Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:57

Бельгияда НАТО базасы мен әуежайлар үстінде белгісіз дрондар байқалды

Дрон
Фото: Sofiia Gatilova/REUTERS

Бельгияның солтүстік-шығысында орналасқан НАТО-ның Кляйн-Брогел авиабазасы маңында тағы да бірнеше белгісіз дрон байқалды.

 4 қараша кешінде Belga агенттігі хабарлағандай, жергілікті тұрғындар кем дегенде алты дронды база маңында ұшып жүргенін көрген.

Ядролық база маңындағы қауіп

DPA агенттігінің мәліметінше, Кляйн-Брогел авиабазасы – АҚШ-тың Еуропадағы ядролық қарулары сақталатын орындарының бірі. Полиция әзірге екі дронды радар арқылы тіркеген.

«Жағдай анық емес, тіпті әскерилердің өзі бұл дрондарды нақты көре алмады», — деп мәлімдеді жергілікті билік өкілдері. Қажет болған жағдайда дрондарды жою үшін полиция тікұшағы жіберілген.

Брюссель мен Льеж әуежайларында әуе рейсі тоқтатылды

4 қараша кешінде дрондар жөніндегі хабарламалардан кейін Брюссель әуежайында рейстер екі рет – шамамен сағат 20:00 және 22:00-де уақытша тоқтатылды. Belga агенттігі жазғандай, ұшу шектеулері Льеж әуежайында да енгізілген.

Бұған дейін, 2 қараша күні, дәл осы Кляйн-Брогел үстінде екі рет белгісіз дрондар байқалған еді. Олар жоғары биіктікте ұшып, НАТО нысанын тікелей бақылағаны хабарланған. Бұл туралы Бельгия қорғаныс министрі Тео Франкен ресми мәлімдеме жасаған болатын.

Дрондардың белсенділігі күшейіп барады

Кейінгі апталарда Бельгияда мұндай жағдай бірнеше рет тіркелді. Қазанның соңында Льеж маңындағы Марш-ан-Фамен әскери базасы үстінен дрондар екі рет байқалған. Министр Франкен бұл оқиғаны «Бельгия армиясына бағытталған жоспарлы операция» деп атады және дрондарды тәжірибелі операторлар басқарғанын айтты.

Қазанның басында елдің шығысындағы Эльзенборн әскери полигоны үстінен бір мезетте 15 дрон ұшқаны хабарланған.

Дрондар Еуропа бойынша таралып отыр

Белгісіз дрондар тек Бельгияда ғана емес, Германия, Дания және Норвегиядағы әскери нысандар мен әуежайлар маңында да жиі байқалып жүр. Осы себепті кейбір елдерде рейстер уақытша тоқтатылған.

Қазіргі таңда бұл дрондардың кімге тиесілі екені анық емес, алайда Еуропадағы бірқатар ресми тұлғалар Ресейдің ықтимал қатысы бар деген болжам айтып отыр.

Тегтер: