Газа секторында шын мәнінде қанша палестиналық қаза тапты?

Қазірге дейін Газа секторындағы қаза тапқандар саны туралы жалғыз ресми дерек көзі — жергілікті Денсаулық сақтау министрлігі болды.
Алайда Израиль бұл деректерді тым асыра сілтелген деп санап, мойындамай келді. Ал тәуелсіз зерттеу нәтижелері нақты құрбандар саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін көрсетті.
Лондон университетінің Роял Холлоуэй колледжінің экономика профессоры Майкл Спагаттың жетекшілігімен жүргізілген ғылыми зерттеу Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс салдарынан адам шығынын анықтауға бағытталған. Ғалымдар 2025 жылғы қаңтардың басына дейін Газа секторында 80 мыңнан астам палестиналықтың көз жұмғанын мәлімдеді.
Соғыс пен қақтығыстарды зерттейтін Спагат үшін әрбір құрбанды есте сақтау маңызды. Қаза тапқандардың аты-жөнін тізімге енгізу тек Газа секторының Денсаулық сақтау министрлігі арқылы жүзеге асырылып отыр. Спагат бұл тізімдердің көбінесе шынайы екенін айтады, дегенмен бұл министрлік ХАМАС бақылауында. ХАМАС-ты АҚШ, ЕО және Германия сияқты көптеген елдер террористік ұйым деп таныған.
«Министрлік қаза тапқандардың аты-жөнін, жеке сәйкестендіру нөмірін, жасын және жынысын көрсетеді. Бұл деректерді тексеру оңай», - дейді Спагат.
2025 жылдың ақпанында Lancet журналында жарияланған зерттеу барысында әлеуметтік желілердегі қаза тапқандарға арналған жазбалар (некрологтар) мен Газа министрлігінің тізімдері салыстырылған. Бұл талдау министрлік кейбір құрбандарды есепке алмағанын, тізімде есімдердің кем екенін көрсетті. Яғни, бұған дейінгі ресми деректер құрбандар санын кемітіп көрсеткен болуы мүмкін.
Биыл алғаш рет Газа Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенбейтін тәуелсіз зерттеу жарияланды. Майкл Спагат бастаған ғалымдар Газа тұрғындарымен сөйлесіп, олардың отбасындағы қаза тапқандар туралы сұрастырған. Еуропалық зерттеушілер Палестинаның саясат және әлеуметтік зерттеулер орталығы (PCPSR) мамандарымен бірге жұмыс істеген. Бұл орталықты Рамаллада орналасқан саясаттанушы Халил Шикаки басқарады. Ол ұйым Еуроодақ және қайырымдылық қорлары арқылы қаржыландырылады, сондай-ақ Газа секторында да тәжірибелі қызметкерлері бар.
«Бізге Газада жұмыс істеу үшін арнайы рұқсат қажет болған жоқ. Себебі біз сол жерде едік», - дейді профессор Спагат.
Зерттеу кезінде 2000 үй шаруашылығынан сауалнама алынып, 2023 жылдың 7 қазанына дейінгі халықтың репрезентативті бейнесі жасалды. Израиль армиясы жауып тастаған аудандарға бару мүмкін болмағанымен, зерттеушілер ел ішінде көшіп жүрген адамдармен, мысалы, Аль-Маваси шатырлы лагеріндегі тұрғындармен сұхбаттасты.
Зерттеу нәтижесі бойынша, 2023 жылдың 7 қазанынан 2025 жылдың 5 қаңтарына дейін шайқастардан тікелей 75 200 палестиналық қаза тапқан. Бұл көрсеткіш Газа министрлігінің сол кезеңдегі ресми мәліметінен (45 805 адам) 60 пайызға жоғары. Бұл – 2,3 миллион халқы бар Газада әрбір 25-ші адамның көз жұмғанын білдіреді. Сонымен қатар соғыс жағдайында аштық пен аурудан қаза тапқан адамдар саны да есептелген. Ғалымдардың айтуынша, бұл сан 8540 адамды құрайды.
Бұл көрсеткіш бұрынғы болжамдардан әлдеқайда төмен. Себебі 2024 жылы Lancet журналында жарияланған зерттеу әрбір тікелей құрбанға төрт жанама өлім сәйкес келуі мүмкін деп болжаған еді. Көптеген гуманитарлық ұйымдар соңғы айларда азық-түлік тапшылығы мен аурулар салдарынан бейбіт тұрғындар арасында өлім көбейіп жатқанын ескертіп келеді.
Профессор Спагат бұл айырмашылықты Газа халқының жастығымен, соғысқа дейінгі жақсы денсаулық жағдайымен, жақсы жұмыс істеген денсаулық сақтау жүйесімен және БҰҰ мен гуманитарлық ұйымдар арқасында жоғары вакциналау деңгейімен түсіндіреді.
«Бұл аз көрсеткіш емес. Керісінше, гуманитарлық ұйымдардың тиімді жұмысының нәтижесі», - дейді ол.
Алайда зерттеу Израильдің гуманитарлық көмекті толықтай 11 аптаға бөгегенге дейінгі кезеңді қамтыған. Профессордың айтуынша, егер эпидемия басталса, жанама өлім саны күрт артуы мүмкін.
Бұл зерттеу әзірге тәуелсіз ғылыми сараптамадан өтпеген, яғни бұл – алдын ала жарияланған нәтиже. Бірақ оның қорытындылары бұған дейін Lancet журналында жарияланған зерттеумен сәйкес келеді.
Ғалымдар зерттеу барысында Газа министрлігінің деректерін растауға да тырысқан. Спагат мынаны атап өтті:
«Біз министрлік деректерінің әсіреленбегенін анық көрсеттік. Қаза тапқандар арасындағы әйелдер, балалар және қарттардың үлесі біздің мәліметтермен толық сәйкес келеді».
Зерттеу бойынша, тікелей қаза тапқандардың:
- 30%-дан астамы – 18 жасқа дейінгі балалар,
- 22%-ы – әйелдер,
- 4%-ға жуығы – 65 жастан асқандар,
- Қалғаны – негізінен 15 пен 49 жас аралығындағы ер азаматтар.
Бірақ бұл әскери күш қолдану арнайы бағытталған дегенді білдірмейді.
«Жас жігіттердің соғыста көбірек қаза табатыны — жалпы заңдылық», - дейді профессор Спагат.
Ғалымдар қаза тапқандардың ХАМАС мүшесі екенін анықтауға тырыспаған. Себебі бұл қызметкерлердің өміріне қауіп төндіріп, оларды израильдік агенттер деп күдіктенуге себеп болуы мүмкін еді.
«Өте жас балалардың көптеп қаза тапқаны — ерекше және қайғылы жайт», - дейді Спагат.
Егер Спагат пен Шикаки тобының деректерін қазіргі күнге дейін экстраполяцияласақ, Газа секторында шамамен 100 мың палестиналықтың қаза тапқаны болжанады. Бұны елестету қиын, ауыр сан. Оның артында — мыңдаған есімдер мен адам тағдырлары тұр.
Мәселен, аль-Наджар отбасы: 2025 жылдың 23 мамырында Хан-Юниске жасалған әуе шабуылы салдарынан отбасының тоғыз баласы – Яхья, Ракан, Руслан, Джубран, Ева, Риван, Сайдин, Лукман және Сидра қаза тапты. Анасы – ауруханада кезекші дәрігер болғандықтан ғана аман қалған. Тек 11 жастағы ұлы Адам ғана аман қалды. Ал әкесі, дәрігер Хамди аль-Наджар бірнеше күннен кейін жарақат салдарынан көз жұмды.
Бұл отбасының есімдері – Газа соғысының мыңдаған беймәлім құрбандарының ішінен бүкіл әлемге мәлім болған санаулы оқиғалардың бірі ғана.