Дәурен Абаев: Қазақстан халқының 95%-ы орыс тілінде сөйлейді

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев қазақстандықтардың 95 пайызы орыс тілін меңгергенін және бұл – халықтың артықшылығы екенін айтты.
Бұл туралы ол ТАСС агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Елшінің айтуынша, мемлекеттік тіл – қазақ тіліне басымдық беріліп отыр, оның рөлі жыл сайын артып келеді. Дегенмен, орыс тілін меңгеру – қоғам үшін қосымша мүмкіндік.
«Қазақстанда, меніңше, 95 пайыз халық орыс тілінде сөйлейді. Біз мұны өзіміздің күшіміз деп санаймыз. Әрине, басты орында мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі, оның рөлі жыл сайын күшейіп келеді. Бірақ сонымен бірге ел азаматтарының орыс тілін білуі біз үшін үлкен артықшылық», – деді дипломат.
Абаев Қазақстандағы шамамен 7 мың мектептің 3 мыңға жуығында білім беру орыс тілінде жүргізілетінін атап өтті. Оның сөзінше, барлық мектепте орыс тілін оқу міндетті саналады.
«Орыс тілі – Қазақстанда бізге бәсекеге қабілеттілік беретін тіл», – дейді ол.
Сонымен қатар, бұған дейін елшілік өкілі Қазақстан халқы Ресейді достас мемлекет деп қабылдайтынын айтқан болатын.