Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:25, 07 Наурыз 2024

Дәден Сәлімжан: Баланың қарызын жауып, оны құмар ойыннан тыя алмайсыз

құмар ойын
Фото:profi-detox.com.ua

Елімізде өткен жылғы тіркелген 157 мыңнан астам қылмыстық оқиғаның 20%-ы лудоманияның салдарынан туындаған. Демек, ойынқұмарлық қазір жеке адамдардың басындағы мәселе ғана емес, жалпы қоғамды жайлаған індетке айналып барады.

Әйтсе де, денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылдан бері лудоман ретінде 8-ақ адамның тіркелгенін айтады. Ал шын мәнінде жағдайдың едәуір күрделі екені түсінікті. Ойынқұмарлық қоғамды іштей ірітетін, әлеуметтік, экономикалық дағдарысқа алып баратын у. Жақында мәжіліс депутаттары құмар ойындарына қарсы заң жобасын дайындап жатқандығын жеткізген-ді. Аталмыш заң мәселені түбегейлі шеше ала ма? Жалпы, бұл індеттің тамыры қайда жатыр? Осы тақырып аясында психолог-аддиктолог Дәден Сәлімжан мырзамен сұхбаттасқан едік.

— Дәден мырза, қазір лудомания қоғам дертіне айналды десе болады. Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны ресми тұрғыда психологиялық ауру деп танығанын білеміз. Жалпы, психологиялық тұрғыдан келгенде ойынқұмарлыққа не себеп болады?

— Лудоманияның 3 негізгі себебін атап айтуға болады. Біріншісі – психологиялық, екіншісі – әлеуметтік, үшіншісі – биологиялық фактор. Психологиялық жағынан келгенде ойынға тәуелді болған көп адам өзін бақылауда ұстай аламын деп ойлайды. Тіпті тәуелді болған күннің өзінде онысын мойындамайды, кез келген сәтте қойып кете аламын деп санайды. Ал әлеуметтік жағынан қарасақ, қазір қоғамда құмар ойындарын жағымды етіп көрсету үшін әрекет жасалып жатыр. Бұрыш-бұрышта, қуыс-қуыста казино, букмекерлік кеңселердің жарнамалары самсап тұр. Әлеуметтік желілердегі қызылды-жасылды өмір, осының бәрі адамды игроманияға итермелеп жатыр десем, асыра айтқаным болмас. Өйткені соған қызыққан адам жылдам ақша тауып, байығысы келеді. Сонымен қоса лудоманияның генетикалық тұрғыда,   тұқым қуалайтындығы да бүгінде ғылыми түрде дәлелденіп отыр.

—Лудомания әлеуметтік жағдайдан туындайды деуге негіз бар ма? Себебі ойынқұмарлыққа салынған ауқатты адамдар да аз емес.

—Біздің айықтыру орталығымызға аптасына оншақты адам келеді. Әрқайсысының жағдайы әртүрлі. Біреу миллион долларға ұтылса, біреу 500 мыңға ұтылуы мүмкін. Бірақ бәрінде мақсат біреу-ақ. Ол – өзін көрсету, дәлелдеу. Кейін келе бұл ойын күнделікті ас ішу сияқты қалыпты жағдайға айналады. Себебін сұрасаң, қарызым бар дейді. Ал сол қарыздың өзі ойыннан келеді ғой. Негізінен лудоман адамдардың өз-өзіне деген сенімсіздік, өмірде өз орнын таппауы сияқты психологиялық факторлар әсер етеді. Мұны бақыт гармондары: дофаминдер мен эндорфиндер арқылы да түсіндіруге болады. Ұтыс тіккен адамда әдетте самолеттен парашютпен секірген сияқты үлкен мөлшердегі адреналин бөлінеді.

—Психотерапевтер лудомандардың нейропсихологиялық механизмі нашақорлар мен маскүнемдерге ұқсайтындығын айтады. Адамда тәуелділік қалай пайда болады?

—Негізі тәуелділіктің 4 деңгейі бар. Көп адамнан сұрасаң, бастапқыда жай ғана қызық үшін анда-санда чемпионаттарға ұтыс тігемін деп айтады. Бірақ ұтыс мөлшері барған сайын көбейе береді. Себебі тәуелділік созылмалы және прогрессивті түрде асқына беретін ауру. Бұл өзіңіз айтқандай, нашақорлық пен алкоголизмнің биохимиялық процестеріне ұқсайды. Бірақ лудоманияның бір қаупі – адам өзіне ғана емес, айналасындағы адамдарға да зиян шектіреді.

— Жоғарыда өзіңіз айтқандай, көшедегі құмар ойындарының жарнамасынан көз сүрінеді. Тіпті еліміздің бас футбол премьер лигасының өзі букмекерлік компания атымен аталады екен. Жалпы, букмекерлік кеңселердің, казинолар мен лотереялардың жарнамаларына тыйым салудың әсері бар ма?

—Өткен 2023 жылы тек осы казинолар мен букмекерлік кеңселер бойынша мемлекет бюджетіне 110 млрд теңге салық түсті. Ал онда жалпы айналымдағы ақша мөлшері қанша екенін ойлай беріңіз. Статистика бойынша ұтыстар арқылы күніне 3,5 млрд айналым жүріп жатыр. Сол үшін мұны бірден тыя алмаймыз. Мәселен, Қытайда құмар ойындарына, онлайн казиноларға толықтай тыйым салынған. Бірақ сол Қытай елінде осы ойынға тәуелділік ең өзекті мәселелердің бірі. Орыстарда «запретный плод сладок» дейтін сөз бар. Қазір инстаграмдағы гивтардан бастап, конкурстар, лотереялар қаптап кетті. Бұған халықтың кедейлік деңгейі мен білім сапасына да әсер етуі мүмкін. Ал оны бірден тыйып тастау қиынға соғады. Айналып келгенде, бәрібір де жауапкершілік әркімнің өз мойнында.

— Қазір жасөспірімдер арасында да осы ойынқұмарлық кең таралған. Мұның да салдары әзір көрінбегенмен, соның артында осы тәуелділік, қарыздар тұрғаны түсінікті. Ендеше, өзін ойынға тәуелдімін деп санайтын адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?

— Қазір мен осы лудомания тақырыбында мектептер мен университеттерде жиі лекциялар жүргізіп тұрамын. Сонда байқағаным, бәрі телефоннан басталады екен. Мысалы, «Free fire, Stand off, PubG mobile» сияқты кең таралған ойындардың өзі осы құмарлыққа ұмтылдырады. Бұл ойындарда ақылы кейстер бар. Ақша саласың да, көтеріп аласың. Бұл – азарт қой. Міне, бәрі осыдан басталады. Ата-аналар болса, мұны түсіне бермейді. Ал студенттерге келер болсақ, жеңіл ақшаға әуес болмаса екен деймін. Оңай олжа қақпанда ғана болады. Букмекерлік кеңселердің бірінде жұмыс істейтін танысым бар. Айтуынша, соңғы 5 жылдың ішінде 1000 аккаунттан тек біреуі ғана плюста тұр дейді. Адамдар көбіне ұттым деп өзін алдайды. Алайда шын мәнінде, ойынды ұтқан адам жоқ, ойыннан ұтылғандар бар.

—Лудомандар көп жағдайда өзінің ұтылғанын, қарызданғанын жақындарынан жасырып бағады. Көп мәселенің түпкі себебі де осыда болып тұр. Осы тұста жақын адамдары лудомандарды қандай әрекеттерінен тануына болады?

—Ойын ойнайтын адамдар көбіне жалғыз қалады. Достарымен, ата- анасымен, әйелімен сөйлеспей, тұйықтала бастайды. Әрдайым телефонға жалтақтап, оны жасыруға тырысып жүреді. Сосын қарыздары көбейеді. Көп ата-ананың жиі жасайтын қателігі – баласының қарызын жауып беруі. Жұрттан ұят болмасын дейді. Ал біз, керісінше, жауып бермеуге кеңес береміз. Бізге аптасына баласының ойынға салынып кеткенін айтып, оншақты отбасы хабарласады. Бірақ солардың бір-екеуі ғана кеңес алуға келеді. Қалғаны емделуден қашады, уәде береді, ақыры ойынға қайта оралып жатады. Себебі қоғамда триггерлер өте көп. Айықтыру орталықтарында кешенді түрде емделмесе, бұл кеселден құтылу қиын.

Сұхбаттасқан

Қосқанат Бауыржан

 

Фото: profi-detox.com.ua

Тегтер: