Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:11, 20 Қазан 2021

Халық кедей, квота аз – бала қайтіп оқиды?

None
None

Аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар үшін жоғары білім қолжетімді болуы керек.

Қазақстанда азаматтардың табыстары бойынша өте көп айырмашылық бар. Коронавирустық пандемия, экономикалық дағдарыс және инфляция халықтың аз қамтылған топтарын одан әрі кедейшілікке алып келді. Ал табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың үлесі қалаға қарағанда ауылдық жерлерде 2,5 есе көп.

Бірақ мұндай әлеуметтік ахуал қазақстандықтардың болашақ ұрпағына әсер етпеуі тиіс. Біздің жастарымыз өз отбасыларының материалдық жағдайына қарамастан, лайықты білім алуы керек. Өйткені ең маңызды құндылық – адами капитал. Оны дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болуы қажет.

Жыл сайын елімізде 150 мыңға жуық оқушы орта мектепті бітірсе, олардың 74 мыңы, яғни жартысы ауыл тұрғындары. Көптеген жылдар бойы еліміздегі ең ірі аграрлық университетті басқарған адам ретінде ауыл балаларының табиғатынан дарынды болатынын, оларды үлкен еңбекқорлық пен ерекше патриотизм сезімі ерекшелендіріп тұратынын айтқым келеді. Бірақ, өкінішке қарай, аз қамтылған отбасынан шыққан көптеген дарынды балалар мемлекеттік білім беру гранттарын ала алмай, жоғары білімнен тыс қалады.

Мұның себептері ауыл мектептерінің мәселесімен байланысты. Оқушылардың жетістіктерін сыртқы бағалаудың қорытындылары бойынша ауылдық және қалалық оқушылар арасындағы білім сапасы бойынша айырмашылық орта есеппен 8 ұпайға жетіп отыр. Ал PISA нәтижелері бойынша бағаласақ, айырмашылық 22-ден 37 ұпайға дейін. Ұлттық бірыңғай  тест нәтижелері бойынша ауыл мектептерінің түлектері өздерінің қалалық құрдастарынан орта есеппен 5-6 ұпай айырмашылықпен қалып отырады.

Ауылдарда 200 білім беру нысаны жетіспейді. 25 мектеп апатты жағдайда, 75 мектеп үш ауысымдық режимде жұмыс істейді. Ал педагогтердің тапшылығы 2100-ден астам адамды құрайды, бұл – республиканың педагог кадрларға деген барлық қажеттілігінің 60 пайызы. Ауыл мектебінде бір мұғалім физика, әдебиет және музыканы оқытатын жағдайлар бар. Көптеген оқытушылардың білімі мен тәжірибесі жеткіліксіз. Қала мен ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасы салыстыруға келмейді. Өткен жылы біз ауыл тұрғындары арасында әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Сауалнамаға қатысқандардың бірде-біреуі өз ауылында «интернет жақсы жұмыс істейді» деп жауап берген жоқ.

Елімізде 22 ауылдық ауданда тіпті колледждер де жоқ. Олардың көпшілігінде шалғай ауылдардан келген оқушыларға жатақханалар жетіспейді.

Жоғары оқу орындарына келетін болсақ, көптеген ауыл балалары мектептерде алған білімдерінің төмендігіне байланысты мемлекеттік білім беру гранттарын алу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша қажетті ұпай жинай алмайды. Ал олардың көбісінде ақылы оқуға мүмкіндік жоқ.

Аграрлық университеттерде тіпті қисынсыз жағдай қалыптасуда. Ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінген мемлекеттік гранттарды ең алдымен жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге қажетті уәждері бар адамдар алуы керек қой. Ал бұл, негізінен, ауылдық жерлерден келген жастар. Олар бала кезінен ауыл шаруашылығы жұмысының не екенін біледі және ауыл өмірімен таныс.

Көптеген жылдар бойы парламент депутаттары білім және ғылым министрлігінің алдында ауыл мектептерінің түлектеріне аграрлық мамандықтарға түсу үшін ауылдық квотаны 30 пайыздан ең болмаса 50 пайызға дейін арттыру қажеттілігі туралы мәселені көтеріп келеді. Мұндай ұсыныстар парламенттік тыңдаулардың және екі дөңгелек үстелдің қорытындылары бойынша берілді. Бірақ мәселе табанды түрде шешілмей отыр. Бұл ретте «Парламенттік тыңдаулардың ұсыныстары неге орындалмайды?» деген сұрақ туындайды. Аграрлық университеттерді бітірушілердің ауылдық жерлерге жыл сайын тек 30 пайызы ғана жұмысқа орналасады, қалғандары мемлекеттік қаражат есебінен оқып, жұмыссыздар қатарын толықтыра отырып қалаларда қалады. Осындай себептен ел бюджетінде жыл сайын кем дегенде 1,5 млрд теңге тиімсіз жұмсалады.

Аграрлық ЖОО-ларда жатақханалар жетіспейді, бұл ауылдан келген және аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттер үшін тағы да қиыншылықтарды туғызады. Сондай-ақ болашақ АӨК мамандарының стипендияларының мөлшері педагогикалық және медициналық университеттерге қарағанда 1,6 есе аз.

Егер шетелдік жетекші университеттердің тәжірибесін қарастыратын болсақ, онда оқуды өтеудің екі түрлі құны бар: барлығы үшін шартты құны және әлеуметтік осал топтардағы студенттерге арналған арнайы құны. Атап айтқанда, көптеген америкалық университеттерде жағдайы төмен студенттер үшін оқу ақысы бойынша жеңілдіктер беріледі. Оларға стипендия тағайындаудың басты критерийі – жай ғана үлгерім емес, отбасының табыс деңгейі. Сонымен қатар мұқтаж студенттерді қолдау үшін көптеген басқа да бағдарламалар бар. Яғни бұл мемлекеттерде әлеуметтік және материалдық жағдайына қарамастан, оқимын деген және іріктеуден өткен барлық жастарға жоғары білім алуға мүмкіндік берілген.

Қазақстанда биыл мемлекеттік білім беру гранттарына 310 млрд теңге бюджет қаражаты бөлінді, бірақ олар тестілеу нәтижелері бойынша беріледі. Әлеуметтік осал топтардың әртүрлі санаттарына сәйкес, квота бар болғаны 0,5-5 пайызды құрайды, бұл мәселені шешпейді.

Еліміздің жоғары білім беру саласындағы білім беру гранттарын бөлу жүйесінде өзгерістер енгізетін уақыт жетті. Мемлекеттік гранттар мен стипендияларды тестілеу нәтижелері мен үлгерімі негізінде ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің қолдауынсыз оқи алмайтындарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында бөлген жөн.

Бұл шаралар мемлекет қаражатын әділ бөлуді қамтамасыз етіп қана қоймай, аз қамтылған отбасылардан шыққан жастардың мансаптық өсуіне әлеуметтік лифт бола отырып, елімізде адам капиталын жан-жақты дамытуға мүмкіндік береді.

Тегтер: