Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:40, 10 Сәуір 2025

Айтқанның аузы жаман...

театр
Фото: Pixabay

Ән – ауруым... Не қосылмай, не тыңдамай өте алман... Ақан сері

...Жуырда парламентте театр өнеріндегі мәселелерді қозғаған отырыс өтті. Комитет төрағасы, басқа да депутаттар, министрліктің жауапты адамдары қатысып, кезектесіп баяндамалар жасалды. Біз де қатыстық... Баяндамада бәрі дұрыс айтылды... Анау делінді, мынау делінді... Тілде сүйек жоқ деп қазағым дұрыс айтады... Сүйек жоқ екені хақ, отырғандар біраз сайрадық... Бір жерде оқып алып, көңілге түйгенім бар-ды... «Парламент» – «парле» деген сөз француз тілінен аударғанда «сөйле, сайра» деген ұғымды білдіреді екен... Қалай ұқсаңыз да, жақтырарсыз-жақтырмассыз, патша көңіліңіз білсін, жөні осылай боп тұр... Үндемей қалмаймыз, айтамыз. Сөйлейміз. Сайраймыз... Ақыры айтамыз да қоямыз... Бойымыз да осыған үйреніп алған, ойымыз да сол күйі, қанша сайрағанмен, айтқанмен еш нәрсе орнынан жылжымайды. «Баяғы – Байқожаның таяғы»... Қазақтың әзілі де, әреке сөзінің астары да «кісі өлтірердей» ғой... Бір қуақы жеңгей, қалауын қайта-қайта сұрап, қылқылдай берген қайнысына: «айтасың да – қоясың» деп, бетін қайтарып тастаса керек. Сол сияқты, біз де осы отырыста әңгіме өзегі болған, қай жылдан бергі қалауымызды сұрай-сұрай, жағымыз талған... Біз де айтудан шаршамаймыз, мәселе де сол күйінде. Тырп етсе кәні – тапжылмайды. Солай, біз де «айтамыз да – қоямыз»... Отырыста төтесінен қойылған сұрақтарға мәдениеттің вице-министрі де, театр бөлімінің басшысы да, жанұшырып жауап беріп-ақ жатты. «Білеміз, назарымызда, тиісті мемлекеттік мекемелерге айтылды, жазылды... Алайда қолдау табылмады...» деген сыңайлы қынжылыс білдіріп, түсінетіндерін, тіпті жандары қатты ашитындарын, амалдары жоқтықтарын білдірді. Білуімізше, министріміз де мәселені жоғары деңгейге дейін көтеріп, орнынан қозғағысы, оң шешім шығарғысы келеді-ау, алайда еститін өкіметтің тиісті министрліктері мен жүндес шенеуніктерінен қолдау таппайды!... Хооош, сонда бізге де амалсыз, мына төмендегідей ойлар келеді де... Мәдениет министрлігінің талаптарын қаржы, экономика, әділет, еңбек министрліктері назарларына да ілмей, күресінге сырғытып тастайды екен! Неге? Мәдениет министрлігі мемлекеттік мекеме емес пе? Аты дардай Қазақстан республикасының мәдениет министрлігі емес пе! Әлде біздің мәдениет министрлігі өзге елдің мәдениеті үшін шырылдап жүр ме?

Еліміздің театр өнерінің төңірегінде қайта қарайтын, жөнге келтіретін мәселелер жеткілікті. Оның негізгілерінің бірі театр туралы заң баптарын ықтияттайтын уақыт әлдеқашан келген. ТМД елдерінің түгелінде дерлік театр туралы бөлек заң бар. Ал бізде мәдениет туралы заңның елеусіз бір пұшпағындай етіп, «мінгестіріліп» қойған. Сондықтан болар, кезінде ескі Қазақстанның есірік министрі республикадағы 70-ке жетіп жығылатын театрларын алатайдай бүлдіріп, ырың-жырың етіп, бөліп-жарып, өз қарауынан ажыратып, өңірлерге итеріп тастап, өзіне бар-жоғы 5-6 театрды ғана иелік етіп алған еді. Ал енді театр өнерінің шығармашылық өресіне бірден-бір жауапты «көркемдік жетекші» лауазымын да жай бір қажетсіз, арбаның бесінші доңғалағындай етіп, өзі тағайындайтын директорға бағынышты етіп қойғаны тағы бар. Директор лауазымы театрдағы бірінші басшы ретінде өнер адамы болса бір сәрі, түсінуге болар. Ал енді өнерге жиендік жасап, шығармашылық әлемге өгей ретінде, министрге жаппарқұл директордың көлеңкесіне де жарай алмай жүрген жалған «жетекшіліктің» не қажеті бар? Көз қылу үшін бе? Труппа жасақтайтын да, репертуар түзейтін де, қойылымның өресін де, режиссердің қиялын да уысында ұстайтын сол директор ғана. Ал «ас ішіп, аяқ босатушы» «рөліндегі» жетекші, шығармашылық проблемаларға араласа алмайтын құр сүлдер ғана, бас шұлғушы.

Сол кезеңнің министрі өзінің виолончельдік өресі жетпейтіндіктен, еліміздегі бүкіл облыстық театрларды толайым мәдениет министрлігінің құзырынан ажыратып, жергілікті облыстың мәдениет және құжаттану басқармасының босағасына телміртіп қойған. Олардың негізінен, ауылдық мәдениет ошақтары, кітапхана, мәдениет сарайлары мен үйлеріндегі көркемөнерпаздар үйірмелеріне, айтыс ақындары, ауыл-аудандардың әртүрлі мәдени шараларын ұйымдастырудан, тағы да басқа толып жатқан жүгірістен қолдары тие ме? Ең назар аударатын жағдай, ол басқармада кәсіби театр өнерін түсінетін, оның сан салалы қажеттіліктерін орындай алатын, оларға біліктілікпен көмек ете алатын кәсіби маман жоқ десе де болғандай. Театр деген синтездік, әрі өте күрделі өнер ордасы, оның «бас аурулары» мен кәсіби талғам-талаптарын, кейде білдей министрлік шеше алмай отырғанда облыс әкімшілігіндегі кішігірім басқарма қайдан шешсін! Әлемдік драматургия өресі мен әртүрлі эстетикалық талғам мен сан-салалы жанрдағы қойылымға қажетті қаражатты, ең бастысы, интеллектуалды мамандарды тартып, эрудициясы жоғары қойылымдармен, білікті көрерменге лайықты талабы мен талғамына пара-пар шығарманы шығаруға, жоғары деңгейдегі театр өнерінен хабары кем, өздері өсіп-өнген ауыл-елдің бүгінгі-ертеңгі проблемаларымен бастары қатып жүрген мәслихаттың депутаттары, әрине, қолдамайды! Ойы терең, ағайын арасының емес, әлемдік сұрақтарды қаузайтын жақсы пьеса жазған авторға, сценографиясын сызған суретшіге, ерекше суреткерлік шешіммен жұлқынып келген режиссерге төленуі қажет гонорарды талап етіп, қомақты қаржы керектігін дәлелдей алмаған облыстық мәдениеттің басқарма басшысының жігері құм болады. Автор, режиссер, суретшілер өз еңбегінің бағасын қайыршыға беретін садақадай бағаланған көзқарас пен «жетім қыздың тойындай» қаржыға қиялындағы шығармаға жеткізе алмай, жөніне кетеді. Осылайша өңірдегі театрлардың көркемдік деңгейі төмендеп, көрерменнің ойынан шықпай, репертуарлары күлдібадам қойылымдармен арзандайды, театр залдары жартылай бос тұрады, ұжымның көңілдері пәс, жігерлері құм болып қала береді. Мемлекеттік деңгейде назар аударылмаған театрлар алтыншы сорттағы өнер ордалары сияқты қанаттарын жазып самғай алмай, шығармашылық аштықта өмір сүріп, тұнжырап жүргендері. Сонда қиырымызда жатқан қырықтан астам облыстық театрларға тиісті назар аударылмаса, мәслихаттар тиісті қаражат бөлуге құлықсыз болса, өңірлік театрлардан қандай өнер күтуге болады? Оларға да мемлекеттік деңгейде назар салынбайтындай, олар қазақ елінің театрлары емес пе? Ұлан-ғайыр еліміздің қиыр шетімізді жайлаған облыстары Қазақстанға қарамай ма? Өңірлік театрлар неге мемлекетіміздің мәдениет министрлігінің құзырында емес? Бәріміздің «илегеніміз бір терінің пұшпағы» емес пе, бір елдің өнерпаздары емеспіз бе? Жарайды, заң аясында жұмыс істейік делік. Осы мәселе неге бөлектенуді мақсат тұтып, өңірлік өнер ордаларын неге ортақ мүддеден шеттеткен? Ата заңымыздың қай бабында мысалы, жоғарыда аталған «маңызды» министрліктерге төл мәдениетіміздің өзекті мәселелеріне қырыс қарайтын, олардың сөзін өткізбейтін қандай квоталар берілген? Орысша орағытқанда «особые» деген категориялар таңылып па оларға? Сонан соң сол заңдарды түзіп (қадап жазып отырмын, «түзеп» емес, «түзіп») отыратын, өзгертулер енгізетін, қажет болғанда Ата заңдағы баптардың орындалуын талап ететін осы парламент емес пе? Онда неге біз бүгін шала бүлініп, «анау қайда, мынау неге» деп, быт-шыт боламыз? Ата заңда абайсызда мүлт кеткен баптар болса, ол баптарды депутаттар неге қоспайды, қисық болса неге түзетпейді! Болмаса, сенат пен мәжіліс әлгі «маңызды» министрліктерді отырыстарына шақырып алып, Қазақстанның мәдениет министрлігінің өтініш-талаптарына неге қырын қарайтынын, не себепті қолдау таппайтынын бұлтартпас уәждерімен дәлелдетпейді! Ол талаптар заңға қайшы болса (олай емес екеніне менің оған еш күмәнім жоқ), қай себеппен қайшы екенін зерттеп, ол «қайшылықты» неге түзетпейміз, неге заңдастырмаймыз! Ту сонау жоғарыда, парламентте ел қамымен отырып, бастауыш мектептің оқушысының диктантын тексеріп отырғандай, салқын сөйлемдерден тұратын заңның үтір-нүктесін ғана түзеп, босқа көз майын тауыспай, нақты ұсыныс пен өзгеріс жасауға керек қой! Сол үшін отырған жоқ па, депутаттар! Түзетуге келмейтін, қасарысып қатып қалған ешнәрсе жоқ! Негізі, заңды жасайтындар да адамдар ғой! Ешкім көктен түскен жоқ! Жоғарыда мен атын атап, түсін түстеп жазып отырған министрліктер Қазақ елінің бүкіл тұтқасын, қазақша қитығып айтсақ, «Құдайдың құлағын ұстап» отыр ма екен әлде! Сабырын сарқып алмайтын президентіміздің мәдениеті мен әлемаралық әдебін, білімір дипломатиялық жұмсақ мінезін пайдаланғандай, мемлекеттен қаға берісте қағып алған «табыстарың мен қарыздарыңды» мемлекетке, халыққа қайтарыңдар деген табанды талабын, үндеуін сиырқұйымшақтатып орындағысы келмей, түлкібұлаңға салу – нендей бейберекетсіздік! Кеше ғана Құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев театр өнеріне мемлекеттік деңгейде назар аударуды қадап айтты емес пе! Артық қимыл жасауға қатып қалған, көгеріп кеткен ит жылғы қағидалардан арыла алмайтындармен, «сен тимесең – мен тимен, бадырақ көз» сияқты үйреншікті шеңберден шығуға шама-шарықтары жетпейтін, шыққысы келмейтін, тіпті бір қажеті анық жаңалық жасауға, өзгеруге үркетін әдеттері қандарына сіңіп кеткен, орындарынан қозғалмай қатып-сіресіп қалған кеңсе құлдары сынды шенеуніктермен Жаңа Қазақстан жасау мүмкіндігі алыстап, тіпті қиындап бара жатқандай жоқ па! Мәселе көтеруді («инициатива – наказуема»?) «бәлеге қалатын» үрдіс деп есептейтін, сужүректер мен немкеттілерді елжанды, іскер азамат деуге қалай аузымыз барады? Қатты кетті деп айып ете алмайсыздар, өйткені мен мемлекетшілдік мінезіммен белгілі болған, қазақ елінің аузында жақсы пиғылмен жүрген өнер адамымын, мәдениет мәселелері бойынша ағалық ұсыныс, я ескерту жасауға хұқы бар азаматтардың бірімін, баланың сөзін сөйлейтін, не тырнақ астынан кір іздейтін кісәпір емеспін! Сосын жасы үлкендік жолға салсақ, осыларды мен айтпағанда кім айтады!

...Қазба байлықтарымен әлемдегі ең бай елдің біріміз ғой, құдай-ау?! Мәдениетке қажет қаражатты сонша сорлатып, қазанда қалған қаспақты қырғызып, саптаяққа мардымсыз ғана ас құйып, сабына қарауыл қойғызып, шөміштен қағатындай не көрінді? Атам қазақ, «арзанның сорпасы татымайды» демеуші ме еді?! Қарны аш актерден қандай өнер туады! Бір мысал: белгілі бір облыстың Мәпіш атты мәслихат депутаты жергілікті театрға бөлінген қаражатқа қасқырша шүйліккенін әлеуметтік желі арқылы көріп жағамызды ұстағанымыз бар. Мәдениет департаментінің бастығын жерден алып, жерге салып жатты. Театрға неге сонша көп ақша бөлінген? Ол неғылған қойылым? Неғылған «көтеріліс»? Кім рұқсат берді деп, театрда премьерасы аншлагпен өтіп жатқан «Келіндер көтерілісі» қойылымын жоққа шығарып, осы театр деген жын-ойнақ кімге керек дегендей аттан салғаны! Онсыз да жүрексініп тұрған мәдениет басшысы кібіртіктеп, төмен қарап, жөнді жауап бере алмай, маңдайы тершіп, әлекке түсті. Әлгі депутат облыстың бюджетін өзі көтеріп жүргендей, басқа салалардағы жағдайға сол театрдың кесірі тиіп жатқандай екіленіп едірейеді! Одан да деймін-ау, сол төңіректен шығып жатқан мұнай мен газдың, басқа да табиғи байлықтарымыз кімдердің меншігіне кетіп жатыр деп неге сұрамайды? Қазақ елінің ырзығы болуға тиісті жерасты байлығын, алтын мен күмісті, хромды қазақ еліне кірмелер Шодиев пен Ибрагимов, Машкевичтердің ата-бабасына, арсыдағы біздің бабаларымыз сатып жіберіп пе, әлде солардың меншігіне өсиеттеп қалдырып кетіп пе? «Қазақмыс» деген алпауыт неге Огай ма, әлде Ким деген қасқырлардың қандыаузында, қаны бөлектің қанжығасында? Ол пірәдарлар, арсыдағы ата-бабаларымыз қанын төгіп, жанын беріп, ұлан-ғайыр жері мен оның астындағы қыруар байлықты кейінгі ұрпағына, қазақ деген еліне аманатқа тастап кетпеді ме! Ал біздің білуімізше, сол жердің астындағы қазба байлықтар, Ата заңның біз білетін негізгі бабы бойынша, мемлекет меншігі! Алайда Лондонның аты шулы биржасы арқылы сол байлықтар шетелге сатылып және олардың түгелдей құны мемлекет қоржынына түспей, олигархтардың жемсауында екенін неге біле тұра білмеген боламыз! Сол алпауыттардың қалтасының түбінде қалған қалдықтарын бюджетімізге, көңілі түскенде, қолдары тигенде там-тұмдап аударып отырған азғантай салығына ғана місе тұтып, ілдалдалап күн көріп отырғанымызды неге сөз қылмаймыз! Рас, нарық заманына ертерек икемделіп, мемлекет меншігінен емес, өз ақылы, өз іскерлігі арқылы байыған еті тірілерде ісіміз жоқ. Дұрыс, нарықтық жүйеге көшкенімізді ұғамыз, кеще емеспіз. Көбіне осындай, саусақпен санарлық іскерлер ғана меценаттық жасап, ұлттық өнерді қолдап, ұлтжанды мінез танытып жүргендерінен де хабардармыз. «Береген қолым – алаған» дейді момын қазағым, ырза көңіл мен алғысқа бөлейді халық оларды.

Ал жоғарыда тотияйын тіліме тиек болған, аңқау елдің Жаратушыдан «бөлінген» ата-бабадан қалған ырзығын көпе-көрнеу талап жатқан жалмауыздарды қатаң жауапқа тартқызып, елім үшін деп еңірейтін ерлер – депутаттар емес пе? Бірді-екілі білімір, батыл мінез көрсетіп жүргендер бар екенін көріп жүрміз, алайда олар мына қанға сіңген құл қасиеттен арылуға аздық етеді! Ескіден бері еркінсіп, дәнігіп қана қоймай, құнығып кеткен, қақпағы қараусыз қалған қазанды итше талатып қойған есірген ескі жүйенің жұлынын үзбей, қай ұшпаққа ұшамыз, не бетімізбен елімізді жаңартамыз дейміз! Қайыршының күйімен күнелтіп, өз күнін өзі зорға көріп жүрген өнер мен мәдениетіміз үшін ұялудың орнына, тырнақ астынан кір іздеген түркістандық Мәпіш сияқтылар не бетімен мәслихатта құйрығын тоздырып отыр! Не де болса, өңірлік театрлардың жанкешті актерлері «барға риза, жоққа мәз» боп, күнде кешке қазағына қасиеті қашпаған сахнасынан өнердің тілімен ұлтын сүюді, мемлекетімен мақтануды, өткен шерін үлгі етіп, бүгінін тәу етіп, ертеңіне арман артып, оралымды ой салып, көз жасына шылап қойылым қойып жүр! Ұққанға, білгенге ұлттық идеологияның сарбаздары деген осылар емес пе? Демек, Қазақстандағы барлық театрларды мәдениет министрлігінің құзырына өткізу керек! Жергілікті әкімшілік те өз театрларын қолдап, қарайласып отырсын! Бөлінгенді бөрі жейді! Ел ортақ, мемлекет біреу! Қара қазанның айналасы мен қара баланың қамын ойлап, ертеңіне елеңдеп, қамкөңіл жүрудің орнына, қара базар аралап, такси айдап, тәшкі сүйреген тас үгітер жігіттеріміз бен көше тазалап, өз еліне өзі құл боп, ала қап көтерген аналарымыздың уайымы жанымызды жемей ме? Айтпаса сөздің атасы өледі, «алтын сандықтың үстінде жалаңаш отырған» (Шерағаңша), Әділетті Қазақстанын сарылып күтіп жүрген сабырлы қазақтың бүгінгі күйі, сағынышты үні, сол сандыққа бандиттікпен ие бола қалған, төрімізге шығып, төбемізге тышып тайраңдап, жырақтағы елдерде сауық құрып сайрандап жүрген жырынды-жымысқылардың, ұры-қарылардың құлық басқан құлақтарына жетер ме? Жетпейді! Ұлтын сүймейтін елін, ер-азаматының, халқының жай-күйін елемейтін мемлекетін мақтаныш тұтпаған бүгінгі ұлан, ертең ел басына (беті аулақ!) күн туса атой сап атқа мінер ме? Түрмені азайтатын театрдың (тағы да Шерағаңша) құдіретті залына жиналған көрерменнің, ерулі атқа ер салған, есте қалған ескі заманда есесі қалған ұлтының кешегісіне шерлі, бүгініне риза, ертеңіне алаң болатын, ана сүті ірімеген қазақтың, қазақы қаны сұйылмаған ұланның – ертеңіміздің еңсесі, тілегі, қорғаны екені есінде бар ма екен Мәпіш сындылардың! Актер қауымның артын жабуға жарамайтын ақшасын санағанша, өңірлік театрға неге техникалық мамандар жетіспейтінін, өңірлерге келген-кеткен актер-режиссерлердің неге тұрақтамайтынын, нағыз өнер жасап, жалпының жақсы сөзіне іліге алмай жүргенін неге ойламайды, осы ауруға неге қабырғасы қайыспайды? Аты дардай болғанмен заты мүшкіл театрлардың репертуарлық саясатына, шеберлік өресінің таяздығын таразылап, неге өзегін өрт шалмайды? Жоғарыда қарыма іліккен жүнді қол министрліктер неге жартылай аш жүрсе де, ұлттық өнер жасап жүрген өнерпаздарды өгейсітеді? Жылап ішіп, шыңғырып дәрет сындырып, ескі-құсқыны жамап-жасқап декорация жасап, театр залдарын бос қалдырмаудың қамымен, өнері мен елін ессіз сүйгендіктен, есепсіз еңбегінің жалақысын «А» дан «Б»-ға өткізу үшін не кедергі! Қаржы жетпесе, ол қаржы министрі қой бағып жүр ме, әлде қасқырларға қой-қораның есігін ашып беріп, қарап отыр ма? Экономистер нені экономдайды? Шетке кеткен отыз жылғы ұрлықты неге іздемейді, неге қайтармайды! Әділет министрлігі кімнің қамын жеп, қай елдің әділетіне мүйіздері сырқырап жүр? Бюджеттік қорды толтыруға керекті Салық комитеті деген жарықтықтар, қосымша құн салығын халықтың өзіне жүктеп, көлік пен жол ережесін бұзудан түсетіндерден басқа кірістерді ойлай алмай ма, әлде миларына кірмей ме?..

Ойлай берсең ой да көп, уайым да көп... Көсегең көгергір, Қазыбек Иса деген депутат, шығармашылық одақтарды мемлекеттің межелі партнері болуы керек деген бастамасы, айтылды да қалды. Әйтеуір, ол жаңалықтан Театр қайраткерлері одағы мақұрымбыз, тілімізді тістеп, алаңдағы бос айқайға қосылмағандықтан санатқа да қосылмаймыз. Білгенге, Жазушылар, Театр қайраткерлері, Киногерлер, Суретшілар, Музыка қайраткерлері одақтары Мәдениет министрлігінің қолын ұзартатын, жоғын бар қылатын көмекшілері емес пе?! Сол одақтардың айналасын төңіректеген өнерлілер ұлт мақтаныштары, айналасына азуын емес, жазуын, өнерін, театр залына жиналған кемі бес жүздей жамағаттың шерін, мұңын, әдебі мен арман-мүддесін өнерімен көрсететін мемлекеттің маңдайындағы жарқыраған жауһарлары емес пе?! Ойдан шығып бара жатқан отыз жылдан бері талан-таражға түсіп жатқан бюджеттің қазанынан қағып, итшілер мен көгілдірлер қоғамына теңестіріп қор қылып қоятындай не басымызға күн туды екен? Момындығымыз бен «бір мәнісі болар» деген сабырымызды сарқып, өнерге өмірін арнағандарды «аутсайдер» етіп, өлермен-жыларман қылатындай не көрінді! «Жыламаған балаға емшек бермейді» дегенді әбден ән-ұран етіп алдық па? Ал жыладық! Өзімізден де, өзгелерден де шыққан ұрыларға отыз жыл бойы жем болдық! Жігерімізді жасыттық! Өнерпаздарын жылатқан ел болдық, ал – жетістік! Ютуб, Тик-ток, ФБ… тағы басқа әлеуметтік желілер арқылы көз жасымызды төгеміз, өсек тереміз, ашуымызды диваннан аламыз, қаһарлы «қылышымызды» боққа шабамыз! Ешкім парық етпейді! «Айтамыз да қоямыз», енді «жылайтын да қоятынға» да етімізді үйрете бастады!

