Bek Air ұшағы апатына қатысты тергеу қайта басталады

2019 жылы апатқа ұшыраған Bek Air әуе компаниясының ұшағына қатысты тергеу ісі қайта қолға алынды.
Бұл туралы Қазақстанның көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, былтыр тергеу аяқталды деп жарияланғанымен, биыл қосымша тексеру жұмыстары қайта басталған. Қазір құзырлы органдар апаттың барлық мән-жайын қайта қарап, жаңа деректер мен техникалық мәліметтерді зерттеп жатыр.
"Өкінішке қарай, авиацияда ондай оқиғалар жиі болып жатады. Соңғы шешімге келу қиын. Себебі авиациялық апаттар ұзақ зерттеледі. Қазір барлық құжат дайындалып жатыр", - деді Сауранбаев үкіметте өткен брифингте.
Ал журналистің "Демек, тергеу болады ғой?" деген сұрағына министр: "Иә", - деп қысқа ғана қайырды.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Астанаға бағыт алған Bek Air компаниясының Fokker-100 ұшағы әуеге көтеріле бере апатқа ұшыраған кезде болды. Әуе кемесінің бортында 98 адам — 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Олардың 15-і көз жұмып, ондаған адам түрлі деңгейде жарақат алды.
Апаттан кейін Bek Air әуе компаниясының қызметі тоқтатылып, ұшақтың техникалық жағдайына, ұшу қауіпсіздігіне және әуежайдағы инфрақұрылымға байланысты бірқатар сұрақтар туындаған еді. Сарапшылар мен қоғам өкілдері тергеудің ашықтығын талап етіп, марқұмдардың туыстары апат себептерін нақты білгісі келетінін бірнеше рет мәлімдеген.
Министрлік қазіргі тексерудің мақсаты – бұрынғы тергеу кезінде ескерілмеген немесе жаңадан анықталған деректерді ескере отырып, апатқа не себеп болғанын нақтылау екенін атап өтті.