Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 08:58

БЖЗҚ қаржысына пицца пісіру. Ұлттық банк зейнетақы қорын тиімді пайдаланып отыр ма?

БЖЗҚ
Фото: Жас Алаш коллаж

Соңғы кездері Ұлттық банк «зейнетақы қорының кірісін арттырамыз, инвестициялық пайдаға қарық боламыз» деген жоспармен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қаражатын шетелдік бағалы қағаздарға сала бастады. Бұл іске тіпті білек сыбана кіріскендей көрінді.

Бас банк қор қаражатын ұқсатудың географиясын кеңейтіп, корпоративтік және шетелдік серіктестерді көбейтіп жатыр. Қазір қордың қаражаты энергетика, банктер, инфрақұрылым салаларына бағытталуда. Мәселен, БЖЗҚ Индонезияның мемлекеттік энергетикалық компаниясына, Азия қорларына және даму банктеріне инвестор болған.  

 Пиццаны да пісіреміз, бюджетті де жамаймыз...

Ең қызығы, зейнетақы қорының қаражаты АҚШ-тың пиццерия желісін дамытуға да салынып кетіпті. Қазір қазақстандықтардың зейнетақы жинағынан алынған 157 млн теңгенің америкалық Domino’s Pizza компаниясының акцияларын сатып алуға жұмсалғаны белгілі болды. Бұл инвестицияны Тимур Құлыбаевқа тиесілі Halyk Finance жасаған. Акцияларды сатып алу қазан айында жүргізілген. Алайда келісімнен кейін компанияның құнды қағаздары арзандай бастаған. Бұл компанияның өсуі аса қарқынды емес, кірісі жылына шамамен 7 пайыз. Компания акциялары өткен жылы 7,5 пайызға дейін арзандаған.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігі АҚШ-тың пиццериялар желісіне жұмсалғаны қазақстандықтарды аса қуанта қойған жоқ. Бұл әлеуметтік желіде айтарлықтай қызу талқылау тудырды. Осы тұста «неліктен дәл Domino’s таңдалды?» деген сұрақ туындады.

Ақпаратқа қатысты Халық банкіне қарасты Halyk Finance еншілес ұйымы ресми түрде жауап берді. Halyk Finance өкілдерінің айтуынша, шынымен де зейнетақы активтері портфеліне америкалық Domino’s Pizza (DPZ) компаниясының акциялары сатып алынған. Бұл сатып алудың мақсаты – инвестициялық табыс алу. DPZ акцияларының үлесі Halyk Finance басқаруындағы зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің шамамен 0,6 пайызына тең. Бұл мәміле – зейнетақы жинақтары портфелінің әртараптандырылуын қамтамасыз етуге бағытталған стандартты операциялық қадам.

«Аталған эмитентке қатысты DPZ акцияларын сатып алу бағасы бір акция үшін 407,89 АҚШ долларына тең, ал 2025 жылғы 5 желтоқсандағы жағдай бойынша DPZ акцияларының құны – 427,07 АҚШ доллары. Халықаралық инвестициялық үйлердің болжамына сәйкес, эмитент акцияларының 12 айға арналған мақсатты бағасы бір акция үшін 491,70 АҚШ долларын құрайды, бұл сатып алу кезеңінен 20,5 пайыз өсім береді», – деп мәлімдеді Halyk Finance.

Алайда қаржыгер Ілияс Исаев қаржы институтының бұл қадамын құптамайды. Маманның ойынша, зейнетақы қаражатын Американың пиццерия саласын дамытуға салғаннан гөрі өзіміздің отандық өндірісті жетілдірген жөн.

«Зейнетақы қорының қаражатымен пиццаны да пісіріп, бюджет тапшылығын да жамайтын болдық. Бұл дұрыс емес. Бізге қаражатты оңтайлы басқарудың сауатты жүйесін жасау керек», – дейді маман.

  Инвестицияның тәуекелі қандай?

Қалай десек те, Halyk Finance өз мақсаты қордағы жинақты бекер ұстамай, кәдеге жарату екенін ұқтырғысы келді. БЖЗҚ-ның қаражатын ұқсатуға келгенде Ұлттық банк пен Үкіметтің де айтары осы. Әрине, біздің бұған сенгіміз келеді. Бірақ бұл ретте аузымызды толтырып айтатындай нәтиже көрмей отырмыз. Мәселен, осыдан бес-алты жыл бұрын Ұлттық банк зейнетақы қорының 1,5 млрд долларға жуық активін шетелдік бес компанияға басқаруға берді. «Кіріске молынан кенелеміз» деген сеніммен салынған бұл қаражаттың әзірге қорға қанша пайда әкелгені ашып айтылмайды. Бұдан бөлек, бас банк жағымсыз рейтингіне қарамастан, кезінде зейнетақы қорының 71 млрд теңгесін Әзербайжан банкіне де салып жіберді. Енді ол қаражатты қайтару ұзақ жылдарға созылады. Ең сорақысы, біздің тарап Әзербайжан жағы төлеуі тиіс сыйақы мөлшерінен де қағылып, бұл әрекет қордың инвестициялық кірісіне кері әсер еткен. БЖЗҚ-ның қаржысына АҚШ, Сауд Арабиясы, Индонезия, Бразилия, Мексика, Румыния, Перу, Панама елдерінің мемлекеттік бағалы қағаздары да сатып алынған. Былтырғы жылы АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздарына қордың 2,1 трлн теңге қаражаты салынды. Одан кейін шетелдің мемлекеттік бағалы қағаздарына зейнетақы активін салу үрдісі былай түзілген: Мексиканың бағалы қағаздарына –150 млрд, Индонезия –116 млрд, Бразилия – 79 млрд, Филиппин – 65 млрд, Сауд Арабиясы – 55 млрд, Румыния – 53 млрд, Панама – 49 млрд, Перу – 45 млрд теңге.

Ұлттық банктің дерегінше, ең үлкен үлес бәрібір Қазақстанда. Бұл ретте Қаржы министрлігінің облигацияларына зейнетақы қорынан 6,88 трлн теңге салынған. Зейнетақы қорындағы қаражаттың қомақты бөлігі қазақстандық компанияларға бағытталған. Оның ішінде «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингіне, «Қазақстан Халық банкіне», Банк RBK, «Отбасы банкке» зейнетақы активтері берілген. Сонымен қатар Ұлттық банктің портфелінде: «Қазатомпром» құнды қағаздары (244 млрд теңге), «Кселл» акциялары (47 млрд теңге), KEGOC акциялары (29 млрд теңге) бар. Бұл қаражат Қазақстан ішіндегі жобаларды қаржыландыруға кететінін білдіреді.

Экономист-сарапшы Андрей Чеботаревтің пікіріне сүйенсек, бұл жай ғана ішкі жобаларды қаржыландыру емес, зейнеткерлердің ақшасы есебінен бюджет тапшылығын жабу деген сөз.

«Министрлік бюджет тапшылығын жабу үшін облигациялар шығарады, халықтан қарыз алады. Бұл жаман емес. Мысалы, Норвегия қоры өз елінің активтеріне 5 пайыздан артық салмайды. Елде дағдарыс болса, елден тыс активтер құлап кетпейді. Ал бәрін Қазақстанға салса, елде проблема болса, бәрі құлайды. Бұл инвестициялық тәуекелді азайту үшін қажет», – дейді сарапшы.

Экономистің айтуынша, халықаралық компанияларға инвестиция салу – Еуропа, АҚШ және Азиядағы зейнетақы қорлары да кең қолданатын стандартты тәсіл.

   Маңдай тер ақтала ма?

Алайда бұдан халықтың тірнектеп жинаған табан ақы маңдай тері өзіне бұйыра ма?

«Аналитик» талдау және сараптау орталығының экономист-сарапшысы Тоғжан Шаяхметованың есебіне жүгінсек, қазір қазақстандықтардың зейнетақы активтерінің табыстылығы төмендеп кеткен. Биыл бұл көрсеткіш 14,74 пайыз болған. Былтыр Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтерінің табыстылығы 17,84 пайыз болған.

«Бұған қоса биыл қаңтар айында БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқарудан түскен инвестициялық шығын 284,9 млрд теңге болған. Мұндай теріс көрсеткіш 2024 жылдың сәуірінен бері тіркелмеген еді. Инвестициялық табыстың «минусқа» кетуі біраз елді алаңдатты. Өз кезегінде Ұлттық банк өкілдері «бұған алаңдауға негіз жоқ, бұл уақытша құбылыс» деп түсіндірді. Негізінде, бұған алаңдауға негіз бар. Қазір инфляция дес берер емес. Инфляцияның деңгейі жоғары (11-12 пайыз) болғандықтан, инвестициялық кіріс номиналды өссе де, нақты табыс (реалды кіріс) азайып отыр. Мысалы, БЖЗҚ 2024 жылы шамамен 9-10 пайыз табыс әкелсе де, жылдық инфляция 8,5-9 пайыз болды. Сонда зейнетақы қорында жатқан елдің жинағының нақты өсімі бар болғаны 1 пайыз ғана. Егер келешекте қордың қаражатын ұқсатуға қатысты сауатты бағыттарды ұстанбасақ, халықтың зейнетақы жинағы құнсызданып, табан ақы маңдай терімен жинаған қаражатының зейнетін көрмей қалу қаупі бар», – дейді экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова.

  Нарықтың өрісі тар, тиімді құралдар аз

 Негізінен, салалық мамандардың пайымдауынша, біздегі, өндірістік саланың банк саласының және қор нарығының дамымауы да зейнетақы активтерін тиімді пайдалануға мүмкіндік бермейді. Қазақстанның қор нарығының өрісі тар және өтімділігі төмен, тиімді құралдар аз. Көптеген компаниялар ашық листингке шықпайды, акциялар айналымы баяу. Бұл жоғары табысты, әртараптандырылған портфель құруды шектейді. Бұдан соң тәуекелден қорқу саясаты да осы саланың дамуына кедергі келтіруде. Мәселен, БЖЗҚ мен кейбір инвестициялық портфельді басқарушылар тәуекелден қашып, ең қауіпсіз, бірақ аз табысты активтерді таңдайды. Осыдан барып «тәуекел+кіріс» тепе-теңдігі сақталмайды. Нәтижесінде табыстың өсу қарқыны төмен.

Экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменовтің пікіріне сүйенсек, сыртқы факторлар геосаяси тұрақсыздық, теңгенің құбылуы, мұнай бағасындағы өзгерістер қай салада болсын табыстылыққа кері әсер етеді. Сондықтан бізге қазір қаржылық талдау мен ашықтықты күшейту керек. Инвестициялық портфельді басқарушылардың ай сайынғы кірістілігі, тәуекел деңгейі және инвестициялық құрылымы туралы есептерді ашық жариялау қажет. Әр компания бойынша салыстырмалы рейтинг құрылып, компаниялардың табыстылығы, тәуекелі есепке алынғаны жөн.

«Біз қит етсе «геосаяси жағдайға байланысты экономика төмендеді» деп отырамыз. Бірақ экономиканы төмендетпеу үшін, халықтың қолындағы жинағын, болашаққа деп жинап отырған зейнетақы жинағын құнсыздандырмау үшін тиімді құралдарды пайдаланбаймыз. Мысалы, АҚШ-тың пиццерия саласына инвестор болғанша Италияға пицца жасауға сапалы әрі дәмді бидайдан жасалған дайын жайма неге шығармасқа?! Қазы, шұжық Францияға неге жөнелтілмейді? Емдік қасиеті бар қымыз, шұбат неге Еуропа елдеріне жетпейді? Оның орнына Алматыда Германиядан әкелінетін бір бөлкесі 1 500 теңге тұратын нан сатылуда. Бізге ең соңғы дайын өнімге дейін жұмыс істеуге әзір болу қажет. Бір ғана мысал, бізде ауыл тұрғындары түсінетін аграрлық саясат жоқ. Үкіметте бір-бірінен туындап жатқан бағдарламалар көп. Бір министр келіп, бір бағытты айтады, екіншісі басқа бағытқа сүйрейді. Ал ертең екі қолға бір жұмыс таба алмай жүрген ауыл халқы зейнетке шыққанда қалай күн көреді?Бұл өте өзекті мәселе. Біз болашақта шетелге шикізат емес, тауар шығаруымыз керек. Тым болмаса жартылай дайын өнім, мысалы, ұн, ең дұрысы, нан өнімдері, макарон, тағы басқа өнімдер жіберейік. Доллармен күресу дұрыс емес, теңгені нығайтумен айналысқан дұрыс. Теңгені нығайтатын тек өндіріс, өнім шығару. Алыпсатарлық экономика әр уақытта импортталған тауарға тәуелді болмақ. Ал импортқа жүгіну, импорттың тасқынын көбейту – бұл экономиканың әлеуетін көтеретін жол емес. Экономикада сауда салығынан түсетін қаржыға қызығып, бұл саланы жетекшілікке итермелеудің қажеті жоқ. Сондықтан зейнетақы жинағын өзіміздің ең соңғы дайын өнімге дейін өнім шығаратын отандық өндірісті дамытуға салуға басымдық беру керек деп ойлаймын», – дейді экономист-ғалым.

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, зейнетақы қорындағы қаржыны ұқсатудың иін келтіре алмауымыз басымызға таяқ болып тиеді. Ақиқатқа тура қарасақ, зейнетақы қорынан алынып ішкі нарыққа жұмсалған қаражаттарды 100 пайыз ұқсата алғанымыз шамалы. Мәселен, 2017 жылы зейнетақы қорынан қаражат алған теміржол саласы аса бір жанданып кете қойған жоқ. Теміржолдың кем-кетігін қазір жыр қылып айтып, тізіп шығуға болады. Сол сияқты, кезінде зейнетақы қорынан қаражат алып, агросаясатты жандандырмақ болған «ҚазАгро» холдингі де ауыл шаруашылығын өркендете алмады. Тіпті «ҚазАгро» холдингі жабылып, ақыры оның зейнетақы қорынан алған 450 млрд теңге қаражатын «Бәйтерек» ұлттық холдингі төлеп беретін болған. Санай берсек, зейнетақы қорының қаражаты алынбалы-салынбалы болып, өзімізді қойып шетелдік компанияларға да берілді. Бірақ бұдан бабы келіскен бір саланы көре қойғанымыз шамалы. Ал енді атақты олигарх Тимур Құлыбаевқа тиесілі қаржы институты АҚШ-тың пиццасын «пісіру» арқылы, зейнетақы қорының кірісін өсіргісі келеді. Әрине, бұл да активті көтерудің бір амалы шығар.

Бірақ бізге зейнетақы қорындағы 24 трлн теңгені құнсыздандырып алмай, экономикалық тұрғыда тиімді ету үшін бұдан да сауатты схемалар керек екені даусыз.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

 

 

Тегтер: