Қарағандылықтарды «Таза аула» челленджіне қатысуға шақырады
Наурызнама онкүндігі аясында, «Тазару күніне» орай қалада аула аумақтарын абаттандыруға және тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Таза аула» экологиялық челленджі басталды.
Акцияға барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Ол үшін өз ауласында тазалық жұмыстарын жүргізіп, оның барысын немесе нәтижесін фото не бейне арқылы тіркеп, кейін әлеуметтік желілерде мекенжайын және #ЧистыйДвор #ТазаАула #ТазаруКүні #ТазаҚазақстан хештегтерін көрсете отырып жариялау қажет.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастаманың басты мақсаты – қала тұрғындарын қалалық ортаны жақсарту жолындағы ортақ іске тарту және көршілердің қарым-қатынасын нығайту.
Челлендж бір ай бойы жалғасады. Қорытындысы бойынша Қарағандыдағы ең белсенді әрі ұйымшыл аула анықталады.
Жеңімпазға «Жилой фонд» компаниясы тарапынан аула аумағын кешенді абаттандыру сыйлығы табысталады.
Челленджге қаланың барлық көпқабатты тұрғын үйлерінің тұрғындары шақырылады.