Ислам Әбішев: Шардара қоймасында су көбейсе, оны жіберетін жеріміз жоқ
Қазіргі күнде су мәселесі өте өзекті тақырыпқа айналып тұр. Еліміздегі қазба байлықтары қаншалықты маңызды болса, су одан да маңызды.
Себебі «су – тіршілік көзі» деп ежелден бекер айтылмаса керек. Қазақстанда 2040 жылға қарай ауыз су тапшылығы 50 пайызға дейін, ал жалпы су жетіспеушілігі 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Сондықтан араға қаншама жылдар салып су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Осыған орай жаңадан құрылып жатқан министрлік қандай мәселелерді алдымен шешу керек, трансшекаралық өзендерде нені ескеру керек деген сұрақтар айналасында Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішевпен сұхбат құрдық.
Шілденің нағыз керек кезінде суды алмасаң,
оны қазанда алғаннан еш пайда жоқ
Ең бастысы – жылда бізде қанша су болады, соны анықтап алуымыз керек. Оның қаншасы қайдан келіп, қайда кететінін де білу маңызды. Енді соны жаңа құрылған министрлік анықтайды деп ойлаймын. Содан кейін бізде Қытайдан басқа мемлекеттердің барлығымен трансшекаралық өзендер мәселесі аяқталған. Сондықтан көрші мемлекеттерден бөлінген суымызды толықтай алу үшін барлық шараны жасау керек. Оны алудың маңызды екі жолы бар. Қай кезде алу, қандай көлемде алу деген сұрақ туады. Бұл – өте маңызды мәселе. Нағыз шілденің кезінде керек суды алмасаң, оны қазанда алғаннан еш пайда жоқ. Сондықтан көрші мемлекеттермен тиісті дәрежеде сөйлесіп, өз суымызды уақытында алуымыз керек. Бұл өте маңызды.
Су бөлісе алмай жатқан Қытаймен оны бөлісу мәселесінде мықты болуымыз керек
Су бөлісе алмай жатқан Қытаймен оны бөлісу мәселесінде мықты болуымыз керек. Қытаймен екі үлкен өзеніміз – Іле мен Ертіс өзендері тікелей байланысты. Одан басқа кішігірім жиырма төрт өзеніміз бар. Осы өзендердегі суды бөліскен кезде өте мұқият, сауатты болуымыз қажет. Әрине, ол жерде бірнеше министрліктің адамдары қатысады. Бірақ су министрлігі құрылғасын оның бір орынбасары бұл мәселемен тікелей һәм терең айналысуы қажет. Одан бөлек бұл орынбасар су бөлісудің жалпы тарихын, жағдайын білсе құба-құп. Бұған дейінгі Қытаймен қателеспесем 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан комиссия бар. Олар үлкен жұмыстар атқарды. Жаңағы айтқан орынбасар сол құжаттармен дұрыстап танысып шықсын. Сөйтіп, тең дәрежеде сөйлесе алатындай өкіл болуы қажет деп ойлаймын.
Қазіргі жағдаймен су бөліссек, ұтылып қаламыз
Екінші мәселе мемлекетаралық суды бөліскенде екі түрлі жағдай болады. Біреуі, тарихи қалыптасқан жағдай күйінде, екіншісі, қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты. Әрине, ертедегі жағдаймен су бөлісу тиімді. Егер қазіргі жағдаймен су бөлісетін болсақ, ұтылып қаламыз. Себебі Ертістің суын көп пайдаланбаймыз. Іленің бойындағы суармалы жерлеріміз де азайып кеткен. Қытайлар: «Мына өзендерді пайдаланып жатқан жоқсыңдар. Халқымыз осыншама, олар сусыз өмір сүре алмайды. Сондықтан қазіргі жағдай бойынша су бөлісейік» деп айтуы мүмкін. Бірақ біз пайдаланбай жатқан суларымызды болашақта пайдалануымыз мүмкін ғой. Сондықтан бұрынғы жағдаймен су бөліскен бізге тиімді болады.
800 мың гектардай суармалы жерімізден айырылып қалдық
Біздің Қазақстанда 2 млн 384 мың суармалы жер болған. Бұл есеп – 1991 жылдың қаңтарында жасалған. Қазіргі таңда 1,5 млн гектардай ғана қалды. Сонда 800 мың гектардай суармалы жерімізден айырылып қалдық. 2014 жылдары суармалы жерлерімізді түгендедік. Сол кезде 800 мың гектардың 610 мыңын қайтадан пайдалануға болады деген қорытынды шығардық. Мемлекеттік бағдарламаға енгіздік. Кейін оның бәрі аяқсыз қалып кетті. Олардың басым бөлігі – Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында, яғни олардың барлығы Ертістен су алады деген сөз. Одан бөлек, 1 млн гектардай жаңа жерді Ертістің бойынан пайдалануға болады деп сеніммен айта аламын. Сондықтан да Қытаймен су бөліскенде бұл мәселелерді ұмытпауымыз керек.
2015 жылдары мен су бойынша үлкен мәселелерді қозғадым. Тиісті тапсырмалар да берілген. Кейін біз қызметтен кеткенде тағы да аяқсыз қалып қойды. Қазір осы мәселені қайта қолға алып, Ертіс суын дұрыс пайдалану қажет.
Қазір ауыспалы егістікті ұмытып кеттік
Жазғы шілде кезінде жыл сайын су мәселесі ушығады. Оның себебі біздің жерлеріміздің барлығы табиғи суармалы жерлер емес. Арнайы ғылыми түрде дайындалған. Совет үкіметі тұсында жасалды. Ол дәуірде совхоз бен колхоз болды. Оның жері 3-7 мың гектарға бөлінетін. Тиісті инфрақұрылым каналдар жердің көлеміне байланысты жасалды. Мысалы, бір совхоз болып, оның жері 5 мың гектар болатын болса, оған келетін негізгі канал 5 кубтық еді. Сол каналдан барып 1-2 куб болып, кіші каналдар бөлінетін. Екіншіден, барлық шаруашылық ауыспалы егістікті пайдаланды. 5 мыңның мың гектарына көкөніс, келесісіне жоңышқа екті. Сонда барлығын бір мезгілде суармайтын, әрқайсысының өз уақыты болатын. Ал қазір бір совхоздың орнында 300-400 шаруа қожалығы пайда болды, оның әрқайсысы қалағанын егеді. Мысалы, Жетісайда жаппай мақта екті. Оның барлығын бір мезгілде суарасың. Біздің баяғы бес кубтық каналымыз мұндай сұранысқа жауап бере алмай қалады. Жамбыл облысында да сол жағдай. Суды талап ететін адам көп, одан бөлек биыл жаз айында тарихтағы ең ыстық жыл болды. Үшіншіден, жаңа жоғарыда айтып өткендей, суды уақытында алу керек.
Бұрынғы экология министрінің мүлде судан хабары жоқ
Кеткен кісінің сыртынан сөйлемейін дейсің, бірақ су комитеті қараған бұрынғы экология министрі мүлдем судан хабары жоқ. Ол кісінің орынбасарларының да білігі Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан су басшылары орынбасарлары тәжірибесінің оннан біріне де жетпейтін. Сондықтан бұл жерде кадр мәселесі өте-мөте маңызды.
Шардара су қоймасында су көбейсе,
оны жіберетін жеріміз жоқ
Қазір су қоймаларының жағдайы нашар дей беретінге қосылмаймын. Республикалық бюджет есебінен көптеген су қоймасы қалпына келтірілді. Астана су қоймасы болсын, Түркістан облысындағы, Алматы мен Жамбыл облысындағы су қоймалары да жөнделді. Қызылағаш та қалпына келтірілді. Шардара су қоймасы жөндеуден өтті. Бір айта кететін нәрсе – Шардара су қоймасында 1969 жылы өте көп су жиналды. Соның салдарынан 30 млрд шақырымнан астам су Арнасайдан Айдаркөлге жіберілді. Сондықтан осындай жағдай болған апат болмауы үшін Арнасай платинасын ашып қойған еді. Қазіргі таңда ол жаққа біз су жібере алмаймыз. Себебі Шардарадан кейін Өзбекстанның жерінде бір емес, екі дамба тұр. Оның су өткізу қабілеті 600 кубтан аспайды. Ал апатты жағдай туатын жылы Арнасайға секундына 2,5 мың куб су жіберілген. Енді мұндай мүмкіншілік жоқ. Сондықтан да апатты су жіберетін жеріміз тапшы болып тұр.
Жалпы, су қоймаларын салғанда 50-100 жылда болып қалатын қауіптер ескеріледі. Енді Шардара су қомасындағы апаттан 50 жылдан аса уақыт өтті. Күтпеген жерден қауіпті су келіп қалса, қазір ешқайда су жібере алмаймыз. Ел аман, жұрт тынышта артық суды алып кететін іс-шара қарастыруымыз керек дегенмін. Мен су комитетін басқарып тұрған кезде артық суды қайда апаруға болады, ол үшін қандай канал салу керек деген мәселелермен айналысып, тиісті жобаны жасағанбыз. Әрине, оған көп қаржы кетеді. Бұл болашаққа керек нәрсе. Апат кез келген уақытта қайталануы мүмкін.
Ресей судан қысып тұр
Каспийдің суын қамтамасыз ететін – Еділ мен Жайық. Сол өзендерден келетін судың көлемі азайып кетсе, Каспий тартылады, ал көбейсе көлде су да көбейе бастайды. Бір кездері көлдің суы көбейіп, жағадағы біраз елдімекенді су басқан. Қазіргі таңда Жайықтан келетін су азайып кетті. Себебі Ресей өзеннің суын ұстап қалатын көптеген су қоймасын салды. Кез келген суды бөліскенде суды адаммен бірге табиғаттың өзі де пайдаланушы болып саналады. Яғни Каспий көлінің өз үлесі бар, сол сияқты табиғи батпақтар болады. Оған да су керек, су бармаса тақырға айналып кетеді. Сондықтан су бөліскенде табиғи су пайдаланушыларды міндетті түрде ескеру қажет. Егер су Жайықпен шекараға дейін келсе біз оны басқа жерге асырып жібермейміз. Екі-үш каналдарымыз бар, жайылымға, т.б. аламыз. Өте көп мөлшерде су шығындайтын суармалы жеріміз де жоқ. Қысқаша айтқанда, Жайықтан бізге келетін судың өзі азайып кеткен. Ресей судан қысып тұр. Олар өздерінен керегін алып болғасын, қалғанын бізге жібереді.
Сырдарияда кейінгі жылдары су азаймаған, керісінше, көбейген
Судың бір жылдық мөлшеріне қарап азайды немесе көбейді деген қорытынды шығаруға болмайды. Оны он жылдық циклмен қараған дұрыс. «Қазгидрометтің» мәліметтері бар. Шардара гидропостынан 1961-1970 жылдар аралығында өзеннен 20 куб шақырым су ағып отырған. 1971-1980 арасында 11,5, 1981-1990 арасында 12 куб шақырым, 1991-2000 жылдар арасында 18,4 куб шақырым су, 2001-2010 жылдар 20,8 куб шақырым су аққан. Статистикаға қарасаңыз, кейінгі жылдары су көбейген. Білесіз бе, су неге көбейді? Себебі суды көп ұстайтын Тоқтағұл су қоймасы КСРО кезінде күзде, қыста, көктемде жинап, тек жазда жіберетін. Оны басқа елдер егістік суғаруға пайдаланды. Оның орнына қырғыздарға арзан көмір, жанармай беріліп тұрды. Енді егемендік алғасын Қырғыз еліне ешкім арзан жанармай бермей қойды. Содан кейін олар энергия өндіру үшін суды төрт мезгілде де жібере бастады. Соның нәтижесінде, бізде су көбейді. Қыста су көбейе бергесін біз амал жоқ Көксарайды салдық.
«Ойбай, су азайып кетті» деп айтатын адамдарға «алдымен статистиканы қарап алсаңдаршы» деп айтқан болар едім
Тағы мәселе Іле өзенін айтайын. Қапшағайдағы гидропосттан 1961-70 жылдар 14,8, 1971-80 жылдарда 13,4, 1981-90 жылдарда 14,34, 1991-2000 жылдарда 14,4, 2001-2010 жылдарда 15,6 куб шақырым су ағып отырған. «Ойбай, су азайып кетті» деп айтатын адамдарға «алдымен статистиканы қарап алсаңдаршы» деп айтқан болар едім. Ешкім «Қазгидрометтің» мәліметтерін қарамай, әр нәрсені айта береді.
Ертіс өзенін алайық, «Боран» станциясында гидропост бар. 1961-70 жылдар аралығында 8,4, 1971-80 жылдарда 8,24, 1981-90 жылдарда 8,61, 1991-2000 жылдарда 9,3, 2001-2010 жылдар аралығында 8,24 куб шақырым су ағып отырған. Статистикадан көріп отырғандарыңыздай, 50 жыл ішінде аталған өзендерде судың қатты азайып кеткенін көріп отырғанымыз жоқ. Кей жылдарда қатты азайып, тым көбейіп кетуі мүмкін. Бірақ көпжылдықтар аралығында су қалыпты ағып отырған. Сондықтан анализ жасаған адамдар тереңірек ізденсе деймін.
1 млн гектар жерді суармалы жерге айналдыруға мүмкіндігіміз бар
Ішкі мәселелерге тоқталып өтейін. Қазір елімізде 600 мың гектар жерді қайта іске қосу керек. Тағы да қосымша 1 млн гектар жерді суармалы жерге айналдыруға мүмкіндігіміз бар. Мұның бәрін іске асыру үшін каналдарды қалпына келтіруіміз қажет. Су саласына көңіл бөлінбей жатқан кездерде мен гидроқұрылымдардың көбісін орталықтандырып, жинадым. Оны халықаралық қаржы ұйымдары арқылы қаржыландырып, жұмыс істеуді бастаған болатынмын. Өкінішке қарай, енді басталған іс біз анандай жағдаймен кетіп қалғаннан кейін тоқтап қалды. Енді айтарым – кім су саласына басшы болып келсе де өзгермей, өздігінше жұмыс істеуі қажет. Сондықтан өте маңызды каналдарды республикалық меншікке алып қалып, қалғанын коммуналдық меншікке беру керек. Оны басқаруды облыс орталықтары меншігіне алсын. Ал облыс басшылары суды пайдаланатын шаруалармен ақылдаса отырып басқаруды коммуналдық меншікке немесе жекеге беру керек.
Инфрақұрылымдарды жөндеген, суармалы жер қосқан кәсіпкерлерге субсидия бөлу қажет
Біз бір жоба жасап, «Үлкен Алматы» өзенін жөндеуден өткіземіз десек бәрі мақұлдайды. Мысалы, оған 10 млрд қаржы керек делік. Енді осының жөндеу барысын алып қарайықшы. Осы жобаны мақұлдап, оны іске асырғанша кемінде 10 жыл уақыт кетеді. Өте шаруасы көп. Егер сол жолмен жүретін болсақ мына инфрақұрылымдарды қалпына келтіреміз деп жүргенде 15-20 жыл өтіп кетеді де, алғаш жөндегендерімізді қайтадан жөндеуге тура келеді. Сондықтан оны тездететін дұрыс жолы бар. Инфрақұрылымдарды жөндеген, суармалы жер қосқан кәсіпкерлерге субсидия бөлу. Міне, осындай жағдайда каналдарымыз өте тез жөнделеді. Әрі қаржы да үнемделеді. Асылжан Мамытбеков ауыл шаруашылығы министрі болып тұрған кезде малды суғаратын құдықтарды қалпына келтіру керек болды. 5-10 мың құдықтарды мемлекеттік мекеме жобасын жасап жүргенде 15 жыл өтіп кететін еді. Мамытбеков бұл мәселені шешу үшін соны істеген адамдарға субсидия бөлді. Біріншіден, мәселе тез шешілді, екіншіден, қаржы үнемделді. Сондықтан бұл әдісті каналдарды қалпына келтіру үшін пайдалану керек деп ойлаймын. Бірақ оны орталықта отырып шешетін болсақ дұрыс емес болады. Себебі Шығыстағы каналдармен Оңтүстіктегі каналдарды салыстыруға келмейді. Сондықтан субсидияның көлемін, заңын, т.б бәрін жергілікті жердегі облыс әкімдері есептеп шешсін. Орталықтан қаржы бөлінсе дұрыс. Дәл осылай жасайтын болсақ 2-3 жылда бәрін қайта жөндеуге болады. Дәл сол сияқты тамшылатып суаруға да субсидия көлемін үлкейтсек, 4-5 млрд суды үнемдеген болар едік. Бұл өте маңызды нәрсе.
Біз жерді суару үшін 4-5 млрд суды текке жоғалтамыз
Біз жерді суару үшін 13-14 млрд куб су жұмсаймыз. Соның 4-5 млрд-қа жуығын жоғалтамыз. Жерге сіңіп кетеді. Суды текке шығындамау үшін каналдарды бетонмен қаптап, инфрақұрылымды жөндейтін болсақ, тағы да 1 млн гектарға жететін суды үнемдеген болар едік. Бұл жерде осындай маңызды мәселелер бар.
P.S.Бүгінде Жердің әрбір тұрғынына шамамен 750 текше метрден су келеді. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 450 текше метрге дейін төмендейді. Дүниежүзіндегі елдердің 80 пайызы БҰҰ классификациясы бойынша су тапшылығы сызығынан төмен санатқа жататын аймақта болады. Африка, Таяу Шығыс, Солтүстік Қытай және Оңтүстік Азия зардап шегеді. Болашаққа қам жасап, суды бүгіннен бастап үнемдемесек, алда біз де бұл мәселелерге тап боламыз. Судың да сұрауы бар екенін ұмытып кетпейік.
Жазып алған
Тұрсынбек Башар