Қайтарылған активтер саудасы

Өткен айдың соңына қарай Түркістан облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен музыкалық өнер мектебінің құрылысы салтанатты түрде басталды. Ордабасы ауданы Темірлан ауылында салынатын жаңа білім ошағының ерекшелігі, ол қайтарылған капиталды ел игілігіне пайдалану аясында үкімет мақұлдаған алғашқы әлеуметтік жобалардың бірі.
Темірлан ауылының тұрғындары бұл құрылыстың бітуін асыға күтіп отырғаны анық. Осыған дейін 1974 жылы салынып, қазір апатты жағдайға жеткен музыка мектебі жаңарып жатса, әлбетте қуанышты жаңалық. Жобаның құны 890 млн теңгеге бағаланды. Енді жұмысын бастаған шақта мектеп 300 оқушыны сыйдырады. Бұл дегеніңіз, көрші ауылдардың оқушылары да келе алады деген сөз.
Жалпы бүгінде мемлекет пайдасына жалпы құны шамамен 610 млрд теңге көлемінде активтер қайтарылған. Оның ішінде 506 млрд теңгесі ақшалай күйінде болса, 103 млрд-ы мүлік түрінде қайтқан. Осы қаражат құйылатын арнайы мемлекеттік қордан үкімет білім беру, денсаулық сақтау, спорт және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту салаларында 280 әлеуметтік нысанның құрылысын қаржыландыру үшін қаражат бөліп отыр.
Бұл жобалар туралы түсініктеме берген Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіковтің айтуынша, жобаның арқасында 130-дан астам елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі, ал 100-ден астам ауылдың тұрғындарына сапалы медициналық көмек қолжетімді болады. Одан бөлек, заманауи медициналық нысандар салу көзделген. Өңірлерде мектептер, спорт кешендері мен мәдениет үйлерінің құрылысы жүріп жатыр. Соның ішінде Түркістан облысында 27 нысанның құрылысына қаржы бөлу туралы шешім қабылданған.
Дегенмен осы қайтарылған активтерді басқарып отырған компанияның жұмысы қаншалықты өнімді болып жатқанына қатысты сұрақ көп. Соңғы ресми деректер бойынша мемлекетке қайтарылған активтерді басқарушы компанияның балансына жалпы құны 100,4 млрд теңге болатын активтер берілген. Олардың ішінде 1 млрд теңге тұратын зергерлік бұйымдар да бар. Ал жалпы берілген активтердің қатарында тұрғын және коммерциялық жылжымайтын мүлік нысандары, қонақүй кешені, бірқатар заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлестер, өндірістік ғимараттар, асхана, жанармай құю станциясы, жер телімдері және басқа да активтер бар. Басқарушы компания соның ішінде 15,8 млрд теңге тұратын активтерді сатып үлгерген. Оның 11,3 млрд теңгесі ел аумағында сатылған активтерден, ал 4,5 млрд теңгесі шетелдегі активтерді ұқсатудан түскен. Одан бөлек, нысандарды жалға беру сынды өзге де пайда көздерін қоса алғанда, басқарушы компания арнайы мемлекеттік қорға 16,5 млрд теңге аударған.
Тек сауданың бәрі сәтті өтіп жатқанына күмән бар. Өйткені компания сайтында жарияланған қолданылған әшекей-бұйымдардың тұрғанына біраз болды. Оның үстіне Астананың қақ ортасында тұрған қымбат үй де лезде өте қоймады. Бастапқы бағасы ретінде 1,7 млрд теңге қойып еді, қымбат болса керек. Ол үй кезінде Кәрім Мәсімовке тиесілі болғаны ақпарат көздерінде талай жазылды. Кейін Астана қаласы әкімдігі басқарушы компанияға аталған жылжымайтын мүлікті қаланың әлеуметтік қажеттіліктері үшін беруді сұрап, сөйтіп, нысан электрондық сауда жоспарынан алынып, әлеуметтік нысанға айналып шыға келді. Соған қарағанда, басқарушы компанияға саудаға жүйрік адам керек сияқты. Әйтпесе, 100 млрд-тың дүниесі түгел сатылып біткенше уақыт созылып кетейін деп тұр.