Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:51, 08 Қараша 2021

Ең төменгі жалақы 60 мың теңге болады

None
None

Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеге жетпек. Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында айтқан болатын.

Енді қазіргі атқарылып жатқан жұмыстар туралы президенттің көмекшісі Ерлан Қарин айтты.

«Биылғы жолдауды жүзеге асыру мақсатында жасалған бағдарламада 103 пункт бар. Осының өзі құжаттың қаншалықты ауқымды екенін көрсетеді. Жолдаудың жарияланғанына көп уақыт өтпесе де, жүзеге асыру жұмыстары басталып кетті. Тіпті белгілі нәтижелер бар. Мысалы, президент ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге көтеру туралы тапсырма берді. Осыған сәйкес, 2022-24 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға тиісті өзгерістер дайындалып, мәжілістегі жұмыс тобына жолданды. Жақында пленарлық отырыста қаралады», – деді Ерлан Карин «Хабар 24» телеарнасындағы «Анығын айтқанда» бағдарламасында.

Бұдан өзге де тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша арнайы жалпы ұлттық жоспар қабылданбақ екен. Ұлттық жоспарда ерекше мән берілген тағы бір сала – ғылым саласын дамыту. Қазір білім және ғылым министрлігімен ғылым туралы заңға тиісті өзгерістер дайындалып болған.

«Атап айтқанда, жетекші ғалымдардың жалақысын базалық қаржыландыруға қосу және ғылыми зерттеумен айналысатын институтын қаржыландыру, гранттық жобаларды үш жылдан бес жылға дейін ұлғайту сияқты жобалар қарастырылып жатыр», – дейді Қарин.

Жалпы, ұлттық жоспардың қандай бағыттарды қамтитыны бұған дейін айтылған. Қариннің айтуынша, бәрі өз ретімен келе жатыр. Ұлттық жоспар ұлт мүддесін түгендейтін жоба болады деп сенеміз.

Тегтер: