Белсенді жазушы, тұлға «культі» және еркіндік

XX ғасырдағы Батыс әдебиет теориясында ең жиі талқыланып, дау болған тақырыптардың бірі – Ролан Барт ұсынған «автор өлімі» тұжырымы еді.
Тұжырымды талдау да, түсіндіру де қиынға соққанымен, бұл теорияның түпкі мәні мәтінге автордан тәуелсіздік беру, оқырманның белсенділігін арттыру, ал жазушыны – өз туындысының жекеменшігі емес, оның туындауына себепкер ғана ретінде қарастыру болатын. Барттың көзқарасында автордың «өлімі» – шын мәнінде, мәтіннің «өмірі» еді. Бірақ қазақ әдеби кеңістігіне назар салсақ, мұнда автор өліп жатқан жоқ, керісінше, бейне бір рухани культке, кейде тіпті символикалық метафораға айналып бара жатқан секілді. Бұл құбылысты біз бүгінгі әдеби процесте, шығармашылық кеңістіктің құрылымында, оқырман мен сыншының қабылдауынан айқын көре аламыз. Оқырман шығарманы емес, алдымен автордың кім екенін сұрайды. Әдеби қауым өкілдері белгілі бір жазушының тұлғасын, қоғамдық ұстанымын, әлеуметтік беделін шығармашылық шеберліктің белгісі ретінде көреді.. Осы орайда шығармасының «алдына түсіп» алатын авторлардың мұнысы қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Бүгін «Жас Алаш» осы тақырып аясында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Біздің қойған сауалдарымызға жазушы Тұрысбек Сәукетаев және ақын әрі аудармашылар Тілек Ырысбек пен Айжарық Сұлтанқожа қатысты.
Ж.А: Қазақ әдеби кеңістігінде өткен ғасырдан бері тұлғаның «культке» айналу тенденциясы бар. Батыс теориясында Ролан Барт «Автордың өлімі» туралы жазса, бүгінгі әдебиетте керісінше автор «тірі». Яғни автор тек шығарма тудырушы, мәтін жасаушы ғана емес, кейде қоғамдық-идеологиялық символға, кейде мәдени авторитетке, кейде саяси құралға айналып кетеді. Ең әуелі осы туралы сөз қозғайықшы. Кей жазушының шығармасынан бұрын есімі бірінші аталуы қаншалықты орынды?
Т.С: Әдеби шығарманың үш түрі болады. Бір шығарма авторымен бірге жасайды. Екінші шығарма авторынан бұрын өліп қалады. Тіпті туа салып «өледі». Ал нағыз ұлы шығарма – үшіншісі. Авторы өлгеннен кейін де жасай береді. Нағыз таланттың қаламынан туған шебер шығарма авторынан тыс ғұмыр кеше бермек. Кеңес өкіметі тек экономикалық, әлеуметтік не саяси тұрғыдан емес, өміріміздің сан саласына әбден ізін қалдырып, қоғамдық сананың тереңіне жазылуы қиын жара салып кетті. Осы тұста әдебиет пен мәдени өмірімізде де сан салалы өзгерістер орын алды. Мәселен, әдеби кеңістікте жазушы, қаламгерден «көсем» жасау – сол Кеңес өкіметінің ойлап тапқаны. «Құдай жоқ, Құдайдың тағына жекелеген тұлғаларды отырғызу керек» деген идеяның ақыры тұлғадан «культ» жасауға әкеп соқты. Сол идеяның, жүйенің сарқыншағы әлі жойылмай, жалғасып келе жатыр. Тәуелсіздік алған тұстан бастап кеңес үкіметі тұсындағыдай жазушылар арасынан идеологияға қызмет ететіндер іріктеліп шықты. Тұлғадан «культ» жасау идеологияның мызғымас тәртібі еді. Кеңес өкіметі халықтан үкіметтің өзіне, сол мүддеге қызмет ететін қолшоқпарлар дайындады. Соның ішінде ұлттық емес, таптық, коммунистік мәселелерді қозғап, жырлайтын тұлғаларды биікке көтеріп, «көсем» жасады. Сол әдет әлі түбегейлі тып-типыл болды дей алмас едік.

Әрине, әдебиетте талантты адамдарға әрдайым орын табылады. Тек қазақ әдебиетінде ғана емес, күллі адамзат руханиятында автордың бағасы жазған шығарма, жасаған туындысымен, соның көркемдік биігі әлде шеберлігімен бағаланады. Десек те кеңес өкіметі осы ережеге қарсы шығып, шын таланттарды мейлінше басып, жаншып тастады да, жандайшап, қолшоқпарлардың бәрін алға шығарды. Халыққа солардың шығармасын «шедевр» ғып таныстырды. Марапаттың, материалдық көмектің бәрін алған солар еді. Кейде мен жазушы есімінің культке айналуын әдебиеттің өзінен алыстауы деп қабылдаймын. Бұл мәтінге емес, есімге табыну іспетті. Автордан «көсем» жасаған сайын сынның сапасы әлсірейді, бізде өршіп тұрған жершілдік пен рушылдықты одан сайын ушықтырады. Бұлардың бәрі дерлік әдебиетті бағалауда қырсығын тигізетін критерийлер дер едім.
Т.Ы: Хегелдің «Өнер өткеннің ісі» деген тұжырымы өз заманындағы өнер мен діннің одағынан күдер үзіп айтқан пікірі еді. Оның философияны ең биік таным ретінде әспеттеп, өнерден биік қоюы – сол уақыттағы әдебиеттің тек сыртқы ұйқас пен эстетикаға көзсіз беріліп, қала берді діни және саяси идеологияның құралына айналғанына білдірген қарсылығы болғаны айтпаса да түсінікті. Бірақ қазіргі заманда концептуал өнердің пайда болуы өнердің мүмкіндіктерін жаңа деңгейге көтергенімен, бүгінгі өнердегі саяси ұрандар мен әдеби науқандар қазақ әдебиетінен шынайы шығармашылықтың теріс айналып бара жатқанын білдіреді.
Менің ойымша, қазақ өнері пұттар мен идеологияларға қарсы шыққанда ғана шынайы өнер бола алады. Өнердің мақсаты – таңбаларға қарсы шығу арқылы таңбаларды теңестіру. Өнерде қазір жиі айтылатын «асқақ өнер», «биік өнер» деген ұғымдардың болуы мейлінше идеологиялық сипатқа ие болғандықтан, ол жаңа авторитет пен пұттарды қалыптастырып, оларды саяси лозунгтар мен мүдделердің құралына айналдыру арқылы өнердің шынайы мәнін бұрмалайды. Өнердегі пікір алуандығы, өнердің бәріне ортақ бола алуы, әркімнің қатыса алуы өзара тепе-теңдік орнатып, өнердің мәнін демократиялық және плюралистік сипатқа жетелейді. Өнер идеологиядан, діннен, саясаттан, нарықтан азат болғанда ғана өзінің шынайы мәніне жақындай алады.

А.С: Дұрыс емес, бірақ…
Біз үшін әдебиет – ұлт жадын, тарихи шындықты және рухани болмысты сақтап қалудың бірден-бір жолы болды. Сондықтан қаламгерлер де тек эстетикалық мәтін жасаушы емес, азаматтық, мәдени, тіпті моральдық тұғырларды шегендейтін тұлғаға айналды. Олардың өмірбаяны – шығармасымен тең түсетін, кейде одан да маңыздырақ мәдени мазмұнға ие бола бастады. Классиктердің кезінде қалай «жүргені» де олардың шығармаларымен қатар айтылып жүрді. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін, ұлттық болмысты айқындаушылардың қатарында қайтадан жазушылар болды. Олардың шығармасы ғана емес, қоғамдық пікірі де маңызды бола бастады. Кейбір авторлар әдеби кеңістіктен шығып, қоғамдық пікір көшбасшысы болуға ұмтылды. Мұндай жағдайда автор – жай ғана қаламгер емес, ұлттық дискурсты қалыптастырушы медиатор, ұлттың идеологиялық архитекторы болуы тиіс еді...
Арадағы саяси, экономикалық үдерістен туындаған нәтиже: Қазақстанда әдебиет нарығы тар, баспа ісі шектеулі, әдеби журналдар аз. Мұндай жағдайда кітаптың өтуі автор есімімен ғана байланысты. Яғни жазушы өз шығармасын өзі жарнамалайды, өзі шығарады, өзі насихаттайды. Кейбір жазушылар редактор, аудармашы, тіпті маркетолог рөлін қатар алып жүреді. Бұл – шығармашылық пен кәсіпкерліктің бірігуі ғана емес, автор бейнесінің кеңеюі.
Қорыта айтқанда, қазақ әдебиетіндегі автор культі – тарихи қажеттілік. Кеңес кезеңінде саяси және рухани вакуум орын алған кезде, жазушы – халықтың жадын, ар-ұжданын, тіпті болмысын сақтаушы жалғыз институт болды. Мұндай контекске Барттың «Автордың өлімі» сынды теориялық конструкциясы сіңбейді. Қазақ жазушысы – тек тірі емес, ол – әлеуметтік құрылымның белсенді бөлігі. Сондықтан бұл кеңістікте автордың «өлмеуі» әдебиеттегі еркіндіктің емес, тарихи жауапкершіліктің көрінісі.
Ж.А: Осы тұста жазушы дегеннің өзі де туындысының көлеңкесінде қалған үнсіз шебер ме, әлде қоғамдағы мәселелерге үнемі үн қататын белсенді тұлға ма? Қазіргі таңда әлеуметтік желіде белсенді, саяси пікір білдіріп жүрген жазушылар бар. Бұл әдебиеттің дамуына қалай әсер етеді?
Т.Ы: Жалпы кез келген жазушы, өнер адамы немесе блогер болсын алдымен ол өзі тұрған елдің азаматы ретінде қоғамдық, азаматтық және моральдық жауапкершілікті сезінуге тиіс. Бұл жауапкершілікті арқалай алмаған адам қоғамда өз еркіндігін құлдыққа айырбастаған адамға айналады. Яғни еркіндік адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Ал жауапкершіліктен қорыққан адам дербес дамудың орнына өзіне көшбасшы, батыр немесе авторитет іздейді. Бұндай адамдар қатаң тәртіп пен жүйеге бағынып, өз болмысынан бас тартып, тобырға айналады. Өз «менін» жоғалтады. Бұл «жеке тұлға ретінде түкке тұрғысызбын, ал ұлт ретінде ұлымын» деген идеология тудырып, жалған сенім мен сезімнің жетегіне жібереді. Ал кез келген жазушы немесе қарапайым адам болсын, бұл қауіпке душар болуы әбден мүмкін. Авторитеттерді көзсіз ұлықтайтын шығарма жазған көптеген жазушы бұған мысал бола алады. Кез келген адамның мамандығы мен мәртебесіне қарамастан, өзіндік үні мен көзқарасы болғаны маңызды.

А.С: Жазушы өзін қоғамнан аластата алмаса онда оның үнсіздігі де оның таңдауының көрінісі. Иә, өтпелі кезеңдерде жазушы үнсіз қала алмайды, десе де оның дауысы – алдымен саяси белсенділігінен гөрі жеке шығармашылығында деп ойлаймын. Оның жазғаны міндетті түрде күн тәртібіндегі мәселе болмауы мүмкін. Мен ағаштар жайлы жазғым келсе, сол ағаштарды заңсыз, аяусыз кесіліп жатқанын айтуға міндетті емеспін. Әлеуметтік саяси мәселеге үнемі үн қосу қажеттілігі шығармашылықты пікір айтудың деңгейіне түсіріп тастайды.
Қазір жазушы мен оқырман арасындағы шекара жоқ. Енді жазушы тек кітап арқылы емес, күнделікті пост, пікір, видео арқылы да қоғаммен байланысқа түседі. Бір жағынан жазушы «тірі» және өзі өмір сүріп жатқан қоғаммен диалогқа еркін түседі, екінші жағынан ол өз уақытын шығармашылыққа ден қойып, терең мәтін жазуға емес, азаматтық позициясын дәлелдеуге жұмсайды. Бір сәттік посттар мен эмоционалды пікірлер, ұзақ дайындалған көркем мәтіннің орнын басып кетсе, терең әдебиетті кімнен күтеміз? Мен автордың тұлғасы мен қоғамдық белсенділігін бағалаумен айналысқым келмейді, мен үшін оның шығармасы маңызды.
Ж.А: Қоғамдық-саяси мәселелерге үнемі үн қатып, белсенді араласқан, қай жағдайда азаматтық пікіріңді айтып, ең соңы саясатқа араласқан қаламгерлер баршылық. Осы тұста қалай ойлайсыз, бұл автордың шығармашылық еркіндігіне тұсау болмай ма? Қоғам да жазушыдан үнемі әділдік пен шындықты айтуды талап етеді. Бүған әлде рухани миссия деп қараған жөн бе?
Т.С: Жазушының қоғамдық мәселелерге үн қатуы – оның рухани миссиясы деген жөн болар. Шындық пен ақиқаттың, әділеттің жаршысы ретінде жазушыларға қарап бет түзейтініміз рас. Бүгінгі заманның анығы мен қанығын келер ұрпақ жазушы жазғаны арқылы танып-біледі. Сондықтан қоғамның қай қырына да өзектесіп, араласып отыруды қоғам жазушыдан талап етеді. Бірақ бұл жазушының жеке басынан «көсем» жасауға ұласып кетпеу керек. Демек, қаламгер бір мезгілде үнсіз шебер де, қажет сәтте үн қосатын рухани куәгер де бола алады. Міндет пен миссияның бірін екіншісіне қарсы қойып қарау жазушының табиғатын шектеу дер едім. Жазушының азаматтық дауысы оның ар-ұжданының көрінісі болса, ар-ұжданы бар сөз – шынайы әдебиеттің іргетасы. Сондықтан қоғамдағы мәселелерге үн қататын жазушы әдебиеттің тірі екенін дәлелдейді. Ол – рухани селқостыққа қарсылық. Бірақ дәл осы белсенділік кейде жазушыны саясаттың көлеңкесіне айналдырып жібереді. Жазушы енді ой айтушы емес, бір позицияның жақтаушысына, бір лагерьдің өкіліне айналып кетуі мүмкін. Бұл сөздің тереңдігін жұқартатын, әдебиеттің ой кеңістігін саяси айқайдың даңғазасына айналдыратын қауіпті жол.
Бүгінге дейін Желтоқсан оқиғасы, Алтынбектің өлімі не басқа да саяси оқиғалар туралы бірер роман, шығарма жаздым. Назарбаев тұсындағы авторитарлық билік туралы жазған шығармаларым талай мәрте басылмай да қалды. Бұл жазғаным шығармашылық еркіндігімнен бөлек, өз еркіндігіме де тұсау болған кездер болды. Әділдік үшін жазу міндет емес, ішкі қажеттілік болғанда ғана ол әдебиетке айналады. Қалай десек те, жазушының ең ұлы қасиеті оның ішкі еркіндігі, сол еркіндікке шексіз құштарлығы. Қаламгер саясатқа араласса да, араласпаса да, оның шығармашылық еркіндігі сол ішкі еркіндігіне тәуелді деп ойлаймын.
Т.Ы: Бұл әркімнің өз ұяты мен ар-ожданына байланысты қойылатын сұрақ пен таңдау. Біз таңдау жасау арқылы өз болмысымызды айқындаймыз. Қоғамдық-саяси мәселелерге үнемі үн қату әрі өзіңіз айтқандай белсенді араласу біздің қоғамда бірінші жазушыларға емес, миллиондаған аудиториясы бар блогерлерге қойылуы керек талап. Және саяси ұстанымы үшін қудаланған адамдарға араша түсу әрбіріміздің азамат ретінде міндетіміз және конституциялық қақымыз. Жазушы саяси белсенділікке көп ішінде авторитет боламын деп қатыспайды. Ол өзі сүрген қоғамның жауапкершілігін сезінгені үшін, қиын болса да, еркін болу жолын таңдағаны үшін азаматтық ұстанымын білдіреді. Ол үшін кез келген сау қоғам оны қудалап, түрмеге қамап, аузына қақпақ болмайды.
А.С: Қаламгердің саясатқа араласуы оның еркіндігін шектеуден гөрі, еркіндігінің көрінісі болса керек. Ол үшін шындықты айту – саяси міндет емес, бәлкім, әдеби-адамдық борышы. Екінші сұрағыңызға келсек, қоғам жазушыдан шындықты талап еткенімен, өзі сол шындықты естуге дайын болмауы да мүмкін, сол үшін кейде халық өзіне ыңғайлы авторды таңдап алады. Бірақ әдебиеттің саяси активизмнен айырмашылығы да осында. Әдебиеттің миссиясы – нақты бір мәселені шешу емес, адам жанына үңілу. Бұл – саясаттан жоғары кеңістік, (бірақ кейде саясат та адам жанына қатысты болады, бірақ бұл міндеттелмеген, ішкі қажеттілікпен жасалған әрекет болуы тиіс) мұнда адамның қатып қалған ұстанымдарын, оның жан дүниесіне тереңдеу арқылы жібіте алатын күш бар. Осы орайда қайтадан, басқа салада айтылмаған немесе бұрмаланған нәрсе әдебиет арқылы айтылуы керек деген үміт пайда болады. Бірақ бұл үміт міндетке айналған кезде ол қысым тудырады. «Жазушы неге үнсіз?», «Ол неге шындықты айтпай отыр?» деген сұрақтар жазушыны қоғамның құралына айналдырып жібереді. Ал шын мәнінде, жазушы борыш емес, болмыс арқылы сөйлейді. Егер жазушының ішкі рухани үні мен сыртқы сұранысы сәйкес келсе – онда бұл миссия. Ал егер ол сыртқы қысымға жауап беру үшін ғана жазса – бұл міндетке айналып кетеді, ал міндет еркіндікті өлтіреді. Меніңше, автор ешкімге міндетті емес.
Ж.А: Осы орайда бейтарап, үнсіз қалып, көпке қосылмай, бұйығы өмір сүретін авторлар да көп. Бірақ оқысаң, шығармалары да шебер жазылған. Осындай бейтарап позиция салдарынан олардың атағы да кемшін боп қалады. Осы жайлы сөз қозғайықшы. Жазушының азаматтық позициясы оның әдеби беделіне қалай әсер етеді?
Т.С: Шын талант ешқашан атақ-абырой, әлем-жәлем дүниеге әуес болмайды. Шын талантта жалғыз-ақ мақсат бар. Жақсы шығарма жазу. Сондай тұрпаттағы жазушылардың көбі көрінген жерде иығын тықпалап, мейлі экран не газет беттерінен өзін көрсетуге сонша ынтық боп, сүғанақтана бермейді. Бірақ, өкінішке қарай, құндылықтар ауысып жатқан мына заманда оқырман да сондай қызылды-жасылды дүниеге әуес боп тұр. Жазуы жақсы кей қаламгерлердің насихаты аз болғандықтан, еленбей, көлеңкеде қала береді. Мәселен, Желтоқсан оқиғасы, Семейдегі атом полигоны туралы алғаш қалам сілтеген жазушылардың бірі болғанмен, әдебиетте насихаты кемшін. Көп уақытқа дейін ескерілмей, еленбей қалды. Сол секілді талантты жазушы әрі сыншымыз Тұрсынжан Шапай да үндемей жүріп, жақсы туындылар дүниеге әкеліп жүр. Бірақ көп көрінбейді, елдің аузына ілінбейді, тасада жүре береді.
Алдымен оқырман сауатты болу керек. Талғамы жоғары оқырман шын шеберді іздеп жүріп тауып алады. Қаламгердің атақ-абыройына қарап емес, жазғанына қарап бағалайтын көзіқарақты сауатты оқырман әлі дайындала қойған жоқ.
Т.Ы: Қазіргі өнер – догмаларға қарсы тұратын, тепе-теңдік пен пікір алуандығына жол ашатын кеңістік. Біз абсолютті күштерге қарсы тұру арқылы күштер арасындағы таразыны тең ұстауға мұрындық бола аламыз. Нитченің философиясы да осы идеяның негізінде жатыр деуге негіз бар. Өнерді саяси идеологиядан ажырататын айырмашылық көп, дәл осы ұғымды қаламгер қалай түсінсе, солай әрекет етеді. Менің түсінігімде жақсы жазушы немесе жаман жазушы деген ұғым жоқ. Тек оның іс-әрекеті мен этикасына, құрметке ие болуға деген шексіз құштарлығына қарап баға беретін «топас» немесе «дурак» деген ұғым ғана бар. Оны өз қалауыңызша, өз тіліңізде айта берсеңіз де болады.
А.С: Шығармашылық шеберлік пен танымалдылық, көркемдік тереңдік пен қоғамдық бедел бір-бірімен сәйкес келе бермейтіні бұрыннан мәлім. Әдеби кеңістікте көпшілікке танымал емес, бірақ өте терең, шебер жазушылар бар. Олар үшін әдебиет күрескерлікті немесе қоғамдық белсенділік танытудың құралы дегеннен гөрі жеке рухани тәжірибе мен ішкі шындығын іздеу жолы болуы мүмкін. Әрине, нарықтық жүйеде жақсы автор мүлдем бағаланбай кетуі ықтимал, бірақ мен Чеховқа сенемін: «Шынайы жазылған шығарма өз оқырманын табады». Мұндай жазушылардың үнсіздігін әлсіздік немесе немқұрайлылық деп қарастыру қате. Керісінше, олар кейде осы ақпараттық, моралистік шу мен ішкі бос ұрандардан саналы түрде алшақ жүреді. Олар көпшілікке ұнауға тырыспайды, өйткені олар үшін маңыздысы дәлдік. Әлеумет көбінесе жазушыдан нақты көзқарас күтетіні рас. Әдетте белгілі бір саяси, мәдени не идеологиялық шепті ұстануын қалайды. Ал бейтараптық көп жағдайда әлсіздік деп қабылданады. Бірақ әдебиеттің табиғаты сондай көпқабатты, екіұдайлық пен ішкі кереғарлыққа толы. Жазушы дәл осы күрделі, анық емес сәттерді сипаттауға тырысады. Қоғамға терең сұрақ қоятын адам, өзі үнемі жауап бермейді, бірақ өз шығармасы арқылы оқырманды ішкі диалогқа шақырады. Оның үнсіздігі де кейде көркемдік әдіс дер едім.
Дайындаған
Ақгүлім Ерболқызы