Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:55

Бұрын сотталған адам қалай Мәжіліс депутаты болып отыр: Нәжметдинұлы туралы тың ақпарат

Нәжметдинұлы
Фото: zhasalash.kz

Журналист Михаил Козачков Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясының өкілі Болатбек Нажметдинұлы (Алиев) бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталғанын дәлелдейтін құжаттарды жариялады.

Өткен апта журналист Козачковтың Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы (Алиев) туралы мақаласы шыққан еді. Депутат Қазақстанда жүк тасымалымен айналысатын шетелдік жүргізушілерге қарсы күрес бастайтынын мәлімдеген. Алайда дәл осы Нажметдинұлына қатысы бар екі компания да көлік тасымалымен айналысады. Сонда ол депутаттық мандатын отбасының бизнес мүддесін қорғауға пайдаланып жатқан жоқ па? Журналистің материалы осы туралы болды.

Алиев сол сәтте Facebook желісінде оған қарсы жазба жариялап, нақты сұрақтарға жауап беруден жалтарған. 

Коррупциялық қылмысы үшін сотталғаны жайлы мен бірнеше рет пікір қалдырып сұрадым, бірақ жауап болмады, - деп жазды журналист Телеграм парақшасында. 

Оның айтуынша, бұл оқиға 2000 жылдың қаңтарында басталған. Сол кезде Болатбек Алиев кеден қызметкері еді. Ол Сарыағаш ауданына контрабанданың жолын кесу үшін іссапарға жіберілген. Онымен бірге Ержан Асанов есімді тағы бір кеденші барған. 2000 жылдың 16 қаңтарында Алиев — ол кезде Оңтүстік Қазақстан облысының Кеден басқармасындағы контрабандамен күрес бөлімінің бастығы — шекарадан ұн тиелген КАМАЗ-ды заңсыз өткізу туралы бұйрық берген. Яғни, контрабандашыларға көмектескен.

Бұл факт ҰҚК қызметкерлерімен әшкереленді. Сол жылдың жазында қылмыстық іс қозғалып, Алиев пен Асанов тұтқындалды. 2001 жылдың көктемінде екеуі де қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және құжатты жою/бұзу бойынша кінәлі деп танылды (ҚР ҚК-нің 324-бабы, ескі редакция).

Нәжметдинұлы
Фото: телеграм

Бірақ түрмеге отырмады — амнистияға ілінді. Осыдан кейін Болатбек Нажметдинұлы біраз уақыт жеке секторда жұмыс істеді де, күтпеген жерден қайтадан мемлекеттік қызметке оралды.

2003 жылғы Жоғарғы соттың қаулысы бойынша Қайрат Мәми төрағалық еткен 7 судьядан құралған алқа Сарыағаш аудандық сотының үкімін заңды деп таныған. Яғни, ол ақталмаған.

Козачков
Фото: телеграм

Журналистің мәліметінше, бұл жерде Шымкенттегі Еңбекші аудандық сотының судьясы Сейдулла Құнанбаевтың көмегі тиген болуы мүмкін.

2008 жылы дәл осы сотқа Болатбек Нажметдинұлы Қаржы министрлігінің Кеден комитетіне қарсы арыз беріп, өзіне қатысты жұмыстан шығару туралы бұйрықты заңсыз деп тануды талап еткен. Мәселе мынада: оны қызметінен қамауда жатқан кезінде, бірақ сот үкімі шықпай тұрып, жұмыстан шығарып жіберген. Демек, ерте әрекет еткен.

Осылайша, Алиев 7 жыл бойы сол бұйрықты жоққа шығару сәтін күткен. Ақыры, қолайлы сәт туғанда, сотқа барып, судья Құнанбаевтың қабылдауына тап болды. Ал судья оның талап-арызын толық қанағаттандырып, қызметтен өз еркімен шыққан деп таныған. Осы сот шешімінің арқасында Болатбек Нажметдинұлы алдымен облыстық көлік басқармасын басқарып, 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып кетті. Себебі қағаз жүзінде оны ешкім жемқорлық үшін жұмыстан шығармаған — өзі кеткен. 

Бәлкім, осы сот шешімін Алиев Орталық сайлау комиссиясына да тапсырған болар. Өйткені «Сайлау туралы» заң бойынша, коррупция үшін сотталған адам Мәжіліс депутаты бола алмайды, - дейді Козачков.

Осыған байланысты ҚР Бас прокуратурасы аталған факті бойынша тексеріс жүргізуі қажет.