегінен өткен қаламгердің өзін бұлай «жұбатуына» да онша илана алмадық. Осыған жалғас екінші бір кілтипан, өзінде таланттың жұрнағы да жоқ адамдардың үнемі басқа біреуге тапсырыс беріп көркем шығарма жаздыртуы да ақылға қонымды ма? Бұл да бізге тосын көрінді. Шығарманы қанша жерден көркем образ десек те, оның астарында қандай да бір өмірдің шындығы болатыны ақиқат ғой. Ендеше, сыдыртып көркем шығарма жазатын, онысын жұртқа мардымсыз ақшаға сататын жазушыны немесе үнемі жұртқа ақша төлеп шығарма жаздыртып, әдеби байқаулардан жүлде алатын, сондай-ақ кітап шығарып, жазушы атанатын өлерменді көрдіңіз бе? Егер Талғатты әлдебіреудің тапсырысын орындайды, түрлі тақырыпта мақала жазады, тіпті ақшалы адамдардың аталары, өздері жөнінде тарихи, ғұмырбаяндық шығармалар жазады десе біраз қисынға келетін еді.

Романның жанры психологиялық детективке жақын болғандықтан шығар, автордың алты әйелді өлтірген қылмыскердің кім екенін шығарма соңына дейін жұмбақ күйде ұстағаны оқырманды тартып, бір парақтан соң бір парақты оқуға жетелеп отырады. Бұл тұсы сөзсіз сәтті шыққан. Әсіресе кісі өлтіруші үнемі өзі өлтірген әйелдердің әшекейлерін әртүрлі түстегі кішкентай дорбаларда жинайды, кейіннен ол Талғат­тың үйінен табылады. Мұның бәрі оқиғаны тіпті де ширатып, тіпті де тылсымдандыра түсетін ұтымды детальдар. Бірақ осы «қылмыскерді жасырып ұстайын, барынша интрига тудырайын» деген автордың ішкі бір мақсаты оны кейде тым жасандылыққа, табиғи қалыптан ауа­жайып кетуге де ұрындырған. Автор оқырманды «кісі өлімі арқылы» қызықтыра түсейін, оқырманның ойын сан-саққа жүгіртіп, әбден ширықтырайын деген мақсатқа ден қойып кеткен. Себебі мұнда қалай болса да қылмысты бүркемелей түсуге ұмтылған, қалай болса да бас кейіпкерді «қандықол дәл осының өзі» деп сендіре түсуге құлшынғаны анық сезіледі. Сөйтіп, автор осы ойдың тұтқынына айналғанын өзі де сезбей қалған. Мұндайда тұтас шығарманың композициясы, әр кейіпкердің тағдыры, болмысы, оның жан дүниесінің қалтарыс-бұлтарысы, нәзік әрі шынайы иірімдер шет қалып қояды.

Әрине, романда шынайы суреттелген, терең психологиялық иірімдерді дәп басып берген тұстары бар. Соның бірі – жендеттің тырнағына ілінген Бәтима дейтін келіншектің қанды өлімі. Бұл оқиға тұла бойыңызды тітіркендіреді, қапталдас бөлмеде шырылдаған сәби, мына жақта қанға батқан ана – осының бәрін еш қиналмай істеген жендет, оның жанталасы шынайы суреттеледі, бейне оқиғаның ортасында жүргендей күй кешесіз.

Сондай-ақ шығармада кейбір кейіпкерлер толық ашылмағандай да әсер қалдырады. Мысалы, Жанна. Автор оның өмірін тереңнен қазбалап, түбірімен қопарып жазбайды, тек жалаң, жадағай суреттеп өте шығады. Енді үйленгелі отырған ағасы Дастанның аяқ асты істі болуы, түрмеде жазықсыз көз жұмуы, осындай әділетсіздікке шыдай алмай анасының қайтыс болуы, Жаннаның одан кейінгі өмірі, шым-шытырық тағдыры осының бәрі – бір-бір сөйлеммен ғана «осындай болды» деп қана айтыла салады. «Тағдыр дейтін өзеннің арнасы кері бұрылды» әйтпесе, «тағдырдың өзі бұларды осындай өмірдің көлеңкелі тұсында тоғыстырып тұрған жоқ па» деген сияқты толғаныстармен ғана түйіндейді. Тіпті бірде «тағдыр сонысымен тағдыр екен. Аяулы арман-мақсаттың барлығын сыпырып-сиырып күресінге тастай салды да, ал қалай күн көрсең солай күн көр деп, мұны өмірдің күнгейінен теріскейіне жай ғана жылжытып жібере қойды» дейді. Мұның орнына Жаннаның өмірдегі күресі, арып таласқан жан азабы жанды, тірі суреттермен, шынайы жеткізілсе шығарманың қалай да бір өрмегі артық шығар еді. Негізі Жанна құпия агент. Ол қылмысты ашу үшін әдейі Талғатқа жақындайды, жұмбақ қылмысты ашуға көмектесіп, өз мақсатына да жетуді көздейді. Істің бір ұшы тергеуші Халелмен жалғасып жатыр. Міне, осындай айрықша тағдыр суреттерін, өмірдің өзіндей шынайы сюжеттерді оқып отырып кейіпкердің «өмірдің күнгейінен теріскейіне жылжығанына» оқырман өзі көз жеткізсе, көркем шығарманың мақсаты орындалғаны емес пе?!

Романдағы сәтті сомдалған кейіп­керлердің бірі – Әсет. Оның өмірде жоқ екенін, Талғаттың жанының екінші бөлшегі екенін оқырман шығарма соңында бір-ақ біледі. Ал оған дейін кейбір шытырман оқиғалар, түйткілді түйіндер осы Әсет арқылы жалғасымын табады. Тіпті Талғаттың ішкі күйінішін, жан азабын, оны мазалаған түрлі тартысты сұрақтардың жауабын автор Әсет арқылы ұтымды жеткізген. Адам ішіндегі кереғар ойлар, қайшы пікірлер де осы жерде барынша ашылып көрсетілген.

Ендігі сөз шығарманың сөз сөйлем диалогына қатысты. Әрине, «жаңа бір нүктеден ғана түсіп тұрған күн сәулесі енді жүздеген сыныққа шашырай төгіліп, әр-әр тұстан жылтылдайды» деген сияқты қою суреттер немесе жатық, шынайы диалогтар жиі ұшырайды. Жазушының сөзге едәуір де төселіп қалғаны сөз қолданысынан анық білінеді. Алайда бірлі-жарым сөлекеттеу сезілетін тұстары да жоқ емес. Әсіресе қазір қазақ баспасөзі қала берді әдебиеті арыла алмай жүрген «Сыртқа жиналды, ванна қабылдады, тайып тұрды, ұялыс тапқан» деген секілді калька сөздер ұшырасады, мұны шығарманың табиғи қалпын бұзбау үшін, қазіргі сөз сөйлеу жосынын сақтау үшін әдейі қолданған да шығар, бірақ автор мұндай сөздермен шығарманың ажарын арттыра алмасы анық.

«Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» – алғашқы романын жазған жас қаламгерге тән кейбір кемшіліктерден ада емес, әйтсе де шығармашылық ізденісі мол, әлі де жетілдіре түсетін, ширатып, пысықтайтын, әбден иін қандыратын құрылымдық тұстары болса да тұтастай алғанда композициясы мығым құрылған, түпкі мақсатына жеткен шығарма. Не дегенмен де А.Аймағамбет сөз басында айтқанымыздай, қазақ әдебиетінде кенжелеп қалған детектив жанрын қайта жаңғыртты, жандандырды. Жазушының алдағы шығармашылық өміріне жеміс тілейміз.

Жақсылық Қазымұратұлы