23:01, 02 Қаңтар 2019
Бішкектің Какасы Қазақтың Мессиінен озып тұр
UEFA 2019 жылы футболдан Еуропа құрлығының жұлдызы болуға тиіс деген 50 футболшыны анықтады.
Оның ішінде жас таланттар санаулы ғана. Сол санаулы футболшылардың ішіне Ресейдің ЦСКА-сында доп теуіп жүрген қырғызстандық Ильзат Ахметов бар.Тіпті, жыл соңында үздік ойыншы атағына үміткерлер сапында болуы да ықтимал. Себебі, журналистер жасаған Топ-50-ге Ресей футболы атынан енген екі футболшының бірі осы Ахметов, екіншісі Федор ЧАЛОВ.Қырғыз футболшысының «Бішкектің Какасы» деген бейресми атағы бар. «Қазақтың Мессиі» атанып жүрген Еркебұлан СЕЙДАХМЕТ еске түседі. Рейейдің «Уфа» командасында ойнап жүрген жерлесіміз осыған дейін жақсы ойынымен бірнеше мәрте көзге түскенмен, соңғы уақыттарда көп көріне алмай жүр. Тіпті, «Қазақтың Мессиі» дегенді көпсінген Ресей журналистері бірер мәрте Сейдахметті «Жарты Месси» деп те атап қалды. Қазақстан футболына дем беретін әлемдік бір жұлдыз осы Сейдахмет бола ма деп күтіп жүрген жерлестері талантты жас футболшыны Еуропаның 50-лігінен іздейтіні анық.Ал, Ахметов 16 жасынан бері Ресейде доп теуіп келеді. 2018 жылғы Ресейдің үздік жас футболшысы деген атағы бар. Ал, Ахметовтың командаласы мәскеулік Федор ЧАЛОВ чемпиондар лигасының топтық кезеңінде соққан 2 голы арқылы УЕФА-ның көзіне түсіпті. Ал, қазақстандық футболшының жетістігі әзірге соншалық көзге көрінердей болмай тұр. Дегенмен, жас ерекшеліктерін ескерсек, қырғыз футболшысын қуып жетуге Сейдахметте 3 жыл уақыт бар. Фото: championat.com