Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:35

Кадырбек Атамбаевтың "СИЗО"-дан хат жазып, өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды 

Кадырбек Атамбаев
Фото: ашық дереккөз

Бұрынғы Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы — Кадырбек Атамбаев, «жаппай тәртіпсіздікке шақыру» ісі бойынша қамауға алынғаннан кейін, 22 және 23 қараша күндері "СИЗО"-дан екі хат жариялады. 

Ол хаттарында өзін қамауға алу барысын егжей-тегжейлі сипаттап, күштік құрылымдар тарапынан қысым болғанын, ал тағылған айыптардың «абсурд» екенін жазған. Оның айтуынша, іс кейіннен ауыр бапқа — «билікті күшпен басып алуға әрекет» деп қайта сараланған.

22 қарашадағы хат: «Үйімізге таңғы 7-де бетперделі адамдар баса-көктеп кірді»

Кадырбек Атамбаев алғашқы хатында өзін және серіктерін ешкімді жаппай тәртіпсіздікке шақырмағанын, тек Свердлов округінен депутаттыққа үміткер Кыял Токторбаеваға үгіт жүргізгенін жазады.

Оның сөзінше, 22 қараша күні таңғы сағат 07:00-де үйіне бетперде киген арнайы жасақтың шамамен он қызметкері кірген.

«Заңды негіз де, логикалық түсіндіру де болған жоқ», — дейді ол.

Атамбаевтың айтуынша,тінту кезінде процессуалдық нормалар бұзылған, ІІМ Тергеу қызметінде оған адвокат шақыру құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік берілмеген, қара киімдегі қызметкерлер оған қысым көрсетіп, адвокат күткен жағдайда «азаптау» қаупімен қорқытқан.

«Олардың бірі қолымды қайырып, адвокатпен сөйлесіп жатқан телефонымды жұлып алды», - деп жазады ол.

Кадырбек Атамбаев өзіне жасалған қысымды «террор» деп сипаттап, мұны майнинг-фермаға қатысты трансформаторлар сатып алудағы мүмкін заңбұзушылық жөнінде Бас прокуратураға берген шағымымен байланыстырды.

Сондай-ақ, оған тағылған «жаппай тәртіпсіздікке шақыру» айыбын билік «жасырын түсірілген, асүйдегі пікірталастар» арқылы негіздеп отырғанын айтты. Бұл видеоларда Темирлан Султанбеков көрінеді.

23 қарашадағы хат: «Маған тағылған айып енді — билікті күшпен басып алу»

Екінші хатында Кадырбек Атамбаев айып өзгертілгенін хабарлайды. Бастапқы «жаппай тәртіпсіздікке шақыру» бабы енді «билікті күшпен басып алуға әрекет» болып қайта жазылған.

«Бұл айыптың негізі — менің әлеуметтік желідегі жазбаларым. Онда азық-түлік бағасының өсуі мен энергетикадағы проблемалар туралы жазғанмын. Айыптың мәні — абсурдтың шегі», - дейді ол.

Ол энергетика мәселелерін әлеуметтік желіде емес, ресми түрде Бас прокуратураға жолдағанын айтады. Оның шағымы майнинг-ферма жұмысына қатысты, ал ферма «Ширшов пен Максим Бакиевке жақын адамдарға» тиесілі болуы мүмкін екенін атап өтеді.

Кадырбек Атамбаевтың айтуынша, шағым материалдары қазірдің өзінде ҰҚК-ге өткізілген, оның қамауға алынуы осы шағыммен тікелей байланысты болуы ықтимал, ал әлеуметтік желідегі жазбалар Дүниежүзілік банк, МВФ және ЕБРР деректеріне сүйенген аналитикалық материалдар болған.

«Бұл қалайша “билікті күшпен басып алуға әрекет” деп бағалануы мүмкін?» — деп жазады ол.

Кадырбек Атамбаев өз ісін «абсурд театры» деп сипаттайды. Оның пікірінше, ғылыми мақалалар, әлеуметтік желі жазбалары, және Ширшовқа қатысты ресми шағым себепсіз түрде аса ауыр айыптауларға айналған.

Тегтер: