Әйел жолы
Біз ежелден әйел баласын ана деп сыйлаған елміз. Негізі ана деген сөз бізге кейін келген. Дұрысы ене дейміз. Бұл ертедегі түріктің сөзі. Үйсіндер өздерінің шешесі Ұмайды Ұмай ене, әулие деп дәріптейді. Ал Бәйдібек бабамыздың әйелі Нұриланы «Домалақ ене» дейді. Бұларды ана демейді, ене дейді. Осы дәстүр бертінге дейін жалғасқан.
Ақын Жұбан Молдағалиев ағамыздың «Мен қазақпын» деген дастаны бар. Сонда мәтелге айналып кеткен: «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деген тармақ бар. Осы бір жол сөзде көп мән жатыр. Оның себебі мынадай. Мұнда неге мың өледі, неге қайта мың тіріледі? Бір қарағанда, жұмбақ секілді. Бұл өте табиғи сөз. «Еркек тоқты құрбандық» дейді қазақ. Елін, жерін, қатын-баласын қорғаймын деп ер азамат жаудың қолында өледі. Кейде, бәлкім, жау қатты болса қырылады, мыңы өледі. Ал енді сол мыңды тірілтетін ене, ана. Олар қайтадан ұрпақ әкеледі, қайтадан халық күшейеді. Міне, қазақтың тағдыры осылай, бірі өліп, бірі тірілген, яғни «мың өліп, мың тірілген» қазақ. Бұл өзі Совет өкіметіне дейін солай болды. Одан кейін де солай жалғасып келеді. Қазақтың әйелді, ананы құрметтейтінінің ең үлкен табиғи сыры осында.
Қазақтың әйелдері ежелден батыр болған. «Қара қыпшақ Қобыланды» жырындағы Құртқа, «Ер Тарғындағы» Ақжүніс мұның бәрі батыр әйелдер. Енді бертінгі заманды айтайық, онда да ерлігі айтылмай жатқан әйелдер көп. Мысалы, «Ғайни» деген әнді бәріміз білеміз. Тіпті Е.Серкебаевтың айтатын бір мәтінінде: «Ер жігіт екі айналмас, опасызға» деп айтылады. Бұл жансақтық. Негізі Ғайни – кіші жүздің он екі ата Байұлының ішіндегі ысық деген рудың қызы. Осы ысықтан тарайтын Қалдыбай деген кісінің қызы. Қалдыбайдың он ұлы, бір қызы болған. Ғайнидың шын аты Қайнижамал. Қалдыбай Исатайдың мың басы батыры болған адам. Орыстар оны әуелде өлді деп хабарлайды. Бірақ өлмей тірі қалып, Итжеккенге айдалады. Сөйтіп, Итжеккенге айдап бара жатқанда оны Сегіз сері мен Нияз сері құтқарып қалады. Міне, осындай да тағдыр болған. Ғайни шынымен де қазақтың батыр қызы. Қалдыбай он ұлын ертіп жорыққа кеткен кезде оның ауылын патша әскерлері келіп шабады. Сонда елді қорғайтын ешкім болмай, Ғайни жауға қарсы шығады. Оны осы қырғында орыс офицері атып өлтіреді. Осыдан соң Сегіз сері «Ғайни» әнін шығарған. Бірақ біз елін, жерін қорғау жолында жау қолынан мерт болған Ғайниды айтпай келеміз. Мақпалдың өзі солай. Ол да өз теңдігі үшін алысқан, теңіме қосыламын деп күрескен жан.
Жоңғар шапқыншылығы кезінде мынадай да оқиға болған. Бірде Медеудің сайында отырған ауылды жау шабады. Сонда жоңғарлар Мүзира дейтін әйелдің күйеуін, баласын өлтіріп, өзін күңдікке алады. Мүзира анамыз қалмақтарға қызмет жасап жүріп, олардың қыр-сырын әбден зерттейді. Сөйтеді де бір жолы арақ-шарапқа тойып мас болып ұйықтаған қалмақтардың есігін сыртынан ашылмастай етіп мықтап жауып, отынмен үйдің сыртын қоршап, өртеп жібереді. Осылайша, 200 қалмақтың көзін жояды. Өзін де қалмақтар өлтіреді. Осындай да батыр аналарымыз болған. Біздің жанымызға бататыны – Мүзира сияқты батыр қыздарымыздың насихаты аз.
Бексұлтан Нұржеке-ұлы,
Халық жазушысы