Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:32, 21 Сәуір 2020

Бегімайдың «жыры»

 Түн жарымындажазушы досым қоңырау шалды.  Қашанғыәдеті осы оның: шабыт қысып шарықтаған шағында, кейде, әлдебір шығармасыныңсоңына нүкте қойып, тыныс тапқан рахман сәтінде менің ұялы телефонымдыбезілдетіп отырып жарты ауыз сөз айтады: «Электронды жәшігіңді қарай сал».

Менде мәселенің мән-жайын сұрап, артық сөзге уақыт шығындаған емеспін. «Мақұл»деймін де  электронды жәшігімді ақтаруғакірісемін.

Жазушы досым маған әл-әзірде ғана жазып біткенәңгімесін жіберіпті. 12 қаңтар, 20… жыл. Сағат түнгі 03:27.  Көпке ұзатпай пікірімді, оқыған-оқымағанымдысұрап тықақтайтын жазушымның талапшылдығын білетіндіктен мен «Бұрыннан сыралғыдостар  А. қаласындағы мынау дегенмейрамханада кездесті» деп басталатын әңгіменің алғашқы жолына үңіле бердім.

***

«Бұрыннан сыралғы достар  А. қаласындағы мынау деген мейрамханадакездесті Екеуінің бұл кездесуі алдына ала келіскен, уағдаласқан кездесу еді.Ауқан Жанбозға қоңырау шалды да, көңіліне желік біткендегі әдетін аңғартып,ақтарыла сөйлеп, лекітіп күле берген.

– Бойыңда әлдебірдеңенің буы бар сияқты ғой? –  деді досының көңіл-күйін  алыстан танитын қагілез Жанбоз. Кейінгікездері Ауқан етжеңді, толық адамдардың дауысында болатын майлы, маңғаз мақамтауып жүр еді, сол мақамына салып Жанбозға алдымен:    

– Әй, –  депалды. – Әй, ненің буы екенін өзіміз әредік жолығысатын мейрамханада отырыпбілсеңші.  Әлгі бір қысқа жауаптасудансоң достар мейрамханада қашан, қай күні, қай сағатта  бас қосатындарын нақтылап алысқан

Ауқан расында ауқымды іс тындырғанға ұқсайды.Бетінің безеуден қалған ойлы-шұңқырынан жылт қызыл тер теуіп, жүзінде сәуле ойнайтын секілді. Абажадай жарықтықойып қалғанда, Ауқан сияқты шойын қаралардың кенеттен, тап қасыңнан табылакеткендей жарқ етіп көрінетіні бар деп ойлап үлгерген Жанбоз сәл езу тартты.

– Оператор жолдас, қалайсың? – деді Ауқан амандықсұрап жатып, – не,  жүдеп кеткенсің бе? Қақшаңдап үйде тұрмайтынқатының дұрыс тамақ бермейді-ау деймін осы сенің?

– Таңнан кешке дейін тапырақтап шабамыз дажүреміз… сондықтан шыр жұқпайды ғой біздейлерге. Ал, тамақ жағын талғамаймыз,бірақ, қара суға қарын байлайтын сіздей бола алмадық, Ауқа.

Осыны айтып Жанбоз Ауқанның ақтарылып кете жаздаптұрған қарнын үзіп алды:

– Немене, буазсың ба, таңқитпай тартшы әріқұрығырды. Содан соң  шынымен таңқалғандай сыңай танытып:

– Бегімайдың беліне артып қоймасаң мына шертиіпшеңбірек атқан пәлемен еркектік міндетіңді атқару саған қиынның қиыны шығар? –деп сұраған. Ауқан ырсылдай күлді:

– Адамнан айла артылған ба, қажет емес кезінде бұқарынды жоқ қыла саламыз.

Алдымен осылайша аз-кем қаржасып, қақтығысып барыптабысатын достардың құшақтары айқаса кеткен.

–   Иә,амансыңдар ма?

–  Аманбыз.

–  Бегімай бегім былқ-сылқ етіп үйде отырған шығар?

– Айтпа,апталап үйден шықпайды. Жүзімді шаң қабады дейді. Өзіңде бәрі жақсы ма? Досыңдышақырып шанда бір эфирден көрсетіп қоюды да білмейсің?

–  Ой, оныпродюсер, редактор дегендер бар, солар шешеді. Біз не, «бар» деген жерінебарамыз, «түсір» дегенін түсіреміз. Болды.

–   Жә, сөзден жалтарма. Кім еді әлгі…Ауқан жорта ойланып, тілін бұрап сөйлеген: «Прәидюсер» дейтін бәстық  «әператор» тәспаға тәртқанді тегіс сыпырыптәстайды дегенді естісем құлағым тас керең болсын.

Ауқан мен Жанбоздың мәслихаты түн жарымына дейінсозылған. «Отты судан» молырақ жұтып, алдындағы асқа жапыра кіріскен Ауқанныңаузы әңгімеден де босар емес. Жанбоз – ерқара кісі, табаққа көп қол салабермей, тартынып отырған оның көңілінде алаң бар сияқты.  

–  Әй, сенже, же де, ішіп ала бер. Қасыңда мен барда құлаштап сілте, – деді АуқанЖанбоздың жабыраңқы жүзін жадыратпаққа барын салған дос пейілмен дабырлайсөйлеп. Әйткенмен де, әріқарайғы айтпағы мүлде басқа екен: – Ауқаң өткенде бірісті қолға алып еді, соның соңы жұныттай «Джип» болып келді. Бүгінгіотырысымыздың мәнісі сол, Жанбозым. Ал, көрімдігіңді дайында. Тоқта, көрімдігің«көк қағаздан» болсын. Өзім соны ырым етіп ем. Сенде доллар жоқ шығар.  Жоқ қой, әрине, оны білемін. Сондықтан жыртықтеңгеңді жылтыңдатпа маған. Ұқтың ба? Қане, жүр, «Джип» дегеннің қандай болатынынкөрсетейін саған.

Ауқан Жанбозды жетелей жөнелген. Сыртта,мейрамхананың автокөліктер  тұрағында, бағаналардың басынан төгілген шамның жарығына шомылып мақпал қара «Джип»тұр екен. Алқымы зор, еңсесі биік, тап қазір гүрр етіп отала кетсе,алдындағының бәрін жапырып,  тапаптастардай бойынан алапат сес аңғартады. Қатарындағы өзге көліктерге мұрныншүйіре, аспандап қарайтын секілді: терезесінің әйнегі шытынап, әлдебір жандымақұлықтай ыңыранған дыбыс білдіреді. «Расында ол алып қоңызға айналып кетсе,қайтер еді?» Жанбоздың көз алдында қап-қара «Джиптен» қап-қара пәле түтеп шығакелгендей елес жүгіріп өтті.

– Ай, не болды сонша көзіңнің сұғын қадап? Машинакөрмеп пе едің? Дос деген бұндайда қуанушы еді, құтты болсын айтушы еді? Сеннеме тіліңді жұтып қойғандай мелшидің де қалдың ғой! Бұныңыз жарамайды, жолдасоператор! Жүр енді, машинаны жақсылап «жуайық». Сен тост айт.

– Ит те, итке итаяқ үшін керегі шамалы темір көлікте иесіне ұқсайды екен-ау, –  деп күлдіЖанбоз. – Мына «Джипің» осы тұрғанда: «Мен – Ауқанмын»  деп ісіп-кеуіп тұр. Сенбесең қарашы өзің.Ауқан автосалоннан суырып алған су жаңа «Джипіне» қарап мәз болды:

– Рас-ей, өзіме ұқсайды!

– Көрген бетте тілімнің байланып қалғаны шын. Өнердібағалай білетін адам алдымен мен сияқты үнсіз тұрып барып тілге келеді. Сеноған айып етпе, Ауқа. Мысалы, әйел затында асқан сұлуды көрсең сенің де аузыңашылып, таңдай қағуың мүмкін ғой?

– Жанбоз, мен сұлулыққа таңдай қақпаймын, қаншатұрады екен деп ойлаймын.

– Ал, онда айта қойшы, Бегмай сұлу қанша тұрады?

– Бүгінге дейін қырғын ақшаға келген  көйлек-көншегін, опа далабын, иіс-суын қосыпбір есептеу керек екен. Сол кезде  қаншатұратынын айтамын.

– Сен енді мынаған қара, – деді Ауқан Жанбоз екеуімейрамханға оралып, ілкідегі орындарына жайғаса бере, –  2 мың долларға сатып алдым. «Айфон».  Соңғы үлгі. Сенің иығыңдағы зілбатпанкамерадан әлдеқайда күшті. Міне, иненің көзіндегіні көреді.

– Ауқан-ау, сен өзі дүниедегі бардың бәрін сатыпалғансың ба, қалай? Бүгінгі әңгімеңнің бәрі «сатып алдым» болды ғой?

– Керек десең менсен қызмет етіп жүрген телеарнаны да түгел сатып аламын. – Ауқанның көзіақшиып, әукесін әуелетіп сөйлейтін кезге таяп қалған екен:

– Жә, болды, –  деп тоқтатты оны Жанбоз, –  бөсе берме. Менің жаурынымды  жауыр қылған телеарна кімді екенін білесің бе?– Жанбоздың сұқ саусағы құлағының түбінен антенаға ұқсап қылтиып шықты да,көкке қадалып тұрып қалды. – Мына сөзіңді менен өзге пенде баласы естімесін.Естісе.., ана жаққа..,  – сұқ саусақ  мейрамхананың шаңырағында ойнағанқызылды-жасыл сәулелерге ілініп, құйын үйіргендей құбылыс аңғартты, –   біреу-міреу жеткізіп қойса, сені тақымыңдағы«Джип-мибіңмен» қоса құрдымға бір-ақ атады, білдің бе?.. Сен кімсің? Сенжанқалтасына кешелі-бері жармақ түскен жартыкеш біреусің. Сондықтан, достым,ауыздағы сөзге әркез абай болған абзал.

– Солай ма-ей, Жанбоз? Шынымен солай ма-ей? Жарайды,мен мас боп қаппын. Көп сіміріп жіберсем керек. Мен қайттым. Үйге қайттым.Ақшамның бар-жоғын да білмеймін. Әмияныма қол салғым келмей тұр. Шашып алатынсияқтымын. Осы мен байлығымды шашып алатын сияқтымын. Жақош, ренжімеші. Сентөлей салшы бүгінгі отырыста ішіп-жегенімізді.

Осыны айтып Ауқан ауыр денесін теңшей алмай, ырғалабасып сыртқа беттеген. Жанбоз даяшы қызбен есеп айырысып қала берді.

***

Студияда кезекті бір бағдарламаны түсірудіңқарбаласы басталар тұста ұялы телефоны әуендетіп қоя берген. Жанбоздың жанынажағатын әуен. Асығып телефонның түймесін басты: таныс нөмір, таныс дауыс.Бегімай! 

– Жаке, привет! Қалайсың? Это – Бегимай. Извините,что пришлось вас прервать  от музы.

– Қайдағы муза, Бегім? Біздікі кәдімгі қара жұмыс.Пашим. Никакой удоволствие. Шабыт та жоқ, шаттану да жоқ.

– Қойыңызшы. Не делайте себя жертвой сами. Сақханзадасы туралы деректі фильм түсіріп саңлақ шыққан, алда кең тынысты көркемдүниеге құлаш ұрмаққа  дайындалып жүргенболашақ режиссеріміз қайда?

– Менің бар ғұмырым сол «кең тынысты көркем дүниені»түсіруге дайындықпен өтетін шығар? «Сақ ханзадасынан» кейін иығымызға қаракамераны қайта іліп, «оператор» дейтін орнымызға аман-есен оралғанбыз. 

– Тууу, осы өнер тудырамын деп жүргенеркектерді-ай… жанына жақындап кетсең болды, әйелден әрмен жылап-еңіреп,көзінің жасын көлдетіп шыға келеді. – Бегімай Бегімайға ғана жарасатын сыңғыркүлкісін үзіп, сынық сөйлеуге көшті:

– Сонымен қайта табысатыңдар ма?

– О, не дегенің, Бегім? Әредік бір-бірімізге керекболған кезде ғана табысамыз. Некелескен емеспіз. Оны өзің білесің. Сонымыз біресептен дұрыс шықты: жұптасып бірге тұрудан жұлқысымыз көп.

– Жанбоз мырза, сіз бүгін көңілссіз сияқтысыз.

– Сенімен сөйлескенде осылай ақтарылып кететінімбар, Бегім. Әйтпесе… былайғы жұртқа томаға-тұйық біреумін. «Әйел жаны құпия»деседі. Жо-жоқ, құлыптаулы құпия мына біздерміз.

– Бәрің емес, – деді Бегімай, –  біздікі мысалы қотыр ешкінің қорасы секілді –аңғал-саңғал бірдеңе. Кеше тойлапсыңдар ғой?  

– Тойладық. Арқыраған арғымақтарың құтты болсын!

– Да, ладно. Рахмет. Анау саған мақтанып «айфонын»көрсетіп пе еді?

– Көрдік.

– Көрсең сонысын жоғалтыпты. Қалтасынан түсіп қалғанба, әлде ресторандағы жылпостардың бірі жып еткізіп қағып кетті ме, білмейді.

– Табылады, –  деді Жанбоз, –  алаңдама, табылып қалар. Бегімай күлді.  

***

       «Осы дадос па? Дос болса, бұнікі қандай достық?» Бегімай адам сұлбасы бейнеленгенсуретке сүзіле қарап отырып ой аулайтын әдет тапқан. Жиегіне алтын жалатқан,күміс шашқан, зүбаржат төккен, гауһардың буына боялған дүние-мүлік, асылжихаздарды күнде қыдырыстап өтетін Бегімайдың көзі осы бір түсініксіз картинағатаяғанда байланады да қалады. Былайынша алып бара жатқан ештеңесі жоқ. Керілгенкенептің бетін әлдебір кемдарын суретші майлы бояумен ары сүйкектеткен, берісүйкектеткен, сөйткенде аузын ашып аңқиған домалақ басты пендені  долбарлап жасай салған. Оның өзінде де әлгібәкене бойлы бәле бояулардың тасқынынан әрең көрінеді. Тек аузы, қашан қарасаңда аңырайып ашық тұратын аузыннан алапат айқай естілердей кей-кейде Бегімайдыңжанын ышқынтып жіберетін. «Үй қызметшілерінің біріне айтып қоқысқа лақтыртасалса қайтер екен?» Бегімай бұрында бұл ойға талай бекіген, талай бекіп, талай айныған.Бүгін де сөйтті. «Дос па осы?»

Жанбоз бен Ауқан бірге оқыпты. Айтуларынша,«құшақтары жазылмай балалық шақтан бері бірге келе жатыр».  Бегімай, бірақ, Жанбозды Ауқанмен бас құрағантойларында ғана көрген. Содан бері құлағынан Жанбоз аты бір кеткен емес.Ызыңдайда да тұрады. «Менің жауым да – Жанбоз, досым да – Жанбоз, –  деді алғашқы неке түнін өткерген Ауқан ентігінбасып, екпінін  тежеген бір уақытта, –байқа, ол сезіп қалып жүрмесін». Жанбоздың есімін екеуара құпияға қосақтапотырып Ауқан Бегімайдың бар күнәсін осылайша бетіне басқан-ды. Сол кездеБегімай Жанбоз дейтін сұмырайдан жаман шошынып, қорыққан еді. Бұның бұрынғысылқым жүрістерін, көңілдің шымылдығын толқытқан дулы кештерін, келісті,келбетті жігіттердің белінен ләззат тауып құмыққан құшаққа құмар түндерінЖанбоздың анау суық жанары тінтіп табардай тітіреніп кететін. Сөйткенде БегімайАуқанға: «Жанбозыңды жаныңа бұдан былай жолатпа», –  деуге сан оқталған. Бірақ,  әйелдік түйсік әлгіндей бұйрыққа ырық бермеді.Ал, айтсын. Ал, бұйырсын. «Жолатпа, көрмесім Жанбозың болсын» десін. О, ондаеркектің қызғанышын, қызғанышын ғана емес, күллі күдік, күмәнін бұрынғыданбетер қоздыра түстім де. Ауқандар тегі арланбайды ғой. Күндердің күніндеыбырсып отырып: «Сені жек көреді, соған қарағанда менің қатынымныңөткен-кеткені туралы бірдеңе білетінге ұқсайсың?» – деп бұл айранбас Ауқан  жылым Жанбоздың өзінен сұрауы мүмкін. Содансоң жанықса, Жанбоз жанықсын. Әрі досы: досы ретінде Бегімайдың белден төмен,белден жоғары бар мүшесін жіліктеп әкеліп Ауқанның алдына ақтарып тастайсалады.  Әрі жауы: жауы ретіндеБегімайдың белден төмен, белден жоғары бар мүшесін жіліктеп әкеліп Ауқанныңалдына ақтарып тастай салады да айызы қанады. Бұндай достық қызмет пен бұндайдұшпандық табаның соңы – Бегімайдың көз жасы, Бегімайдың ғана тағдыры. Сондайсұмдықты ішінен бек түйген Бегімай Ауқанның Жанбоз жайындағы сөзін әркезпікірсіз қалдыратын. Алайда, Ауқан бұны бұғағы толып, әукесі салбырай бастағаниегінің астына алып жатып: «Жанбоз — Жанбоз» дей бергесін бір отырыста Жанбозғабайыптап зер салған. Бірден аңғарды: зерек жігіт екен. Оқығаны, түйгені,білгені, біле түскісі келетіні байқалып тұр. Бойын ортадан оқшаулау ұстайды.Ешкімнің жүзіне тура қарамай, бір жақтан біреуді іздеп отырғандай сөйлейтіні деоны мына ортадан өзгешелеп тұр. Иә, ешкімнің жүзіне тура қарамайды...қараса,қарып түседі екен. Қайда барса да еркектердің жанарын жалт еткізбей қайтпайтынБегімай өмірінде бірінші рет Жанбоздың көзіне түспеуге тырысып, тасаланыпбаққан. Тасаланбай қайтсін, махаббат машақатында майталман шыққан жігіттердіңжетегіне желпілдей еріп кете барғанда қимай-қимай үнсіз ғана қоштасқан балажігіттің мұңлы көзін Жанбоздың көзінен көріп отырса; еркектік ебі таусылғанкәртамысқа да етегін түріп тастап, қыздай жоғалтқан қытығын іздеп жатқандатүңіле қашқан бала жігіттің үргедек жанарын Жанбоздың жанарынан аңдаса, Бегімайбереке тауып отыра алсын ба, «мазам болмай тұр» деді Ауқанға. Ауқан алқа қотанотырған жұрттан рұқсат сұрады. Сосын жол бойы, үйге жеткен соң, үйге жетіп кеңкереуетке жамбас батырып, жастыққа бас қойған соң да жалпылдап Жанбоздыжамандай берген. Сондағы айтқаны: Жанбоз қол жетпес биікке шырқап кетуі керекекен, оқуы күшті болған екен, қай-қашанда озат аталыпты, бұлар қара базардыжағалап жүргенде ол Өнер академиясына түсіпті, бірақ соның бірін бағаламаған,басына қонған бақты тепкен, қазіргі түрі – анау. Оқу да жоқ, қызметте өсіп,өрлеу де жоқ. Арқалағаны – камера. Алатыны – қара бақыр. Бірақ, сонда да –көкірек. Кекірейіп  ешкімді менсінбейді.Ауқанның жынын қоздыратыны сонысы екен. Тілі де ащы. Усойқы. Іші тар. Ауқанныңбайлығын, табысын, шалқыған тұрмысын, сұлу әйелін қызғанады.

– Е-е, ол досымның жайы солай де.

– Солай.

Осына айтып Ауқан алқымынан қолқа қабар тердің демінатып, ұйқыға кеткен. Бегімай күрсінді…

Міне, сол түннен бері ол: «Осы да дос па? Дос болса,бұнікі қандай достық?» дейтін сұрақтың соңына түсіп алған. Бір қызығы қымбатмүлік пен жасаулы жихаздың музейіне ұқсайтын бөлмелерді аралағанда көзірахаттана қыдырыстап, жаны жай табатын әйел әлгі суреттің алдына келгенде ғанаселт етіп, Ауқанның Жанбозға деген сырттайғы қарым-қатынасына, сөзіне қайтыпоралатын. Оралатын да бояулар тасқынына көмілген суреттегі адам сұлбасынаналапат айқай естілердей шошынатын. Жанбоз сыйлаған картина.

– Ауқаныңның аулағаны дүние, байлық қой. Солбайлықтың бір бұрышынан өнерге де орын берілсін, –  деген ол картинаны қабырғаға өз қолымен іліп  тұрып. Бегімай бас изеп құптаған сыңайтанытты. Ауқан езуіне мысқыл үйіріп: «Әй, жынды-ай, –  деп қолын самарқау сілтей салған,  –  жындының сыйының түрін қарашы».  

Жанбоздың сыйына, Ауқанның сөзіне Бегімай сонау біржылдары пәлендей мән бермей жүрді. Жанбоздың тірлігі оған өмірде жолы болмағанадамның жұпыны тірлігі сияқты көрінетін де, Ауқанның ол турасындағы сөзі жолыболмаған жолдастың тірлігін шенеп-міней беретін пәруайсыз пенденің сөзі сияқтысезілетін. Бір кеште… иә, бір кеште бәрі анықталды. Анықталғанда… БегімайАуқанның кім екендігін өзіне ақтарып салды.

Жанбоздың археологтар ашқан ғажайып жаңалықтытүсіріп, жаңалықтан жұрт жаппай тамашалаған деректі фильм жасағанын және осытырнақ алды жұмысымен-ақ болашағынан үлкен үміт күттіретін режиссерлік қабілетіәйгіленгенін, оны баспасөз біткеннің жарыса жазғанын әлдекімдерден естігенАуқан үйге жарылардай боп келген.

– Әлгі неме жетісіп қапты. Қырып-жойып жатқанкөрінеді. «Сақ қорғаны» дей ме, «мақ қорғаны» дей ме, әйтеуір, алтын-гаухарларүйіліп жатқан үңгірге барып, бірдеңе түсіріп қайтыпты. Онысын барлықтелеарналар жарыса көрсетіп жатқанға ұқсайды, –  деді Ауқан алқынып.

– Түсірсін, көрсетсін. Дұрыс қой. Басқа-басқа, соғаналдымен сенің қуанатын жөнің бар ғой? – Бегімай Ауқанға алғаш рет  сұраулы жүзбен аңтарыла қараған.

– Енді ол кекірейіп менсінбей кететін шығар бізді…

– Неге менсінбейді? Осындай сөзіңді түсінбеймінсенің? Байқауымша, Жанбоз ұсақ-түйекке мән бермейтін жігіт. Саған адал.Достыққа адал. Ол сені өзіне бәсекелес санамайды. Жалпы сол жігіт ешкімді өзінебәсекелес, бақас санамайтын сияқты.

– Сен білмейсің оны. Білсең бұлай демес едің!

– Ал, білмедік. Білсең айтшы: сыртынан күндеп,бетіне күлетін достық –  достық па? ОсыЖанбоз екеуің кімсіңдер? Егер жаныңа Жанбоздың жер басып тірі жүргені бататынболса, ұмыта сал оны. Араласпа. Айтпа да.

– Жо-оқ, олай болмайды. Мен оны ойламай тұраалмаймын.

– Міне, қызық? Неге? Не үшін?

– Иә, қызық. Соны өзім де білмеймін.

– Білмесең айтайын, сенің бойыңда Жанбоз сияқтыөнерге құштар, бірақ, қорғансыз жандарды таптап, езіп-жаншып тастағысы кептұратын қызғаныш бар. Дүмбілез, топас қызғаныш. Одан басқа түк те жоқ. Әйтпесе,өмірде жолы басқа, мұраты бөлек Жанбозда нең бар сенің?!..

– Салдақы! Жаныңды Жанбозға беріп үлгеріпсің ғой,сайқал! Бәсе, ол анау некесіз қатынынан неге біржола айныды деп жүрсем, сенітапқан екен ғой? Табысқан екенсіңдер ғой, бұтынан азған бұралқылар!

Отау құрғаннан бері Бегімайдың бұрынғы жеңіл жүрісінаймандай етіп бетіне баса алмаған Ауқан жұдырығын аямай сілтеп бақты,бүктетіліп түскен бейшараны тепкілеуге аяғын да аямай жұмсады. Сөйтіп, ішіндегіыза-кегін, күмән-күдігін ақтарып, Бегімайды Жанбоз қабырғаға ілген картинаның астына сұлатып тастаған соңбайсал тапқан.

***

… Бегімай бір үйдің бұла өскен жалғыз қызы еді.Әке-шешесінің ішім-жемге, жүріп-тұруға тарықпай жететін қоңторғай тұрмысы даболды. Әкесі Университетте әдебиет пәнінен студенттерге дәріс оқитын да, анасыәлдебір шағын мекемеде «шот қағатын». Әкесі солай дейтұғын. «Шот қағады».Есепші. Есеп-қисабы көп пе, әлде жұмысы ауыр ма, Бегімайдың анасы қабағынашпай, еңсесі түсіп жүретін жан еді. Бегімай бала жүрегімен әлдебіржаманшылықты сезінгендей анасының тұнжыраңқы жүзін көргенде үнсіз уайымғабататын. Анасымен бірге үйдің ішіндегі бар дүние күңгірт тартып, жылусыз, жүдептұратын-ды. Тек әкесі… мейірбан, ақжарқын әкесі есікті шалқайта ашып кіріпкелгенде ғана бөлме-бөлмені аралап, нұр-жарық сәуле алақайлай жүгіріп өтетін.«Папи!» Бегімай құшағын жая ұмытылып келіп папиінің мойнына асыла кетеді.

– Папи, мен бүгін бар сабақтан бес алдым.

– Папиінің қызы бар сабақтан бес алмағанда, кімалады?

Содан кейін-ақ екеуінің әңгімесі таусылмайтын. Тек,асқа шақырған анасының дауысы естілгенде барып дастархан басына жайғасатын. Асішіп отырғанда анасы әдеттегі күңкіліне көшіп:

– Білдей бір Университетте сабақ бересің, елдіңеркегі сияқты табысың жоқ. Бәрі байып жатыр. Біздің тұрмысымыз мынау, міне:қырық жыл бұрынғы стол, қыңырайған шкаф, –  дейді.

– Ой, қойшы, Жанна Тасыбековна, келетін дүниеорайымен келеді өзі. Ешкімнен кем емеспіз, тәуба! Басымызда баспанамыз бар.Мына заманда, үйсіз-күйсіз далада, әлдекімдердің жалға ұстайтын жамау-жасқаулытар кепесінде, таршылық көріп тұрып жатқандар аз ба?..

Жанна Тасыбековна – әкесі Бегімайдың анасын қызметбабымен сөйлесетін адамдарша ресми атайтын, – бұл сөзге тоқтамайды:

– Олар, –  дейді қасын әнтек керіп, –  мәмбеты, ауылдан келген. Біз –  қалалықпыз. Біз қалалықтарға тән цивилизованнытұруымыз керек. Сен өзіңді олармен салыстырма.

– Мамасы-ай, –  деуші еді сонда әкесі таусылып, –  менің бар арман-тілегім –Бегімайдың жарқын болашағы. Менің Бегімайымөз өмірінің, өз заманының  Бегім-Айы болса екен деп тілеймін. Жаңазаманның талғамы мен талабын ескере айтсақ, мәртебелі ортаның асқақ ханшайымыатанса, ұрпағыңның ұрпағынан дәулет үзілмей, қоғамда орны бар әулеткеайналасың. Осы күндері келешек әулеттердің қалыптасу кезеңі басталып жатыр.

– Ол үшін бұл қыз байдың баласына тиюі керек. –Сөздің сыпайы сылығын ескермей сөйлей салатын анасы дастархан үстіндегіәңгімені осылайша шорт кесетін. – Байдың баласына тиюі керек.

Ал, әкесі оңашада бұған әдебиет, өнер, музыкаәлеміндегі әйгілі тұлғалар жайынан қызғылықты оқиғалардың баянын тарата айтып,балауса, балғын жанын қиял-ғажайыпқа бөлейтін еді. Сондағы бір әңгімесі –«Бегімайдың жыры». Есінде қалғаны: қырғыз жұртында Бегімай атты сұлу қызболыпты. Ол өзінен жасы көп үлкен қазақ жігітіне ғашық болыпты. Ынтызаржүрегінің лебізін Бегімай сұлу сүйген асығына әнмен жеткізіпті. Бірақ,бір-бірін құлай сүйген қос ғашық арман-тілектеріне жете алмай өмірден құсаменөтіпті.

– Папи, менің атымды неге Бегімай қойдың? МеніңБегімай болғым келмейді, –  дейтін сондаол.   

… Бегімай 9-сыныпты тәмамдаған жылы жазда әкесікенеттен, ауырмай-сырқамай дүние салды. «Жүйке жұқарған, жүрекке артық салмақтүскен» деп қортынды жасады дәрігерлер.

– Жүкең, Жүніс марқұм, Жүніс Салихұлы, турашыл,айтқанынан қайтпайтын, қылдай қиянатқа төзбейтін жан еді ғой. БіздіңУниверситеттегі былық-шылыққа әбден ашынып жүрді. Жаңа басшымыз, ректорымыздыайтамын, тойымсыз неме екен. Келе сала оқу орнының жатақханасын тегісжекешелендіріп алды да, аш-арық студенттерді, жатақханада тұратын отбасылы,балалы-шағалы жас мамандарды айдап шықты. Апырай, ешкімнің көз жасына, шырылынақараған жоқ қой, қараған жоқ. Қазір жатақханамыздың жартысы түнгі«көбелектердің» мекені, жартысы кеңсе, сауда-саттық орны. Соған күйінген Жүкеңәне-міне факультет деканы болғалы тұрғанына қарамастан ректормен жиі шарпысыпқалатын. Жалмауыз ректордың дүмі мықты екен, қолдаушылары үлкен үйден дейдібілетіндер, Жүкеңнің түбіне жетіп тынды ғой, – деп едімәйітті жер қойнына тапсырып, адам аяғы басылған бір күні әкесінің ең жақындосы Мұрат ағай.  

Әкесінің қазасынан соң анасы мүлде күйреп, қайғыныңқараңғы қапасына қамалып қалар деп ойлаған. Жоқ, олай болмады. ЖаннаТасыбековна қайдан қайрат тауып, қайралғанын кім білсін, қаралы әйелге ұқсамайқайнап-жайнап шыға келді.

Сергек оянып, серпіле басып, ол әне, жұмысына ертекетіп бара жатыр. Серпіле басып, сергек көңілмен, ол әне, жұмысынан ерте кележатыр. Бегімай кейінгі күндері әбден аңғарды: анасы тым ажарлы екен.  Қабағын жапқан қара күйедей қасын сәнсалонына қалдырып, сүрмелініп шығып еді, жанары жәудіреп, жасаңғырап салаберген. Киген киімнің де елең-желең етек-жеңі тартылып, талшыбықтай бұратылақалғанын қарамайсың ба? О, міне, фигура! Жанна Тасыбековна 90х60х90 стандартынасай салқы төс, сақина бел, салқам мықын Сабринаның өзі екен ғой. Дұрыс емес,Сабрина – өткен шақ. Айшвария. Нағыз Айшвария. Үндінің ең сұлу актрисасы.«Ма-мма». Бегімай анасын «мама» деуге тосылып, таңырқағандай күй кешетін.Құрбысы сияқты.

– Сен де қатар-құрбыларыңнан қалмай, жақсы киініп,боянып-сыланып жүр, — дейтін анасы. Сөйтетін де опа-далаптың түрін-түрін үйіптастайтын. Анасының үйіп тастайтын дүниесі опа-далаптан да көбейе берген. Жаңажихаз, жаңа мүлік, жаңа ыдыс-аяқ. Бәрі жап-жаңа. Бегімайдың да жаңаға, жаңадүниеге бойы үйреніп, жайлы тұрмысқа көңілі біржола ауған еді. Жаңа адамдар,жаңа орта да жас Бегімайды баурай түсті. Шетінен мырза, шетінен жомарт, тоқкөңілді жандардың ду-думаны кейде Жанна Тасыбековнамен бірге үйге ере келіп,түннің бір уағына дейін жалғасатын. Сондай ду-думан әдеттегісінен ерте үзілгенбір кеште Бегімай жез мұртты, жирен сары ағайды мамасы жалғыз жататын түнемелібөлмеден көріп қалды.

Жирен сары –  «Женя ағай» жүре келе Бегімайға «өкіл әке»атанып, жесір әйел мен жетім қыздың қамқоршысына айналған.

«Женя ағай, достарыммен Көктебеге барғым келіп тұр».Женя ағай жүргізушісін жібере қояды. «Женя ағай, достарыммен қыдырғым келеді».Женя ағай жүргізушісінен уыстап ақша беріп жіберді. 11 сыныпты аяқтар тұстажеткеріп отыратын Женя ағайы болғандықтан ба, Бегімайдың желігі арта түскен.Бірақ… бір күні… Женя ағайдың жетелеуімен ірі қаржыға ауыз салған анасыайыпталып абақтыға жабылғанда Бегімай түсінен шошып оянғандай тұншыға айқайсалған. Сол тұншыққан айқай тұншығып ішінде қалыпты.

Кейін естіді, Женя ағай әйелі, бала-шағасы барынайтып анасына жата жалбарыныпты: «Сен бәрін мойнаңа арт. Тірі тұрсам темірторда жарты күн отырғызбай шығарып аламын» деп. Қайда-а, содан қайтып Женяағайдың қарасын шалған жан жоқ. Алыс шет елге боқшасын көтеріпті де тайыптұрыпты.

… Анасы абақтыдан айықпас дерт жұқтырып оралған.Әйтеуір шыбын жаны кеудесінде. Үйге сүлдерін сүйретіп жеткен ол екі күн, екітүн тілсіз жатты да Бегімаймен қоштасты. Соңғы демін әзер жиған анасы бұған:«Бағың да, байлығың да – көркің» деп еді. Ессіз еркеліктен ойсыз опыныстыңоқпанына жұтылған бойжеткен жоқшылық пен таршылықтың тақымына түскенде анасыныңәлгі өсиетін есіне ала тал қармап, өз көркіне өзі шындап көз салған. Айнаалдында безбүйрек тағдырына безере қарап салқын жүзді жас ару тұрды.

***

Әйел затының айбыны да, байлығы да – бет ажары,көркі екенін Бегімай бек түсінген күннің ертеңінде-ақ дүние құлпырып салаберді. Сол кезде-ау шамасы, әлде бір бозбаланың мұңлы жанары, әлдебір бозжігіттің қимас көзі ту сыртынан қадалып қалғанын сезген. Сол мұңлы жанарды, солқимас көзді ол Ауқан ертіп барған кештегі отырыста Жанбоздың қарашығынан көрді.Ал, Ауқан… Ауқан айранбас бұның қызылды-жасыл дүниені кешіп өтіп,«бизнес-леди» атанған тұсында жолықты. Оған дүние мен бәденді, сұлу қатын керекекен. Бұған балшықтан жасаласа да бай керек-тұғын. Екеу содан жұптасты, қолұстасты, тілек қосты. Ауқантайы айналайын, іске епті жігіт болып шықты: қолынаұстатқанды шырқ үйіріп, шырайын келтіріп, шырқап барды. Бай. Бәрі жетеді.Аста-төк дүние. Осы аста-төк дүниенің ортасына кимелеп Жанбоз деген біреукіргелі Бегімайдан береке қашқан. Әу баста жаман шошыды. Жаны түршіге қорықты.Неге? Не үшін? Өзі де білмейді. Ақыры онымен тілдесу қажет деп тапқан. Сөйтіпараға ұялы телефонмен байланысты дәнекер еткен-ді. Сөйлесе, сырласа келе таныды:Жанбоз әкесіне ұқсайтын жан екен! Оралмасқа қол бұлғап кеткен әкесі Жанбозбейнесінде қайта тіріліп, бейкүнә Бегімаймен бүгінгі Бегімайды, бүлінгенБегімайды табыстыруға тырысып жүрген сияқты. Әрине, Жанбоз бұның бірін дебілмейді. Бірақ ол ақ адал көңілімен, алғаусыз тілегімен, өнерге, өміргеқұштарлығымен Бегімайдың жанын күнде тербетеді, бояулар тасқынына көмілгенкартинадағы адам сұлбасының алдына сүйреп әкеліп, ойға салатын да – Жанбоз. Бегімайдың бұл күндегі қадірлісі  – Жанбоз. Оған сырттай тілекші, сырттайқамқор. Ауқанның түкке тұрмайтын ұсақ, пендауи қызғанышын бетіне басып, айтыптастағанының себебі де – сол еді.

***

Жанбозбен аз-кем сөйлесіп, телефон тұтқасын ұясынақондырған Бегімай оқиғасы ел жадынан көшкен «Бегімай жырының» әкесі әңгімелеп бергенжіңішке бір үзігін есіне алып тұрды».

Алматы, 12.01.20… жыл   

***

… Біздің ортамызда қалыптасқан дәстүр бойыншаертеңінде жазушының әңгімесін талқылау үшін бас қостық. «Біздің» деп отырғаным:ауызға ілініп, аты шыға бастаған сыншымыз бар, жазушы атанудан дәмелі екі-үшжігіт… сосын мен. Мен – қарапайым оқырман ғанамын. Сондықтан «ортамыздың»әңгімесіне онша араласа бермеймін. Тек тыңдаймын.

– Жазушымыздың бұл әңгімесін бірсыдырғы жақсы әңгімедеуге келеді екен, — деді жазушы атанудан дәмелі жігіттердің бірі талқылаудыңбеташар сөзін  ұстап.

– «Бірсыдырғы» деп дұрыс айттың, – деді екінші әлдеүшінші жігітіміз пікір талқысын тап осы сөзден жалғастыру керектігінаңғартып,  – бірсыдырғы болса да, осыкүнгі әлжуаз әңгімелерге қарасын көрсетпейді. Кітаптардың аңдатпасындажазылатын қалыпқа салып айтсақ, шығарманың тілі шұрайлы, көркем, төгіліп тұр.Оқиғасы жүйесіздеу көрінгенімен, жалықтырмайды. Бірақ, мәре анықталмаған.Мысалы, «Бегімай жырының» әкесі әңгімелеп берген жіңішке бір үзігін есіне алып тұрған»Бегімайға Жанбоз тарапынан қандай да бір жауап болуы керек еді ғой. Ол жоқ.Әңгімедегі Жанбоз кім? Жай ғана оператор ма, әлде өресі биік өнер адамы ма?

– Жанбоздың жайы айтылды емес пе? – Енді әңгімегеәңгіме авторының өзі араласқан еді. – Айтылды ғой. Бегімайдың аузымен айтылды.Әңгімеге қайыра бір қараңдар. «Сақ ханзадасы туралы деректі фильм түсіріпсаңлақ шыққан, алда кең тынысты көркем дүниеге құлаш ұрмаққа  дайындалып жүрген болашақ режиссерімізқайда?» – дейді ғой Бегімай.

– Бұл аз, –  деді үшінші жазуышымыз авторға шүйіле бір көзтастап. –   Алдымен қатардағы жайоператордың, тіпті, түсіруші топтың бас операторы болсын,  оның аяқ астынан деректі фильм түсіре қоюыныңөзі екіталай. Нанымсыз. Мейлі, түсірдіделік. Содан кейін ше? Болды ма? Бегімайдың көңілін толқытатындай оның тағы бірөнері, мінезі, болмысы, тағдыры ашыла түсуі керек еді. Олай болмады. БізЖанбозды екі-ақ жерде көрдік. Біріншісінде ол Ауқанмен мейрамханада мырғамғабатып отырады. Екіншісінде Бегімай Ауқанға ілесіп барған әлдебір отырыстан төбекөрсетеді. Рас, сен мұнда Жанбоздың тегін жан емес екендігін күрделісөйлемдермен керемет білдіргенсің. Сонда да, досым, айыпқа бұйырма, Мунгтіңбояулар тасқынына көмілген «Айқай-адамы» сияқты сенің Жанбозың да сөздіңтасқынына көмілген де қалған. Содан да шығар, байқұстың еш жерде үніестілмейді.

– Екі рет емес, үш рет көрдік. – Пікір талқысынасыншымыз да кірісіп кетті. – Иә, үш рет көрдік. Үшіншісінде ол Мунгтіңкартинасын сыйға тартып тұрып Бегімайға қарата: «Ауқаныңның аулағаны дүние, байлыққой. Сол байлықтың бір бұрышынан өнерге де орын берілсін», –  деді. Меніңше  Жанбозды тану үшін осы сөз жеткілікті. Осыданкейін-ақ Бегімайдың жанын ышқынтып, ойға батырған оқиғалардың тізбегіне куәболамыз. Автор Жанбоздың кім екендігін әлгі жалқы сөйлемнің тасасына әдейіқалдырған. Сіздер, мырзалар, кейіпкерлеріңізді елпілдетіп ертіп жүріп оқырманғатаныстырудан ерінбейсіздер. Соған әбден үйреніп алғансыздар. Үнемі оқырманныңыңғайын бағып отырасыздар. Әрине, әдепкі оқырманға бәрі түсінікті болуы керек.Сіздердің оқырмандарыңыз – жан қинамайтын жалқау оқырман. Сөйлемнің астарынаүңілу, тереңіне бойлау, қатпарын ақтарып қарау деген мына сіздердің оқырманғабұйырмаған несібе. Анығында Жанбоз автордың әңгімесінде мүлде жоқ адам. Ол –өнер. Ал, пасықтық, тоғышарлық жайлаған ортада өнер тудыратын тұлғаға орынтимейді. Оны Ауқан сияқтылар күнде қорлайды. Қорлай алмаса да мұқатып, кемсітіпкетеді. Байлығын көрсетіп, мақтанып, есіріп жүреді.

– Жанбоз мүлде жоқ дейсің бе? – Автордың көзіалақандай болды, – рас, әңгімені жазып отырып Жанбозды адам бейнесінде көреалмаған едім.

– Мен тылсым дүниенің бар-жоғына бас қатыратын сыншыемеспін, бірақ, жазу үстінде шығарма кейіпкерлерінің авторға бағынбайкететінін, тосын мінез танытып, кейде өзінің үстемдігін жүргізетінін білемін.Досым, сенің Жанбозыңнан соны сезгендеймін. Әңгіменің бас жағында Ауқанның қымбаттелефонынан айрылғанын Бегімайдың аузынан естиміз. Сонда Жанбоз Бегімайға «алаңболма, табылады» – дейді. Бегімай күледі. Әйел күлген  жерде әзәзілдік басталуы керек еді. Бірақ әлгіәззәзілдіктің жолын Жанбоздың ұялы телефонында жазылған әуен кесіп кетті.Шамасы ол әуен – әйгілі «Бегімай жырының» әуені болса керек.

– Әйткенменде әңгімеде сұрақ белігісін сұрайтынтұстар көп. Сыншы досымызға салсақ, ол өзінің байқампаздығы мен білімдарлығынортаға сала отырып бәріміздің аузымызды аңқайтып кете алады. Бірақ, мені осыжолы сыншының пікірі иландыра алмады. Міне, қараңыздаршы, Ауқан Бегімайға«қызылды-жасыл дүниені кешіп өтіп, «бизнес-леди» атанған кезінде» жолығады.Демек, Бегімай – бай әйел. «Қызылды-жасыл дүниені кешіп өткен «бизнес-ледиді», сірә, өткен-кеткені,«қыз күнінде жоғалтқан қытығы» толғандырып, ұятын оята қоюы неғайбыл. Менсенбеймін. Сене алмай отырмын. – Пікір талқысында беташар сөзді ұстап, әңгіменібірден «бірсыдырғы» деп бағалаған жазушымыз осыны айтып тоқтаған. Өзгелері деоны қоштап, бас изесті.

– Ол енді сіздердің мәселелеріңіз, – деді сыншыкүліп, – сенесіздер ме, сенбейсіздер ме – оны өздеріңіз білесіздер. Мен автормен Бегімай жағындамын: расында, жаның ышқынып бірдеңе айтқың келеді,айғайлағың келеді. Бірақ ол кейде мүмкін емес.

***

Әдеби ортамыздың әлгі әңгімесінен кейін біраз уақытөткен. Жазушы досым мені түн жарымында мазалаудан тиылды. Бір күні оған өзімқоңырау шалдым:

– Жәке, үнссіз жүрсіз ғой? Не, шабыт шалғайға кетіп,бауырын шалғынға төсеп жатып алды ма?

– Сыншының сөзі есіңде шығар. Ол дұрыс айтады. Кейдешығарма кейіпкерлері авторға бағынбай кетеді, кенеттен тосын мінез танытып,оқиға желісін мүлде басқа арнаға бұрып әкетеді. Мен сондай халді «Бегімайдың«жырын» жазғанда кезекті рет бастан өткердім. Әлі соның соңында, сол әңгіменіңәлегімен жүрмін.  Кеше Бегімай маған тағыда мұңын шақты, Жанбозды іздеді. Ал, Жанбоз – «құпиясы құлыптаулы адам». Меніменсінбейді. Менімен сөйлеспейді, – деді досым жабырқаулы көңілін жабығыңқыүнімен байқатып.

***

 … Сағаттілі 03:27-ге келіп тоқтап қалған ба, бұ қалай? Бағанадан бері едәуір уақытөткен сияқты еді ғой. Мен не, түс көріп отырғаннан саумын ба өзі? Қаламымқайда? Қағазым қайда? Түсімде не көрдім? Жазушы досым кім? «Бегімайдың «жырын»жазған кім? Мен тегі бірдеңеге шалдықпасам игі еді…

– Осы сен жалғыз өзің күбірлеп кіммен сөйлесіпотырасың? – Шашы ретсіз шашылып, өңі қашқан сұрша әйел менің түнемелі бөлмеметаң шолпаны туа бере кіріп келді…

Дәурен ҚУАТ

 

Тегтер: