Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:30

Қайрат Сәтжановтың қызы әкесінің қызметтен өз еркімен кетпегенін айтты

Қайрат Сәтжанов
Фото: ашық дереккөз

Бокстан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Қайрат Сәтжанов қызметінен өз қалауымен кеткен жоқ. 

Бұл туралы оның қызы Еңлік Сәтжан әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Еңлік Сәтжанның жазуынша, әкесінің қызметтен алынуы отбасына ауыр соққы болған. Ол бұл жағдайды әділетсіз шешім деп бағалап, мемлекет тарапынан еңбектің бағаланбай отырғанын атап өтті.

«Біздің отбасымыз осындай әділетсіздікке тап болып отыр. Мен барлық жерге жазып, пост, рилстар салып, резонанс жасағым келеді. Бірақ әкем қаламайды.

Сен бар өміріңді сүйікті жұмысыңа арнайсың, адал әрі тынымсыз еңбек етесің, нәтиже әкелесің. Алайда, біздің мемлекетке бәрібір. Олар сені орныңнан алып тастай салады. Себебі, бұл — олардың қалауы», — деп жазды ол.

Еңлік Сәтжан сондай-ақ бұл жағдайдан кейін елден кетіп жатқан азаматтардың көбейіп жатқанына таң қалмайтынын айтты.

«Содан соң бәрінің шетелге кетіп жатқанына таң қаламыз. Өйткені, Жаңа Қазақстан ешқашан болмайды», — дейді ол.

Айта кетейік, Қайрат Сәтжанов Париж Олимпиадасынан кейін Қазақстан құрамасындағы қызметін екінші рет қолға алған болатын. Алайда 2026 жылдың 10 қаңтарында ол бас бапкер қызметінен босатылды. Оның орнына Нұржан Хасанов тағайындалды.