Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:50, 28 Сәуір 2022

Аян

None
None

Әңгіме 

Ешкіөлмес шоқысының айналасына, жусанды далаға бүгін көп үйлер тігіліпті. Ертең – наурыз тойы. Ауыл-аймақтың бәрі: кәрі демей, жас демей осы маңда жүгіріп жүр. Облыстан әкімнің өзі бастап, бір құрметті қонақты ертіп келмек. Кеше ауыл әкімі жұрт алдында осылай деген.

Биыл Ешкіөлместің маңы сан түрлі гүлге оранып, құлпырып тұр. Әсіресе, қосарлана өскен қызғалдақтар мен сарғалдақтар көздің жауын алады Жусандытөбе болса, әдеттегідей иісі бұрқыраған жусанымен жұртты елітіп, ауыл маңын хош иіске бөлеп, сонау ұшы-қиыры жоқ кең далаға барып сіңіп жатыр.

Түнімен ет асылып, тоқаш пісіріліп, қуырдаққа қажеттілердің бәрі даярланып болған соң ауыл жастары алтыбақан құрып, онда кезек-кезек тербетіліп, ән айтып, сауық-сайран құруда.

Шеткі киіз үйде Есікбай бастаған ауыл қариялары ертеңгі палауға қосатын қап-қап болып үйіліп жатқан сәбізді ортаға алып тазалап, майдалап турап жатыр. Ауыздары әңгімеде. Өткен-кеткенді айтып, осыдан 60-70 жыл бұрынғы балалық шақтарын еске алып, қыста шанамен қалай сырғанайтындықтарын, жетім бала Аянды қалай қарсы алғандарын, оның сырттан келсе де, тез арада ақылдылығымен, әдептілігімен ел сүйіспеншілігіне бөленгенін, бас кейіпкері ылғи жетім бала болып келетін ойдан құрастырылған ертегілерінің қызықты да дәмді болатынын айтысып, қауқылдасып жатыр.

– Қосымның тырнағының ізі әлі бар шығар Аянда – дейді Садық.

– Оттапсың… Онанда күрескенде Есікбайды қалай алып ұрғанын айпайсың ба? – дейді бұл да қиястанып.

– Әй, Қосым, тырнауық мысық атанғаныңды ұмыттың ба? Сенің жабайы мысықша баж ете қалып, бетімізді тырнамаушы ма едің. Осы отырған бәріміздің бетімізде сенің тырнағыңның ізі бар. Ал арқамызда Тұржан ағаңның қамшысының ізі әлі сайрап жатыр – деп Есікбай да Қосымды түйреп өтті.

– Сен сияқты темекі құмарларға сөз батпайды. Садық екеуіңнен  алғаш темекі шегуді үйренем деп, қақалып-шашалып, өліп қала жаздағанмын. Содан кейін тастап кеттім. Ал сен екеуіңнің бүріскен кем иектеріңнің арасынан әлі шылым түспейді. Күрк-күрк жөтеліп, өлгелі жүрсіңдер.

– Өйдөйт дерсің! Мына тырнауық жабайы мысыққа ақыл енді кірейін депті.

Сөзге енді Сайын араласты:

– Өткенді қумаңдар! «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді, өшер елдің баласы...»

– Жә, болды. Ар жағын айтпай-ақ қой. Мұны Аян айтса бір жөн. Саған не жорық. Сен де жылқының тезегі қосылған темекіні құшырлана сорушы ең ғой. Енді ақылшы бола қалыпсың.

— Шіркін, Аян қандай болып өсті екен. Қайда кетті?Қайда жүр… Ол да енді қартайып, біз сияқты кем иек шал болған шығар...

Есікбай қалтасынан көлдей орамалын алып, жасаураған көзін сүртті.

– Астраханьдағы балалар үйіндемін. Жағдайым жақсы. Бапай атам мен әжеме сәлем айтыңдар! Қоңыр сиырды сатпасын. Ер жетіп, есімді жиған соң Ешкіөлмеске қайта ораламын деп жазған соңғы хатын тұмардай қылып, сақтап жүрмін – деді Сайын да көзіндегі жасын іркіп.

Бұлар сәбіздерін турап бітіп, келіндеріне табыстады да, ертеңге дейін аздап көзшырымын алуға үйді-үйіне тарасып кетті. Ал жастар болса Ешкіөлмес пен Жусандытөбенің арасын жаңғыртып, ән салып, таңға дейін таудан соққан жусан иісін сіміріп, алтыбақанда тербелумен болды.

– Шіркін, жусанды даланың жастары-ай. Біздің балалық шағымызды кұдай сендерге бермесін. Егеменді еліміздің адал да ақкөңіл (Аян сияқты) ұл-қыздары болып өсіңдер! – деген сөзді Сайын іштей сан қайталап, түні жарымы ауып кетсе де, қаламын қолына алып, жазу үстеліне отырды.

