Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:21, 10 Шілде 2025

Ерекше бала – ерекше назар

балалар
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда инклюзивті білім беру жүйесінің негізі 2009 жылдан бастау алады. Осы жылы ерекше қажеттілігі бар балаларды жалпы білім беру ортасына икемдеу мақсаты аясында елімізде инклюзивті білім беруді дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленді.

 Ал 2010 жылғы 1 ақпанда еліміздің білім беру саласын жаңа сатыға көтерген 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Сол кезден бері елімізде инклюзивті білім берудің ауқымы кеңейіп, оны жүзеге асыруға тартылған мамандар да кәсіби тәжірибе жинақтап келеді. Қазіргі таңда Қазақстанның әр өңіріндегі білім беру мекемелері ерекше қажеттіліктері бар балаларды қабылдап, оларды әлеуметтік ортаға бейімдеуге күш салуда.

Мәселен, мектепке дейінгі инклюзивті білім берудің мысалы ретінде Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы «Жас қанат» ықшамауданында орналасқан №187 бөбекжай-балабақшасын атап өтуге болады. Бұл мекеме 2020 жылдың 3 тамызында 280 орынға есептеліп ашылған. Мұнда 14 топ жұмыс істейді, соның ішінде бір топ – ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған. Сонымен қатар психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің (ПМПК) қорытындысы негізінде қалыпты топтарда тәрбиеленіп жатқан 20 бала бар. Ерекше топта жеке тәрбиешіден бөлек, педагог-психолог, педагог-дефектолог және логопед жұмыс істейді. Бұл мамандар өз біліктілігін «Өрлеу» ұлттық орталығының түзету-дамыту қызметіне арналған курстарында арттырып отырады. Олардың қатарында тәрбиешілер де бар, олар семинар-тренингтер мен тәжірибе алмасу алаңдарына қатыса отырып, үздік педагогикалық әдіс-тәсілдерді меңгереді.

Балабақша меңгерушісі Фарида Қызырханқызының айтуынша, мекеме ұжымы ата-аналармен жүйелі байланыс орнатып, қалыпты дамып келе жатқан балалардың ата-анасына ерекше балалардың құқықтары мен жағдайын түсіндіруге тырысады. Бұл балабақшаға көбіне тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар қабылданады.

«Инклюзия – бұл біріктіру, қоғаммен тоғыстыру. Ерекше балаларды қоршаған ортамен өзара қарым-қатынасқа түсіруге, қатар құрбыларымен және ересектермен тең жағдайда өмір сүруге мүмкіндік жасау – біздің басты мақсатымыз», – дейді Фарида Қызырханқызы.

Маманның айтуынша, педагогикалық ғылымда әртүрлі жіктеулер мен классификациялар бар. Бірақ бәрі белгілі бір ортақ логикаға сүйенеді. Мәселен, үш айында мойнын ұстау, төрт айында аунау, алты айында отыру – қалыпты даму сатылары. Ерекше балаларда бұл кезеңдер баяу немесе бұрмаланған түрде өтеді. Сондықтан әр ата-ана баласының физиологиялық, психологиялық даму ерекшеліктерін білгені жөн. Бақылау кезінде қолданылатын әдіс-тәсілдер – негізінен педагогикалық. Ғылыми негізі бар тәсілдермен қатар, ата-анадан алынатын ақпарат та баланың даму ерекшеліктерін анықтауға көмектеседі. Баланың бір-екі сөзді айтуы оның сөйлеу қабілеті толық қалыптасқанын білдіре ме деген сұраққа жауап бергенде, Назерке ханым бұл жиі кездесетін қате түсінік екенін айтты. Қалыпты баланың 3–4 жасында 100–200 сөздік қоры болып, сөз тіркестерімен сөйлеуі тиіс. Жай ғана сөз айтудан толық сөйлеуге өту – күрделі когнитивті процестің нәтижесі. Статистикаға сүйенсек, психикалық дамуы тежелген балалар саны физиологиялық ауытқуы бар балалардан әлдеқайда көп. Бір баланың бойында бірнеше диагноз қатар жүруі мүмкін. Мұндай жағдайда тек педагог емес, медициналық мамандардың көмегі де қажет. Ал медициналық қолдауды ұйымдастыру – ата-ананың міндеті. Ерекше баласы бар ата-анамен алғашқы жұмыс – оларды баласының жағдайына бейімдеу. Өйткені ата-ана баласының ерекшелігін мойындамайынша, жұмыстың нәтижесі де болмайды. Мысалы, кейбір аналар баласының тек сөйлемейтініне сенімді болады, ал мамандар оның бойында басқа да ауытқулар бар екенін анықтап жатады. Мұндай жағдайда ата-анамен тіл табысып, нақты дәлелдермен жағдайды түсіндіру қажет.

Қалмұрат АҚБОЛАТ