Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:07, 17 Қараша 2018

Гүлбиғаш OМАР. Портрет

ПОРТРЕТәңгімеӘсемді былайғы жұрт Ася ханым деп атайды. Ханым десе, дегендей-ақ. Қашан көрсеңіз де, қою күрең шашы теңіздің толқынындай бұйраланып, кірпігі қабағын көтере ұзыннан қайрылып, ерні шоқ қызылға боялып жүрер еді.
Ерінмен түстес ұзын сүйір тырнағына, екі қатар інжу тізбегіне тағылған зүбаржат алқасына, сұңғақ бойына шақ тігілген сәнді киіміне қарасаңыз, дәл қазір сән салонынан сыланып шыққандай немесе осы бетімен сахнаға бет алғандай. Әсем­-Ася ханым әркез бойын тік ұстап, қадамын нық басып жүреді, қабағын шытса – Арқа қысының аязы келіп орнағандай, ал шаттанса – күлкісінен күн шуағы төгілетіндей.Әсем айнаға қарады. Екі жарым айдан соң туған күні. Үшінші мүшел. Иегін әнтек көтеріп, айнадағы бейнеге көз сұғын қадады. Оң жақ қабақтың астындағы иненің жасуындай күреңіткен дақты, екі қасты ортасына тіке жол салған жіңішке әжімді, бидай өңін жұқалай жапқан түссіз сепкілді, кеше ғана ламинация жасап, қайқитып қойған сүңгі кірпіктерді, жымқырылған жұқа еріндерді бірінен соң бірін асықпай, ұзақ барлады. Сүйіктісімен ренжісіп, енді айрылысқалы отырған бозбаладай, көзімен кемшілік іздеп, маңдай мен иек арасын тағы бір шолып шықты. Кәріліктің хабарын жеткізетін анық белгілерді әр күн таңда осылай күтеді. Ең соңында міншіл көздері айнадағы қос жанарға түсті. Ішкі әлемі тылсымға өтті ме? Мына көздер, бұған соншалықты қаталдықпен, сеспен қарап тұрған көздер кімдікі? Неткен ызғар! Әсемнің сол жақ кеудесі бүлк етті. Жалма-жан көзін айнадан тайдырған күйі, алдындағы опа-далаптарын бет-аузына тез-тез жағып шықты.Күйеуі ұйқысынан тұрып, жуынатын бөлмеге беттеді. Жанынан өтіп бара жатып, бұған самарқау көз тастады. Әсемнің ішінде бұралқы ит ұлып қоя берген. «Тым құрыса «Айналдым, сұлуымнан!» десеші!». «Кім үшін сәнденесің?». Ерні одан сайын жымқырылып, сол сәт айнаға көзі түсіп еді, екі кесек мұзды көре сала бойын тез жинап алды. «Үш бала тудым, қараса – қуанатындай ажарым бар, сұраса – ақылына ақыл қосатындай парасатым бар, бұдан артық не керек оған?». Ойындағы сұрақ құлағына жаңғырып естіліп тұрғандай. Маңдайының жартысын жапқан кекілін сілкіп тастап, шашын толқындатып бір тарады да, орнынан тұрды. Етегін қағып еді, жауапсыз сұрақтар шашырап жерге түскендей көрінді өзіне.Қалта телефонын алып, жүргізушіні шақырды. Оны бүгін жас суретшілердің көрмесіне шақырған. Ася ханым бұл көрменің қамқоршысы ретінде оның тұсауын кесіп, сөз сөйлеп, жас таланттарға жол ашады. Үш баланың екі үлкенін жекеменшік мектепке, кішісін жекеменшік бала бақшаға жеткізіп салған соң, жүргізушісі мұны үйден алып кетуі тиіс. Маратқа тұрмысқа шыққан он алты жылда әр түрлі кәсіпті игеруге тырысып көрді. Қайбір жылы шаштараз ашамын деп күйеуінің ақшасын желге шашқаны бар. Оның алдында балаларға арнап кітап жазамын деп курс оқыды, ағылшын тіліндегі, орыс тіліндегі балалар әдебиетін үйге толтырып тастады. Оқудың қызығына түсіп, таным көкжиегі кеңігені сол, «Жазылатын жақсы дүниенің бәрі баяғыда хатқа түсіп қойған екен» деген. Енді бұл кітаптардың қызығын балалары көріп жүр. Не керектің бәрін үйдегі кітапханадан табады. Ал Әсем кітаптың қызығы түгесілген соң, киім сәніне ойысқан. Алматыдағы талғамы жоғары сауда дүкендерінің бәрін жатқа біледі. Сатушылар түгел мұны жақсы танып алған. Өзіне ұнаған, бойына жарасқан қандай көйлек болса да, бағасына қарамастан сатып алатын әдеті бар. Марат ештеңе демейді. Он алты жылда «Мына киімің бойыңа жарасымды екен» деп те, немесе «Қымбат алыпсың» деп те айтпаған. Қайтер екен деп, жарты тайдың құнына татитын аяқ киім де алып көрген. Қыңқ демеді. Түрлі сәнмен тігілген көйлектерін ауыстырып үлгірмей, түсте біреуін, кешке басқасын киетін болған. Күйеуі сол баяғы ештеңе көрмеген, білмеген қалпынан айнымады. Тек Әсемнің банк шотында жатқан ақшадан қанша жұмсалса, ертеңіне сол шамаға қайтадан толығып отырады. Құдды ертегідегі сиқырлы құмыра сияқты.Бір киген соң қадірі кететін бөз атаулыдан жалыққан Ася ханым екі жылдан бері тың сүрлеуге түсті. Астанадан келген құрбысы оны бір рет жас суретшілердің шығармашылық  кешіне алып барып еді. Содан бері қылқалам өнерін құлай сүйді. Енді тек суретшілер туралы кітаптар жинайды, суретшілер туралы кино көреді, атақты туындылардың түрлі пішіндегі көшірмелерін сатып алады. Ақшасын шүберекке емес, өнерге жұмсауға әдеттене бастаған. Ася ханымның өз қажетінен жырып берген қаржысы бүгінгі көрмені өткізуге жетті. Он тоғыз жас суретшінің тұңғыш көрмесі. Өнер әлемдегі Ася ханымның тырнақалды қадамы.Елдің әр аймағынан келген он тоғыз суретшінің көбісі бір-екі туындысын ғана әкеліпті. Әлі өз таланттарын өздері мойындамаған сарыауыз халде. Ася ханым көрме жетекшісімен бірге галереяны аралап жүр. Көгілдір көйлегінің етегі жер сызады. Қозғалған сайын жібек мата сусылдап, тобықтан жоғары өрлей кеуде тұсын шымырлатады. Қағаздай аппақ төрт қабырғаға жағалай ілінген туындылар көз алдында кинокадрлар сияқты кезекпен өтіп жатыр. «Сұлулық онда емес, менде!» дейді ішкі дауысы. Ася ханым өзіне-өзі көңілі толып, күлімсіреп, Айнұрдың сөзін жүре тыңдайды.– Ася ханым, өзінің түсінесіз ғой, олар әлі тәжірибесіз, жас. Көбісі әуесқой суретші. Бірақ… бірақ өте талантты. Қараңызшы, мынау не деген панорама! Не деген көрініс! Таң шапағына бөленген шаһар – өзіміздің Алматы емес, қиялдағы сиқырланған мекен сияқты! Мына адамдар қазір тіріліп, осы жерге топ етіп түсе қалатын сияқты!– Айнұр, иә, рас айтасыз, – Ася ханымның үні сиқырлы әуезден кем емес. – Біз бұл көрмемен шектеліп қалмаймыз, егер бұлардың арасында шын талант болса, оны Италияға немесе Францияға оқуға жібереміз. Білесіз ғой, онда живописьтің ескіден келе жатқан мектебі бар...– Шынымен бе? Ой, Ася ханым, қандай күшті! Жігіттер қуанып қалатын болды ғой, – Кенет Айнұрдың екі беті нарттай жанды. Әсем оның бет-жүзіне бажайлап қарады. «Жиырмаға да толмаған-ау, сірә». Ішін бірдеңе жалап өтті. Бар үміті алда, әлі тағдырдан таяқ жемеген, не жақсыны, не жаманды дұрыс танымайтын қандай ғажап кезең! Өзі көзінің қиығын арзан қарындашпен бір сызыпты. Ернінде жұқалтаң қызыл бар. Боянған түрі сол, тәйірі. Ася ханым астыңғы ұртын тістелеген күйі көзін аударып әкетті. Айнұрдың өңі опасыз-ақ бозарып, екі бетінің ұшы бояусыз-ақ қызарып тұр еді. Жастықтың өзі сұлулыққа айналып, «менмұндалап» тұрған.Ася ханымның көзі қарсы қабырғадағы кенепке тірелді. Аппақ, жарқыраған дүниенің қақ ортасындағы қарайған әлдене. Малевичтің «Қара квадратын» өз көзімен көрген, мынаның қарасы одан қалың ба деп қалды. «Көшірме ме, несі тағы?» деп ойлағаны сол, аяқтары солай қарай адымдап, мұрнын сүзе бір-ақ тоқтады. Қара дегені, қаракөк екен, тұтасқан қою дегені – боз кенепке үстін-үстін жағылған майлы бояу екен. Кілең қою түстердің мипалау қосындысы. Арасында не ағаш, не адам екені күмәнді бір бейнелер жүр. Әсем енді картинаға одан әрі сүзіле, тесіле қарады. Төменгі тұсын анықтап көрем деп басын қисайтып, иіліп, жоғарғы жағын анықтап қараймын деп мойнын созып қояды. Айнұрдың қайда кеткенін білмейді, білгісі де келмейді. Мына қатпар-қатпар бояудың ар жағында ешкім көрмеген, сезбеген құпия жатқан сияқты өзіне. Қарашығына күш түскені сол, мұрнының үсті тершіп кетіпті. Мардымды нәрсе ажырата алмаған соң екі қадам артқа шегініп, тағы қараған.– Таптыңыз ба? – Әлде мазақ, әлде кекесін. Әсем жалт қарады. Иегін алалай бастаған түгін қырмапты. Шалбарының тізесі шыққан, түсі оңған. Дәл осы тұрысында екі күннен бері нәр татпаған адам сияқты.«Менде несі бар екен?».– Нені?– Не іздесеңіз, соны.«Саған не?».– Таппадым. Мұнда жоқ екен.– Дұрыс іздемедіңіз онда. – Ашқарақ көздер отты жарығын сөндіріп, заматта қара түнекке айналды. Әсем ондағы өзгеріске таңырқанып тұрғанда, кетті де қалды.… Сол күні түсі қою көшкіл бояуға ораныпты. Жасылынан семгені көп қара орманның ішінде адасып жүр екен дейді. Арса-арса тамыры жер бетіне шыққан кәрі қарағаштар аяғынан шалып жүргізбейді. Күншығыс қайсы, күнбатыс қайсы – айырып болатын емес. Әлде күндіз, әлде түн екені белгісіз. Сиқырланған орманға ұқсайды. Бұған дейін талай қызды жастай құшқан, жанын жұтқан. Ешкім құтылмаған. Көкірегіне осы құпияны біреу салып бергендей санасын жаңғыртты. «Менің үш балам бар, күйеуім бар, мен бұл жерде қала алмаймын, мен бұл жерден шығуым керек!» деген ой қосамжарлана өре түрегелді. «Күйеуім бар! Күйеуім бар! Үш балам бар!» тылсым ауада айғайласа дауысы өзіне жетпейді, тек көкірегінен сырылдаған дыбыс шығады. Денесін жылбысқы тер басып, аяқ-қолы сал болып, кеудесіндегі шыбын жаны бұлқынғанда… жүрегі қақты да, көзін ашты. Тас қараңғыда демін ала алмай, төбеге қарап біраз жатты. «Құтылдым-ау». «Құтылдым ғой? Шықтым ғой?». Оң қолын жанындағы мамыққа салды. Салқындап тұрған құс жастыққа аунап түсіп, бетін басты. «Осындайда, «бастырылып қалдың-ау» деп оятатын пенде болмаған соң жаныңда...». Неше жылдан бері Марат өзінің жұмыс кабинетіндегі тақтай төсекте ұйықтайды. Кейде түзде түнейді. Екеуі де жан тыныштығы үшін осы күйді тілеп алған. Балалары іркес-тіркес дүниеге келіп, түні бойы жылап мазаны алатын жылдары Мараттың ұйқысы бұзылмауын өзі тілеген. Кейін әдетке айналды. Төсегі бөлек болған соң, оның қай уақытта келіп, қай уақытта басы жастыққа тиетінін білмейді. Күйеулік қақын сұрап ол келмейді. Он алты жылда бет ашатын ащы сөз айтысқан емес екеуі, енді осы тыныштықты бұзып, әлдене деудің жөні жоқ сияқты.Көрме туралы ақпарат қалалық телеарнадан беріліп, бірнеше газет жас суретшілермен сұхбат-репортаж жариялапты. Арасында Ася ханымның аты жүр. Мұны мақтап, суретшілерге бұдан кейін де қамқорлығын аямайтынын айтқан екен. Таңғы шайдан соң Ася ханым Айнұрға хабарласты. Ашқарақ көздің иесі – жас талант Роман екенін сол айтқан. Оңтүстік өңірден шыққан. Әке-шешесі ауылда қалған, өзі Өнер академиясында оқиды, жатақханада тұрады. Нағыз ішсе – асқа, кисе – киімге жарымай жүрген біреу. «Сөйте тұра шақарын өзінің!» Ася газет бетіндегі Романның бейнесіне қабағын шытты. «Дұрыстап іздемедіңіз» дейді… Маған керектіні сен білуші ме едің?». Дәл алдында жансыз сурет емес, Романның өзі тұрса да соны айтпақ. «Ал саған не керек екенін мен білемін» деді ішінен. Айнұрға шет жағасын айтқан. Романға жеке студия ашып, бар қажетімен қамтымақ. Сөйтіп, оның алаңсыз жұмыс істеуіне, шеберлікке жетуіне ақжолтай болатын ниеті бар. Айнұр бұл жаңалықты естігенде «алақайлап», құлағын тұндырды. Он тоғыздың ішінде Романды ерек көретін сияқты сол қыз. «Қай жеріне қызықты екен? Не ақшасы жоқ, не жөндем мінезі жоқ, тұла бойы тұнған тәкаппарлық». Бұл Ася ханымның жас суретшіге берген мінездемесі. Әйтсе де, оған көмектесіп, демеп жіберу ойынан тайған жоқ.Роман өз студиясын қаланың базары көп, адамы ығы-жығы ауданының бірінде, жер үйден ашқан. Ася ханым тау жаққа жақын, ауасы таза тұстағы биік үйлердің біріндегі пәтерді ұсынғанда, алмады. Айнұр екеуі екі күн бойы жалға берілетін жер үйлерді аралап, ауласы кеңірек біреуін таңдапты. Бірақ бір аулада жапсарлас екі үй, мүңкіген иіс пен шаң-шұң айқайдың ортасы. Не керекпен қамту үшін бір көрмекке барған Ася ханымның мына иістен басы айналып, құсқысы келді. Дәл осындай адамдармен бір әлемде, бір қалада өмір сүріп жатқаны қисынсыз.Әл-Фараби көшесімен жүріп өтіп, тау жаққа қарай бет бұрғанда, мүлде басқаша өмір, өзгеше өлшем басталады. Сол замат тынысы кеңейіп, жан сарайы сыңғырлай жөнелді. Суретшінің сөзі кинодан естіген не кітаптан оқыған нәрсе сияқты, сенімсіз, нанымсыз.– Мына жерде қайтіп жұмыс істемекшісіз?– Сөйтіп. Шындығы сорғалаған нағыз өмірдің бояуы осында.– Мына айғай-шу басыңызды ауыртпай ма?– Өмір симфониясы деген осы. Орындаушылар – өмірдің өз кейіпкерлері. Менің кейіпкерлерім.– Сонда сіз араққа салынған еркекті, тамақ үшін арын сатқан әйелді, аш-жалаңаш бала-шағаны бейнелемекшісіз бе? Оның несі жаңалық? Бәрі баяғыда айтылып-жазылып-кескінделіп қойған.– Жоқ, маған адамдардың сыртқы келбеті, іс-әрекеті қызық емес. Арақ ішсе – неден ішті? Жезөкше болса – неден түңілді? Маңдайының соры бес елі болса – не сезінді? Сол қызық.– Онда кілең бақытсыздардың ортасында өмір сүрем десеңізші.Роман тамағын жұтынды. Сөзден жеңіліп көрген емес. Әсем оның өз басынан сөз асырғанын көрмепті. Енді оның неге үнсіз қалғаны, көмекейіне келіп тұрған сөзді не әрі, не бері жібермей, жұтқыншағында ұстап тұрғаны таңсық болды. Бұл білсе, ер адам өз еркімен айтпаса, қанша сұрасаң да шындығын шығармайды. Тықақтап сұрасаң, жалтарып не өтірік айтып құтылады. Одан да сабырлықпен күткен ләзім.Ақыры Роман шыдамады.– Мен сіздің портретіңізді салайын деп едім... — ?Енді үндемеу кезегі Әсемге келді. «Не үшін? Неге?». Сұрағын тіке қоя алмай, дымы құрыды. «Әлде менің бейнеме ынтық па?». Суретшінің тұрқына барлай көз тастады. Отыздың бел ортасынан жаңа асқан кезі. Бойы орта да емес, сұңғақ та емес. Денесі толық та емес, арықша да емес. Көшеде кездесіп қалсаң, елемей өтіп кететін көптің бірі. Ақсары жүздің бедеріндегі екі сызықтан сығырайған жанарға тіктеп қарады. Бар қоюын түбіне жасырған майлы бояудағы сурет сияқты. Не ойлап, не сезіп тұрғанынан хабар бермек түгілі, өзіңе тесірейіп, бар құпияыңды ашатындай ашкөздене қарайды екен.– Оны қоя тұрыңыз. Портретке тапсырыс беретіндей мен әлі атақты емеспін ғой, – Әсем даусын барынша жұмсартты. Әлде діріл бар ма? Ішіне кіріп, жан-дүниесін аралауға сақадай тұрған екі көз солығын басып, тына қалды.Екі айда Роман оншақты картина салды. Қолтаңбасы тосын. «Өмір бояулары» деп айдар таққан серияда бірыңғай ит, құс, жыртқыш, жануар, шыбын-шіркей… Әрине, оның бәрі – адамдар. Әр адамның жаны. Ішкі әлемі. Біреу жолбарыс жанын жалдап, тұрмыс тауқыметін жеңуге тырысып жүр. Біреу құмырсқа қалыбын тастамай, тірнектеп дүние жинаумен әуре. Әне бір қабырғасы көрінген құмай тазы – ортасына қадірі қашқан тума таланттың бейнесі. Адамдардан ерте түңіліп, олардың жамандығына ғана куә болған жеңілтек қыздың келбеті кәдімгі қара шыбын болыпты. Романның соны картиналары өз алдына бөлек көрме құрады. Сол-ақ екен, аты шығып, асығы алшысынан түсті. Суретшінің туындысына тамсанған жұрт оған портрет салуға тапсырыс бере бастады. Сыншылар мұның қолтаңбасын қай мектеп, қай жанрға жатқызарын білмей, қырық пышақ болып дауласты.Күздің жылаңқы бір күнінде Әсем Романның кепесіне өзі келді. Суретші үйінде екен. Біраз күннен бері қырынбаған, екі көзі қып-қызыл, шамасы түн күзетіп, кенепті құшақтап шыққан. Бұған амандасу үшін қолын созбады. Онысы дұрыс болды – Ася ханым бояуы баттасып, шіреленген саусақтарға жиіркене қарап тұр еді.– Саған келдім, – деді ол. Ерке. Еркін.– Келіңіз. Есігіміз ашық.– Жақында менің туған күнім. Сыйлыққа портретімді салып бересің бе?– Әлбетте. – Романның даусы көмейіне май құйғандай қоңырланып шықты.– Қашан бастаймыз?– Дәл қазір.Роман асыға-үсіге жердегі буыншақ-түйіншектерді аяғымен ысыра салып, сыры кетіліп, арқалығындағы тақтайы мүжіле бастаған ағаш орындықты терезе алдына нықтап қойды.– Мұнда отырасыз.Өзі Әсемге қарамастан, мольбертін алып, қылқаламын сайлап, бояу таңдауға көшті. Сүт пісірім уақыт өтті – кенептің үстіне жарты штрих түскен жоқ. Әсем қимылсыз отыр. Бойындағы тіршіліктің бар белгісі – ерніндегі жұмсақ жымиыс қана. Роман бұдан көзін алмайды. Не «олай тұр, былай отыр, басыңды бұр, иегіңді көтер» дейтін нұсқау бермейді. Не ештеңе сызбайды. Әсем оның көзіне көзін қадады. «Ойнап отыр ма?». Үстіндегі күлгін көйлегі белін қиып, кеудесін айшықтап тұрғанын сезеді. Таңертеңгісін айна алдында мың айналып, өз сұлулығын өзі әбден сынаған. Бетіндегі бояуы мен шашының сәніне күмәні жоқ – бағана салонға арнайы кіріп-шыққан. «Сонда не?». «Әлде менің сұлулығымды сенің қылқаламың кескіндеп бере алмайды деп жүрексініп отырсың ба?». Ася ханымның езуіне мысқыл үйірілді. Орнынан тұрып, суретшінің басынан сипағысы келе ме, қалай… Екі айдың ішінде оған әлде әпкелік, әлде жеңгелік көңілмен қарауды үйреніпті. Әйтеуір, бөтен емес. Жас жігіт, басы бойдақ, өз күшіне сенімді, мінезі біртоға, бірақ тәкаппар. Бұған көңілі кеткен күннің өзінде ашып айтуға батылы жетпес. Ася өзін биік қамалда тұратын сұлу ханшайымға, ал мына суретшіні лашықта тұратын ессіз бейшараға теңеді.… Роман бұдан күнде келуін қиылып тұрып сұрайды. Әсемнің уақыты болмай қалса, қалта телефонына хабарласып, қоңыр даусымен хал-жағдай сұрасып тұрғаны. Балалардың сабағы қиындап, үйрімелер саны көбейіп, мұның да шаруасы қат-қабат келіп жатыр. Романның майда үні құлағына жеткенде, арбалған торғайдай демі баяулайды. Ертеңіне балаларын оқуларына жеткізіп салып, қаланың екінші басындағы жатаған үйдің қақпасын қағып тұрғаны. Келе сала, терезе алдындағы орындыққа жайғасады. Содан екі-үш сағат тапжылмайды. Романда үн жоқ. Көліктен түскенше көңілі көкте болатын Ася ханым табалдырықтан аттай сала, суретшінің мысы баса ма, бір-ақ сәтте қарапайым Әсемге айналады. Өзіне тесіле қараған екі көздің жанарына шомылып отыра бергісі келеді. Жан сарайының есігін кім ашыпты, көңіл түкпіріне кім зер салыпты бұған дейін? Марат соңғы жылдары мұның бет-жүзіне көз тоқтатып қарады ма екен әуелі? Дос-жаран, тамыр-таныс, одан қалса қызметінде жүрген жігіттердің ой-өлшемі өзіне мәлім. Мұның күйеуінің дәулеті көздерін байлап, көңілдерін құл еткен. Есепсіз ақшадан үлес қағуды ойлап, діңкелері тастай қатып жүр. Бұған жұғысып, жарамсақтанып жақсы сөз айтса, тек күйеуіне жағымпазданудың амалы ғана. Тотыдайын таранып, үстіне дүниенің бар асылын кисе де, бұл не, кермеге қойылған сүйкімді қуыршақ не...– Ертең суретіңіз дайын болады. – Барлығыңқы үн бәсең шықты.– Ертең бе?– Иә.– Бүгінше болдық па?– Иә.Бары осы. Екеуі ғана оңаша қалған осы үш айда бір-біріне айтқан сөздерін санап шығуға он саусақ жеткілікті болар-ау. «Кілең үндеместерге тап болғаным несі екен, тәйірі». Марат ең қажет жағдайда тек шаруа жайын сөз етеді. Романның қалпы мынау. Көзбе-көз қалғанда шыңыраудан қауға тартқандай күшке түседі әр сөзі. Телефонмен хабар алғанда ғана қоңыр даусы көтеріңкі естіліп, емен-ашық күй табады. Мұны көрмеген кезде батылырақ сияқты.Ертеңіне Әсем үйден ертерек шықты. Жүрегі лобып, көңілінде дауыл тұрған. Ғашығына жолығатындай дегбір халде. Таңғы шай үстінде дастархан толы дәмнен татып алған жоқ. Марат теледидардағы биржа жаңалықтарын тыңдап отырып, ақжұпар қосып демделген көк шайды ұзақ ішті. Үстел басында екеу отырса да, жалғыз өзі тамақтанып отырғанын байқаған жоқ. Әлде аңғарды, мән бермеді. Әсем орнынан тұрып кетуге екі оқталып, екі  отырды. Аяқтары мақтадан жасалғандай сезілген.Ақыры, Марат батасын қайырып, орнынан көтерілді-ау. Тұрған бетте жұмыс кабинетіне барып, шыттай киініп, бизнес орталыққа кетті. Он екі қабатты ғимараттың қожайыны – өзі. Ішінде толып жатқан кеңселерден бөлек, мейрамхана, дәмхана, фитнес зал, тіпті жатын бөлмелер бар. Үйге келмей, сонда түнеп жүргені де сол ғой. Егер үш бала болмаса, қала орталығынан екі сағат жол жүріп, мына үйге келмес пе еді...Әсем бүгін барынша қарапайым киінді. Шашын жинап, желкесіне сәндеп түйді. Қабағы мен көзіне ғана қаракөк жағып, ернін түссіз бальзаммен жұмсартты. Соңғы күндері Ася ханымның болмысы бозғыл тартып, Әсем өз ішін тапқандай халге еніп еді. Әйел болып жаралғанына шүкір етуді үйренді. Романның құжырасында күйеуі, үш баласы, қисапсыз байлығы, патшаның сарайына бергісіз үйі барын ұмытып, басқа адамдардан, мына жарық әлемнен баз кешкендей болатын. Өң мен түстің арасындағы осы халі өз жүрегіне жылы тиеді. Романның салып жатқан суреті ешқашан бітпесе деп тілейді. Осылай жүре берсе, екеуі бір-біріне қарап отыра берсе… Романның салып жатқан суреті тезірек бітсе деп тілейді. Жас жігіттің көкейін не тескенін осы туынды жайып салатындай көрінді. Өсекшіл өнер болмаса, Романның өзі не тілмен, не көзбен, не қимылмен бұған деген көңілін ешқашан аша алмайтынын сезетін.Әсем табалдырықтан аттады. Көзін төмен салған, кірпіктерін жиі қағады. Бетінің ысып кеткенін өзі де сезіп, жымиып кіріп келді. Терезе алдындағы орындықтың арқалығына портретті сүйеп қойыпты. Теріс қараған портрет мұны күтіп тұрған жанды тіршілік иесі сықылды. Әсемнің денесі тітіркеніп кетті. Айнадағы бейне мына кенептің бетіне орнаса қайтпек? Айнадан көзді тартып алуға болар, ал тағдыры қылқаламмен жазылған, бояуы кепкен суретке не істей алады?Роман бұған қарап, әлденені күтіп тұр. Ишара немесе сұрақты. Бір мезет екі аттап орындыққа жетті де, картинаны бері аударып қоя салды. Бұл не? Әсем өзінің бет-аузына ие бола алмай қалды. Көздері бетінің жартысын алатындай қатты ашылып, өкпесі ауа тарта алмай қиналып, ауыз қуысымен дем алады. Ақыл-есі орнында, жаны әлі тәнінен ұшып шыққан жоқ. Романды көріп тұр. Бірақ шын өмір мұнда емес, анда сияқты. Ұзындығы мен енінің әрқайсысы бір кез болатын кенептің бетінде. Ондағы шыңғырып, шырқыраған, екі көзі аясынан шыққан, екі қолымен бетін басқан, басқа екі қолымен басын ұстаған, белден төмен жыланша ирелеңдеген әлдебір тіршілік иесін құтқарғысы келеді. Өзі құбыжық бола тұра өзінен зор қорқыныштан қашқан бейшара. Оны кім қуды екен сонша? Әлде судағы өз бейнесін көріп шошыды ма? Әсемнің жүрегі тыз етті.– Бұ… бұл не?– Бұл – сен.Роман анық «Сен» деді. Бес айдан бері сыпайылықтан еш аттамаған, «сізден» аспаған еді. Әсемнің көңілі мұны бір түйіп қойды.– Мен? Бұл не, мазақ па, қалжың ба? Күлейін бе, жылайын ба?– Мазақ та, қалжың да емес. Бұл – шедевр! Мен сені галереяда алғаш көргенде тәнті болғанмын. Сол кезде сенің портретіңді салатынымды білдім. Оның қайталанбас туынды болатынын сездім! Мен – суретшімін! Мен… көрдім!– Нені? Не көрдің?– Сені көрдім. Сенің жылу іздеп шырқыраған жаныңды, мейірім тілеп мүсәпір болған көңіліңді, іңкәрлік аңсап зар қаққан жүрегіңді, бір ауыз жылы сөзге зәру болған әйелдік затыңды көрдім!– Өтірік! Мынауың шылғи өтірік! Суретшімін деп, кенептің бетін қанша бояғаныңмен мына абсурдты ақтай алмайсың! Не символизмге, не сюрреализмге, не экспрессионизмге жатпайтын, шаланың қолынан шыққан шимай!Роман мырс етті. Сілеусін көздері ширығып тұр екен. Шайнап тастауға дайын.– Өтірік деші? Осы үш айда мен «кел» десем, жүгіріп келіп, мен не істе десем де бұлжытпай орындауға дайын тұрғаныңды ұмыттың ба? Соның бәрі не үшін? Менің оқта-текте айтқан бір ауыз сөзім, сені тінте қараған көздерім үшін! Сен мына жатақ үйді де, оның ауласын да, ана менің маскүнем көршілерімді де, жалпы, осы қала, мына шынайы өмірден түгел жиіркенесің! Мұрныңды басып әрең кіргенің есіңде ме алғашқы күні? Содан бері сол иіс өзгерді ме? Мына тұрмыс жақсарды ма? Әлде сенің көңілің ғана құбылды ма? Сыртыңды қанша тазалап, сұлуланып, күн сайын жасара түссең де, жаның баяғыда өлмеші халде. Мына бетін басып, басын ұстап шыңғырған байғұс – сен емес, сенің жаның!Сонша уақыттан бері Романның шешіліп сөйлегенін естіп тұрғаны осы. Тіпті жауап қайтаруға сөз таппай қалды. Басын шайқай берді. «Мен емес, бұл – мен емес!».– Сен емес. Сенің жаның. Ішіңдегі. Сен оны тұншықтырып тастағансың. Өзің сезбейсің. Оны мен көремін. Мен ғана. Себебі мен – суретшімін.Әсем екі қолын бетіне апарды. Роман оның көзіне қарап еді, жалпақ дүниенің бар қасіретін сорып алғандай сипатта екен. Роман орындықтағы картинаға қарады: онда да сол көрініс.– Бұл – шедевр...– Шедевр болса, мә саған!Әсем шыңғырып жіберіп, картинаға тұра ұмтылды. Роман барысша атылып, оның екі қолын қайырған.– Жібер! Құртамын көзін! Жыртамын! Өртеймін! Ешкім көрмейді бұл сандырақты! Жібер!– Басыл! Тоқта дедім саған! Шедерв туындыны саған жыртқызып қоймаймын мен! Түкті түсінбейтін топас екенсің өзің!Роман Әсемді сыртынан қапсыра құшақтаған күйі іргеде тұрған көне диванға итере салған. Сұрғылт шаң бұлт болып көтеріліп, қолқаны атты. Диванның жақтауына басын тіреген күйі Әсем долы ашуы мен екі көзіне ерік берді. Неше жыл бірге тұрғанда, Марат саусағының ұшымен түртіп көрмепті мұны. Жылауды да ұмытып қалған ба, қыстығып шыққан үні біресе күшіктің қыңсылауына, біресе жыланның ысылдауына ұқсайды.– Не кө-кө-көббелек емес… Не ггүүүүүүүүл емес… Құдай-ау, тым құрығанда, шыбын-шіркей емес! Құбыжық… Құбеееежееееқ!Роман тізесін бүгіп, жанына келіп отырды.– Қой енді, жас балаша қорсылдамай… Мұның не, ұят болады… – деп міңгірлейді.Әсемнің дауысы одан сайын ышқынды.– Мен саған портретімді сал дедім бе? Мен саған не істедім? Мені… мені… құбыжеееқ ететіндей саған мееен не істееедіііііііім?– Сен ештеңе істеген жоқсың. Сендер ештеңе істеген жоқсыңдар. – Романның қоңыр даусына қаңылтыр араласты. – Сендер ауасы саф жерде, зәулім сарайда мұңсыз тірлік кешесіңдер, онда тұрған не бар? Сендер қызыл уылдырықты таңғы аста нанға жағып жеп, деликатес атаулыны Еуропадан алдырасыңдар, бірақ онда тұрған не бар? Сендер Фараби көшесімен салтанат құрып, көліктер шеруін жасайсыңдар, боқмұрын балаларың мектепке шевролемен барады, сонда не бопты? Сөйте тұра… сөйте тұра… сендер мынандай лашықты жалдап тұратын, күндік тамағын әрең тауып жүрген, киімі олпы-солпы біз сияқты сорлыларды менсінбейсіңдер, көрген жерде мұрындарыңды шүйіріп теріс айналасыңдар! Сендердің осы жұмақтай тіршіліктеріңнің ақысын маңдай терімізбен біз төлеп жүрміз, осыны білесіңдер ме! Үйің мен көлігіңді жуатын, тамағыңды пісіріп, балаңды мектепке апаратын, зыр жүгіріп бар тілегіңді орындайтын мен сияқты жалаңаяқтар емес пе? Аспан астын екі әлемге бөліп, көзге көрінбейтін қамалға кіріп орналасып алғансыңдар… Сендер тұратын аймаққа біз аяқ баса алмаймыз, ал біз тұратын ауданға сендер ат ізін салмайсыңдар. Сендер – терезесі күйдірілген көлікте, біздер – жаяу… Кездесуіміздің өзі неғайбыл екен ғой! Тек анда-санда сен сияқты «десант» болмаса… Ішкені алдында, ішпегені артында, күйеуінің ақшасына есіріп, сонда да ішіндегі құйынын баса алмай жүрген бейбақтар болмаса… Киімің қымбат шығар, оны шамалауға менің білімім жетпейді, ал сыртқы көркің көз суаруға татитынын мойындаймын. Бірақ қанша сәнденсең де, тырнағыңды күзеп, шашыңды тарасаң да, сен сұлу емессің. Неге екенін айтайын ба? Себебі сені өз күйеуің жақсы көрмейді! Сені әйел екен деп елемейді! Оның салқындығы сенің көзіңде тұр! Сенің жүріс-тұрысың, қимылың, өтірік жымиысың – бәрі соны әшкерелейді! Айтшы, сенен сонша суып кететіндей оған не істедің?Әсем басын көтеріп алды.– Мен оған ештеңе істегем жоқ! Өзі! Екеуміз үйлендік, ол әкесінің бизнесін кеңейтті, ірілетті, мен бала тудым, үйде отырдым. Қарайып қалмайын деп өзіме ермек іздедім, әр нәрсені оқыдым. Басқа әйелге көңілі аумасын деп бар сұлулығымды соған сақтадым! Үйі сайлаулы, баласы бағулы, төсегі салулы – не керек бұдан артық оған! – Әсемнің даусы одан сайын жіңішкерді.– Бәлкім, екеуің сүйіп қосылмаған шығарсың… Бәлкім, ол әйел затын жақсы көрудің не екенін білмейтін мәнжубас шығар… Ақшасын беріп, басына сарай тұрғызып, астына көлік берсем, киімі мен тамағын тауып беріп тұрсам, одан артық не керек дейтін болар… Ондайлар да бар… Әйел жанын түсінбейтін. Әйелге аузына бір түйір ас салып, одан соң басынан сипап, бір ауыз жылы сөзіңді айтсаң, саған құл болатынын білмейді олар...Роман жымиды.Әсемнің үміті оянды.– Роман, мына суретті ешкімге көрсетпейікші, а? Басқалар көрсе түсінбейді ғой… Сен басқасын саласың әлі...– Жоқ! Бұл – шедевр! Өнерге қиянат жасауға жол бермеймін!– Сен әлі көп сурет саласың ғой...– Мұндай бейне тумайды енді! Бұл – қысқа ғұмырда жалқы сәтте туатын өмірлік туынды! Сен – әйелсің, ертең-ақ кемпір боласың, балаңды үйлендіріп, немерлеріңнің ортасында отырған кезде бүгінгі әйелдік мұңыңның бірі есіңде қалмайды. Бәрін ұмытасың. Сендер сондай жеңілтексіңдер… Бүгін ғалам азабын көтеріп жүргендей жетімсірейсіңдер, күні ертең айдарларыңнан жел есіп, шаттанып шыға келесіңдер… Көңіл кілті өздеріңде емес… Сондықтан мына сурет қайта салынбайды. Сенің қайта тумайтының сияқты, сенің өмірің екі айналып келмейтіні сияқты, мұндай шедевр де екінші қайта салынбайды.– Онда… онда… – Әсем қыстығып тағы жылады. – Онда мен екенімді айтпашы ешкімге. Жарай ма? Айтпашы, айтпа...Роман бет-аузы айғыз-айғыз болған әйелге қарады. Қайқиған кірпіктердің кейбірі түсіп, көз жасына шыланып, бетіне жабысып қалыпты. Қабағына жаққан бояу ағып, төмен қарай тарам-тарам жол салған. Екі көзі қызарған, жәутең етеді. Мына қалпында он, тіпті он бес жылға қартайып кеткендей.Роман тынысын тереңнен алды.– Жақсы, дегенің болсын.– Рахмет.Әсем жан-дүниесімен оны қарғап кетуге дайын еді. Олай етсе, Роман сөзінен қайтып, мұның құпиясын жария етеді. Одан да тыныш кеткенді дұрыс көрді. Қолжуғышқа барып, бет-аузын жуып, киімдерін қағып түзелді де, бір ауыз сөз қатпастан, үйден шығып кетті.… Екі жылдан соң Романның көрмесі Лондон қаласында өтті. Оның туындыларын сыншылар іске алғысыз деп жариялап, өнертанушылар тыңнан түрен салған жаңа бағыт десті. Үлкен дау – көрген жұрттың ұйқысын қашырған «Жанайғайға» қатысты еді. Біреу күліп, біреу күңіреніп, біреу мақтап, біреу даттап, біреу басын шайқап, ал біреу айтарға сөз таппай тосылып, әйтеуір, ешкім бей-жай қала алмапты. Сол картинаны қойған көрме иелері «18-жасқа толмағандарға және жүрегі ауыратындарға көруге болмайды» деген тыйым жариялауға мәжбүр болыпты. Әсем мұның бәрін ғаламтордан оқып-білді. Суретші сөзінде тұрды: «Протопиті бар ма?», «Бұл туындыны жасауға сізге кім немесе не әсер етті?» деген қаумалаған сұрақтардың біріне жауап берген жоқ. «Жанайғай» – екеуінің ғана құпиясы болып қала берді.Айтпақшы, Романның өмір жолын түртпектеп зерттеген журналистер оның тұлдыр жетім екенін, бірақ азан шақырып қойылған аты Рақымжан екенін біліп алыпты. Ася ханым мұны естігенде селт етпеді. Роман мен Ася ханымның арасындағы көзге көрінбейтін жіп сол күннің кешінде жатаған үйде бырт-бырт үзілген.Бүгінгі ол жәй ғана Әсем.Фото: ofigenno.com
Тегтер: