Авторитарлық жүйенің басты құралы – азаматтарды үрейде ұстау
Навальныйдың өлімі біраз адамды ойландырғаны, түңілткені анық.
Оның 19 жылға сотталуы, 27 рет ШИЗО-ға қамалуы денсаулығына әсер етпей қоймайды. Осы уақытқа дейін Ресей билігі оны бірнеше рет өлтіруге әрекет жасады.
Уланып, бір өлімнен қалғаннан соң Германиядан Ресейге қайтып келді. Осы уақытта оның өліммен бетпе-бет келуі көпшілікке мәлім болды деп ойлаймын. Бұл әрекеті Навальный ашық күреске саналы түрде кіріскенін көрсетті. Бірақ көпшілік оны 3 жыл ішінде қайтыс болады деп ойламады. Украинадағы соғыс басқаша өрбиді, Путин биліктен кетеді, Навальныйдың жолы болып, Ресейдегі демократиялық күштердің үміті ретінде түрмеден шығады деп күтті. Сол үміт Навальный өлімімен бірге үзілді. Барлығы оның түрмеден шығатынан күмәнмен қарады десе де бір үміттің ұшқыны болды, түбі жақсылықпен аяқталады деп күтті.
Ресми ақпарат Навальный сейілдеп жүрген жерінде күтпеген жерден қайтыс болды деп айтылды. Бірақ оған қастандық жасалды дегенді де жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен не айтылса да Навальный белсенді азамат ретінде ел есінде қалады. Ол қаншама кедергіге қарамастан, күрестің тамаша жолын көрсетті. Әлбетте, Ресей билігінде авторитарлы жүйе тұрғанда Навальный өлімінің шындығын білу мүмкін емес. Әртүрлі болжамдар айтылады, осы 3 жыл ішінде оны улаған, басқа да денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттер жасалған болуы мүмкін, мұны жоққа шығаруға болмайды. Қайталап айтам, бізде саяси тұтқындар өлімінен кейін ресми мәліметтер көп жағдайда айтыла бермейді. Кремль тарабы сайлау алдында Навальный өлімі Кремльге қажеті жоқ еді деген нұсқаны таратып жатыр. Өз басым бұл нұсқамен келіспеймін. Себебі тоталитарлы авторитарлық жүйенің басты құралы азаматтарды үнемі үрейде ұстап отыру. Осы арқылы өзіне қарсы шығуы мүмкін барлық саяси күштерді барынша бейтараптандыруға тырысады. Бұндай әрекеттер басқа да авторитарлы мемлекеттерде, соның ішінде Қазақстанда да болды. 2005 жылы Заманбек Нұрқаділовтің өлімі болды, одан кейін көп ұзамай Алтынбек Сәрсенбайұлы қаза тапты. Навальныйға қарсы күш авторитарлық жүйе еді, одан бөлек тісін қайрап жүрген олигархтар да болуы мүмкін. Оның басты жауы – Ресей билігі еді, оның түбіне жеткенде сол. Мен Навальный көз жұмғаннан кейін «оның Путиннен айырмашылығы жоқ еді, империалист еді, билікке келгенімен пайдасы болмайтын» деген де пікірлерді естідім. Бірақ адам билікте жүргенде саяси көзқарасы өзгеретінін ұмытпау керек. Мысалы, Алтынбек Сәрсенбайұлы Назарбаевпен бірге билікте болды. Бірақ уақыт өте келе сол жүйеден көңілі қалды. Сол режиммен күресті. Кейіннен күрескер ретінде тарихта қалды. Саясатта саяси көзқарастың өзгеруі қалыпты нәрсе. Навальныйды алып қарасақ, оның империалистік көзқарасы уақыт өте келе өзгеріске ұшыраған. Бұл оның саяси тәжірибе жинауымен, білімін арттырумен байланысты. Украинадағы соғысқа қатысты Қырымға байланысты айтқан сөзі де қарама-қайшы. Сондықтан оған саясатқа араласқан 10 жыл бұрынғы мәлімдемелеріне қарап баға беріп жатыр. 10 жыл деген ұзақ уақыт. Навальный 47 жасында қайтыс болды. Осы 10 жыл ішінде ол империалистік көзқарастан өзгеріп, ұлтшыл саясаткерге айналды. Ресейдегі либералдарды көзқарастағы саясаткерлердің қолдауына ие бола бастады. Бұл да бір Навальныйдың көзқарасының өзгергені. Бұдан бөлек кейбір саясаткерлердің айтуы бойынша, оның саяси көзқарасына, өзін дамытуына, көпшілік алдында сөйлеуіне әсер еткен әйелі – Юлия Навальная мен балалары дейді. Оның отбасы мүшелері Навальныйға қарағанда әлдеқайда либерал, демократиялық көзқараста деп сипатталады. Бұл сөздің жаны бар. Навальныйдың саяси бағдарламасын оқып қарасаңыз, алғашында қалай болды, кейін қалай өзгерді байқайсыз. Сұхбаттарынан да көруге болады. Бірақ біздің азаматтық қоғам оған мән берген жоқ. 10-12 жыл бұрынғы Навальныйға қарап баға беріп жатыр.
Шалқар Нұрсейітов, саясаттанушы