Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:27, 22 Желтоқсан 2020

Беби-бокс бесік емес

None
None

Соңғы онжылдықта жыр болған «беби-бокс» ақыры елімізде пайда болды. Тастанды балалар жәшігі алғаш рет Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы ауруханаға орнатылған.

Нәресте қорабының ішінде бейнекамералар қойылған. Және қыста жылыту жүйесі мен жазда салқындатқыш жұмыс істейді екен. Баланы орналастырған соң 30 секундтан кейін есік сыртынан толығымен жабылып, реанимация бөліміндегі дәрігерлерге сигнал түседі. Олар 1 минуттан аз уақыт ішінде шақалақты қабылдап, дереу тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Тастанды баланың анасы ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Сондай-ақ, анасы баланы ДНК тапсыру арқылы 3 ай уақыт ішінде қайратып алуына мүмкіндік қарастырылған. 

Қазақстанда тұңғыш рет іске қосылған нәресте жәшігін орнату жалғасын табады ма? Сұрақтың жауабын білмекке Алматы қаласы денсаулық сақтау департаментіні хабарласып, қалалық ауруханаларға baby-box орнату жоспарда жоқ екенін анықтадық. Ал облыстық денсаулық сақтау департаментінің өкілі Ләйлім Ахметжанова бұл әлеуметтік жоба екенін алға тартып, оған арнайы тапсырыс түспесе аудандық ауруханаларға орнатылмайтынын айтты.

         «Беби-бокс орнату – заңға қайшы әрекет»

«Көкек аналарды» қылмыстық жауапкершіліктен шектейтін бала-бокс «Қылмыстық кодекстің»  119-бабына (баланы қауіпті жағдайларда қалдырып кету) сәйкес қозғалған істердің санын азайтуы мүмкін. Алайда заңгер Айбек Бейсенбаев елімізде беби-бокс орнату «Неке және отбасы» кодексінің бұзылуына әкеп соғатынын айтады: «Әлемдегі дамыған, ірі елдер бұндай қораптап түбегейлі бас тартқан. Мысалы, Швеция, Венгрия, Германия беби-бокстарды пайдалану адам құқығын шектейтіндіктен тиімсіз деп санайды. Бұл нәресте жәшігін орнату – Бала құқықтары туралы конвенцияның нормаларына қайшы келетіндіктен ЮНИСЕФ, БҰҰ-ның Балалар құқықтарын қорғау комитеті, адам құқығы бойынша Жоғарғы Комиссар офисі беби-бокстан бас тартуды ұсынған. Бұл біздің елдегі кейбір заңдарға да қайшы келеді. Мысалы, ҚР «Неке және отбасы туралы» кодекстің 47, 60, 70-бабтары және  ҚР Қылмыстық кодексінің 119, 140, 141-бабтарының талаптарын бұзады. Мысалы, «Неке және отбасы» кодексінің 60-бабында: «Әрбір бала отбасында тәрбиеленуге, өзінің ата-анасын білуге құқылы» деп жазылған», – дейді заңгер.

25 жылдың айналасында әлемнің бірқатар елдерінде қолданысқа енгізілген нәресте жәшіктерінің пайдасы мен зияны туралы тартыс әлі күнге толастаған жоқ. Бүгінде өмір терезелері  Италия, Оңтүстік Америка, ОАР Бельгия, Чехия, Австрия, Латвия мен Словакияда бар. Ал солтүстіктегі көршіміз Ресейде беби-бокс орнату 2011 жылдан бастап жүзеге асқан. Нәресте жәшігінің нәтижесінде Ресейде соңғы жылдары 115 бала құтқарылып, 15-і биологиялық отбасына қайтарылған. Словакияда іске қосылған жылы-ақ жиырмадан астам сәби өмір терезесіне тапсырылған. ОАР-да соңғы 10 жыл ішінде 96 сәби құтқарылған екен.

«Қорап қорған болмайды» 

Әлеуметтанушы Бағда Алиева «үміт бесіктер» – амалсыздан жасалып отырған қадам екенін айтады. Алайда балаға қауіпсіздік жасаймыз деп, аналарды жауапкершіліктен шектеп отырмыз дейді: «Аналардың балаларын тастап кетпеуінің басқа жолдарын қарастыруға болар еді. Бұл онсыз да адамгершіліктен жұрдай болып бара жатқан қоғамды тасжүректікке тәрбиелейді. Адамдар рухани азып бара жатыр. Арнайы жәшіктерге баласын тастап кеткен ана қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтындықтан, ертең беби-боксқа нәрестелерін тастайтын қыз-келіншектердің саны қаптайды. Сондай-ақ, жасөспірімдердің кәмелеттік жасқа толмай жыныстық қатынасқа түсуіне мүмкіндік ашылады. Беби-бокс орнату – тастанды балалардың санын шектемейді. Керісінше, көбеюіне әкеп соғады. Жастардың ойланбай әрекет етуіне итермелейді. Бір сөзбен айтқанда, жетім балалар мен жетімдер үйінің артуына жағдай жасап отырмыз. Беби-бокс орнату – балалардың қоқыста табылуына тоқтау қоятын бір ғана жол емес. Әрбір туылған балаға берілетін жәрдемақыны арттырсын. Бала балабақша жасына жеткенше мемлекеттен қамтамасыз етілсін. Тым болмағанда ананың бала алдындағы жауапкершілігін жоғалтпайтын еді», – дейді әлеуметтанушы.

Маманның айтуынша, «көкек аналардың» көбеюіне отбасындағы тәрбиенің осалдығы себеп болып отыр. Бұл ретте маман  ата-ана, әсіресе, қыз балаға «қырық үйден тыйымды» үйреткені абзал екенін айтады.

Елімізде соңғы бес жылдық статистикаға сүйенсек, 2016 жылы 12 бала перзентханадан тыс жерде дүниеге келіп, оның бесеуі шетінеп кеткен. 2017 жылғы дерек бойынша 9 нәресте дәл осы жағдайда туылып, оның біреуі шетінеген. Ал 2018 жылы 7 сәби, 2019 жылы тастанды балалар саны 5-ке жетіп, оның  екеуі қоқыс жәшігінен табылған. Биыл 9 шақалақ көшеге тасталған екен. Өткен жылы тасталған 5 бала дерегі baby-box орнатылған Еңбекшіқазақ ауданында тіркеген. Ал биыл осы ауданда бір нәрестені пакетке салып, дүкен есігіне іліп кеткен.

Тегтер: