Елге жұбаныш болған эмоциялар ғана...
Төрт жылда бір келетін Олимпиада кезінде күллі қазақ спорт жанкүйеріне айналады. Өмірі бокс көрмейтін қауым боксшыларға сын айтады. Бір рет күреске қызықпаған адамдар балуандарға мін тағады.
Спорттық гимнастиканың не екенін білмейтіндер де дауыс көтере бастайды. Бірақ мен бұндай қылықтарды еш сөкпеймін. Себебі бұл көпшіліктің қалыпты психологиясы. Қазір спортты айтып отырған адамыңыз ертең-ақ Батыс пен Ресейдің тұтқын алмасуына саяси баға беріп отыра береді. Болмаса, ел ішіндегі депутаттардың ауыл-аймақты аралағаны дұрыс па, бұрыс па деген тақырыпты «терең» қаузап, өз тұжырымын қиналмай айта салады. Қоғамдағы негізгі оқиғаларға пікір айтып, үн қатып отыру сол қоғам мүшелерінің бір функциясы. Оларды «диван батыр», «диван сарапшы» деп айыптаудың еш қажеті жоқ.
Мен негізгі айтар сөзге келейін. Әсілі экономикада, саясатта, жаңа технологияда жетістігі жоқ елдер спортты мемлекеттік идеологияға айналдырады. Бұл – тоталитарлық, диктаторлық, авторитарлық елдерге тән сипат. Елдегі әлеуметтік теңсіздіктен, экономикалық қиындықтан, саяси тығырықтан мезі болған, ештеңеден жұбаныш таппаған азаматтардың көңілін бір реткі жеңіспен алдау, сол арқылы мемлекетіміз дамып, билік халықты қолдап отыр деген месседж жіберу үйреншікті әдіс. Назарбаев дәуірінде де солай болған. Халықтың басқа мәселесіне соншалықты көп назар аударылып, ақша бөлінбеуі мүмкін. Бірақ өз еңбегімен, талантымен шыққан адамды иеленіп, оған рақмет айтқызып, оны жарнамалау – қоғамда иллюзия туғызу. Қоғамды спорт арқылы ұйыстыру. Патриотизмді тек спорт арқылы ғана оятқысы келеді. Оның қоғамдық санаға қатты әсері де болып жатады. Сол үшін идеологияға айналады. Бірақ біздің спорт ақыл-ойдың жемісі емес қой. Дзюдоны ХІХ ғасырдың соңында Дзигоро Кано ойлап тапқан, өзіндік философиясы бар спорт түрі. Оған жапон халқы ақылымен жетті. Қазір де оны тек спорт қана емес, рухани тірек ретінде қарайды. Ал біз оны спорт деп қана қараймыз. Спортты тек жаттығу емес, интеллектуалды өнер ретінде қараған кезде ғана бізде шынайы жеңімпаздар шығады.
Сондай жеңістер ғана мемлекеттің мақтанышы бола алады. Еуропада тұрып келген бір досым Каспий қосымшасын көріп таңғалды. «Бұндай дүние Еуропада жоқ. Қандай керемет» дейді. Бірақ ақыл-ойдың еңбегінен гөрі бізге қара күш мақтан.
«Қазақстан – бокс державасы» дейді бір депутат. Держава күштің, монархиялық биліктің символы емес пе? Спорт мемлекеттік идеологияның бас құралы болғанымен әр салада бәсеке көп заманда Қазақстанның барлық проблемасын шешпейді. Бұқараның әл-ауқаты, тұрмысы оңалып кетпейді. Адамның эмоциясына қатты әсер ететін эмоциялар жоғалады.
Олимпиададан жүлде алып келген бауырларымызды енді жерге түсірмей әспеттейміз. Кейін депутат қылармыз. Бірақ одан бізге пайда бола ма? Спортшылардың депутат болғанын осыған дейін де көрдік. Кім не тындырды, не бітірді? Кімнің есінде қалды?
Ал осы уақытқа дейін жеңімпаз болған бұрынғы олимпиада спортшыларына жасаған құрметімізден бүгін қандай із қалды? Сол уақытта бақыттан басымыз айналыпты делік. Сол бақыт, сол қуаныш халқымызға қаншалықты жұбаныш болды? Содан әлеуметтік мәселеміз шешіліп кетіп пе?
Рас, жеңімпаздар лайықты құрметке бөленіп, лайықты сый-сияпатын алсын. Бірақ жеке адамдардың жеңісін түгел мемлекеттің жеңісі деп және оны тұтас жұрттың көңілін аулау үшін пайдаланғанымыз қаншалықты жөн?
«Жеңістің иесі көп...» деген бір тәмсіл қалыпты баяғыдан. Иесі ғана емес, жеңістің өзі де көп болсын.
Қанат Тілеухан, жазушы