«Қазақмыс» пен Ұлытау облысы әкімдігінің үш қайшылығы
«Жас Алаш» тілшілері «Менің Қазақстаным» жобасы аясында Ұлытау облысына барған еді. Өңірді аралап жүргенде жаңадан салынатын ғимараттар мен экологияға қатысты «Қазақмыстың» аты көп аталғандықтан корпорацияның басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевті кеңсесіне іздеп бардық.
Оның үстіне президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау өңіріне сапары кезінде облысқа бөлінетін 25,4 миллиард теңге ауқымды жұмыстар үшін жеткіліксіз деп, «Қазақмысты» осы іске белсенді түрде атсалысуға шақырған болатын. «Қазақмыс» төрағасы бізді бірден қабылдады. Тұрғындардан естіген, көзбен көргендерімізді айтып, экология мәселесін қозғадық.
Оқи отырыңыз: Ұлытауға бардың ба?
Ғимарат соға алмай отырған Нұриев студенттер қалашығын салуды армандайды
Корпорация төрағасы әңгімені әріден бастады. Қаладағы білім сапасына көңілі толмайды екен. Шынында да қалада білім саласы ақсап тұр. Мұны қаланы аралап жүріп байқағанбыз. Білім беретін ғимараттардың салынғанына 40-50 жыл болған. Тозған, жөндеу көрмеген. Жастармен сөйлескенде олар «ең алдымен бізге керегі ізденетін, кітап оқитын коворкинг орталықтары» деген болатын. Қазір қала бойынша мұндай орынның бірде-бірі жоқ.
Ал Нұрахмет Нұриев бұл мәселенің шешімін тауып қойыпты. 90 мыңға жуық тұрғыны бар қаланың халқын көбейтудің, білім сапасын арттырудың жалғыз жолы – Жезқазғанды студенттер қаласына айналдыру деп отыр. Осы жолда «Қазақмыс» тау-кен ісі, IT, кәсіпкерлік және туризм саласы бойынша канадалық университеттермен бірлесіп жұмыс істемек екен.
«Жыл басынан бастап біз бұл іске кірісіп кеттік. Ғылым және жоғары білім министрлігі, облыс әкімдігімен бірге Канада елшілігімен жұмыс істеп жатырмыз. Болашақта студенттеріміз ағылшын тілінде жоғары білім алып қана қоймай, екі диплом иесі атанады. Оның бірі – техникалық жоғары оқу орнының дипломы болса, екіншісі – канадалық білім ордасының дипломы болады. Бұл жоспарымызға көптеген канадалық университет қызығып отыр», – дейді Нұрахмет Нұриев.
Бірақ Нұриевтің бұл арманы жуық арада орындала қояр ма екен. Себебі университет түгілі ақшасы бөлінген іргелі ғимараттарды сала алмай отырған «Қазақмыс» Жезқазғанды қалай студентттер қаласына айналдырмақ?
Оқи отырыңыз: "Қазақмыстың" 30 пайыз акциясын кім сатып алды?
Нұриевпен әңгімелесу барысында өңірде салынатын ғимараттар жағдайына тоқталған едік. Президент орталыққа бірнеше ғимараттар, театр, спорт кешендерін салып беруді «Қазақмысқа» міндеттеген. Төрағаның сөзінен ұққанымыз 2022 жылдың қараша айында «Қазақмыс» облыстық әкімдікпен меморандумға қол қойыпты. Келісімшарт бойынша жалпы шығыны 35 млрд теңгелік 22 жобаны іске асыруға келісілген. Бірақ жобаның барлығы соңына дейін зерттелмегендіктен оларды қай уақытта бітіру нақты белгілі емес. Оған бірнеше кедергі бар. Жалпы, әкімдік пен «Қазақмыс» бұл ауқымды жобаларды жүзеге асыруға келгенде бір-бірімен түсінесе алмай жатқандай. Себебі бізге берген жауаптары әртүрлі. «Қазақмыс» әкімдікті, әкімдік «Қазақмысты» кінәлайтындай көрінді.
Сұраған «Қазақмыс» ақымақ па, сұратқан әкімдік ақымақ па?
Бірінші, Жезқазған қаласында спорт сауықтыру кешені 2023 жылдың соңында салынып біту керек болған. Бірақ әлі бітпеген. Нұрахмет Нұриев оның себебін әкімдіктен көреді. Себебі олар келісімшарт пен құрылыс басталатын жерді кеш берген.
«Спорт сауықтыру кешен осы жылдың соңында салынып біту керек еді. Өкінішке қарай, 2024 жылға қалдырып отыр. Себебі әкімдік тарапынан келісімшарт пен құрылыс басталатын жердің бізге кеш берілуі. Қазір жобалық-сметалық құжаттама құрылыспен бірге жасалып жатыр. Келесі жылы кешенді пайдалануға тапсырамыз. Тек жер мен құжат мәселесі оған мүмкіндік бермейді. Қаламызда жаңа ғимараттар салатын жердің болмауы үлкен мәселе туғызып тұр. Бұл факт. «Қазақмыс» бұл мәселеге спорт сауықтыру кешенін салатын кезде бетпе-бет келген. Музыкалық драма театрын салайын десе жер мәселесі қолды байлап тұр. Әкімдікпен бірге таңдалған жердің инфрақұрылымы жоқ, екінші таңдалған жер де солай. Мен де осы қаланың тұрғынымын. Айналада ештеңе өзгермей жатқаны мені де қынжылтады. «Бір жыл өтті, не өзгерді?» деген сұрақты өзіме де қоямын. Басқаларда су жоқ болса, менің үйімде де жоқ. Демек, ештеңе өзгерген жоқ. Қаланың көркеюін осы жердің тұрғыны ретінде мен де қалаймын. Осы іске атсалыссам деймін. Облыс көркейіп, дамыса деймін. Бірақ бірнеше мысал келтіргенімдей, кедергілер кесірінен құрылыс ақырын жүріп жатыр», – дейді «Қазақмыс» төрағасы.
Ал әкімдік тарабы «Қазақмыс» бізге балабақша құрлысынан басқа жер сұрамады деп отыр. Біздің жолдаған сауалымызға:
«Қазақмыс корпорациясы ЖШС атынан жер учаскелерін табыстау үшін өтініштері түспегенін хабарлаймыз. (9 орамдағы балабақша құрылысы үшін жерден басқа). Сонымен қатар «Қазақмыс» корпорация ЖШС жекеменшіктегі заңды тұлға болғандықтан, ҚР Жер кодексінің 48-бабына сәйкес, мемлекет меншігіндегі жер учаскелері аукцион арқылы сатылымға қойылады. E-qazyna.kz порталында сауда-саттыққа қатысып, жер учаскелерін алуға құқығы бар» деп жауап берді.
Демек, әкімдік «Қазақмыс» жерді өзі сатып алып, ғимараттарды өзі салсын дегенге келтіріп отыр. Ал Нұрахмет Нұриев әкімдікпен меморандумға қол қойдық деп бәйек болады. Облыс әкімдігі өтірік айтып отыр ма, әлде «Қазақмыс» төрағасы алдап отыр ма, түсінбей қалдық. Бір қызығы – екі жақ келісіп, осындай алты ірі жобаны қолға алған. Оның жалпы құрылысына 25 млрд теңге жұмсалмақ. Оларды санамалап айтып өтейік. Алты жобаға – шығыны 8 млрд болатын спорт кешені, жалпы шығыны 12 млрд болатын театр, 2,8 млрд теңгеге бір жаңа балабақша, 1,2 млрд-қа жеті жылдан бері пайдалануға берілмей тұрған балабақшаны күрделі жөндеу, 1,7 млрд-қа 9 қабатты тұрғын үй салу кіреді.
Осындайда Жиренше шешеннің «Сұратқан хан ақымақ па, сұраған сен ақымақ па?» деген әйгілі жауабы еске түседі. Ел мен жердің игілігі бәсте тұрғанда «жер сұрадық, бермеді», «жоқ, олар сұраған жоқ» деген кикілжің әңгіме болушы ма еді?! Бірі – «жер жоқ» деп, екіншісі – «жерді өзің сатып ал» деп отырғанда мына жобаларды қашан бітетінін бір құдай біледі. Тағы да бір-біріне сілтеген өңір жауаптылары отырғанда Жезқазған сол баяғы Жезқазған болып қала бере ме деп те ойлайсың.
Әбдіғалиұлы ауаның ластығын 640 млн теңгеге тексереді
Екінші, Ұлытау облысында экология мәселесі ушығып тұр. Өңірде қатерлі ісікке шалдыққандар саны республика бойынша алдыңғы орында. Бірақ еш жерден – ауадан, судан, тамақтан, өндірістен қатерлі ісікті арттыратын қауіпті элемент табылмаған. Мұны арнайы комиссия тексеріп, мәлімдеген. Бірақ халық обырдан қынадай қырылып бара жатыр. Өңірде сүт безі обыры бірінші орында (12,9%), өкпе обыры екінші орында (9,9%), тоқ ішек обыры үшінші орында (9,3%) тұр. Бұл факт. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бізге берген мәліметінше, 2023 жылы қатерлі ісікпен шалдыққандар саны – 2626. Ал 2022 жылы 2398 адам ауырған. Бір жылда 228 науқасқа артып отыр. Облыстағы халық саны 221 мың адам десек, статистика бойынша өңірдің 10 пайыздан астамы аты жаман аурумен ауырады. Біз аймақты аралап жүргенде оған себеп ретінде «Қазақмыстың» аты аталып, Жезқазған мыс қорыту зауытында фильтр жоқ екенін, сондықтан ауаға улы элементтер тарайтынын тұрғындардан естідік. Ал Нұриевтің халықтың бұл сөзімен келісуге құлқы жоқ. Себебі экология үшін жыл сайын ақша бөліп отырмыз дейді.
«Экология шынында да үлкен мәселе. Біздің өңірде оны екі жақтан алып қарауға болады. «Қазақмыс» не істеп жатыр және болашақта не істей алады? Қазір Жезқазғанды негізгі ластайтын – Жезқазған мыс қорыту зауыты мен көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО бар. Иә, күкірт қышқылы цехына қатысты ылғи айтады. Фильтр орнатуымызды сұрайды. Жыл сайын зауыттың күрделі жөндеуіне 30 миллион доллар жұмсаймыз. Фильтр көмектескенде біз бұл мәселені баяғыда шешетін едік. Күкірт диоксидінен арылуға ешқандай фильтр көмектеспейді. Мен тұрғындармен кездестім, арыздарын тыңдадым. Сол кезде түсіндірдім. «Қазақмыс» әр жылы жергілікті бюджетке экология бойынша 4,5 млрд теңге бөледі. 10 жыл бойы төлеп келе жатыр. Шамамен 40 млрд теңге қаланы экологиялық жағынан жақсартуға бөлінген. Осы ақша қайда кетті, қандай бағытта жұмсалды? Үлкен сұрақ. Егер экологиялық бағытта жұмсалса кем дегенде Кеңгір су қоймасын тазарту керек еді. Маған бірнеше рет белсенділер суды тазартып беруін сұрады. Бірақ бұл мәселе менің құзырымда емес. Біз бөлген ақшаға су қоймасын 10 жыл ішінде екі рет тазартуға болатын еді деп ойлаймын», – дейді «Қазақмыс» төрағасы.
Ал Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлы 2022 жылдың 21 қазанында «Төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе экологиялық зілзала аймағы деп жариялау болжанатын аумақты зерделеу» мақсатында комиссия құрыпты. Бұл экологиялық мәселені шешу жолдарын қарастыру үшін алдымен комиссия мүшелері ғылыми-зерттеу институттарына жүгіну қажет деп шешіпті. Осыған байланысты, мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес ашық конкурс арқылы хабарлама жарияланып (640 млн теңге), бүгінгі таңда жеңімпазы («ЭКОСЕРВИС-C» ЖШС) анықталып отыр. Зерттеу объектілері атмосфералық ауаның, ауыз судың, жерүсті суларының, жерасты суларының, топырақтың, ауыл шаруашылығы өнімдерін зерттеп, алдағы бір-екі жылда шешім шығаратын болыпты. Біз осыған дейін үкіметтің арнайы комиссия құрып ауаны, суды, тамақты, айналадағы өндіріс орындарын зерттегенін жазған болатынбыз. Сол кезде комиссия өкілдері ештеңе табылмағанын, бәрі қауіпсіз екенін мәлімдеген. Енді тағы да қазынадан қыруар ақша шығарып, дәл сол зерттеуді жүргізгеннен бірдеңе шыға ма деген заңды сұрақ туындайды. Әлде жергілікті шенеуніктер тағы да 2 жыл ішінде 5 мыңға жуық адамның қатерлі ісікке шалдыққанын, оның бірнеше жүзі қаза тапқанын күтіп отыр ма? Бірақ біз үкіметтің апат болмай, шығын шықпай іске кіріспейтініне үйреніп те қалғанбыз.
Әкімдік: «Кеңгір су қоймасының тостағы кімдікі екенін біле алмай отырмыз»
Ал Нұриев айтқан Кеңгір су қоймасына келетін болсақ, әкімдік тарабы қоймада гидротехникалық талапқа сай жұмыстар толыққанды жүргізілмегендіктен су сапасы нашарлап бара жатыр деп есептейді. Бір қызығы – әкімдік оның иесі Kazakhmys Distribution ЖШС деп мәлімдеді. Бұл жерде де осындай қарама-қайшылыққа тап болдық. Әрі қарай Ұлытау облысы өкілдерінің жауабын берейік:
«Кеңгір су қоймасының гидротехникалық құрылымдары Kazakhmys Distribution ЖШС-ға тиесілі. Алайда су қойманың тостағы кімнің меншігінде екендігі белгісіз болып тұр. Себебі Kazakhmys Distribution ЖШС сұрау хат жолдағанымызда олар гидротехникалық құрылымдарына ғана иелік ететіндігі туралы жауап хат жолдады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитетінің 1996 жылғы 9 шілдедегі №471 қаулысы негізінде гидротехникалық құрылымдарымен бірге Кеңгір су қоймасын республикалық балансқа өткізіп, стратегиялық объекті санатына кіргізілсін делінген. 2023 жылы 22 тамызда Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары Р.Склярдың Ұлытау облысына жұмыс сапары кезінде аталған мәселеге ден қойылып, «Кеңгір» су қоймасын республикалық меншікке «Қазсушар» РМК балансына беру мәселесін қарастыру тапсырылды».
Облыс әкімдігінің айтуынша, енді Кеңгір су қоймасын гидротехникалық құрылымдарымен бірге республикалық балансқа берілмесе аталған су нысанына қажетті жұмыстар жүргізу мүмкін емес. Қазіргі таңда кезінде шыққан қаулы неге орындалмай қалғандығы анықталып жатқан көрінеді. Жан-жаққа тиісті сұратулар жіберіліп, құжаттарын реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Оған дейін, әрине, жезқазғандықтар сары судан іше тұрады. Үйреніп қалған өз суы, бірнеше жылдан бері пайдаланып келе жатыр, тағы бірнеше уақыт немесе жылдар тұтына тұрса жергілікті шенеуніктер ештеңе етпейді дейтін болар.
Кеңгір су қоймасының гидротехникалық құрылымдарына иелік ете отырып, әрекетсіз отырған «Қазақмыстың» бұл қылығы не қылық, тағы түсінбейсің. Ал су қойманың меншік иесін анықтай алмай отырған әкімдіктікі не пұшаймандық. Облыстағы нысанның кімдікі екенін біле алмай отырмыз деген жауап облыс әкімдігіні жарасатын сөз бе?
Оқи отырыңыз: «Біздің әкім – электрик». Мәселесі көп, шешімі жоқ Жезді тұрғындары қалай өмір сүріп жатыр?
«Қазақмыстың» «біз жыл сайын облысқа 4,5 млрд теңге бөлеміз» деген сөзіне әкімдік тарабына сұрау салғанбыз, олар былай жауап берді. «Қазақмыс» жыл сайын экологиямызға 6 миллиард теңгедей қаражат бөледі. Оны қоқыс шығаруға, кәріз жүйесін жаңғыртуға, қоршаған ортаны жақсартуға жұмсаймыз. Ал күкірт қышқылы цехының мәселесі экология министрлігінің құзырында. Министрлік сонымен қатар цехты жөндеу жобасының жеделдетілуін қадағалап отыр».
6 миллиард теңгені қоқыс шығаруға және қоршаған ортаны жақсартуға жұмсаймыз деген әкімдік сөзіне сену қиын. Себебі жақында Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының айналасында 200-ге жуық заңсыз қоқыс полигондары бар екені анықталды. Қазіргі күнде соның салдарынан екі қалада да дем алу қиындап кеткен.
Біз Нұрахмет Нұриевпен сұхбат барысында әкімдік пен «Қазақмыс» арасындағы осындай қарама-қайшылық пен қызықтарға тап болдық. Облыс құрылғалы енді бір жылдан асты. Алда қаншама қызықтар күтіп тұр десеңші...
Тұрсынбек Башар