Энергетика министрлігі: Новороссийскідегі оқиғадан кейін мұнай экспорты штаттық режимде жалғасып жатыр
Қазақстанның Энергетика министрлігі Новороссийск портындағы оқиға қазақстандық мұнай экспортының көлеміне әсер етпегенін мәлімдеді.
«Қазіргі таңда қазақстандық шикізатты қабылдау мен тасымалдау штаттық жұмыс режимінде жүзеге асырылып жатыр. Экспорттық жоспарлар кестеге сай орындалуда», - деді Қазақстан Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаева.
Astra және басқа да телеграм-арналар Новороссийскідегі дрон шабуылы салдарынан «Шесхарис» мұнай құю терминалы зақымданғанын жазуда. Бұл Ресейдің оңтүстігіндегі мұнай мен мұнай өнімдерін танкерлерге тиеу және сақтау бойынша ең ірі әрі негізгі кешендердің бірі.
«Шесхарис» «Черномортранснефть» (ПАО «Транснефть») құрылымына кіреді. Оның резервуарлық қоры 500 мың тоннаға дейін шикі мұнай қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл терминал дрондар шабуылына алғаш рет ұшырап отырған жоқ. 2 наурыздағы шабуылдан кейін терминал бір аптадан соң ғана жұмысын қайта бастаған. Bloomberg агенттігінің дереккөзі сол кезде дрондар сегіз тиеу алаңының алтауын зақымдағанын айтқан.
Ресей Қорғаныс министрлігі 198 украиналық дронның атып түсірілгенін хабарлады.
Новороссийскідегі Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан, Ресей және әлемдік ірі мұнай компаниялары қатысатын ірі халықаралық жоба. Құбырдың ұзындығы шамамен 1500 шақырым. Ол арқылы негізінен Батыс Қазақстан мен Ресей мұнайы тасымалданады.
2022 жылы Ресейдің Украинаға қарсы бастаған соғысынан бері КҚК бірнеше рет жұмысын уақытша тоқтатқан. Негізінен ауа райының қолайсыздығы себеп ретінде көрсетілген. Өткен жылы Украинамен шекараға жақын орналасқан бұл нысан украиналық ұшқышсыз катерлердің шабуылына бірнеше рет ұшырағанын мәлімдеген.