Өз елінде қадірі болмаған елдің бұлбұлы өзге елдің әнін айтатын кез келсе – қайтеміз? Ойлансақ қайтеді, жеті-сегіз шығармашылық одақтарды бюджетке қоссақ, қолымыз аузымызға жетпей, кедейленіп қалмаспыз? Ортақ қазанға қосу керек! Әлемге жаманаты шығып «аймандай» болған Ресей елі, өзі түгілі өзге елдердегі орыс театрларының шаңырағын көтеріп жүрген актер-режиссерлерін қолдап, қаржы бөліп, қарайласып отырады. Ара-арасында бізді де арқадан қағып, қолпаштайды. ТМД елдерінің театр одақтарының конфедерациясын құрып, оның бастамалары мен шараларына қаражат бөліп, назарларында ұстайды. Арагідік Мәскеу мен Қазан-Уфасына, Петерборына шақырып, сый-сияпат жасап, фестивальдар ұйымдастырып, әлемдік театр үздіктерімен таныс қылып, жеткен жетістіктерімен бөлісетін ғылыми-теориялық талдаулар өткізіп, өре жарыстырады. Жағдайымызды сезгендей, арғы-бергі жол қаражатымыз бен жатын орнымызды, шай-суанымызға дейін алаңдатпай, барлық шығындарын бізді ұялтпай өздері төлейді... Ол шараларының біразын бізде өткізуге Қазақстан театр қайраткерлері одағы мұрындық болды. Идеясы мен ұйымдастыруы бізден, ал оның түгелдей дерлік қаражатын ресейліктер көтерді. Театр өнерінің теориялық мәселелері жайында сол фестиваль-талдаулар жайында шығып жататын том-том журналдар мен альбом-кітаптар өз алдына... Ал біз... жерге қараймыз, нәйеті бір ғана «Театр.kz» деген жетім журналымызды айына бір нөмірін шығаруға әліміз келмей, жүндес министрліктер «госзаказ» деп тұсап қойған көгеннен қорлық көріп жүрміз. Қазақстанда өнер туралы шығатын жалғыз журнал! Не қиындығы бар соншама? Қолдау керек, мәселені шешу керек! Кезінде «Актерлар Отауы» деп атойлап ат қойған одағымыздың шағын ғана ғимаратын сыртқы істер миинистрлігі қаға берісте қаптыртып кетіп, «жағдайлары қиын» болған соң, жалға беріп жыртығын «жамап» жүр... Ал біз, барар жер, басар тауымыз жоқ, көрінгеннің босағасына телміріп, қаңғырып жүрміз... Мұны да талай айтқанбыз, қайтарып беруге мемлекеттің, я болмаса кезінде сол отауымызды иемденіп алған басқа бір пысықтың құлқы жоқ... Осы мәселені шешу соншама қиын ба? Шешу керек! Өз тарапымыздан сұлу Көкшеміздің төңірегін жайлаған қисапсыз демалыс үйлерінің бірін Театр қайраткерлері одағының қарауына беріп, жыл сайын бір рет, он-онбес күнге одаққа 3000-ға жетіп жығылатын мүшелері бар жетпіс театрдың жас өнерпаздарын жинап алып, шеберлігін шыңдауға, өнері артқан өзге елдерден үздік деген маман иелерін шақырып, ақыл-кеңес, мастер-кластар, тәжірибе-теориялық ғылыми конференциялар жасасақ, сөйтіп өссек, өнсек деген арманды үмітіміз де неше жыл бойы, сол күйі аяқасты қалып жүр. Сол баяғы – «қолдау табылмайды»! Құлық болса – бұл да соншама шектен шыққан, жөнсіз-жосықсыз проблема емес! Шешу керек!

... Бұл мақаланы бастардағы ашулы базынам соңына келе басылып қалды. Өзім ғой, өзегім ғой... Өзімді жамандағаннан жақсыны қайдан табамын... Бұрындарғы заманда қылығы артқан жеңгейдің қылқылдай берген сұраншақ қайнысына артқан әзілі мен назды өкпесі бүгінгі күніміздің кредосына айналғандай. Не амал?.. Айттық... Айттық та қойдық...

Тұңғышбай әл-ТАРАЗИ.

Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы.

Тегтер: