«Еститін мемлекет» ашынған аналарды қашан естиді?
Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде көпбалалы аналардың наразылық шараларын жиі ұйымдастыратынын сөз етіп, «Шын мәнінде ана дегеніміз – отбасының ұйытқысы, ананың орны ерекше.
Оны бәріміз де білеміз. Сондықтан біз қоғамда анаға деген құрметті өте жоғары қоюымыз керек. Сонымен қатар аналар да қоғам алдында өз жауапкершілігін терең сезінуі керек. Кейбір көпбалалы аналарымыз заңсыз ереуілдерге шығып, айқай-шу көтеріп, қоғамдық тәртіпті бұзып отыр», – деді.
Рас, соңғы кездері көпбалалы аналарымыз жиі наразылық танытып, жиналатын болып жүр. Аналарымызды ашындырып, керегін іздеп, биліктің есігін қағып, наразылық танытып, «қоғамдық тәртіп» бұзатын жандарға қалай айналдырып алдық?! Құлға да «датын» айтқызып, уәжіне құлақ түретін ел едік қой, ендеше аналарымызға кінә артпас бұрын, бір сәт наразы үніне құлақ ассақ етті...
Ең бірінші, көпбалалы аналарымыз алғаш рет наразылық шарасына не үшін шығып еді, соны еске түсірейікші. Иә, ананың ең жанды жері – баласы. Астанада аналары нәпақа іздеп, түнгі ауысымға жұмысқа кеткенде бес бірдей періштенің өрт құрбанына айналуы еліміздің түкпір-түкпіріндегі көпбалалы аналарымыздың басын қосқан болатын. Шын мәнінде елімізде осы оқиғаға жүрегі ауырмаған адам қалмап еді. Қоғамды бір сілкіп алған осы оқиғадан соң, аналарымыз балаға тиісті жағдай жасауды сұрап, наразылық танытып көшеге шықты. Әдеттегідей, адам өлімі болмай, орнынан қозғала қоймайтын билік те осы оқиғадан соң, көпбалалы үйдің тышқақ лағына дейін есепке алып, атаулы әлеуметтік көмек тағайындап, бала басына 21 мың теңгеден төлеп, әбігерге түсті де қалды. Осылайша 21 мың теңге жәрдемақы алғаш рет елде наразылық көңіл күйі артып, көпбалалы аналардың наразылық шерулері жиілеген 2019 жылдың көктемінен бастап беріле бастаған-ды. Отқа оранып, періште күйінде көкке көтерілген бес бала көпбалалы үйдегі балалардың жәрдемақы түскенде қарны бір тоятын күндерінің құрбанындай есте қалып еді. Ет бағасы күн санап өскен қоғамда жыл он екі ай ет алып, ыстық сорпаға да ерні тимейтін балаларының ең болмаса жәрдемақы алған күні бір жырғап қалатынын көрген аналарымыз да жұбанғандай болатын.
Алайда аналарымыздың қуанышы көпке созылмады, біраз уақыт өткен соң, билік «елде үкіметке қол жаятындар» көбейіп кеткенін, «масылдық артып бара жатқанын» айтып, 21 мың теңгемен бүкіл елдің «жыртығын жамап тастағандай» сөздер айта бастады. Артынша жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек төлеу шартын өзгертіп, бала басына төленетін жәрдемақыны 10 мың теңгеге дейін азайтты. Ал нарықта баға сағат санап өсіп барады. Халық жиі тұтынатын тауарлардың бағасына дейін айтарлықтай қымбаттады. Бірақ сонда да билік көпбалалы үйде «ауыздың да көптігін» ескеріп немесе қымбатшылыққа қарап, халыққа жағдай жасауды ойлай қоймады. Ал аналарымыз еліміздің әр түкпірінде 21 мың теңгені қайтаруды сұрап, наразылық шерулеріне шыға бастады. Қайталап айтамыз, олар мұнайға бай Араб еліндегідей әр баланың несібесі ретінде есепшотқа ақша аударып отыруды немесе көрші Ресей еліндегідей қомақты «Ана депозитін» сұрап отырған жоқ. Бар болғаны «әр балаға 21 мың теңгеден төленсе» дейді. Үйіндегі баласы ішер асқа, киер киімге жарымай отырғанда қоғамнан қамқорлық күтіп, көшеге шыққан аналарға «аштан өліп, көштен қалсаң да, үйіңде отыр» деп айта аламыз ба?!
Өткен ғасырдың 90-жылдары ала дорбаларын арқалап, жанұяның жүгін жалғыз өздері көтеріп, Қытай асып, тауар тасып, пойыздан-пойызға нәзік иықтарымен ауыр сөмкелерін тасып, қайсарлық танытқан аналарымыз ол кездері мемлекеттің де жағдайы онша емес екеніне түсіністік танытқан болатын. Сондықтан балаларына жәрдемақы мен жеңілдік сұрамастан, балаларын асырауды өз мойындарына алды. Өйткені ана баланы өмірге әкелген соң, жауапкершілікті алдымен өзі сезінеді, аш бала бетіне қарағанда шыдап отыра да алмайды. Оларды көшеге ереуілге шығарып отырған да, шекара асырып, тауар тасытқан да осы күш болатын. Ал бүгінгі күні еліміздің еңсесі тіктелген уақытта аналарымыздың мемлекеттен қамқорлық күтуі заңды емес пе?
Әншейінде дамыған елдердің қатарынан көрінуге ұмтылып, дамыған елдердің жүйесін көшіргіш еліміздің осындайда дамыған елдердің ана мен балаға жасап отырған жағдайын «байқамай» қалатыны өкінішті. Айтпақшы, мемлекет бала санына қарай алалап та отыр. Жанұяда үш балаға дейін бала басына ақша төленбейді. Тек төрт балалы отбасынан бастап қана «мемлекет мейіріміне» бөленуге мүмкіндік бар. Бізде үш бала «бала емес», төрт баладан бастап қана бала саналады. Сондықтан көпбалалы аналар бірнеше рет 21 мың теңге жәрдемақыны қайтаруды талап етіп ереуілдетті. Тіпті министрліктер үйінің алдына келіп, бұрынғы жәрдемақыны қайтаруды талап еткен аналарды арнайы жасақ ұстап алып кеткен күндер де болды. Бірақ жәрдемақы өзгеріссіз қалды. Яғни 2019 жылдың 1 сәуірінен бері көпбалалы және тұрмысы төмен отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге көлемінде қаражат беріліп келсе, 2020 жылдан бастап АӘК тек күнкөріс деңгейі мен кедейлік шегіне байланысты төленетін болды. Ал бала басына төленетін қаржы 10 мың теңге көлемінде қалды.
Әйелдердің наразылығын туындатып отырған тағы бір мәселе – олардың зейнеткерлікке шығу жасы. 2027 жылдан бастап елімізде әйелдер 63 жастан бастап зейнетке шығады. 2015 жылы зейнетақы заңнамасы өзгертілгеннен кейін, 2018 жылдан бастап кезең-кезеңмен әр алты ай сайын әйелдердің зейнеткерлік жасы көтеріліп жатыр. 2027 жылға қарай олардың зейнеткерлікке шығу жасы ерлердің зейнеткерлік жасымен теңеседі деп күтілуде. Яғни аналарымыз «кәрі сүйегін» сүйретіп, 63 жасқа толғанша жұмыс істеуі керек. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні ұстаз қауымының міндетін елімізде, негізінен, әйел қауымы атқарып отыр. Осы орайда, 63-ке келгенше бала оқытқан аналарымыздың жүйкесіне түсер салмақты кім ойлайды? Халқы миллиардтан асқан Қытайда әлі күнге әйелдерге меже ретінде 50-55 жасты зейнеткерлік жас деп ұстап, ұстаздарға 25 жылға дейін ғана ұстаз болуға рұқсат беретін қағидасы көп нәрсені аңғартады. Осы орайда айта кетер жайт, рас, демографиялық ахуалдың күрт төмендеуі, ұлттың қартая бастауы мемлекет қалтасына әжептәуір салмақ түсіруде.
Қазақстан үкіметі әйелдердің зейнет жасын ұлғайту арқылы бұған дейінгі зейнетақы қорында жинақталған қаржының қолды болған бөлігін жабуды көздеп отырса, екіншіден, бюджет қазынасына түсер салмақты азайтуды мақсат етуде. Ал осы зейнетақы жүйесіндегі жыртық-тесікті жамауды әйелдердің мойнына артып қою қаншалықты дұрыс? Осыдан соң аналарымыз ашуланбағанда қайтеді?! Ашынғаннан көшеге шықпағанда қайтеді? Анаға деген сый-құрметіміз осындай деңгейде болғанда, «Ана сыйлаған ұлтпыз» деген ұранымыз құр сөз болып қалмай ма?!
Экономист Ілияс Исаевтың айтуынша, өзге елдерде халық қартайып бара жатса, біздің халық жас. Сол себепті де зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру үшін мұндай қадамға бару ақылға қонымсыз. Бұл ретте Қазақстан үкіметінің қаперіне кірмей отырған бір мәселе бар: ол – еңбек жасындағы әйелдердің басым бөлігінің аса ауыр тұрмысты басынан кешетіні. Кеңестік дәуірде көпбалалы аналардың көп жеңілдігінің бірі ерте зейнетке шығу болғаны мәлім. Қалада өзін-өзі күтіп, бір-екі баладан артық таппай, бар өмірін қызметке арнаған әйелдер үшін 63 жастың ұзақтығы болмас.
Ал ауылдағы тауқыметі ауыр әйелдер үшін 58-дің өзі қиямет-қайым. Біздегі зейнет жасын Еуропа мен АҚШ-қа теңестіру үшін әуелі сол мемлекеттердегідей әлеуметтік қорғауға қол жеткізуіміз керек. Әсіресе суын тасып ішетін, көмір мен тезекке тәуелді қазақ әйелінің 63-ті күтуіне ғұмыры жете ме екен?! Ауылдағы тұрмыстың ауырлығының салдары бәрібір оларды діңкелетіп тастайды.
– Меніңше, әйелдердің зейнет жасын 55 жасқа түсіру керек. Оған біздің елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жетеді. Егер «55 жасқа жеткен әйелдердің зейнетақы қорында жинаған қаржысы көп болса, ертерек шыға беруге болады» дейді адамның күлкісін келтіріп. Бұл құр алдарқату үшін айтылған сөз. Ондай көп ақша кімнің қорында бар? Сондықтан зейнеткерлік жасты түсіру керек, – дейді сарапшы.
Алайда «еститін үкіметке» аналарымыздың үнін естірту қиын болып тұр.