Бәйгеден шыққан Байден, «демократияның дұшпаны». Трамп және қорқынышты либерал Харрис

АҚШ тарихында алғаш рет әйел адам президент болуы мүмкін. Анасы үндістандық, әкесі ямайкалық Камала Харрис иммигрант отбасында дүниеге келген. Алайда ол мигранттарды Американың ұлттық қауіпсіздігіне қатер санайтын экс-президент Дональд Трампты жеңуге тиіс.
АҚШ саясатындағы соңғы жағдайларды Батыс ақпарат құралдары, сарапшылар ойын-сауық орталықтарында бірде ылди, бірде жоғары, бір сәт жылдам, бір сәт баяу қозғалатын «теміржол аттракционынан сырғанау» (Американские горки) ойынына ұқсатып жатыр. Әуелгі старт Джо Байден мен Дональд Трамп екеуінің маусымдағы теледебатынан бастау алды. Сол айтыста «аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен» Байден кері кетіп, «өзгені тыңдамай, өзінікін ғана соға берген» (Сырым Датұлының сөзін еске алыңыз – автор.) Трамп биікке өрледі. Көп өтпей республикашылдар вице-президент (президенттің орынбасары) лауазымына 40-қа толмаған жап-жас Джэй Ди Вэнсті кандидат етіп бекітіп, Трамптың іргесін қымтап берді. Күн санап рейтингі шарықтап, алапасы асып бара жатқан Трамп қастандыққа ұшырап, құлағы қанағанда екпінін тіпті үдетті.
Республикашылдар бұл оқиғаны сәтті пайдаланып, шоуға айналдырды. Оң құлағына дәке жапсырған саясаткерлер, сайлаушылар бірер күн жаһан баспасөзінің алғашқы бетінен, жаңалық айтқан телеарналардың бас тақырыбынан түспеді. Түрлі қоғамдық бірлестіктер жүргізген сауалнамалар Трампты жақтаушылардың үлесі күрт арта түскенін көрсетті. Осы кезде демократиялық партия соққыдан соққы алып, есеңгіреп қалғандай еді. Қарашадағы сайлауда есе жібермеу үшін дағдарыстан шығар жол кәрі президент Джо Байденді бәйгеден шеттету екенін ашық айта бастады. Әуелде соңына дейін күресуге ниетті екенін, оған қайраты мен ақылы жететінін айтып, қасарысып баққан Байден күн санап күшейген партияластарының қысымын ақыры өзінің қалауы етіп, тонын айналдырып әкетті. Кет дегенде кетпесе соңы тіпті ушыға түсетінін түсінген ол «эстафетаны келесі ұрпаққа беретінін» мәлімдеп, сайлауға қатыспайтынын жариялады. Орнына өзінің вице-президенті Камала Харристі ұсынды. Өзі енді қалған 6 ай президенттігін аман-есен атқарып, соңына дейін жеткізіп алса үлкен олжа болатынын айтқан. Бұл оқиға алдыңғы дебатты, тіпті Трампқа жасалған қастандықты, ақ дәкелі құлақтардың акциясын да ұмыттырып жібергендей. Өйткені кеше ғана Трамптың үстемдігін көрсетіп тұрған сауалнамаларда Харрис алға озды. Дәл қазір сайлау өтсе, Харрис Трамптан 2 пайыз артық дауыс алады десті сауалнама жүргізушілер. Кабинадан Байденді түсіріп, Харристі мінгізген аттракционда өрлеу кезегі енді демократтарға келгендей.

Джо Байденнің ізбасары лауазымында төрт жыл отырса да күзде жасы 60-қа келетін Камала Харрис Ақ үй үшін жаңа адам, жаңа буынның өкілі. Мамандығы заңгер әйел 2003 жылы Сан-Франциско штатында аумақтық прокурор сайлауына (АҚШ-та аумақтық әрі штаттың бас прокурорын халық сайлайды. Елдің бас прокуроры мен федералды прокурорларды сенаттың келісімімен президент тағайындайды – авт.) қатысып, жеңіп шығады. 2010 жылы Лос-Анджелес штатының бас прокуроры сайлауында басым түседі. Бұл қызметті 2016 жылға дейін атқарып, кейін біржола саясатқа бет бұрған. Сол жылы Харрис Калифорния штатының атынан конгреске сенатор боп сайланады. Арада үш жыл өткенде 2019 жылы қазіргі президент Джо Байденге қарсылас есебінде өзін президент сайлауына кандидат етіп ұсынады. Бірақ саясатта тәжірибесі мол әрі партияластарының ішінде жақтастары анағұрлым көп Байденнің ел ішінде де қолдауы күшті болып, Харрис көп ұзамай ойынан бас тартады. Дегенмен партиялас бәсекелестерінің арасында өзгелерінен үстем көрінген болуы керек, Байден 2020 жылы Харристі өзінің вице-президенті етіп таңдайды.
«Камала Харрис – сұмдық нашар кісі. Өте дөрекі, өте қорқынышты, сый-құрметсіз және АҚШ сенатындағы ең бір либерал адам» деген 2020 жылы Дональд Трамп. Бұл сөзін экс-президент жақында тағы қайталады. 25 шілде күні сайлаушыларымен кездесуде Трамп Харристі «қатыгез әрі топас әйел, әсіре солшыл, президент болса мемлекеттің түбіне жететін адам» деп айыптады. Оның жақтастары Харристің өте кеш, 50 жасында күйеуге шыққанын, ешқашан бала босанбағанын бетіне салық қылады. «Отбасы құндылықтарын елемейтін, бала бағып көрмеген әйелге қалай елдің тізгінін сеніп тапсыруға болады» деп сынайды. Алайда Трамп партияластарының бәрі бірдей бұл әдісті жақтамайды. Конгрестің төменгі палатасының спикері, республикашыл Майк Джонсон «бұл сайлауда жеке адамдардың өмірі емес, саясат маңызды» деген.
Сайлауалды кампаниясының алғашқы үгіт-насихатын Висконсин штатынан бастаған Харрис Милуоки қаласындағы митинг кезінде Дональд Трамптың жеке басына тиісе сөйледі. Әдетте саяси бәсекелесінің ісіне емес, өзіне шабуылдаудан алдына жан салмайтын Трамптың әдісін Харрис оның өзіне қарсы пайдаланатынға ұқсайды. Трампты «демократияның дұшпаны» деп есептейтін Джо Байден 45-президенттің жеке басына көп тіл тигізбеуге тырысатын. Бірақ сайлаушыларға бұл тактика «қорқақтық» боп көрінуі де ғажап емес. Сондықтан Харрис алғашқы жиынында-ақ қарсыласының саясатынан бұрын, өзіне дүрсе қоя берді. «Талай қылмыскерді көргем. Әйелдерді қорлаған жауыздарды, тұтынушыларды алдаған алаяқтарды, қара басының қамы үшін заң мен ережені бұзған аярларды да білем. Талайының түбіне жеткем» деді ол. Бұнысы Дональд Трамптың «жезөкшеге жалған құжат жасатып ақша төлеу» айыбы бойынша сотталғанын бетіне басу. Нью-Йорк сотындағы алқабилер биыл мамыр айының соңында Трампты тағылған айыптың 34 пункті бойынша түгел кінәлі деп таныған. Үкім күшіне енген жоқ. Ол үшін сот төрағасы үкімді ресми түрде оқуға тиіс. Әуелде 11 шілде күні оқылады делінген үкім белгісіз мерзімге кейінге шегерілген.

Камала Харристің кандидатурасын АҚШ-тың 44-президенті, демократиялық партияның жарқын өкілі Барак Обама бірден қолдап кете қоймады. Джо Байденнің бәйгеден шығуын «дұрыс қадам» деп бағалаған ол Харриске келгенде бір аптадай күттірді. Әдетте белсенді қолданатын X (бұрынғы Twitter) парағына да ештеңе жазбады. Бірақ 26 шілде жұма күні вице-президенттің командасы Барак Обама мен әйелі Мишелдің Харриске қоңырау шалған сәті деп видео жариялады. Құдды жарнама ролигі дерсіз. Видеода Харрис әдеттегідей, ашық-жарқын, екі езуі екі құлағына жете мәз боп келе жатыр. Қолындағы iPhone 15 Pro Max смартфонының даусын қаттырақ шығарып қойған. Ар жақтан ерлі-зайыпты Обамалар кезек-кезек сөйлеп, оған тілеулестік білдіреді. Бұл оларға алғысын да аямайды. Басқа саясаткерлер бір төбе, бірақ Обамалардың батасын алу қазір демократиялық партияның кез келген адамы үшін айтарлықтай үлкен оқиға. Өйткені жыл сайын жаңартылып отыратын YouGov рейтингінде Барак Обама АҚШ-та көзі тірі демократтардың арасындағы ең танымал саясаткерлер тізімінде алғашқы үштіктен түспейді. 24 миллион адам қатысқан 2024 жылғы сауалнамада алдына жасы жүзге таяп қалған 39-президент Джимми Картерді ғана жіберіп, өзі екінші орынға жайғасқан Обаманың ел ішіндегі беделі жоғары.
Обаманың батасы әрине, Харрис үшін үлкен қолдау. Бірақ соңғы әрі нақты шешім 19 тамыз күні демократиялық партияның съезінде қабылданады. Кейбір БАҚ оған жеткізбей, ертерек 7 тамызда шешім шығуы мүмкін екенін жазып жатыр. Оқыс оқиға болып, қырсыққа тап келмесе тамыздағы съезде делегаттар Харристі ресми түрде кандидат етіп бекітетінге ұқсайды. Партияластарының ішінен әзірге Харриске қарсылас болам, президенттікке мен барам деп ешкім шыға қоймады. Съезге қарай ауа райының қалай өзгерері белгісіз десек те сайлауға тым аз уақыт қалғанда азулы Трамппен айқасуға Харристен өзге дайын демократ көзге көрінбейді. The New York Times газетінің жазуынша, Харрис алғашқы күннен-ақ беделді, салмақты партияластарына кезек қоңырау соғып, көбінің ауызша қолдауын алып та үлгерген. The Washington Post басылымы Харрис сайлауалды кампаниясын жүргізу үшін бір аптада кемі 250 миллион доллар жинай алған. Мәселен, Netflix компаниясының негізін қалаушы Рид Хастингс пен әйелі бірден 7 миллион доллар бөлген. Ресми ақпаратқа қарағанда, Камала Харрис аса бай адам емес. Заңгер күйеуі Даг Эмхофф екеуінің бар байлығы 6 миллион долларға бағаланған.
Демократиялық партия қарашадағы сайлауға үш ай қалғанда кандидат ауыстырып, өз ішінде әбігерге түсіп жатқанда шетел президенттері Дональд Трамптың жеңетініне бәс тіккендей. Алдымен Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан шілде айының 12-сі күні Трамптың қабылдауына кірген. Ол ежелден трампшыл әрі онысын ешқашан жасырмаған. Украина-Ресей соғысын тоқтатуға әрекет етіп, арағайын қызметін атқаруға тырысып жүрген Орбан Трамптан бұрын Украинаға барып Владимир Зеленскиймен, одан шыға Ресейде Владимир Путинмен, Қытайда Си Цзиньпинмен кездескен. Экс-президент құлағына оқ тиіп, жараланған соң Украина президенті Владимир Зеленский де оған қоңырау шалып, екеуара жеке кездесуге уағдаласқандарын, соғысты тоқтатудың амалдарын талқылауға уәде етіскендерін мәлімдеді. Мұны Fox News телеарнасына берген сұхбатында Трамп та растады. «Ресей – әскери машина. Оларды тізерлету мүмкін емес. Орыстар Гитлер мен Наполеонды да жеңді» деген экс-президент Зеленскийге соғысты қандай жолмен болса да тоқтату қажет екенін айтқан. Трамп қазір үгіт-насихатының бәрінде сайлауда жеңіп шықса, Украина дағдарысын инаугурацияға дейін-ақ шешіп тастайтынын мәлімдеп жүр. Сондай-ақ Трамптың қабылдауына 26 шілде күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху да кіріп шықты. Кездесуде Трамптың Нетаньяхуға Ақ үйге қайта кірсе Таяу Шығыстағы дағдарыстың шешімін оңай табатынын, АҚШ-та еврейлерге қарсы көтерілістерге (наурыздағы студенттердің наразылығын меңзеп отыр – авт.) жол бермейтінін айтқаны белгілі болды. Ескерте кетейік, Нетаньяху Трампқа бармас бұрын конгресте сөйлеп, президент Джо Байденмен, вице-президент Камала Харриспен де кездескен. Соңғы екеуі қазіргі билік қолында тұрған адамдар. Ал әзір ешқандай лауазымы жоқ Трампқа неге сәлем бере кеткені айтпаса да түсінікті.

Кремль ше? Трамп пен Харристің қайсысы Мәскеуге қолайлы? Нақты жауап беру қиын. Орыс пропагандасының бүйрегі бұрыннан Путинді «көреген жетекші» деп мақтап жүретін, Зеленскийді «алақан жайғаннан басқа ештеңе білмейтін сұраншақ» деп сөгетін Трампқа бұрады. Радио Свободаның жазуынша, Харристі Кремль «әсіре либерал» санайды және Ақ үйге жайғасса онымен тіл табысудың өте қиын болатынынан қауіптенеді. Бірақ Путиннің баспасөз қызметшісі Дмитрий Песков: «Ресей үшін Ақ үйде кім отырса да бәрібір, өйткені тұтас Американың Ресейге қарсы саясаты түбегейлі өзгермейді» деген. Сау ақылға салғанда бұл да шындыққа жақын пікір. Өйткені Совет Одағы ыдырағалы бері АҚШ-тың бірде-бір президенті немесе жоғары билігі Ресейді стратегиялық әріптес көрмеген. Трамп президенттігі тұсында мемлекеттік хатшы қызметін атқарған Майк Помпеоның 25 шілде күні The Wall Street Journal басылымына жазған мақаласында, бұрынғы бастығы Мәскеуге тым жылы қабақ таныта қоймайтыны айтылады. Помпеоның пайымынша, Трамп кезінде Барак Обаманың Украинаға қару-жарақ сатпау туралы эмбаргосын 2017 жылы алып тастамағанда қазір Киев орыстардың қолында қалар еді. Помпео Байден әкімшілігінің Путин айналасына салған санкциясын «қағазда әдемі, бірақ іс жүзінде нашар» деп сынайды. Ол Трамп билікке келсе, Кремльдің шымбайына шын бататын санкциялар салынуы мүмкін екенін болжайды.
Айгүл Баба