Ертеңіне сәске түске таман терезелері қара түспен тұмшаланған шетелдік жеңіл машиналар Ешкіөлмес шоқысының айналасына тігілген ақшаңқан үйлер маңына келіп тоқтап, жұрт оларға шашу шашып, мәре-сәре болып жатты.

Ортаңғы көлдей машинадан облыс әкімі Айдар Байдалиев бастаған қонақтар түсе бастады. Ол машинадан өзімен бірге түскен ерекше киінген бір қарт кісі мен жасамыс әйелге құрмет көрсетіп, ең үлкен ақбоз үйге қарай бастай жөнелді. Кім екенін таныстырмады да. Ел-жұртпен сәлемдесіп болған соң, наурыз мерекесімен құттықтап, қонақтардың сонау Карпат тауының етегіндегі Хорватия деген елден келгендігін (бұрын Югославия деп аталатын) хабарлады.

– Хорватиясы несі? Мына мұрты қияқтай сұңғақты шалы дәл өзіміздің қазаққа ұқсайды ғой...

Ал әйелін хордың қызы десе де болады, бірақ түрі бөлектеу екен… Ағылшын ба, неміс пе?! Шорт знает! – деп, сыбырлады Садық Есікбайға.

– Оны ана Сайыннан сұрау керек. Бір білсе сол біледі. Біз сияқты қаражаяу емес, жазушы ғой – деді Есікбай.

Қойын-қоныштарын гүлге малып, қызылды-жасылды ұлттық киім киген жастар келген қонақтардың құшағын гүлге толтырды. Облыстық бастық ауыл әкімі Ержанға ым қағып еді, ол бір үйге кіріп кетті де букет қып, әсем безендірілген екі бума таза жусанды (өткен жылдан сақталған) екі қонаққа тарту етті. Көп тұрса да иісін жоймайтын қазақ даласының қасиетті жусанының аңқыған иісі қонақтарды ішпей мас етті. Әсіресе ерлі-зайыпты бейтаныс қонақтар жусанды ұзақ иіскеді. Көздеріне жас алды. Ері болса, жерден бір уыс топырақ алып, оны да мұрнына тақап біраз тұрып қалды. Жұрт аң-таң.

— Әй, мынауың тегін адам емес. Бір елдің патшасы болар, сірә – деді Қосым.

— Кім де болса, қазақтың жусанын сағынған біреу ғой – деді Садық.

— Әй, тоқтаңдар! – деді Есікбай, – аяғын сылтып басады. Соғыста болған біреу ғой деймін.

Ауыл әкімі Ержан Асылбеков келген қонақтар мен ауыл ақсақалдарын дастархан басына шақырды. Ауылдың кең дастарханы түрлі тағамдарға толы. Қонақ жусанды букетті тағы бір иіскеп, гүл салынған алдындағы вазаның ішіне ұқыптап, өзі салып қойды. Құран оқылып, дұға бағышталған соң облыс әкімі Айдар Байдалиев сөз бастады:

– Құрметті менің жерлестерім! Бүгін бізде қонақ болып отырғандардың кім екенін, қайдан келгендігін білгілерің келіп отырғанын жақсы түсінем. Осында көптің бірі болып, елімізге аты мәшһүр атақты жазушы Сайын Мұратбеков ағамыз отыр. Ол кісіні барлығыңыз білесіздер. Оның «Жусан иісі» – атты әңгімесін білмейтін қазақ жоқ. Шет тілдерге де аударылды. Соның аяғында не деуші еді, Ержан? Оқып жіберші!.. 

Ержан ертеде басылып шыққан Сайынның осы әңгімесінің аяқ жағындағы мына сөйлемдерді оқи жөнелді:

«Мен таяу келгенде шеттеу тұрған Есікбай: «Аян балалар үйіне кеткелі жатыр» – деді. Бапайдың кемпірі: «Қарағым, жолың болсын! Жақсыдан қалған тұяқ ең, қайда жүрсең де аман бол! Адам болсаң тауып келерсің әлі… Бапай да кеп Аянның бетінен сүйді. Аян балалардың бәрімен қол алысып қоштасты.

Біз – балалар, Аянды көп уақытқа дейін еске алып, сөз қылушы едік.… Шынында да бұл күнде Аян қайда екен? Тірі ме екен? Ондай бала тірі болуы тиіс. Ондай бала алдына нендей мұрат қойса да жетеді. Ал тірі болса Жусандытөбеге оралмауы мүмкін емес. Оның жусанның иісін сағынбауы мүмкін емес».

Ержан осы сөзді аяқтай бергені сол еді:

– Иә, дұрыс айтасың, Сайын! Менің Жусанды төбеге оралмауым мүмкін емес. Мен келдім, достарым, бауырларым сендерге. Сонау Хорватиядан келдім сендерді іздеп!..». Төрде отырған қияқ мұртты қонақ орнынан ұшып тұрып:

– Келші бері Есікбайым, Сайыным, Садығым, Қосымым – деп алға ұмтыла берді. Өтірік пе, шын ба дегендей, аты аталған шалдар бір-біріне таңдана қарасты.

– Сенбей тұрсыңдар ма? Қараңдар, Қосым салған бетімдегі тыртыққа. Асылбек атам салған сынық аяғыммен әлі де сылтып басып жүргенімді көрдіңдер жаңа. Енді қандай дәлел керек сендерге!

Аян көзінен парлап аққан жасқа ие бола алмай, аяғын сылти басып келіп, достарын кезек-кезек құшақтап, ұзақ солқылдады. Достары да оны құшақтарына алып, көз жастарына ерік берді. Мауқы басылған соң Аян көңілсіздікті басайын деп, мына бір әңгімені айтты: «Әмірені Парижде қарсы алған Шоқай, оның тер сіңген жейдесінің жағасын қайта-қайта иіскеп: «Тұп-тұра қазағымның исі» – депті.

Жұрт ду күлді. Жанымдағы отырған кісіге таңырқай қарап отырғандарыңды біліп отырмын. Ол – жұбайым. Хорват қызы. Есімі – Лала. Ендігі сөз кезегі сол кісіде. Өзін таныстырып өтсін. Оның тілін қалай түсінеміз дегендей, жұрт бір-біріне қарасты.

– Құрметті туысқандарым, – деп таза қазақ тілінде сөз бастағанда, күбір-күбір сөздер басылып, жұрт сілтідей тына қалды, – Аян екеуіміздің басқосқанымызға жарты ғасырға жуық уақыт болып қалды. Қырқыншы жылғы қырғын соғысты бастан бірге кештік. Қазір бақытты отбасымыз. Бейбіт, Жеңіс, Мейрамкүл атты ұл-қыздарымыз бар. Хорватияда түрлі салаларда қызмет етеді. Егеменді ел атандыңыздар. Қазір барыс-келіс жеңілденді. Амандық болса, оларды да көріп қаларсыздар. Елін, жерін сағынып жүр. «Ат тұяғын тай басады» деген қазақ мақалын Аян ұл-қыздарының құлағына жасынан құйып жүр. Бәрі де қазақ тілін жақсы біледі. Тұрған жерімізде он шақты қазақ отбасы бар. Жиі араласамыз. Қазақша ән айтып, наурыз мерекесін бірге қарсы аламыз. Таңданып отырғандарыңызды біліп отырмын. Мен – Хорваттардың көсемі, Югославияны 30 жылға жуық басқарған Броз Титоның немересімін. Атам қолы бос кезінде сазды бір әндерді ыңылдап айтып жүретін. «Бұл қандай ән?» – десем, қазақ әні» – дейтін. Бүгін мереке ғой. Сол атамнан үйренген бір әнді айтып берейін.

Лала «Қара торғайды» сызылта жөнелді. Жұрт ду қол соқты.

— Өз елімізде жүріп қазақ тілін білмейтін мәңгүрттерге Лала апайымыздың мына сөзі оқ болып оталғандай болып тұр. Көп рақмет сізге! – деп, облыс әкімі Лаланың қолын алды.

Сөзді әрі қарай Аян жалғастырды.

– Мені өкімет Астрахань қаласындағы жетім балалар үйіне өткізді. Жағдайым жаман болған жоқ, бірақ бір айға дейін Ешкіөлмес пен Жусандытөбе түсіме жиі кіріп, соның етегінде сендермен бірге шанамен сырғанап жүрдім. Мына Қосымның мысық тырнақтары бетіме тақала беріп, оянып кетемін.

(Қосым мырс-мырс күліп, төмен қарап тұқшиып отыр). Кейде ағасы Тұржанның қамшысы арқама сарт ете түседі. Бір күні дабыл қағылды да бізді эшалонға отырғызып, әлдебір жаққа алып кетті. Бұл күндері жау самолеттері Орал қаласы мен Астраханның төбесінен ұшып өтіп, десант тастап, кейде бомбылап та кететін. Пойызымыз Карпат тауының етегіне жете бергенде бомбыланып, тас-талқанымызды шығарды. Мені сол төңіректе жүрген партизандар топырақ астында ыңырсып жатқан жерімнен қазып алып, ормандағы жасырын үйшіктеріне алып барыпты. Көзімді бір сөткеден соң ашыппын. Жанымда медсестра формасын киген бір талдырмаш сұлу қыз отыр. Түрі жап-жас баланың өңіндей. Мен сандырақтап жатып: – «Есікбай, Садық, Қосым...» дей беріппін. Ара-арасында: «Мен қайдамын?» – дейді екенмін. Сонда мына жанымда отырған сұлу кемпір: «Қорықпа! Өз адамдарыңның арасындасың», – дейді таза қазақша. Сөйтсем, генерал Броз Тито бастаған Югославиядағы партизандар отрядына кіріп кетіппін. Солай бесіктен белім шықпай жатып, партизан болып кеттім. Солардың тапсырған жұмысын мүлтіксіз орындауға тырыстым. Бір күні батальон командирі менімен генералдың өзі сөйлесуге шақырып жатқанын айтып, дедектетіп ала жөнелді. Штабы жертөледе екен. Кірдім. «Исайдың баласы бұл жерге қалай тап болың?» – деді таза қазақ тілінде. Мен мән-жайды баяндап бердім. «Тірі қалғаныңа қуан, балам! – деп, әкемдей жылыұшырап, арқамнан қақты, – бүгіннен бастап сен де енді партизансың», – деді генерал. «Менің қазақша сөйлеп отырғаныма таңданғаныңды біліп тұрмын. Сонау – 19-20 жылдары Совет елінде болып, ақ гвардияшылармен соғысқанмын. Олар менің соңыма түсіп, өлтірмек те болды. Қазақ жеріне қашуыма тура келді. Иса деген бір байға жалданып, бірнеше жыл оның малын да бақтым, диірменін де басқардым. Мал бағып жүргенімде сазды да әуезді қазақ әндерін шырқап, кең даласымен сырласатынмын, кеудеңді шайдай ашатын хош иісті жусанын иіскейтінмін. Сөйтіп жүргенде мына фашистер дүниеге ойран салып, әлемнің астаң-кестеңін шығарды. Қазақ жерін қимаймын, бірақ қоштасуға тура келді. Міне, балам, содан бері қазақ көрсем Исайдың (шын аты Иса) баласы деп, құшақ жая қарсы аламын. Қазақ жігіттерінің өз ісіне берік, аузын ашса, көмейі көрінетін ақкөңілділігіне, адалдығына тәнті болғанмын. Сондықтан да кейбір жерлестерімнің қарсылығына қарамай, немістердің қолынан тартып алған қазақ жігіттерін бастальон, рота командирлері етіп тағайындап келем. Бәрі сенімімді ақтауда. Кейде оларды жинап алып: – «Елдеріңе қайтам десеңдер қарсылығым жоқ», – деймін. Олар Сталиннің «Бізде қолға түскендер жоқ… Сатқындар бар. Оларды аямау керек!», – дегенін естіп, біліп жүр. Елге барса қамалатынын, атылатынын біліп, қайтқысы келмейді. Сен де өз таңдауыңды жаса! Қайтам десең – рұқсат. Совет партизандарының қолына тапсырамын, – деді. Мен әрі ойланып, бері ойланып, қайтпауға бел будым. Хорват партизандарының арасында қазақ жігіттері көп екен. Мен де жас болсам да, солардың бірі болып жүре бердім. Ақыры соғыс біткен соң мына отырған Лаламен бас қостым. Ол мені топырақ астынан тауып алған күннен бастап, жұбымыз жазылған жоқ. Көп уақытқа дейін Югославия мен Совет арасында жылымық болмай, енді-енді ғана қазақ елі тәуелсіздік алған соң барыс-келіс көбейіп, бір-бірімізді тани бастадық. «Неге көп жыл жоғалып кеттің?», – деп, мені сөге көрмеңдер. Мән-жай осы. Амандық болса, мына отырған облыс басшысымен келісіп, осы аймаққа қоныс аударып, Карпат тауы бөктерінде өсетін, дүниежүзіне экспортталатын алма ағашының бірнеше түрін осында Ешкіөлмеске әкеліп, жерсіндіріп, бау-бақша өсірсек пе деген арманымыз бар.

Аянның сөзін жұрт зор ілтипатпен тыңдады.

– Сайын, қойын дәптеріңе осының бәрін түртіп қой. Енді «Жусан иісінен» соң «Аян» деген әңгімең дүниеге келсін!

Бұл Есікбайдың ұсынысы еді.

P.S.

Бірақ өзім жақсы білетін, жиі араласқан (Мұқағали Мақатаевпен бірге) Сайын бұл әңгімені аяқтауға үлгермеді де, оны менің жалғастыруыма тура келді. Ол үшін сіздерден кешірім сұраймын.

Ал Броз Тито туралы мәліметті Ермек Жұмахметұлының «Алматы ақшамында» шыққан «Маршал Броз Тито» атты мақаласынан алдым. Оған өз фантазиямды қостым. Оным – «Сайын Мұратбеков әлі тірі. Өзі де, шығармасы да өлмейді» дегенді меңзеу.

Тегтер: