Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

«Канело» Головкиннің арқасында миллиардер болды ма?

Канело
Фото: из открытых источников

Бокс – өте ертеден келе жатқан спорт түрі. Тіпті онымен ежелгі гректер, римдіктер айналысты деген ақпарат бар.

Бірақ кейінгі кезде әуесқой бокстың басынан бақ тайды. Төрешілерге қатысты дау-дамай әлемдік аренадағы бокстың беделін тым төмендетіп жіберді. Тіпті халықаралық Олимпиада комитеті бұл спорт түрін Олимпиада ойындарының бағдарламасынан алып тастау мәселесін де қарастырған болатын. 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада бағдарламасына бокстың қосылғаны биыл сәуірде ғана ресми белгілі болды.

Ал кәсіпқой бокс тағынан тайған жоқ. Ол – әлі әлемдегі көрермені ең көп, даңқы мен дақпырты жоғары, қаржысы мол спорт түрлерінің бірі. Кәсіпқой бокс өткен ғасырда қатты дамыды. Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Джо Фрейзер, Джордж Формен сияқты аңыз боксшылар жанкүйер жүрегін жауалады.

Кәсіпқой бокста боксшылардың дәрежесіне байланысты жекпе-жек 4, 6, 8, 10 және 12 раундтан тұрады. Кәсіпқойға енді аяқ басқан боксшы 4 раундтық жекпе-жекке шықса, чемпиондық белбеуге үміткерлер 8 немесе 10 раунд жұдырықтасады. Ал чемпиондық жекпе-жектер 12 раунд болады. 1982 жылға дейін 15 раундтық кездесулер өткен. Бірақ сол жылы кореялық боксшы Ким Дук Ку 27 жасында көз жұмған соң бокс ережесіне біршама өзгеріс еніп, Халықаралық бокс федерациясы (WBC) раунд санын 12-ге дейін қысқартты.

Қазақстанға кәсіпқой бокс сәл кеш келді деуге болады. Бұған Кеңес одағының жабық саясаты әсер еткені анық. Тәуелсіздік алған соң елімізден шыққан былғары қолғап шеберлері бокстың бұл түрінде де бақ сынай бастады. Кәсіпқой бокста өнер көрсеткен алғашқы қазақстандықтар ретінде Василий Жиров, Марат Мәзiмбаевтарды атауға болады.

Кәсіпқой боксшылардың рейтингін жүргізетін Boxrec сайты базасында 149 қазақстандық боксшы тіркелген. Мұны өте көп деп бағалауға болады. Кәсіпқой боксты таңдаған қазақстандықтардың басым бөлігі АҚШ, Англия, Ресейде жаттығып жүр. Спортшыларымыз кәсіпқой боксқа неге көптеп ауысып жатыр? Ең алдымен әуесқой бокстан Қазақстан құрамасында бәсеке өте жоғары. Ел чемпионатында үздік үштікке енген боксшылар ғана ұлттық құрамаға алынады. Қаншама талантты боксшы құрамаға кіре алмай, уақытын жоғалтады. Құрамаға енгеннің өзінде үшінші-төртінші нөмірлі боксшылар жыл бойы спарринг-қарсылас ретінде ғана жаттығу өткізеді, халықаралық жарысқа қатыса алмауы мүмкін. Төрт жылда бір өтетін Олимпиадаға әр салмақтан бір боксшы ғана бара алады. Сол себепті қазақстандық боксшылар кәсіпқой боксқа кетеді.

Екінші себеп, кәсіпқой бокс атақ пен ақшаның ортасы. Даңқты кәсіпқой боксшылардың жеткен жетістігін, тапқан табысын көрген жас спортшылар мұхит асып, бақ сынап көруге тәуекел етеді. Бірақ кәсіпқой бокста кез келген боксшы атын шығарып, көп ақша таба алмайды. Себебі кәсіпқой бокстың жолы өте ауыр. Тіпті оның жолы әуесқой бокстан да қиын деуге болады. Жетістік боксшының талантынан бөлек, промоутерге және телеарналарға да байланысты. Мықты промоутері, қалталы демеушісі бар боксшылар ғана көп ақша таба алады.

Қазақтан шыққан әлем чемпиондары

Қазірге дейін Қазақстан атынан 5 спортшы кәсіпқой бокста әлем чемпионы атанды. Олар төрт ірі тұжырымының (WBC, WBA, IBF, WBO) кем дегенде біреуін жеңіп алған. Олар – Василий Жиров (38-3-1, 34 KO), Бейбіт Шүменов (18-2, 12 KO), Жанат Жақиянов (27-2, 18 KO), Геннадий Головкин (42-2-1, 37 KO), Жәнібек Әлімханұлы (17-0-0, 12 КО). Сондай-ақ Марат Мәзімбаев IBA белбеуіне (2005 жыл), Данияр Елеусінов IBO титулына (2021 жыл) қол жеткізген.

Василий Жиров – 1996 жылы Атлантадағы Олимпиада ойындарында чемпион атанып, 1997 жылы кәсіпқой боксқа ауысқан. 42 жекпе-жек өткізіп, оның 38-інде жеңіске жетті. IBF (Халықаралық бокс федерациясы) тұжырымы бойынша әлем чемпионы, WBC (Бүкіләлемдік бокс кеңесі) тұжырымы бойынша халықаралық чемпион атанды. Жиров әуесқой бокста да, кәсіпқой бокста да Қазақстанға алғашқы чемпиондық атақты алып берген боксшы.

«Балқаштың Барысы» IBF тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақтағы әлем чемпионы титулына 1999 жылы 5 маусымда америкалық Артур Уильямсты жеңіп, қол жеткізді. Белбеуін 2003 жылғы 26 сәуірге дейін үш мәрте сәтті қорғады (1999 жыл 18 қазан, 2000 жыл 12 ақпан және 2001 жыл 6 ақпан). Әуесқой бокстағы жетістігі (207 жеңіс, 10 жеңіліс): 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері (1996 ж), әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері (1993 және 1995 жж), Азия чемпионы (1995 ж) және қола жүлдегері (1994 ж), Азия ойындарының қола жүлдегері (1994 ж), ТМД елдері чемпионы (1993 ж) және Қазақстанның төрт дүркін чемпионы (1992–1995 жж). Сондай-ақ 2001 жылы 6 ақпанда Жиров Алматыда пуэрто-рикалық Алекс Гонсалесті жеңіп, Қазақстанда чемпиондық жекпе-жек өткізген алғашқы боксшы атанды.

Бейбіт Шүменов – екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған жалғыз қазақ. WBA тұжырымы бойынша жартылай ауыр салмақта (29 қаңтар 2010 жыл – 14 желтоқсан 2013 жыл), WBA тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақта (21 мамыр 2016 жыл – 31 мамыр 2019 жыл) әлем чемпионы болған. Әуесқой бокстағы жетістігі: Азия чемпионы (2004 ж). І Афро-Азия ойындарының күміс жүлдегері (2003 ж). Шүменов Қазақстанда 3 мәрте титулды жекпе-жек өткізді. Алдымен 2009 жылы тамызда Астанада жартылай ауыр салмақтағы WBA белбеуіне таласып, Габриэль Кампиллодан жеңілді. Араға 2 жыл салып, 2011 жылғы қаңтарда Шымкентте Уильям Джоппді жеңіп, WBA титулын қорғады. Бейбіттің үшінші титулды кездесуі 2018 жылы шілдеде Астанада өтіп, түркиялық Хизни Алтункайды жеңіп, бірінші ауыр салмақтағы WBA титулына ие болды.

Жанат Жақиянов – WBA тұжырымы бойынша жеңілдеу салмақтағы әлем чемпионы (7 қараша 2015 жыл – 21 қазан 2017 жыл). Кәсіпқой бокста 2007 жылдан бастап өнер көрсетті. Әуесқой бокстағы жетістігі: Ғалым Жарылғапов атындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы (2006 ж).

Геннадий Головкин – қазақтан шыққан ең даңқты кәсіпқой боксшы. WBA (14 тамыз 2010 – 15 қыркүйек 2018), IBF (17 қазан 2015 – 15 қыркүйек 2018; 5 қазан 2019 – 2022 жыл), WBC (18 мамыр 2016 – 15 қыркүйек 2018), сондай-ақ IBO (9 желтоқсан 2011 – 15 қыркүйек 2018; 5 қазан 2019 – 2022 жыл) тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы.

GGG кәсіпқой бокста жалпы 45 жекпе-жек өткізіп, 42 мәрте жеңіске жетті. Оның 37-сін нокаутпен аяқтаған. Бұдан бөлек, бір рет тең түсіп, екі мәрте жеңілді. Соңғы үш нәтиже де мексикалық Сауль «Канело» Альвареске қарсы кездесулерде тіркелді. Ол чемпиондық атағын 20 жекпе-жекте сәтті қорғап, америкалық даңқты боксшы Бернард Хопкинстің рекордына (21 жеңіс) бір табан жетпей қалды. Сондай-ақ 2008 жылғы 22 қарашадан 2017 жылғы 17 наурызға дейін 23 кездесуде қатарынан нокаутпен жеңіске жеткен. Оның мансабындағы барлық жекпе-жекте нокаутпен жеңіске жету көрсеткіші де өте жоғары – 82%.

Әуесқой бокстағы жетістігі (345 жеңіс, 5 жеңіліс): 2004 жылғы Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2003 жылғы Әлем чемпионы, Азия (2004 ж) және Азия ойындарының (2002 ж) чемпионы, Шығыс Азия ойындарының чемпионы (2001 ж) және Қазақстанның жеті дүркін чемпионы. Головкин да Қазақстанда чемпиондық жекпе-жек өткізген. 2010 жылы 16 желтоқсанда Астанада өткен бокс кешінде ол колумбиялық Нильсон Хулио Тапианы үшінші раундта нокаутқа түсіріп, орта салмақтағы WBA титулын сәтті қорғады.

Жәнібек Әлімханұлы – дәл қазір чемпиондық белбеуі бар жалғыз боксшымыз. WBO (27 тамыз 2022 – қазірге дейін), IBF (14 қазан 2023 – қазірге дейін) тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы. Кәіпқой бокста 17 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жетті, 12-сін мерзімінен бұрын аяқтаған. Әуесқой бокстағы жетістігі: әлем чемпионы (2013 жыл), Азия ойындарының чемпионы (2014 жыл), Азия чемпионы (2013 жыл).

Әлімханұлы кәсіпқойдағы кейінгі жекпе-жегін биыл 5 сәуірде Астанада өткізді. «Барыс аренадағы» бокс кешінің басты жекпе-жегінде франциялық Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 KO) 5 раундта нокаутқа түсіріп, белбеулерін сәтті қорғады. «Қазақ стилі» осы жеңісінен кейін BoxRec рейтингінде өз салмағында бірінші орынға шықты. Жәнібек басты мақсаты орта салмақта абсолютті әлем чемпионы атану екенін айтып жүр. Бірақ 17 кездесуде қатарынан жеңсе де, супер жекпе-жек бұйырар емес. Кәсіпқой бокстың жазылмаған қатаң заңы оған атағынан ат үркетін алпауыттармен жұдырықтасуға мүмкіндік бермей отыр.

Салыстыру үшін айта кетейік, тәуелсіздік алғаннан бері әуесқой бокста Қазақстан атынан 7 Олимпиада чемпионы шықты. Олардың екеуі, Жиров пен Головкин кейін кәсіпқой белбеу тақты. Ал қалғанына мұндай абыройлы атақ қазірше бұйырған жоқ. Сонымен, Василий Жиров, (XXVI, Атланта–1996, 81 келі, Баркер кубогының иегері), Бекзат Саттарханов (XXVII, Сидней–2000, 57 келі), Ермахан Ибраимов (XXVII, Сидней–2000, 71 келі), Бақтияр Артаев (XXVIII, Афины–2004, 69 келі, Баркер кубогінің иегері), Бақыт Сәрсекбаев (XXIX, Бейжің– 2008, 69 келі), Серік Сәпиев (XXX, Лондон–2012, 69 келі), Данияр Елеусінов (XXXI, Рио–2016, 69 келі). Өкінішке қарай, Токио (2021 жыл) және Париж (2024 жыл) Олимпиадасында боксшыларымыз алтын медаль ала алмады.

GGG – «Канело» 4. Жекпе-жек өте ме?

Геннадий Головкиннің кәсіпқой мансабындағы жетістігі де, өкініші де – мексикалық Сауль «Канело» Альвареске қарсы кездесулер. Жетістігі дейтініміз, GGG «Канеломен» кездесулерде өзге жекпе-жектеріне қарағанда әлдеқайда мол гонорар алды. Ал өкініші – жеңіске жете алмады. Қос боксшы 3 мәрте жұдырықтасты. Алғашқы кездесу 2017 жылы 16 қыркүйекте Лас-Вегастағы (АҚШ) T-Mobile Arena-да өтті. Ол жекпе-жек төрешілер шешімімен тең аяқталды (118:110 – Альвареске, 115:113 – Головкинге, 114:114 – тең).

Бірақ бұл кездесудің нәтижесі жанкүйерлер мен сарапшыларға ұнаған жоқ. Көп адам Головкиннің жеңгенін айтып жүрді. Мысалы, WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы болған Ұлыбритания боксшысы Билли Джо Сондрес «тең нәтиже – қорлау. Бұл кездесуде Головкин жеңді» деп жазды. Ал атақты америкалық боксшы Теренс Кроуфорд («Канелоның» келесі қарсыласы) жекпе-жекке 118:110 есебін берген төреші Аделаида Бердті жылдам бокстан аластату керек екенін айтты.

Екінші жекпе-жек тура бір жылдан кейін, дәл сол аренада өтті. Бұл жолы төрешілер шешімімен Альварес жеңіп (115:113, 115:113, 114:114), Головкиннің WBA (Super), WBC, IBO белбеулері мексикалықтың қолына өтті. Бірақ бұл жерде де даулы мәселе көп. Сарапшылар бұл кездесуде GGG жеңбесе де, жеңілген жоқ деп санайды. Сол кезде жұрт кәсіпқой бокс әлемнің «сүйіктісі» Саульді ұпай санымен ұту мүмкін емес деп, бас шайқаған болатын. USA Today журналисі Мэттью Агилар «бірінші жекпе-жекте GGG басым болды, төрешілер шешімі нағыз тонау екені анық. Ал екінші жекпе-жек классикалық мәнерде өте әдемі және тең деңгейде өтті» деп жазды.

Ал 2022 жылғы үшінші жекпе-жек екінші орта салмақта өтті. Головкин мансабында алғаш әрі соңғы (әзірге) рет суперорта салмақта өнер көрсетті. Бұл кездесуде Альварес жеңіске жетті (116:112, 115:113, 115:113). Бірақ 40 жасқа келген қазақстандық лайықты деңгейде өнер көрсетіп, «Канелоның» еркін көсілуіне мүмкіндік берген жоқ. Екі боксшы арасындағы трилогия көп көңіліндегі сұраққа толық жауап бере алған жоқ. Жұрт арасында Альварес әдейі уақыт созып, Головкин шау тартқанда ғана шықты деген әңгіме бар.

Нүктесі қойылмаған осы әңгіме әлі күнге дейін айтылады. Биыл 4 мамырда «Канело» суперорта салмақтағы IBF чемпионы, кубалық Уильям Скуллды жеңіп, екінші рет абсолютті әлем чемпионы атанды. Бірақ осы кездесу жанкүйер көңілінен шыққан жоқ, көпшілік оны кейінгі 40 жылдағы ең қызықсыз жекпе-жек деп атап жүр. Екі боксшы 12 раундта небәрі 445 соққы жасапты. Ал Альварес пен Головкин арасындағы алғашқы айқаста 1208 соққы тіркелген (GGG – 703, «Канело» – 505).

«Канелоның» жанкүйерлері одан Дэвид Бенавидес, Дмитрий Бивол немесе Геннадий Головкинмен жұдырықтасу сұрап жүр. Бірақ қазақстандық пен мексикалықтың төртінші мәрте кездесуі қиын. Біріншіден, Альварестің өз жоспары бар, мысалы, биыл қыркүйекте Кроуфордпен кездесуді жоспарлап отыр. Екіншіден, Головкин шаршы алаңға шықпағанына 3 жыл болды. Ол ресми мансабын аяқтаған жоқ, бірақ қазір кәсіпқой спортты қойып, қоғамдық жұмысқа араласып кеткен. GGG қазір Қазақстан Олимпиада комитетінің президенті әрі су жаңа World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссияның төрағасы.

Головкин мен Альварес арасындағы текетірес ХХІ ғасырдағы ең таңғаларлық трилогиялардың бірі ретінде тарихқа енді. Үш жекпе-жек қос боксшының табысы мен танымалдығын арттырды. Биыл мамырда «Канелоның» ұзақ жылдық менеджері Ричард Шефер Альварес жақын арада кәсіпқой бокс тарихындағы алғашқы миллиардер атанатынын айтып, бұған Головкинмен болған трилогия үлкен әсер еткенін мойындады. Сондай-ақ «Канело» GGG-мен текетіресі туралы деректі фильмді түсіруге кірісіп кеткен көрінеді.

Қуаныш Қаппас