Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 05 Желтоқсан 2024

Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ елдеріндегі мәселелерге Батысты айыптады

Тасмағамбетов
Фото: odkb-csto.org

ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов баспасөз мәслихатында Ресей мен Беларусьтің батыс шекараларындағы қауіп-қатер мен Арменияның ұйымға қайта оралуы туралы айтты. Бұдан бөлек ол Батысты ҰҚШҰ-ға мүше елдерге ақпараттық шабуыл жасады деп айыптады.

Иманғали Тасмағамбетов НАТО-ның Ресей мен Беларусь шекарасына жақын жерде әскери белсенділігінің артуына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қазіргі геосаяси жағдай ешқандай сценарийді жоққа шығармайды.

«Ресей Федерациясының ядролық доктринасына өте маңызды өзгерістер енгізілгенін бәріміз жақсы білеміз. Қазіргі уақытта теңдессіз «Орешник» гипер дыбысты қаруының сынақтан өтуін Батыс елдері ескермей қоймайды. Сондықтан, егер біз НАТО-ның Белоруссия немесе Ресейдің шекараларына басып кіру мүмкіндігін болжайтын болсақ, бұл НАТО тарапынан жасалатын ессіздік болар еді», - деді ол.

Армениямен өзара іс-қимыл туралы айта келе, Иманғали Тасмағамбетов оның ҰҚШҰ-ға кез келген уақытта орала алатынын атап өтті. Сонымен қатар, Ереванның кейбір мәселелерге қатыспауы ұйымның тиімділігіне әсер етпейтінін де жеткізді.

«Армения кез келген уақытта ұйымға қайта орала алады. Сондықтан ҰҚШҰ мүшелері тарапынан ешқандай қарсылықтар немесе кедергілер жоқ, біз белгілі бір уақыттан кейін Армения ҰҚШҰ-ға қайта мүше болады деп үміттенеміз», - дейді Тасмағамбетов.

Тасмағамбетов адам құқықтарын қорғау желеуімен USAID бағдарламалары ТМД елдеріне айтарлықтай әсер етіп жатқанына қатысты пікір білдірді.

«Дос емес елдердің» ақпараттық қысымы мен шабуылдары жалпы қауіпсіздікке әсер ететінін айтсақ та жеткілікті, мысалы, ТМД елдері үшін олар шамамен 300 миллион еуро бөледі, бұл өте қомақты қаржы және біздің елдерге ақпараттық жүктеме өте ауыр екені анық», - дейді ҰҚШҰ басшысы.

21 қарашада  Ресей алғаш рет құрлықаралық зымыранымен Украйнаға соққы жасады. Путин "Орешник" зымыранын қолдануды Киев жақында Батыс елдерінен Ресейге атуға рұқсат британдық және америкалық зымырандарға жауап деп атады.

27 қарашада орыс басылымдарына сұхбат берген Тасмағамбетов «Ресей жаңа зымыран жүйесін сынақтан өткізуге мәжбүр болды» деді.

Айта кетейік, USAID бағдарламалары ресми түрде демократиялық құндылықтарды, адам құқықтарын және азаматтық институттарды дамытуды қолдайтын бастамалар ретінде орналастырылған. ТМД елдерінде бұл әртүрлі көзқарасты тудырды. Қоғамның бір бөлігі оны пайдалы реформалар деп санаса, басқалары ықпал ету құралы ретінде қарастырады. Сонымен бірге, USAID әлеуметтік және мемлекеттік мәселелерді шешуге жиі қатысады. Агенттік медициналық жабдықты сатып алуды қаржыландырады, білім беруді қолдайды.

Нұрсана Қанағатқызы, ҚазҰУ, журналистика факультетінің 3- курс студенті