Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
21:45, 09 Қараша 2023

Экс-министр Бишімбаев әйелін өлтірді деген күдікпен қамауға алынды

Бишимбаев
Фото: из открытых источников

Астанада бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ұсталды.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, қаладағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, нәтижесінде бір әйел алған жарақатынан көз жұмған.

"Күдікті қамауға алынды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиға орнында Есіл аудандық ІІБ мен ЖПБ жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Тергеу жүргізілуде. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу» 201-бабына сәйкес, бұл қылмыстық іс бойынша басқа мәліметтер берілмейді», - делінген хабарламада.

БАҚ-тың жазуынша, бұрынғы Экономика министрі Қуандық Бишімбаев жанжал шыққан жерде ұсталған. Экс-шенеунік екінші әйелі Салтанат Нүкеноваға дене жарақатын салған. Ол алған жарақаттарынан жедел жәрдем келгенше көз жұмған.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаев 2016 жылдың мамыры мен желтоқсаны аралығында Ұлттық экономика министрі болған. Оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2017 жылдың қаңтарында ұстаған.

Бұрынғы министрге қатысты сот төрт айдан астам уақытқа созылды. Бұл іске Бишімбаевпен бірге тағы 22 адам – «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ-ның бұрынғы қызметкерлері, кәсіпкерлер мен құрылыс компанияларының өкілдері қатысты болған.

2018 жылдың наурыз айында Қуандық Бишімбаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол пара алу және ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

2019 жылдың қазан айында экс-министр бостандыққа шықты.