Иран сыртқы істер министрі мыңдаған адамның қазасы жайлы хабарды жоққа шығарды
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи елдегі жаппай наразылықтар кезінде қаза тапқандар саны жүздеген адаммен шектелетінін айтып, бұған дейінгі мыңдаған қаза туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Бұл туралы ол Fox News арнасындағы Special Report with Bret Baier бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
Аракчидің сөзінше, кейбір дереккөздерде айтылып жүрген 2,5 мыңнан 12 мыңға дейінгі құрбан саны шындыққа жанаспайды. Министр елдегі қақтығыстарға «сырттан кірген террористік элементтер» себеп болғанын алға тартып, оларды Израильдің барлау қызметі Моссад ұйымдастырды деп айыптады.
«Бұл топтар полицияға, қауіпсіздік күштеріне шабуыл жасап, ИГИЛ стиліндегі террорлық әрекеттерге барды. Үш күн бойы біз наразылық білдірушілермен емес, террористермен күрестік», – деді Аракчи.
Министрдің айтуынша, бұл әрекеттердің басты мақсаты – АҚШ-ты қақтығысқа тарту. Оның пайымдауынша, құрбандар санын әдейі көбейту арқылы Вашингтонды араласуға итермелеу көзделген.
Аракчи сондай-ақ наразылық білдірушілерді дарға асу немесе өзге де жазалау шаралары жоспарланып отырғаны туралы қауесеттерді жоққа шығарды.
«Жағдай толық бақылауда, елде қазір тыныштық орнады», – деді ол.
Алайда халықаралық БАҚ-та өзге мәліметтер де бар. The New York Times басылымына куәгерлер үкімет күштерінің қарусыз демонстранттарға оқ атқанын, кей өңірлерде мергендердің қолданылғанын айтқан.
Айта кетейік, Иранда наразылықтар желтоқсан айының соңында экономикалық дағдарыс аясында басталған. Осы оқиға аясында АҚШ-та Иранға қатысты ықтимал қатаң шаралар талқыланып жатыр, ал Дональд Трамп бұған дейін адам өлімі жалғаса берсе, араласу мүмкін екенін мәлімдеген еді.