Қарашөкеев 900 миллиондық «дуэтті» үнсіз тыңдай бере ме?
Бұл мақаланы жазуға отырғанда ең әуелі Абай атамыздың «Адамның адамшылығы істі қалай бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» деген сөзі ойымызға оралды.
Енді ше, ұлтын ойлайды деп жергілікті билікті сеніп тапсырған әкім мен прокурор құлқынын ойлап, бюджеттің қаржысын тең бөліп алуға жанталасып жатса...
Әңгіменің әлқиссасы халықтың әлеуметтік осал топтарына арнап биыл Т.Рысқұлов ауданында салынып, пайдалануға берілуге тиіс жалпы құны 912 миллион теңге болатын 60 пәтер жайында болып тұр. Қазіргі таңда Құландағы жаңа ықшамаудан Арай алқабында 30 пәтерлі екі нысанның құрылысы басталған. Құрылыс жұмыстарының бірінің басында аудан әкімі Ернар Есіркеповтің жақын інісі Ерлан Есіркепов жүрсе, екіншісінде, аудан прокуроры Болатхан Қалыбаевтың көмекшісі Арман Сұлтанов «бригадир» болып жүрген көрінеді. Осы жерде айта өтерлігі – олар құрылысты аудандық су нысанының жақын күндері ғана ауыстырылған үлкен құбыры жатқанына қарамастан заңды белшесінен баса отырып, рұқсат етілмеген аймақтан салып жатқаны. Бұл 10 сотық ИЖС және 5 сотық қосалқы жер телімі аудандық прокуратурада «договорник» болып істейтін Арнат Иманбердінің иелігінде.
Болатхан Қалыбаев Т.Рысқұлов ауданының прокуроры болып өткен жылы жаңа жыл қарсаңында «Аяз атадан» сый алған баладай мәз болып, қызметіне кіріскен еді. Бұл жердегі Аяз ата –еліміздің бас прокуроры Берік Асылов. Ауданға жаңа келген прокурор, Мойынқұм ауданының тумасы, яғни Асыловтың жерлесі ғана емес, оның жақын туыс інісі дейді білетіндер. Бекер обалы не керек, бас прокурордың батасымен жұмысқа білек сыбана кіріскен «ботасы» Болатхан Қалыбаевтың ә дегенде қарқыны қатты болды.
Мәселен, сәуір айының 17-сі күні биылғы 3 айдың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар санының 112,5%-ға (8-ден 17-ге дейін) күрт өсуі байқалады, оның ішінде ауыр қылмыстардың 66,7%-ға (3-тен 5-ке дейін) және аса ауыр қылмыстардың 300%-ға (0-ден 3-ке дейін). Осы санаттағы қылмыстар санының негізгі өсімі Тараз қаласы бойынша 60%-ға және Т. Рысқұлов ауданы бойынша 300%-ға орын алған.
Кәмелетке толмағандардың істері бойынша комиссияның жұмысында жол берілген жүйелі заңбұзушылықтар үшін жетекшілік ететін Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары А.Терлікбаевтың және басқа да жауапты лауазымды адамдардың тәртіптік жауаптылығы туралы мәселені қарауды және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыстың жай-күйіне тиісті бақылаудың жоқтығы үшін Т.Рысқұлов ауданының әкімі Е.Есіркеповтің тәртіптік жауаптылығын қарастыру қажет деп Қалыбаев жазған хат негізінде облыс прокуроры Н.Әбдіров облыс әкімі Е.Қарашөкеевке хат жолдаса, ертесі күні, яғни сәуірдің 18-і күні ауданға инвестиция тарту бойынша жалған ақпараттар жазылған хат облыс прокурорының атынан тағы да Қарашөкеевтің үстелінің тартпасында жатады.
Ол хат мәтінін қысқаша айтсақ, «Т.Рысқұлов ауданы Қайынды ауылында орналасқан «Қайынды» ЖШС НКСИ туралы статистикалық есепте 2023 жылғы қазанда 432,9 млн теңгеге арнайы техника мен құрылғыларды алғаны көрсетілген. Қарсы тексеру барысында серіктестік директоры 2023 жылы қандай да бір техника алмағанын, оған қоса 2021 жылдан бері «Қайынды» серіктестігінің барлық есепшоттары бұғатталып тұрғанын көрсетті. Бұдан басқа «Құмарық» ӨК басшысынан алынған түсініктемеге сәйкес 2019 жылы 89 млн теңгеге 14 ауыл шаруашылығы техникасын алғанын, ал 2023 жылы статистикалық есептілікте көрсетілген 483,7 теңгеге ешбір техника алмағанын, кооператив атына техника мен құрылғылар тіркемегенін және НКСИ статистикалық есебін аудандық статистика басқармасының басшысы Б.Ж.Примкуловқа жүгініп, сол арқылы тапсыратынын жеткізді. Жалған статистикалық есептер Т.Рысқұлов ауданында тіркелген «Өсіп-өну» ӨК-ге қатысты 592,7 млн теңгеге, «Береке» ЖШС есебінде көрсетілген 425,7 млн теңгеге және «Бақыт» ЖК есебіндегі 2,3 млн теңгеге, «Луговой Рельсосварочный завод» ЖШС-мен байланысты 11,2 млрд теңгеге анықталған» деп жазылған. Мұның соңына Н.Әбдіров «жүйелі түрде мемлекеттік есептілікті елеулі сомаға өзгертуге және инвесторды қолдауға бөлінген қаражаттың тиімсіз пайдалануына жол бергені үшін, ведомстволық бақылауды тиісті жүргізбеген Т. Рысқұлов ауданының әкімі Е.Есіркеповтің жауапкершілігін қарауды ұсынамын» деп қолын қойып, мөрін басып, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевке жібереді.
Міне, Әбдіровтің осы екі ұсыныс хатына Қарашөкеев қандай жауап қайтарып, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Е.Есіркеповке нендей жаза бергені белгісіз. Әйтеуір, ұрысын естіп, жұмысын істеп жүр. Бірақ сол екі соққыдан соң аудан прокуроры Қалыбаев әкім Есіркеповтің мойнына мініп алғандай. Алдымен аудан әкімдігінің архитектурасына 11 миллион 790 мың теңгеге алып берген қызметтік көлігін иемденіп алған болса, артынша аудан прокуроры тұратын қызметтік үйге күрделі жөндеуге бюджеттен бір көзден 17 миллион теңге бөлдіріп беруді бұйырады. Бірақ «бір көзден» беруді Қарашөкеев қатаң қадағалап отырғандықтан ол қаржыны конкурсқа салып ойнатып, оны ортада басқа біреу ұтып алып, қазіргі күні ырду-дырду әңгіме болып жатқанға ұқсайды.
Енді, міне, әкім мен прокурор жұмысты ысырып қойып, ауданға бөлінген 60 пәтерді салуға білек сыбана кірісіп, дуэт болып әрекет етіп жатыр дейді жергілікті жұртшылық. Кім біледі, мына түрімен жыл соңында бұл пәтерлерді аудандағы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғындар емес, әкім мен прокурордың туыстары-таныстары алып жатса да таңғалуға болмайтын шығар...
Ал Берік Асыловтың туысы делінетін Қалыбаев пен Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі Есіркеповке ешқандай амал қыла алмай облыс басшысы Қарашөкеев пұшайман күйде жүре бере ме?
Нұрболат ӘЛДИБЕК
Жамбыл облысы