Елена Рыбакина Брисбенде мықты қарсыласын айқын басымдықпен жеңді
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 5-орын) Австралияның Брисбен қаласында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирдің 1/8 финалында сенімді жеңіске жетті.
Бұл туралы sports.kz жазды.
Бұл жолы Рыбакинаның қарсыласы әлемнің бұрынғы екінші ракеткасы, испаниялық Паула Бадоса (WTA рейтингінде 25-орын) болды. Кездесу екі сетте аяқталып, қазақстандық спортшы 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Матч 1 сағат 26 минутқа созылды.
Осылайша, Елена Рыбакина ширек финалға жолдама алды. Бұл кезеңде ол чехиялық Каролина Мухова (20-орын) мен ресейлік Екатерина Александрова (10-орын) арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.
Айта кетейік, биыл Брисбендегі турнирдің жалпы жүлде қоры 1 691 602 АҚШ долларын құрайды. Турнир жеңімпазы 214 530 доллар табыс тауып, 500 рейтингтік ұпайға ие болады. Елена Рыбакина бұл жарыстың басты жүлдесін 2024 жылы жеңіп алған.
Бұған дейін Рыбакина қазіргі таңда өзін ең үздік спорттық бабында сезініп жүргенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, бұл қалыпты ол 2025 жылдың күзіне қарай жинақтаған және осы мүмкіндікті пайдаланып, 2026 жылғы маусымдағы алғашқы «Үлкен дулыға» турнирінде рекордтық нәтиже көрсетуге ниетті.