Дарынды балалар – жарқын болашақтың бастауы

Балалар жылында елімізде дарынды балаларды қолдауға қатысты мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдаулар жалғасын тауып келеді.
Яғни, дарынды баланың болашаққа деген сенімін арттыру үшін олардың әлеуетті жағдайларын арттыру ең басты жағдай саналады.
Мәселен, биыл Қазақстанда алғаш рет халықаралық пәндік олимпиадаларға 27 дарынды бала қатысып, 4 жарым миллион теңге көлемінде ұтыстарды иеленді. Бұл Мемлекет басшысының дарынды балалар мен әлеуметтік осал топтағы балалардың шығармашылығын қолдап, олардың білім алудағы инклюзивтілігін арттыруға қатысты тапсырмасы аясында атқарылған жұмыстардың легі саналады.
Осы тапсырма аясында Оқу ағарту министрі Асхат Аймағамбетов: «Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында дарынды балалар мен әлеуметтік осал топтан шыққан балаларды қолдау мақсатында мамандандырылған мектеперге түсулеріне он бес пайыздық квота алуларына жағдай жасадық. Қазіргі уақытта квота бойынша 1500-нан астам бала «БИЛ», «Дарын» мектептеріне түсе алады. Осы арқылы дарынды балаларға да, өзін әлі көрсете алмағандарға да тең жағдай жасап келеміз. Әлі де жасаймыз» деді.
Шындығында, дарынды балаларды қолдаған сайын олардың шығармашылығы мен білімі арта түсетіні айдан-анық. Бұған дәлел, жуырда еліміздегі бірқатар дарынды балалар шығармашылықтарын ұштап, халықаралық жарыстардан бас жүлделерді иеленіп келді.
Сондай-ақ балалар шығармашылығын қолдау мақсатында еліміздің батыс өңірі Орал қаласында «Алтын орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театры ашылды. Театрдың ашылу мақсаты – балалардың шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыра отырып, дарынды балаларға қолдау көрсету болып табылады. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығы мен мәдениетін дамытуға ықпал етіп, жас ұрпақтың ой-өрісін дамытуға, театр өнеріне қадам басқысы келетін жас буынға жол ашу болып саналады.
Театрдың ең алғашқы шымылдығы А. Атымтаеваның «Кім патша?» ертегісімен ашылған болатын. Содан бері театр балаларға танымдық, ұлттық шығармаларды қойып келеді.
- Театр – тірі организм болғандықтан, жақсы пьеса мен ұтымды репертуарлар көрерменнің құлшынысын арттырады. 2021 жылы қалалық «Мәдени-ағарту бірлестігі» мемлекеттік мекемесі директоры С.Тоқмамбетов бастаған театрға жанашыр жандардың атсалысуымен төрт жаңа қойылым сахналанып, жоспар толықтай орындалды. Өнерпаздардың барлығы дерлік рөлмен қамтылып, көрермен қошеметіне бөленді. Қазір аталмыш театр әр балаға қуаныш пен ұмытылмас сәттер сыйлап келеді, – дейді режиссер Самал Әбуов.
Бұдан бөлек, елімізде өзінің дарынымен, шығармашылық қарым қабілетімен көзге түсіп жүрген балаларға келсек, елімізде дарынды балалар соңғы жылдары көбейіп келе жатқандығы қуантады. Оны биыл ұйымдастырылған «Натробоком – 2022» роботтық техника жарысынан байқадық. Аталмыш жарыс Қазталов аудандық орталықтандырылған кітапханасында өткізілді.
Роботтық техниканы құрастыру және бағдарламалау бағытында өткізілген жарысқа мектеп-лицейлерден А.Оразбаева, Ғ.Молдашев, К.Мендалиев, Ғ.Бегалиев мектептерінің оқушылары қатысып, бақтарын сынады.
Роботтық техника жарысы «Робо ақсүйек», «Робо арқан тартыс», «Робо қыз қуу», «робо асық ату» және «Бағдарламалау» деп аталатын бес кезеңнен тұрады. Сайыс барысында әр ойындар ұлттық ойындардың ережесіне негізделе отырып жүргізілген. Яғни, онда роботтардың межелі сызықтан аспай, асықтарды дәлдеп атуы, арқан тартыс ойындарында бірінен-бірі жеңілмеуге тырысып ойнауы балалардың қызығушылығын арттыра түсті. Сайыс соңында жарысқа қатысқан дарынды балалар әр аталымдар бойынша жүлдегер атанды.
Мәселен, «Робо асық ату» категориясы бойынша Төлеген Алиман, Еркебұлан Жасанғали, Арнұр Рысқалиев жеңімпаз атанды.
Ал «Робо арқан тартыс» санаты бойынша дарынды оқушылар Әбілхайыр Шайхолла, Ерден Жанайдар, Бекмырза Қанатұлы жеңіске жетті.
«Робо ақсүйек» категориясынан Елжан Рапхатов, Асылхан Серік, Әзілхан Мендыхан, «Робо қыз қуу» бойынша Байсал Елдосұлы, Азат Кенжалиев, Алдияр Оразғалилар жеңімпаз болды. Ал соңғы «Робо бағдарлау» категориясына сәйкес, Жанбатыр Максимұлы, Ғылым Ерасыл, Бекмырза Қанатұлы, Әлихан Байтақ есімді озат оқушылар жеңісті қанжығасына байлады.
Бұл ұлттық ойындарды қазіргі заманауи технологиямен байланыстыра отырып, сол арқылы ұрпақ санасын жетілдіру мен оқушылардың жаңа технологияларға деген қызығушылығын ояту үшін осындай жарыстар ұйымдастырылып жатқандығы қуантады.