Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:33

«Қайрат» аңызы аяқталды

Сәтпаев, Анарбеков, Шерхан
Фото: Жас Алаш коллаж

Футбол – жанкүйерлерінің көптігі жағынан әлемдегі бірінші спорт. Футболға қатты қызығатын немесе тұрақты жанкүйер қауым болмаса, біз сияқты қарапайым жанкүйерлер үшін эмоцияға толы, деңгейі өте жоғары турнир – УЕФА Чемпиондар лигасы әдетте аса назар аударта қоймайтын, бірақ биылғы Еуропа Чемпиондар лигасы қазақ жанкүйері үшін ерекше болды.

 Бәріміз футбол тақырыбында топтастық, жанашыр жанкүйер болдық, уақыттың қолайсыздығына қарамай, түнімен футбол тамашаладық. Балалар мен ересектер, жастар мен қариялар ортақ тақырып тауып, өзара байланысымыз өзгерді.

Бұл қуанышты бізге сыйлаған «Қайрат» футбол клубы болатын. Неліктен осылай болды? Бір мезетте күрт артқан жанкүйерліктің себебі неде? Қазақ футбол клубы бірінші рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығып жатқан жоқ қой.

Осыдан он жыл бұрын «Астана» футбол клубы да осы деңгейде өнер көрсеткен. «Бенфика», «Атлетико», «Галатасарай» командаларына қарсы әжептәуір ойын көрсетіп, төрт рет тең ойнаған еді. Дегенмен биылғы Еуродода өзгеше болды. Ең ерекше жанкүйер – «қайраттықтар», ең танымал спортшылар Дастан Сәтбаев, Шерхан Қалмырза, Темірлан Анарбековтер болды.

Қазақтың үлкенді-кішілі жанкүйерлері «Қайраттың» бапкерінен бастап, барлық негізгі-қосалқы құрам ойыншыларын жақсы танитын болды. Олар тіпті футболшылардың ата-аналарын да танып алды-ау деп ойлаймын. Әлемдік деңгейдегі клубтарды көрдік, олардан футболшы, бапкер, жанкүйер ретінде кәсібилікті үйрендік. Өлшеусіз жағымды эмоциялар болды, өзіміздің де футбол перифериясынан еуролига деңгейіне ауысып келе жатқанымызды аңғарттық әрі аңғардық.

Футбол әлемінде қарапайым болса да белгілі деңгейде үлкен тәжірибе жинақтадық, пікір қалыптасты, ой туындады. Футбол функционерлері, журналистер, кәсіпқой футболшылар, жанкүйерлер қажетті сабақ алды. Тек сол сабақты пайдаға асыра алсақ, қанеки?.. Бұл жағынан соңғы «Арсеналмен» ойын көрнекті болды. Көтеріңкі эмоциядан гөрі футбол тұрғысынан кәсіби пікірлер, сауатты көзқарас, дұрыс талап пен мүмкіндіктерді бағалау пайда болды.

Ештеңе шешпейтін ойында «Арсенал» бар арсеналын пайдаланды, «Қайрат» қайратын көрсете алды. Бұған себеп қандай? «Арсенал», «Реал Мадрид», «Интер» клубтарының кез келген ойынға қарсыластың деңгейіне қарамай кәсіби көзқараспен араласуы, екінші-үшінші құрам емес, лидерлерін шығаруы – жанкүйерлерге деген құрметі, жалпы кәсібилік деп білеміз.

«Футбол өнері жанкүйерлер үшін» деп жатамыз да, матчтарды маңызды-маңызсыз деп сұрыптап кететініміз рас қой. Қарсыластың не матчтың деңгейі кәсібилікті ақсатпауы керек. Себебі футболдағы ең маңызды адам – жанкүйер. Бұл функционерлер үшін сабақ болды. Стадиондағы билет құны, жанкүйерлерді тастап (әртүрлі себептері болса да), «Астана-Аренаға» көшу де олар үшін сын болды, кәсіби көзқарас емес деп ойлаймын.

Осы бір ешқандай үмітсіз матчта футболшыларымыз қанша тәжірибе жинақтады, «Эмирейтс» стадионында қанша шетелдік және өз жанкүйеріміздің (футбол скауттарына) көзайымына айналды, қандай беделге ие болды? Міне, бұл – кәсібилік. «Бәрібір жеңіліп қалады» деп ұйықтап қалған досым, соңғы есепті көріп, «Интернетте матчтың толық жазбасы бар ма екен, қарағым келеді» деп өкінді. Міне, бұл – оянған сенім. «Енді жиналып футбол тамашалайтын осы дәстүрімізді бұзбай, «Карабахқа» жанкүйер болайық» деп ұсынды досым. Бұл – қызығушылық. Осы топтық кезеңде футболшыларымыздың жеке көрсеткіштері де айтарлықтай болды.

Жалпы, өткен сегіз матчтың ішінде «Қайраттың» барлық мүмкіндігі мен шамасын, проблемасын «Арсеналмен» ойын айқын көрсетіп берді деп ойлаймын. Минут сайын қорғаныстағы қателіктер, орталық пен шабуылдың жоқтығы, қосалқы құрамда лайықты футболшының аздығы, ойынды өзгерте алатын, қан жүгіртетін лидерлердің болмауы – бәрі көзге ұрып тұрды.

Дегенмен матчтың қорытынды есебі көп көңілінен шықты деп есептеймін. «Қайрат» өзінің барды-жоқты мүмкіндіктерін толық, қажетті түрде пайдалана алды. Демек түңілетін ешнәрсе жоқ, болашақ пен үміт те айқын көрінді. Кез келген қарсыласпен, кез келген есеп кезінде ойнауға болатынын, доптың домалақ екенін, нәтиже сұрағанға емес, ұмтылғанға келетінін түсінді жігіттеріміз.

Биылғы Чемпиондар лигасында өз академиясының түлектерін ең көп пайдаланған командалардың бірі – «Қайрат». Бұл – функционерлердің еңбегі. Легионерлерге талап күшею керек екені де көрініп тұрды. Бас бапкер Рафаэль Уразбахтин кейінгі кезде құрамда оңтайлы өзгерістермен, қажетті талаппен көзге түсіп жүр. Демек тәжірибе жинақтап, жанкүйер пікіріне қажетті деңгейде назар салып отыр деген сөз. Бұл – жаттықтырушының ести, көре білетінін аңғартады. Бұл – ізденіс. Жел соқса құлай салып, тұрмай жататын, сынға көп ұшырап жүрген Жоржиньо, Валерий Громыко, Рикардиньолардың ойыны нәтижеге бағытталды. Кез келген ойынға жауапкершілік пен нәтижеге ұмтылу бірінші кезекте легионерлерден талап етілу керек. Тек есімі үшін ғана емес, нәтижеге байланысты құрамнан орын берілгені абзал.

Бір ерекше көршім болған, қария кісі еді. Есімі – Тихоныч. Мықты жанкүйер еді. «Ақжайықтың» матчтарынан қалмайтын. «Бізде де легионерлер бар, мен оларды бірден танимын» дейтін түрінен айыра алмайтын жандай. «Гимн ойнағанда жергілікті футболшылар жүректерін (за сердце держатся) ұстайды, ал легионерлер жамбастарын (за жопу держатся) ұстайды», – деген бірде. Легионерлерде елге, жанкүйерлерге, клубқа, клубтың дәстүрлеріне және командаластарына деген құрмет болу керек, олардан осыны талап ету қажет.

Сол кезде Еркін Тапалов «Ақжайықта» ойнайтын, қазір Еурододада лайықты бағасын алып жүр. Мұны деңгейдің өскені деп бағалаймын. Жанкүйердің сенімі мен өз еңбегінің нәтижесі. Легионерлерге осындай талап болмай, «жұлдыз» ауруынан айықпайды. Күздегі Темірланның жағын сындырған ақтөбелік легионер жазаланып, белгілі деңгейде қомақты штраф алуы қажет еді деп санаймын. Тіпті легионерлермен келісімшартта да бұл мәселе қаралу қажет шығар.

Маған бұл матчта ерекше әсер еткен нәрселердің бірі – бір стандартты жағдайда Әділет Садыбеков пен «Арсенал» ойыншысы Кай Хаверц ұзақ әрі көңілді түрде әңгімелесіп тұрғанын байқадым. Әділеттің бұл матчта ойыны жүрмегенін айтуға болады. Бірақ екі футболшы да өздерін кәсіби тұрғыдан көрсеткен ерекше жағдай болды, өзара құрмет қалыптасты. Журналистерге құлаққағыс, әдемі тақырып болсын деп артық кетіп жатамыз, осыны ескеру қажет-ақ.

Біздің баспасөзде «Еуропалық клуб футболшыға назар аударды», «Еуропалық клубқа ауысты» деген тақырыптағы мақалалар көп кездеседі. Бұл өзімді Азия құрлығында өнер көрсетіп жүргендей әсер қалдырады. Осыған қарап, «сонда Қазақстан футбол федерациясы Азияда бақ сынай ма, қазақ клубтары Еуропа клубы емес пе» деген заңды сұрақ туындайды.

2004 жылы қазақ журналистері «қазақстандық спортшы Г.Цурцумия, И.Ильин», т.б. деп жарыса жазып жатқанда, ресейлік каналдар «казахский спортсмен» деп жазған еді. Қай журналистің жазғаны дұрыс? Бұл – патриотизмге тіреледі, ел намысы үшін додаға түскен жандарға лайықты құрмет көрсетілу керек. Бірақ сөзбен өзекке тебуге бола ма? Маған алдын ала өзімізді төмендету сияқты көрінеді. Ақынды (Олжас) өзгертіп айтсақ, «Возвысим степь, не унижая горы Алатау...» құрметті журналисттер қауымы.

Футболшыларымызға келер болсақ, жауапкершілік пен ізденіс, намыс қана алға жетелейді. Футболдағы басты адам жанкүйер екендігін естен шығармайық. Қазақ футболының жарқын болашағы алда деп сенеді жанкүйерлер. «Қайрат» академиясының барша түлектеріне, әсіресе Дастан Сәтбаевқа, Азамат Тұяқбаевқа артылар үміт зор. Жауапкершіліктен жалтармай, ойынға ізденіс арқылы өзгерістер енгізе отырып, намысқа тырысып, Еуропаның көзқарасын өзгерту осы футболшылардың қолында. Табыс, жеңіс тілейміз.

Мен сияқты жанкүйерлер де белгілі деңгейде сабақ алдық. «Интер» жанкүйерімен қақтығыс та өз орнымен болды, оларда да тиісті деңгейде құрмет қалыптасқан болар деп ойлаймын. Ағылшын фанаттары шатаққұмарлығымен, жапондықтар тәртібімен көзге түсіп жүр. Біз де өз менталитетімізге сай мәдениет қалыптастыруымыз қажет. Футболшыларымызға талап та дұрыс болғаны жақсы, ақ пен қара аралас өмірде – футбол да солай. Жеңсе тауға шығарып, жеңілсе жерге тығуға бола ма? Ұтсаңдар – жанкүйерміз, ұтылған жағдайда олай емес деуге бола ма? Жанкүйерлік мәдениет те жүре қалыптасады деп ойлаймын.

Мақсот Оралұлы

Орал қаласы