Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:41, 10 Сәуір 2025

Азаматымыз майданда, жағамыз жайлауда...

соғыс
Фото: из открытых источников

Ресей-Украина қақтығысына байланысты Қазақстан қоғамында екі түрлі пікір бар. Халықтың көбі агрессор Мәскеуді айыптап, Киевке тілеулестік танытқанымен, жұрт арасында соғысты жақтайтындар жоқ емес. Тіпті қару асынып, Ресей жағында соғысып жүргендер де бар.

БАҚ беттерінде Қазақстан азаматтары Ресей туы астында майдан кешіп жүргені жайлы ақпарат аз емес. Бірақ ресми органдар үнсіз. Біздің билік бұл соғысқа бейтарап позиция ұстанатынын айтады. Бірақ соғыс басталғалы тұрғындарды тыныштыққа шақырып, қақтығысқа қатыспауға үндегенін көрген жоқпыз.

Биыл сәуірдің басында Украина қорғаныс министрлігіне қарасты «Хочу жить» («Өмір сүргім келеді») орталығы Ресей жағында соғысып жүрген қазақстандықтардың аты-жөнін жариялады. Орталықтың мәліметінше, 2022 жылдан бері 611 отандасымыз оқ пен от кешіп, Ресейдің шашбауын көтеріп жүр. 2024 жылдың аяғына дейін олардың кемінде 78-і қаза тапқан. «Бұл – тек өлімінің нақты күні мен жерленген орны белгілі болғандар. Ресей армиясының шығынын есептеп жүрген волонтерлер 2024 жылдың қазан айында Украинада қаза тапқан этникалық қазақтардың саны 3000-нан асқанын хабарлаған болатын» дейді «Хочу жить» өкілдері.

Жоба авторлары жалдамалы жауынгерлер арасында Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтары да бар дейді. Ең жаманы, жат ел үшін жанын жалдап жүрген, соғыс өнерінен еш хабары жоқ ортаазиялықтар майдан даласында мерт болып жатыр. Украиналық зерттеушілердің есебінше, жалдамалы әскерилер келісімшартқа қол қойғаннан қаза тапқанға дейін орта есеппен 130 күн қызмет еткен. Ең қысқа қызмет еткен адам небәрі 9 күн ғана соғысып, опат болыпты.

Ресей жағында соғысып жүрген жерлестеріміз бар екенін жұрт білген, бірақ мұнша көп деп ешкім ойламаған. Украиндар бұл мәліметті Ресей армиясындағы дереккөзінен алыпты. Оның үстіне тәуелсіз зерттеушілер де тізімдегі қазақстандықтарды танып отыр. Бірақ ҚР ішкі істер министрлігі ештеңеге алаңдамайтын сияқты, ақпаратты асықпай тексеріп көрмек, «Ол ақпараттың қаншалық рас екенін білмейміз. Оны қарап, тексеру керек» деп жауап берді вице-министр Игорь Лепеха журналистер сауалына.

«Хочу жить» тізімі жарияланғалы бір аптадан аса уақыт өтті. Содан бері ҚР сыртқы істер министрлігі де, ІІМ де, ҰҚК де еш мәлімдеме жасаған жоқ. Бұл мәселеге қатысты қазірше Лепеханың жалтарма жауабынан басқа ешбір ресми ақпарат жоқ. ІІМ шетелдегі қақтығыстарға қатысқан Қазақстан азаматы қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ғана хабарлады. Біз ІІМ мен ҰҚК-ге ресми сауал жолдап, шетелде қанша отандасымыз соғысып жүргенін және соғысқа қатысқаны үшін қанша адам жауапқа тартылғанын сұрадық. Екі мекемеден жауап күтеміз.

Қазақстандықтар неге Ресей үшін соғысып жүр?

«Хочу жить» орталығы Мәскеу соғысқа жалдамалыларды 2023 жылдың бірінші тоқсанынан бастап көптеп тарта бастағанын айтады. Ресей армиясында шығын көбейіп, елде мобилизация жарияласа да әскер қатарын толтыру қиынға соққан. Сол үшін Кремль көрші мемлекеттерден жалдамалы әскер алуға бел буған. Ресей тарапы Орта Азия азаматтарын әскер қатарына алдау, көп ақша төлейміз деп қызықтыру және қысым жасау сияқты үш түрлі жолмен алатын көрінеді. Яғни кей тұрғынды қоймаға қарауыл боласың немесе зат жеткізуші боласың деп алдап апарып, соғысқа қосып жібереді.

Екінші тәсіл – Ресейде қара жұмыс істеп жүрген өзге ел азаматтарына түрлі лас жолмен қылмыс артып, соғысқа баруға мәжбүрлейді. Айлаға түскен азамат жазықсыз түрмеге қамалудан қорқып, амалсыз қан майданға аттанады. Осы тәсілмен түрмеде немесе тергеуде отырған қазақстандықтарды соғысқа тартты деген ақпарат бар. Бірақ 2024 жылы сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, Ресейдегі азаматтарымыз елшіліктің бақылауында екенін айтқан. Жауырды жаба тоқуға әуес қазақ билігінің мұндай мәлімдеме жасағанына ешкім таңғалған жоқ.

Ал ақша үшін соғысқа аттанғандардың саны көбірек. Ресей қорғаныс министрлігі Орта Азиядан барған жалдамалыларға 1-ден 3,5 млн рубль аралығында бір жолғы төлем беруге, содан кейін ай сайын жалақы төлеуге уәде етеді. Мұндай жарнама әлеуметтік желілерде толып тұр. Әсіресе ресейлік ВКонтакте желісінде өріп жүр. Еліміздің ақпарат айдыны ашық-шашық жатқанын осыдан-ақ аңғаруға болады. «Хочу жить» өкілдері Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасап, соғысқа барған азаматтардың ешқайсысы уәде етілген соманы ала алмағанын айтады.

Бұлардан бөлек соғысқа өз ниеті, ресейшіл идеясының жетегімен барған қазақстандықтар да аз емес. Өзі Қазақстанда тұрса да, жүрегі Ресей деп соғатын кей азамат осы жолды таңдады. Кремль пропагандасы қатты жұмыс істеді, ресейлік телеарналар, сайттар мен әлеуметтік желілер еркін көрсетіліп, адамдардың миын улап жатқаны жасырын емес. Олар жұртты «Ұлы Отан соғысы кезіндегідей неонацистерге қарсы соғысуға» шақырады. Билік өзге елдің идеологиясына тосқауыл қоя алмады, енді соның салдарымен күресуге мәжбүр.

«Алғаш соғыс басталған 2022 жылы майданға аттанған азаматтарымыздың көбі Ресей пропагандасына уланып, сол идеяның жетегінде кеткендер. Ал қазір барып жатқандардың көбі келісімшарт бойынша ақша табуды мақсат етеді. Тіпті олардың көбі соғысқа бара жатырмыз деп те ойламайды. Қазір қазақтілді азаматтардың өзі жұмыстың жоқтығынан, қаржылық жағдайының төмендігінен Ресейге кетеді. Оларды қарапайым жұмыс істейсің деп шақырады. Барған соң паспортын тартып алып, соғысқа қосып жібереді. Бір сөзбен айтқанда, ертеде барғандар өз ұстанымымен, кейінгілер ақша үшін соғысып жүр.

Менің зерттеуім бойынша, соғысқа барған орыс ұлтының өкілдері пропагандаға еріп барғандар. Өйткені олар Қазақстан телеарналарын емес, Ресей арналарын көреді, сол үшін соғысты қолдайды. Бірақ бұл оларды соғысқа жетелеген жалғыз себеп емес. Мысалы, біреу теледидардан Ресей пропагандасын көріп алып, бірден соғысқа аттанып кетпейді. Жалған пропагандаға алданып, көңілі күпті болып жүрген адам жұмыс таба алмаса, ақшасы болмаса, соғысқа шақырған үгіт-насихатқа тез ереді. Демек тек пропаганда себебінен немесе тек ақша үшін соғысып жүрген ешкім жоқ. Ресейшіл үгіт-насихат пен ақша ұсынысы қосылғанда ғана адам соғысқа аттанады. Украиндар жариялаған соғысқа қатысқан 661 қазақстандықтың көбі Ресейге шекаралас Қостанай, Петропавл, Павлодар, Орал сияқты облыстардың тұрғыны», – дейді журналист Лұқпан Ахмедияров.

Қанша жалдамалы жауынгер сотталды?

Қазақстан заңы бойынша, шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысу, жалдамалы әскер қатарына қосылу ауыр қылмыс болып есептеледі. Мұндай қылмыс жасаған адам Қылмыстық кодекстің 170 және 172-бабы бойынша 5-12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Егер жағдайын ауырлататын себептер болса, ол адам азаматтығынан айырылып, өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін. ІІМ жақында жасаған мәлімдемесінде осы баптарды еске салды.

Соғыс басталғаннан бері Украинада ұрысқа қатысқаны үшін қанша қазақстандық сотталғаны жайлы нақты ақпарат жоқ. 2023 жылы сәуірде ҰҚК мұндай 10 қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған. Ал 2024 жылғы қарашада БАҚ-та соғыс басталғалы Қазақстанда шетелдегі әскери қақтығысқа қатысқандарға қатысты – 46, жалдамалы болғаны үшін – 7 қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тарады.

БАҚ-та осы баптар бойынша сотталған бірнеше адамның аты аталады. Мысалы, 2023 жылы қарашада қарағандылық Алексей Шомполов Ресей жағында соғысқаны үшін 6,8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ 2023 жылы мамырда Донецк облыстық соты қазақстандық Шыңғыс Сейпиевті «Вагнер» тобы құрамында соғысқаны үшін 9 жылға соттады. Украинада соғысқан қазақстандықтар тақырыбын зерттеп жүрген журналист Лұқпан Ахмедияровтың айтуынша, бұл мәселе бойынша сотталған 4 адамды ғана білетінін айтты. Бұған, ең алдымен, соғысқа аттанған адамдардың елге қайта оралмайтыны, екіншіден, сыбайлас жемқорлық мәселесі әсер етеді.

«Жауапты органдар мұның алдын ала алмады. Ең алдымен шекарашылар жұмысынан кемшілік кетіп отыр. Олар шекарадан шығып жатқан әр адамға ескерту қағазып беріп, шетелде соғысқа қатысқан адам екі бап бойынша қатаң жазаланатынын ескерту қажет. Екіншіден, жергілікті жерлерде алдын алу шараларын жүргізе алған жоқ. Билік қаржыны қажет емес жерлерге жұмсайды. Мысалы, президент бір сөз айтса, соны тәпсірлеп түсіндіру үшін депутаттар немесе өзге үкімет мүшелері аймақтарға аттанады. Осыған басы артық ақша бөлінеді. Осының қажеті қанша, мұндай жұмысты әр облыстағы ішкі саясатқа жауапты адамдар атқара алады. Соларға қаржы бөліп, жергілікті халыққа дұрыс ақпарат тарату керек еді. Елді жинап, Ресейде соғыс жүріп жатқанын, оған қатысуға болмайтынын және келісімшарт бойынша Ресейге жұмысқа барғанда сақ болуын ескертіп отыру керек еді.

Соғысқа аттанған адамдардың көбі қайта келмейді деп ойлаймын. Ал келген адамның соғысқа қатысқаны белгілі болса, міндетті түрде қылмыстық іс қозғалады. Ал іс қозғалмауына жемқорлық әсер етеді, кейбіреу ақша беріп құтылып кетеді. Бұған бір факті бар. Солтүстікқазақстандық Мирошниченко соғысқа қатысып келсе де сотталмағанын ашық айтқан. Оған қылмыстық іс қозғалмауына ҰҚК-нің облыстық департаментіндегі кластасы әсер еткен көрінеді», – дейді журналист.

Құзырлы органдар азаматтарды шетелге соғысқа жібермеудің жолын таба алмады, шетелде қанша қазақстандық жүргенін де білмейді. Соғыстан қайтқан «сарбаздарды» заң бойынша жазалай да алмай отыр. 2021 жылы алматылық Игорь Дужнов үйін босатуды сұрап келген сот орындаушыларға оқ жаудырып, 5 адамды өлтірді. Кейін сот барысында оның 2014 жылы Ресей әскері қатарында Қырым түбегіндегі соғысқа қатысқаны дәлелденді. Демек біздің билік бейбіт елге басып кірген Дужновты 7 жыл бойы жазаламаған. Соның салдарынан өзіміздің 5 азаматтан айырылдық. Шенділер сол салғырттығынан әлі сабақ алған жоқ.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: