Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:18

Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер жүргізеді

Иран атом бомба
Фото: AFP

29 қарашада Иран Франция, Германия және Ұлыбританиямен ядролық бағдарлама бойынша келіссөздер өткізеді.

 Бұл туралы Иранның ISNA мемлекеттік ақпарат агенттігі елдің сыртқы істер министрлігінің өкілі Эсмаил Багаиға сілтеме жасап хабарлады.

Оның айтуынша, кездесу сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде өтеді.

Келіссөздер қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы өткен Нью-Йорктегі бұрынғы байланыстардың жалғасы болмақ.

"Нью-Йоркке жоспарланған келіссөздердің осы кезеңінде Палестина мен Ливанды қоса алғанда, бірқатар аймақтық және халықаралық мәселелер, сондай-ақ ядролық мәселелер талқыланады", - деді Багай.

Reuters: Иран Трамптың инаугурациясына дейін тығырықтан шығудың жолын тапқысы келеді

Бұл ретте Жапонияның Киодо агенттігі кездесудің Женевада өтетінін және оған үш еуропалық елдің дипломаттарынан бөлек, Еуроодақ өкілдері де қатысатынын хабарлады.

Иран президенті Масуд Пезешкиан бастаған ирандық қайраткерлер қаңтарда АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың инаугурациясы қарсаңында ядролық тығырықтан шығудың жолын іздеп жатыр, деп хабарлайды Reuters.

Иранның жоғары лауазымды қайраткері келіссөздерге дайындық жүргізіліп жатқанын қуаттап: «Тегеран әрқашан ядролық мәселе дипломатиялық жолмен шешілуі керек деп санайды. Иран келіссөздерден ешқашан бас тартқан емес» деді.

AЭXA басшысы Иранның ядролық бағдарламасы туралы баяндама дайындап жатыр

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (AЭXA) басқарушы органы қарашаның 21-і күні қарар қабылдады, оған сәйкес ұйым басшысы Рафаэль Гросси 2025 жылдың көктеміне дейін Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жағдай туралы баяндама дайындауы керек.

Жапонияның NHK медиасы жазғандай, құжат 2019 және 2020 жылдары анықталған декларацияланбаған нысандарда уран іздерінің бар-жоғы сияқты мәселелерді зерттейді. Бұл қарар сонымен қатар Иранды AЭXA-мен ынтымақтастық жасамағаны үшін айыптап, агенттіктен Ислам Республикасының ядролық қызметі туралы жан-жақты баяндама жариялауға шақырады.

Резолюцияны Германия, Франция, Ұлыбритания және АҚШ дайындаған. Дауыс беру нәтижелері бойынша құжатты AЭXA Басқарушылар кеңесіне мүше 19 мемлекет қолдады. Тағы 12 мемлекет қалыс қалды. Ресей, Қытай және Буркина-Фасо қарарды қабылдамады.