Қазақстан Қытаймен құны 1,5 млрд АҚШ доллар болатын жобаны мақұлдады
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Қытайға сапары барысында CNPC және Sinopec басшыларымен кездесіп, мұнай-газ химиясы, геологиялық барлау, мұнай өңдеу және тасымалдау саласындағы ортақ жобалар талқыланды.
CNPC президенті Хоу Цзицзюнмен өткен кездесуде Жаңажол мұнай өңдеу зауыты базасында іске асырылатын карбамид жобасы қаралды.
Жоба Қазақстанның газ-химия саласы мен ауыл шаруашылығы үшін үлкен маңызға ие. Карбамид — жоғары сұранысқа ие азотты тыңайтқыш, елдегі қажеттілік көлемі 350-400 мың тоннаға жетеді. Шілде айында ҚМГ және CNPC арасында ынтымақтастықты арттыру және карбамид пен басқа да өнімдерді өндіру бойынша келісімге қол қойылды, делінген хабарламада.
Бұған дейін «KMG PetroChem» ЖШС (ҚМГ-ның еншілес компаниясы) және «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу бойынша алдын ала келісімге қол жеткізген болатын.
Кездесуде тараптар аталған келісімді растады. Өндіріс қуаты жылына 1,2 млн тоннаға дейін жетеді деп күтілуде, жоба құны — шамамен 1,5 млрд АҚШ доллары. Құрылыс кезеңінде 3 мың және зауыт іске қосылғанда 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады, деп мәлімдеді ҚазМұнайГаз.
Одан бөлек Қазақстан Қытаймен инвестиция көлемі 8 млрд АҚШ долларынан асатын полиэтилен, терефтал қышқылы және полиэтилентерефталат (ТФК және ПЭТФ) өндіру бойынша ортақ жобаларды талқылады.