Аятолла Хаменеи алғаш рет көпшілік алдына шықты: Ашура рәсіміне қатысты

Иранның жоғарғы рухани басшысы аятолла Али Хаменеи Израильмен басталған соғыстан кейін алғаш рет көпшілік алдына шықты.
Аятолла Хаменеи Тегерандағы имам Хомейни атындағы хосейнияда имам Хусейннің шейіт болуына арналған Ашура рәсіміне қатысқан. Мемлекеттік БАҚ таратқан кадрларда залға кіріп келе жатқан Хаменеи мен оны қошеметпен қарсы алған жамағат көрінеді. Жиналғандар діни ұрандар айтып, басшыны ерекше ықыласпен қарсы алған.
Бұл – аятолланың көпшілік алдында соңғы 25 күн ішінде алғаш рет көрінуі. Соғыс басталғалы ол тек екі рет алдын ала жазылған видеомәлімдеме арқылы халыққа үн қатқан болатын. Әдетте Хаменеи елдегі басты діни рәсімдерге үнемі қатысып жүргенімен, бұл жолы оның ұзақ уақыт бойы көзге түспеуі түрлі күдіктер туғызды.
Ауру не қауіпсіздік?
Иранда Хаменеи денсаулығына байланысты әртүрлі қауесеттер тараған. Кейбір дереккөздер оның қатты сырқаттанып қалғанын немесе көз жұмғанын да алға тартады. Bild басылымына сілтеме жасаған кейбір телеграм арналарының мәліметінше, аятолла соңғы апталарда қауіпсіздік мақсатында арнайы бункерде болған.
Саяси контекст
13 маусымда басталған соғыстан кейінгі шиеленістер барысында АҚШ 22 маусым күні Иранның Фордо, Исфахан және Натанз қалаларындағы үш ядролық нысанына соққы берген. Бұл шабуылдардың алдында Израиль тарапы Иранның ядролық бағдарламасына қарсы әрекеттерін күшейткені мәлім. 26 маусымда жарияланған бейнеүндеуінде Хаменеи АҚШ президенті Дональд Трамптың қысымына қарамастан Иран берілуге ниетті емес екенін айтқан болатын.