«Қала саламын» деген Сұлтанғазиев мектеп құрылысын аяқтай алмай жүр
Алматы қаласының іргесінде «Абай» деп аталатын ауыл бар. Қаламен шекараласатын елді мекен әкімшілік тұрғыдан Алматы облысы Қарасай ауданына қарайды.
Осы Абайдағы Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектеп 2024 жылы күрделі жөндеуге берілген екен, алайда құрылыс жұмысы белгіленген уақытта аяқталмаған. Бұл туралы «Жас Алашқа» хабарласқан ауыл тұрғындары айтты.
Абай ауылындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектеп 1966 жылы 640 оқушыға шақтап салынған. Қазір мұнда 2 ауысыммен 1133 бала оқиды. Мектепке алғашқы күрделі жөндеу жұмысы 2005 жылы, яғни 39 жылдан соң жасалған екен. Ал одан кейінгі күрделі жөндеу жұмысы 2024 жылы, 19 жылдан кейін қолға алынған болатын. Алайда 1,5 жылдан бері құрылыс жұмысының жыры бітер емес.
Негізі құрылысқа жауапты мердігер «Техноснаб 2002» ЖШС әу баста бұл шаруаға білек сыбана кіріскен көрінеді. Себебі нысанның алғашқы техникалық паспортына қарасақ, күрделі жөндеу жұмысы 2024 жылы 18 сәуір күні басталған екен. Яғни IV тоқсанның аяқталуын, оқушылардың жазғы демалысқа кетуін күтпей-ақ шаруаны қолға алған. Сөйтіп мектеп оқушылары мен оқытушылары Абай ауылындағы 2-мектепке көшуге мәжбүр болады. Ол кездегі күрделі жөндеудің бітетін межесі 2025 жылдың 12 қаңтары делінген. Алайда ауыл тұрғындарының айтуынша, жаз бойы мектепте жөнді, өнімді жұмыс жүрмеген. Құрылыс компаниясының сылбыр жұмысынан күдіктенген ауыл тұрғындары «Жас Алашқа» өткен жылы да хабарласқан-ды. Онда мектептің күрделі жөндеу жұмысы уақытылы бітпей қала ма деген алаңын жеткізген. Біз осы ақпар негізінде Абай ауылына 2024 жылы 8 қараша күні бардық. Мектеп ауласы ығы-жығы. Ескілі-жаңалы құрылыс материалдары жиналған. Мектептің ішінде жұмыс жүріп жатқан көрінеді. Өзін жауапты маманмын (аты-жөнін атамады) деп таныстырған азамат құрылыстың жоспар бойынша жүріп жатқанын, белгіленген уақытта мектепті пайдалануға тапсыратынын айтып, шығарып салды.
Алайда уәделі уақыт жеткенде мектеп құрылысының аяқталмағаны, оқушылардың әлі де Абай ауылындағы 2-мектепте оқып жүргені белгілі болды. Енді істің мән-жайымен жақынырақ танысайық деп 2-мектепке бардық. Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектеп оқушылары мен мектеп ұжымы 2-мектептің бір бұрышына жайғасыпты. Мектептің негізгі есігінен емес, қапталдағы қосалқы есіктен кіреді екен. Әрине, басқа мектептің үстіне уақытша көшіп барған мектеп ұжымында қандай жақсы жағдай бола қойсын? Кабинеттердің жетіспеуі, оқушыларды қызықтыру үшін қолданылатын оқу технологияларының жоқтығы секілді қиындықтардың болатыны түсінікті. Бірақ бізді таңғалдырғаны – оқытушылардың дәлізде отырғаны. Себебі кабинет жоқ, сондықтан оқытушылар дәлізге үстел қойып отыруға мәжбүр. Олар осында күн ұзақ жұмыс істейді, сабаққа дайындалады. Біз мектепке кіргеннен соң аз уақыттан кейін қоңырау соғылды. Іле-шала дәлізге дабырлап, шулап оқушылар шықты. Енді оқытушылардың тынышы кете бастады. Міне, өткен жылы сәуір айынан бері мектептегі жағдай осылай.
Мектептің ауысқаны ата-аналарға да оңай тиіп отырған жоқ. Ауылдың жоғарғы шетіндегі мектепке барып келу, әсіресе төменгі сынып оқушыларына қиын. Сондықтан ата-аналар мектепке балаларын жеткізіп, алып қайту үшін көлік жалдайды. Алайда оның бағасы да күйіп тұр. Бір балаға айына 15 мың теңге. Онсыз да қымбатшылық бүйірден қысқан, айлығы шайлығына жетпей қиналған 3-4 баласы бар тұрғындар үшін бұл да аз салмақ емес.
Ауыл тұрғыны Гүлбахар Өтепбаеваның айтуынша, мектеп ауысқалы балаларын апарып алып келу қиындай түскен.
«Балам 3-сыныпта оқиды, таңғы ауысымда. Қыс түскелі мектепке қатынау қиын болып кетті. Басқасын айтпағанда, баланы жалғыз жіберуге қаңғыған иттерден қорқамыз. Өткенде ауылда үш күн қатарынан балаларды ит талапты. Соның бірін балам көзімен көріп, содан қорқып, тез-тез жүремін деп мұзға тайып жығылып басын ауыртып алды. Осыдан кейін мектепке барғысы да келмей қалды. Көлік жалдау қымбат. Қазір балам автобуспен барып келеді. Бізге негізі өзіміз үйреніп қалған мектебіміз ыңғайлы еді. Бірақ құрылыстың аяқтайтын түрі жоқ. Бастапқыда өткен жылы күзде кіреміз бе дедік, сосын биылғы жылдың басында бітеді екен деді. Бірақ ол да болмады. Енді қашан бітеді? 1,5 жыл күрделі жөндеуден өткізетін үлкен де мектеп емес қой», – дейді Г.Өтепбаева.
Біздің «мектептің күрделі жөндеу жұмысы неге кешігіп жатыр?» деген сұрағымызға директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Қайрат Шакиров жауап берді. Оның айтуынша, басты кедергі құрылыста жұмыс істейтін адамның аздығы.
«Келісімшартта көрсетілгендей, мердігер компания мектепті 2025 жылдың 12 қаңтарында өткізуі тиіс еді. Бірақ жаз бойы жұмысшы саны аз болды да, үлгере алмай қалды. Менің білуімше, енді компания жұмысты жалғастыру үшін соттың шешімін күтіп отыр. Мердігер компания жұмысты толық аяқтау үшін үш ай сұрап отыр. Егер сот осыны мақұлдаса, келісімшарт қайтадан жасалып, жұмыс жалғасады», – дейді Қ.Шакиров.
Осыдан соң Абай ауылындағы 2-мектептен шығып, құрылыс жұмысы жүріп жатқан Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектепке келдік. Айнала жым-жырт, негізгі қақпа жабулы тұр. Алғашқы келген кездегіден көп өзгеріс байқалмады. Сәлден соң іштен күзетші шықты. Ол кісі құрылысқа қатысты ештеңе білмейтінін айтты. Жауапты адамдар мұнда жоқ деді. Бір қызығы, біз осында күзде келгенімізде құрылыстың паспорты ілулі тұрған еді (паспорттағы мәліметтер тек орыс тілінде ғана жазылған), қазір жоқ. Оны жел ұшырып кетті ме дейін десең, мұның да қисыны келмейтін секілді. Себебі дәл паспорттың қасындағы «референдум учаскесінің орталығы» (АЭС туралы референдум болуы тиіс) ауысқаны жөнінде хабарландыру әлі күнге ілулі тұр. Ал оның қасында «Партиялық бақылау бекеті» делінген нысанды AMANAТ партиясы бақылайтыны туралы плакат та еш бүлінбеген қалпы ілулі тұр.
Біз паспортта мердігер «Техноснаб 2002» ЖШС-ның бас инженері деп көрсетілген Әділхан Толқұмбеков есімді азаматқа хабарласып көрдік, тұтқаны көтермеді. Одан соң құрылысқа жауапты басшы (прораб) делінген Жасұлан Ахметов есімді азаматқа да хабарластық, бірақ ол да тұтқаны көтермеді.
Бұдан соң сауалымызды Алматы облысы білім басқармасына жолдадық. Бір күннен кейін жауап келді. Онда Алматы облысы бойынша 19 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланғаны айтыла келіп: «Қарасай ауданы Абай ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына бюджеттен 2024 жылы 1,3 млрд теңге бөлініп, атқарылған жұмыстарға сәйкес – 417,2 млн теңге игерілді. 2025 жылға 961,9 млн теңге бөлінді.
М.Ғабдуллин мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарының мерзімі 12.01.25 ж, мердігер «Техноснаб 2002» ЖШС-ы келісімшарттың міндеттерін орындамауына байланысты сотқа шағым берілді. Соттың шешімімен келісімшарт ұзартылатын болады. Бүгінгі күнде жұмыстар 60% орындалды. Мердігер компания «Техноснаб 2002» ЖШС-ы нысанды аяқтауға тікелей жауапты.
Мектептердің күрделі жөндеу жұмыстарының өткізілу барысы облыс әкімдігінің бақылауында» делінген. Алайда мұнда нысан жұмысының нақты қай кезде аяқталатыны айтылмаған. Соған қарағанда, соттың шешімін күтіп отырған болуы тиіс.
Жоғарыдағы жауапта Алматы облысы білім басқармасы нысанның облыс әкімдігінің бақылауында екенін айтқан еді. Онда «бақылаулы нысан» не себепті белгіленген мерзімнен кешігіп жатыр? Әлде облыс әкімі М.Сұлтанғазиев «бақылау» дегенді істі қадағалап, уақытылы бітіру емес, бітпеген істі сотқа беру деп түсіне ме? Әйтпесе не себепті «бақылаулы жұмыс» уақытылы бітпей, оның соңы сотта қаралып жатыр. Басқаны айтпағанда, нысан жұмысын уақытылы бітірмей, 1133 оқушыны қыстың суығында ауылдың шетіндегі мектепке шұбыртып қойғаны қалай? Қомақты ақша бөлінген бір мектептің күрделі жөндеу жұмысы дәл осылай кешіксе, Сұлтанғазиев алдағы уақытта Алатау қаласының көлемді құрылысын қалай жүргізбекші?!
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